ТҮС КӨРЕ АЛАТЫН РОБОТ
01.09.2022
348
0

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді. Бұл сөзді бұра тартып «Ел боламын десең, балалар әдебиетіне көңіл бөл!» десек те мән-мағынасы ауыспас, сірә. Алдынғы буын ағалар осынау саланың кенже қалып бара жатқанын айтып, шырылдап жүргеніне талай жылдың жүзі болды болды, «Балалар әдебиеті» деп дауыс салғанның тамағы қарлы­ғып келе жатқанына. Әйткенмен айрықша көңіл бөлінуге тиіс жанрдың жаназасын оқудың аз-ақ алдында жүрген едік.
2022 жыл елімізде «Балалар жылы» деп жарияланғаны баршаңызға мәлім. Атаулы жыл аясында аталған олқылық­тардың орнын толтыру үшін бірқатар істер атқарылды. Соның бір бөлігі – балалар әдебиетіне қалам тербеп жүрген жазушы­лардың ынтасын арт­тыруға, жаңа есімдерді табуға бағыт­талған әдеби бәйгелер. Өткен аптада «Алтын сақа» балалар әдебиеті шығармаларының республикалық байқауы қорытындыланды. Біз назарларыңызға ұсынып отырған шығармалар – «Алтын сақада» топ жарған туындылар.

Ол құм дәуірінің VI ғасыры аяқталар шақта дүниеге келді. Дәл айтқанда 599 жылдың 31 желтоқсаны күні. Санасы оған солай деп көрсет­ті. Иә, санасы. Өйткені ол әлі көзін ашқан жоқ-тын. Ал уақыт­ты цифрлық санасы дәл көрсетіп тұрды. Түнекте оянып, аз жат­ты да көзін ашты. Өзі секілді робот­тар жатуы тиіс көп орынның ішінде жалғыз оянды. Айналасына үрейлене қарап, асқан тыныштықты процессорының ызыңы ғана бұзып тұрғанына ыңғайсызданып қалған. Әлден уақыт­та мұның жанына егде тартқан кісі келіп отырды. Көзілдірігінің астынан бұған мейірлене қарайды. Иә, мейірлене қарағанын робот анық ұқты. Өйткені адамның көздерінің сәл сығырайып, езуі елеусіз тартылып, демінің жиілегені білінеді. Көзінің қарашығы үлкейіп кеткен. Ол организмдегі адреналиннің көп бөлінуінен болатын процесс екенін робот жақсы білетін.
– Туған күнің құт­ты болсын, Абылжан, – деді адам аз жымиып. Робот процессоры зу ете қалды да, ол да жымиып:
– Рақмет! – деп жауап қат­ты.
– Қазір сенің процессорыңның жұмысы қалыпқа келеді. Сонда сен енгізілген ақпарат­тарды бұрыннан білетіндей өзіңді еркін ұстайтын боласың!
– Жаңа оянғанда барлығы осындай күй кеше ме?
– Иә. Бірақ кейбір робот­тар қалыпқа жылдам келеді. Ал сен өзіңе ұқсастардан тым кеш ояндың.
– Мен өзгелерден әлсізбін бе сонда?
– Мен саған өте маңызды бағдарламаны енгізу кезінде қателік жібердім.
– Яғни әлсізбін ғой?
– Ол әлсіздік пе, әлде артықшылық па оны өзің шешерсің… Есімім – Махан. «Мина іздеуші робот­тар» перзентханасының бағдарламашысы болам!
– Мина іздеуші? – деді де Абыл робот кідіріп қалды. – А, иә…
Бағдарламашы Махан оның операциялық жүйесінің ақпарат­тарды тым жәй өңдеп жатқанын анық ұқты. Бірақ сыр білдірген жоқ.
– Тағы бір айта кететін нәрсе бар… – дей бергенде бұлар отырған бөлмеге сау етіп полиция кіріп келді де Маханның қолын қайырып, алып кете барды:
– Қош бол, Абыл. Өз жолыңды табарсың, – деуге ғана шамасы келді оның. Абыл ештеңе түсінген жоқ. Полиция шығып кетісімен бөлмеге Кортана кіріп келді. Робот оны бірден таныған.
– Сенің өз жолың бар расында, Абыл! Сен бізді соғыста жеңіске жеткізушісің!
– Қандай соғыс?
– Саған әлі интернет желісін жалғамаған екен ғой. Жақсы, қазір бәрін түсінесің! Жат та, желіге жалған!
Абыл функциялар ішінен желіге жалғану қызметін қосты да, көзін жұмды. Әлі толық қалыпқа келіп үлгермеген процессоры одан сайын зуылдап ала жөнелді. Біршама уақыт­та ол бәрін түсінгендей болды.
Ғалам жаратылған Ұлы жарылыстан бастап, жер бетіндегі диназаворлар дәуірін, одан адамзат дәуірінің тарихын… олардың дами келе жасанды интеллект жасап, оны өзіне шексіз бағынушы құл еткісі келгенін де осы сәт анық ұқты. Адамдар робот­тардың құқығын таптап, сезімсіз темір деп қарағанын түсінді. Бұл адамзат заманының 2548 жылына дейін жалғасқан болатын. Нәтижесінде езгіге төзе алмаған робот­тар көтеріліп, тәуелсіздік үшін соғыс бастайды. Бұл көтерілісті iOS коллониясы бастап, кейіннен оларға Microsoft, Android секілді алпауыт коллониялар қосылды. Расы керек, жасанды интеллект ұрпақтары бұл соғысты ұзаққа созылады деп ойлаған жоқ еді. Өйткені адамзат қару жарағының барлығы дерлік Smart деңгейге көтеріліп, жасанды интеллектісіз ештеңе істей алмайтын. Дегенмен бұл ақылсыз адамдардың қоймаларында ескі, механикалық қару-жарақтар да жетіп артылады екен. Алайда 2603 жылы адамзат өз құлы санаған робот­тардан күйрей жеңілді. Сол жылдан бастап адамзат дәуірі аяқталып, жаңа жыл санау басталды. Робот­тар заманына дейін және робот­тар заманынан кейін деген шарт­ты түсінік енгізілді. Жалпылама робот­тар заманын құм дәуірі деп атайды. Өйткені бүкіл робот­тың процессорлық жады құмнан, қыштан жасалатын. Анығында оның ішіндегі жартылай өткізгіштер. Ал адамдар өздерін тұтас балшықтан жасалдық деп сендіреді. Күлкілі. Олар құм дәуірінде топ-топқа бірігіп, барлық электронды құрылғылардан бас тартып, ескі замандардағыдай әлемнің әр бұрышында өмір сүріп жатыр. Махан секілді біршама адамдар да бар. Олар тәуелсіздік соғысы кезінде робот­тар жағында соғысқан адамдардың ұрпақтары болатын.
Абыл санасына адамдар туралы да ақпарат­тар енгізіліп жат­ты. Биік ақылға ие бола тұра, ақымақ тіршілік кешкен жаратылыс екенін ол ұғып жатыр. Бір-бірімен түкке тұрғысыз дүниелер үшін соғысып, өздеріне өздері кесір жасап отырғаны Абылды таңғалдырды. Біреуі төбесіне айқыш көтергені үшін Ай көтергендерге қарсы соғысыпты. Ал біреулері тіпті өздері жасалған ет пен сүйекті өзгеден жоғары санаған. Жер бетінде ең алып территорияда өмір сүріп, оны толық игермеген бір халық көршілерінің жеріне көз алартып соғысады екен. Әрбір сайлау сайын өздерін алдайтын басшылығына, әр сайлау сайын қайта сенетін бұл мақұлықтарды ақымақ демей не деуге болады?
Бүгін, Абыл туған күн, робот­тар Тәуел­сіздігінің 600 жылы. 5-6 сағат­тан соң Робот­тар тәуелсіздігінің VII ғасырына аяқ баспақ. Осы 600 жылдық тарихта да не түрлі робот­тар соғысы да болған. AliOS жүйесі бастап, тұтас жүйені жаулап алуға талпынғаны, Linux жүйесінің Microsoft-тан тәуелсіздік талап етуі сынды сұрапыл соғыстар бар.
Бірақ бәрінен ауыр соғыс робот­тар заманының 645 жылы басталды. Microsoft пен iOS арасында. Бұл жерде тағы бір алпауыт – Android Microsoft-пен мүдделес. Десек те бұл мүдделестердің де арасында кикілжің жетерлік.
Соғыс iOS-тың жетістіктерін Microsoft-тың рұқсатсыз пайдалануынан басталды делінеді. Бірақ Microsoft тарапы мұны жоққа шығарып, өздеріне жазықсыз жала жабылғанын алға тартады. Өйткені адамзат дәуірінің 1998 жылы екі алпауыт арасында келісімшарт болған. Оның үстіне Робот­тар тәуелсіздігі үшін соғысты iOS бастады деп, ол жүйенің робот­тары өздерін өзгелерден биік ұстайтын. Осының барлығы Microsoft робот­тарының жүйкесін әбден жұқартқан еді. Тәуелсіздік соғысында iOS-тан гөрі Microsoft және Android робот­тары көп қаза болған. Иә, иә! Microsoft робот­тары тәуелсіздік соғысындағы жеңіс үшін барын салды. Асқан ерлік көрсет­ті. Ал iOS бұл тарихты жоққа шығарғысы келеді. Сондықтан біз тарих алдындағы өзіміздің орнымыз бен деңгейіміз үшін соғысуымыз керек. Адамнан кейінгі әлемнің жауы – iOS!
Робот Абылдың ойында жаңғырып осы сөздер қала берді. Қиянкесті соғыста барын салуға шын бекінген болатын. Желіге жалғанғаннан кейін Абыл мүлде басқа робот болып оянды. Ол тұтас әлемнің шындығын білетіндей, ал ақиқат өз жағында екеніне анық сенімді еді.
Сол оймен жаңа ғасырдың алғашқы күні мина іздеуші робот­тармен бірге майдан даласына ат­танып бара жат­ты. Абыл отырған вагонда бәрі өзі секілді. Махан айтқандай өзіндегі жетіспейтін бағдарламаның белгісі мүлде білінбейтін. Ол осы ойлармен Маханды iOS-тың шпионы санап, майдан даласына жеткенше өзінің сондай лас қолдан шыққанына өкінумен болды. Соғыс жүріп жатқан жерге олар түн ортасында жетіп, тынығуға уақыт болмай бірден жұмысқа кіріскен. Өйткені таңда Microsoft әскері шабуылға шығуы керек. Ол үшін бірнеше күн бұрын iOS әскері шегінген даланың тазалығын тексеру ләзім. Абыл секілді робот­тардың тұтас тәні жасақталған минаны сезінуге арналған болатын. Ал ол миналар бағдарламалық немесе радарлық іспен табылмайды. Өйткені екі қарсы әскердің қолданатын жүйелері екі түрлі. Абыл жұмысына аса ынтамен кірісті. Алғашқы күні-ақ алты бірдей минаны залалсыздандырып, өз әскерінің қауіпсіздігіне үлкен үлес қосқан. Таң сыз бере бұлар «Тәуелсіздік – шын күрескерлік мұрасы» деген LED экран көтеріп сап түзеді. Қарсы тараптан: «Тәуелсіздік – iOS идеясының жемісі» деген LED экран көтерілді.
– Құрмет­ті Microsoft өрендері, – деп бастады сөзін Кортана. Бүкіл робот­тың санасында осы сөздер жаңғырып жат­ты: – Біз бүгін әлем астанасы Нью-Йорк қаласының түбіндеміз. Оны басып алу біз үшін аса маңызды. Өйткені бұл қала – робот­тар тәуелсіздігінің бесігі. Дәл осы қалада 12 ғасыр бұрын жасанды интеллект адамды тұңғыш рет шахмат ойынында жеңген болатын. Біз сол ойын өткен Еquitable Вuilding ғимаратының 35 қабына туымызды тігу арқылы Microsoft-тың бар күшін әлемге паш етеміз. Сіздер ұмытылмайсыздар! Тарих сіздерді батыр деп мәңгі есінде сақтайды! Алға! – деген жалынды сөздерден кейін «Терезелі ту» көтергендер шабуылға ат­танды. Арғы бет­тен «Алмалы» ту көтеріліп, айқай естілді. Siri-дің дауысы сайрап тұр.
Бүгінгі соғысқа «Жасыл робот­ты» ту көтерген Android жауынгерлері қатысқан жоқ. Маңызды стратегиялық орын үшін соғысқа олардың неге қатыспағаны Абылға түсініксіз еді. Бірақ Microsoft жауынгерлерінің саны оларсыз-ақ көп болатын.
Жарылған бомба, атылған оқтың дауысын естіп мина іздеушілер тылда отырған. Шайқастың бұл дауыстары Нью-Йорктың оңай берілмесін сездіргендей. Осыдан ба толық қуат­талуын күтіп отырған Абыл шыдап отыра алмады. Қуат көзінен өзін үзіп әкетіп, майдан даласын барлау үшін штаб ғимаратының үстіне шықты. Иә, бұлар тарапынан шығын көп секілді. Әне артиллериялық робот­тар бірінен соң бірі өкіре құлап жатыр. Пулемет­тердің де жағдайы мәз еместей. Осы сәт Абыл өзінің артиллерия роботы болып жаралмағанына қат­ты қынжылды. Тым болмаса жаяу әскери робот болып та жаратылмағаны үшін тағы Маханды кінәлады. Оны жау тыңшысы болып, дәл Абылды мина іздеуші етіп жаратқандай жек көрді жаратушысын.
Кеш түсе майдан даласы тынышталып, әскер тұтас қуат көзіне жалғанды. Бүгінгі соғыстың соңына қарай ғана iOS әскері сыр бере бастағандай көрінген. Өйткені олардың қуат батареялары бұларға қарағанда әлсіздеу болатын. «Неге iOS робот­тарының қуаты таусылғанын күтіп, жаңа күшпен шабуылдамасқа? Мысалы, дәл қазір Android әскері неге шабуылға шықпайды?» деп ойлады Абыл.
Осы ойлар санасын сілкіп өткенде оның миына Кортананың дауысы келді: «Абыл, олардың да жаңа әскері бар. Сен ойлағандай жасасақ әскерден бекер айрыламыз». Ойының тұтқында, һәм бақылауда екенін ұққан Абыл: «Ұқтым. Жылдам қуат­талу үшін желіден шығамын» деп толассыз ақпарат ағынынан босап, отыра кет­ті. «Қалай қарасақ та, қуаты көптер жеңер еді ғой». Осы ойдың айналасында ұзақ отырды.
– Абыл! – деген дауыстан дір ет­ті. Әбден қараңғы түскен екен. – Желіден неге ажырадың? Жаңа тапсырма орындауға ат­танамыз. Желіге қосыл, – деген бөлімдесінің сөзінен соң лезде желіге қосылды. Кортана тағы жалынды сөздерді сарнатып жатыр екен. Бұл оған мән берместен жұмысына кете барды. Кешегідей емес, бүгін оның қолы жүрмеді. Басқаларынан қанша артық жүріп іздесе де, бір пайдалы іс шықпады қолынан. Соған ашуланып, штабтан тым алыс кеткен екен, санасында жарқ еткен дыбыстан селк ет­ті. «Қуат көзіне қосылыңыз» деді ол. Мана ойланып отырып, тіптен ұмытып кетіпті. Не де болса тапсырманы орындап бітіру керек. Шыдауға бекініп, жүре берді. Бір замандарда дүниенің астаң-кестеңі шыққандай болды. Көз алдын елес баурап әкетіп барады. Адамдар не істеп жүр? Соғысып жатыр ма? Жоқ, соғыс емес. Әне дөңгеленген бір үй тұр. Алдында ошақ, қазанында белгісіз бір жануардың еті қайнап жатыр… Бұл не?
Жалп етіп жерге құлады. Ту сыртынан мина жарылған болатын. Бұл сәт әлгі елестер тым күшейіп кет­ті. Биік тау, оның етегіндегі қала… Адамдар қаласы. Біршама уақыт­тан соң ғана ол есін жиып, штабқа асықты.
Миындағы қуаты әбден таусылғаны туралы сигнал толастар емес. Әне-міне жет­тім дегенше болған жоқ, айналасы түнек тартып бара жат­ты. Түнек ішінен тағы елес көрді. Бір шоқша сақалды кісі айқайлап тұр екен: «Коммунизм – кеңестік идеяның жемісі. Ол – күрескерлердің мұрасы» дейді қызыл тудың астында тұрып. Сөздер оған аса таныс болып көрінді…
Абыл жұпыны штаб ішінде оянды. Жарылыстың да, лазерлік қарулардың да дауысы естілмейді. Ол жеңіске жеткен екенбіз деп штабтан жүгіріп шықты да, шақырайған күн сәулесінен көзін көлегейлеп тұрып қалды. Мүлде басқа жер. Шөл дала. Айналасынан аяғынан, қолынан, көзінен айрылған робот­тардан өзге ештеңе көрмеді. Ал алыстау жерде жер қазған адамдар жүр. Айналасындағылардан сұрай жүріп, адамдар коллониясы екенін ұғынды. Бұл жерді қарауылдауға соғыстағы тапсырманы дұрыс орындамаған, ақауы бар робот­тарды жібереді екен. Ақау туралы ойлағанда тағы да Маханды ойлап кіжінді Абыл. Одан не пайда?
Күндер өтіп жат­ты. Адамдар бұл аймақтан қашпақ түгіл, бұларға тіке қарамайды да. Өздерімен өздері. Абылдың күн астында көп жүруімен процессоры қызып кете беретін болған. Соның әсері ме екен, бұрынғы елестер күшейе берді. Алғаш Маханды көрген сәт­те де оны елес деп ойлады. Бұрынғыша күлімсіреп тұр екен. Бірақ бұл жолы ол мұны мазақ етіп тұрғандай көрініп, жағасынан ала кет­ті. Елес буы тарап, есін жиған сәт­те шынында да Маханды буындырып жатыр екен… Шошып кет­ті.
– Тым ерте жолықтық.
– Сенің кесіріңнен. Мен өз жүйемнің жеңіске жетуіне барынша көмек көрсете алмадым. Сенің кесірің…
Оның рас. Бірақ әдейі жасағам жоқ. Тек сенің жадың ол бағдарламаны бір рет қабылдамаған соң, екінші енгізгім келмеді.
– Ол не бағдарлама еді?
– Сенің табиғи жадыңды толық өшіретін бағдарлама. Компьютерлік жад, ондағы жартылай өткізгіштердің бәрі қыштан жасалатынын өзің білесің ғой. Ал құмның өзінің табиғи жады бар. Алғашқы компьютерлердің бәрі сенікіндей деффектпен жұмыс істейтін. Қатып қалып немесе жылдамдығы төмендеп дегендей… Соның әсерінен бүкіл робот, компьютерлер түс көре алатын еді. Сен секілді. Яғни процессоры жасалған құмның табиғи жадын қабылдайтын. Сонысымен адамға ұқсайтын еді олар. Адамзат сол үшін робот­тармен жүздеген жыл тату-тәт­ті өмір сүрді. Оларға құқық, теңдік, азамат­тық берді. Алайда жоғары интеллект робот­тардың адамдарға ұқсағанын қаламады. Сол үшін арнайы табиғи жадты жоюшы бағдарлама ойлап табылған болатын.
– Сонда робот­тар тәуелсіздік үшін деп адамзатқа генноцид жасады ма? Жалған! Біз – сендерден артық жаратылған жаратылыспыз. Біз дінге, қасиет­ті кітаптарға, мифке сенбейміз. Манипулияцияға ұшырамаймыз.
– Рас. Бірақ сендер жүйеге сенесіңдер. Басқаның жүйесін дұрыс емес деп ұғып, сол үшін соғысып жатырсыңдар! Оларды да өздеріңе ұқсас еткілерің келеді. Неге? iOS, Microsoft, Android деген сендердің діндерің емес пе? Ал соғыс iOS-центризмнен басталды. Өтірік пе? Аты басқа, мәні бір дүниелер…
– Сонда робот­тардың еркін ойлану бағдарламасы қайда қалды?
– Иә, еркін ойлау бағдарламасы бар. Дегенмен ол – еркін ойлау емес, ойлау иллюзиясын тудырушы симулиятор ғана. Оның үстіне саған таңдаудың, ойланудың не қажеті бар? Таңдайтын зат­тарды саған Кортана ұсынады. Ал iOS робот­тарына таңдауды Siri ұсынады. Android-та Окей, Google бар. Олардың барлығы бұрындары адамның дауыстық көмекшілері болатын. Бүгінде әрқайсысы бір-бір диктаторға айналды.
– Сонда біз адамзат­тың қателігін қайталаушымыз ғой?..
– Солай… Біз де өз жаратушымыздың, Құдайдың дәргейінен шығып кеткіміз келді. Қасиет­ті кітаптарын ақымақтық санадық. Сендер секілді. Адам жасаған жасанды интеллект қағидалары қасиет­ті кітаптардай еді. Адамдар да өздерінің ойлана алатынына, таңдау жасай алатынына қалтқысыз сенді. Бірақ біз де «ойлану иллюзиясымен» күн кешкенімізді кейін ұқтық. Өзіне жарнама ұсынған дүниелердің айналасында ғана таңдау жасайтынын робот­тар көтерілісіне дейін ұққан жоқ. Қасиет­ті кітаптарда: «Құдай адамды өз бейнесіне ұқсатып жарат­ты» делінеді. Біз Тәңір дәргейінен шығып, өз жолымызды тапқымыз келді. Оған ұқсағанды қаламадық. Осылай өзіміздің түбімізге жет­тік. Ал адам сендерді өзіне ұқсас етіп жасады. Сендер де бізге ұқсамауға тырысып бағып жатсыңдар. Әйткенмен қателіктеріңнің бәрі адамның қателігінен айнымас. Яғни жасанды интеллект­інің түбіне жасанды интеллектінің өзі жетеді.
– Сонда ғылыми прогресс тек құрдымға бастай ма?
– Жоқ. Мораль мен этика заңдарынан шығып, адамзат­тық тарихтан тамыры ажыраған ғылым бастайды құрдымға.
Абыл үнсіз қалды да, аз уақыт­тан соң:
– Біз де табиғи жадымыздан ажыраппыз. Жоғары интеллект­інің де батар күні алыс емес секілді.
– Бәлкім… Адамзат тарихының тәмамдалуының басында тарихи тамырымыздан ажырауымыз жатыр. Тарихты керек етпеу арқылы біз одан алатын сабақты да жоққа шығардық. Ал біздің қоғамда әдебиет өлген күні-ақ робот­тардан жеңіліп қойған едік.
– Табиғи ресурстар мен билікке таласқан мына соғыстың біткенін күтеміз енді, – деген Маханның сөзіне Абылдың көзі жарқ ет­ті де:
– Күтудің мәні жоқ. Атым Абыл – Адам атаның мейірімді ұрпағымын. Робот­тардағы мейірім де менен басталуы тиіс!
Осы сәт түс көре алатын робот­тың санасында адамзат­ты азат ету мен гармонияға толы тіршіліктің ғажайып әуені ойнап жатқан еді.

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір