«КЕШЕГІ ӨТКЕН ЕР ӘБІШ»
Әбіш Кекілбаевтың дүниеден озғанына да қырық күн. Қырық күн дегеніңнің тездігі қас-қағым мезетке тең бе, өлшемін дәл айтып, нақ белгілеу қиынның қиыны.
Әйтеуір қазақ ой жазирасының жалпақ кеңістігі қаңырап бос қалғандай көрінетіні несі екен. Әйтеуір ұзынкөкейлі қазақтың тірісінде тілі қысқалық жасамаған адам біз білетіннен Әбіш.
Алыс-жақын қазақты түгел туыс тұтып, жатырқамай сөйлесетін Әбіш Кекілбаев өткен ғасырлардан жырылып қап, төредей боп төрде отыратын қазақтың төбе биінен аумайтын. Әдеби жиындар мен әр түрлі басқосуларға қара көрсетіп, топтың арасына кіргенде Әбіш басымен бөтен мінездің қиғылығын салмастан өзін кішік ұстайтын. Назарын ту-у алысқа қадап барып, сөз реті келгенде жан баласының көңіліне шаң қондырмай, ішкі ойыңды оқып алып, езуіне болымсыз жымиыс үйіретін сәті енді ешқашан қайталанбайтын құбылыс. Сол уақыттағы пішінін қазір тірі қалпында елестетіп қарасаң, ет жақын адамыңнан айрылғаныңды сезініп, өзегіңді от шалғандай өртеніп кете жаздайды. Жаратылысының мейірім-шуағын көпе-көрінеу жария ғып, кісілік салмақпен, сабырлы қалпыңда басын арғымақша шұлғып амандасатын ерекшелігінде – үлкен жүрек иесіне ғана тән мінез барын қайдан білейік. Сондайдың бірінде осы жолдардың иесі Әбдіжәміл Нұрпейісовке өтінішін өршелене білдіргенмен, салғырт та самарқау тыңдаған ағамыз сызданған қалпынан бір айнымаған еді. Тап сол кезде Әбіш Кекілбаев бүкіл еңсесімен бұрылып, езу тарта қарады да:
– Екі қырсық тұрсыңдар ма, – деп жөніне жүре берді. Ес білгелі есіміне қанық адамның аса жақын тілдесіп, пікірлеспесең де бір ауыз жарған лебізі «айналайын», «қарағым» деп еркелеткеннен бетер жылы естілген еді. Одан бері де көп заман өтті. Дүние бүтіндей өзгерді. Өмірдің өріне көтеріліп, еңісіне түскен, қиясын қапталдап, қиянына шыққан Әбіш Кекілбаев жаза басқан сәттеріне налып, бауыр еті баласынан айрылмағандай табиғи жаратылысын бір қалыпты сақтағанын көзіміз көрді. Пенде болған соң артық-ауыс пікір түйіп, асылық айтқан жайларыңда әділет пен кісіліктің кемдігін мойында, мойындама, Әбіш Кекілбаев арамызда енді жоқ.
Атам қазақтың аузындағы лебізін толымды тұтастықпен жадына кінәратсыз тоқып, аңыздай ақтарылған осынау қалам иесі қанша ұрпақтың бүйірін жылытып, қанша сәбиді сөз уызына жарытатынын кесіп-пішіп айтуға әулиелік керек. Бір ғана көз жеткізген шындық – аста-төк мұрасы Әуезовтен кейін береке-құнарымен көңілімізді уантып, көкірегімізді кернеп әкететіні ғана…
Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ.