Медиасауаттылық жауапкершіліктен басталады
27.08.2022
385
0

Түркістан өңірі – этнос өкілдері көп қоныстанған аймақтың бірі. Еліміздегі татулық пен бірлікті нығайту жолында көптеген іс-шаралар атқарылып келеді. Облысымызда жуырда өткен сондай ауқымды істердің бірнешеуін айта кетуды құп көріп отырмыз.

Жуырда облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен этносаралық қатынастар саласындағы медиасауаттылықты арттыру тақырыбында семинар-тренинг өтті.
Қоғамдық келісімді нығайту жұмыстарын жандандыру, жалған ақпараттың таралуына жол бермеу және қоғамдағы өзекті мәселелерді, ұсыныстарды талқылау, ақпараттық жұмыстарды жетілдіру мақсатында ұйымдастырылған жиынға облыстық қоғамдық даму басқармасының басшылығы, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы журналистер мен блогерлер клубының мүшелері, аудандық, қалалық газеттердің бас редакторлары қатысты.
Семинар-тренингте сөз алған облыстық қоғамдық даму басқармасының ҚХА хатшылығы және этносаралық қатынастарды дамыту бөлімінің бас маманы Тимур Оралбеков қоғамдық келісімді нығайту бағытында өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ол еліміздегі тұрақтылық пен бірліктің сақталуына ақпараттық жұмыстардың айрықша маңызға ие екеніне тоқталды.
Журналистердің этносаяси сауаттылығы өте маңызды. Себебі, қазіргі таңда ақпаратты тексерместен жариялау, ақпараттық сауаттылықты назарға алмау, сол арқылы жеке адам мен этнос өкілдері тобына тіл тигізу жағдайлары арагідік көрініс тауып жатады. Спикерлер бұл тақырыпта ойларын ашық білдіріп, елдегі тыныштық пен бірліктің өзегі ақпараттың шынайылығы, дәлдігі, жауапкершілігіне байланысты екенін баса айтты.
«Айқын» газетінің меншікті тілшісі Тельман Бейсенов этносаралық қатынастардағы БАҚ-тың және әлеуметтік желінің рөлі туралы ой қозғап, ұсыныс-пікірлерін кейбір мысалдармен түсіндірді. Ал «Қызмет» газетінің бас редакторы Бейсенкүл Нарымбетова этносаралық қатынастар туралы жазғанда нақты қандай мәселелерге көңіл бөлу қажеттігіне назар аударды. Оның пайымынша, кейбір әлеуметтік проблемаларды ұлтаралық мәселеге айналдыруға үйір адамдар өзі ушықтырған дүниенің соңында қандай ауыртпалықтар туындайтынын ескермей жатады. Бұл жерде кез келген журналист пен блогердің міндеті «хайп» қуу болмауы тиіс, олар нақты ақпаратты ғана халыққа жеткізгендері жөн. Әлеуметтік желідегі жеке адамның парақшасы кейде көпшіліктің үдесіне керағар пікірлерді ұсынып, қоғамдық пікірталас тудырып жатады. Бірақ көптеген желі қолданушылары әр сөздің салмағы, жауапкершілігі барын ұмыт қалдырады. Семинар-тренинге қатысушылар этносаралық медиасауаттылықтың еліміз үшін ғана емес, тұтас әлем үшін де өзекті екенін айтты. Сондықтан да бұл тақырыпты жазарда сауаттылық аса қажет деген тоқтаммен тарасты.

Бейбітшілік және келісім
шеруі өтті

«Еуропа–Азия» халықаралық бейбітшілік және келісім шеруі Түркі әлемінің рухани астанасы
Түркістанға келді. Үш елдің, яғни Қазақстан, Қырғызстан және Ресейдің 16 қаласын аралауға ниетті жандар көне шаһардың көрікті жерлерімен, тарихымен танысты.

Алдымен түрлі этнос өкілдерінен құралған 30-ға жуық марш қатысушысы Қ.А.Ясауи кесенесі маңындағы саябақта көк туды салтанатты түрде алып өтті. Бұдан соң ашық аспан астында арнайы ұйымдастырылған мерекелік іс-шараны тамашалады.
Татулық пен бірлікті дәріптеген жиынға Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы құрылымдармен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Бақытжан Әшірбаев, сондай-ақ өңірдегі этномәдени бірлестік өкілдері қатысты.
Шеру қатысушысы Динара Әкімбекова мұндай марш болатынын естіп, бірден қолдап шыққанын айтады. Абзал ана өз балаларының, жақындарының бейбіт аспан астында өмір сүргенін қалайды.
– Бұл халықаралық шеру шілденің 1-інде елордадан басталған болатын. Шерудің мақсаты – этносаралық және конфессияаралық келісім мен татулықты насихаттау. Дінге, ұлтқа бөлінбей, халықты бірлік пен ынтымаққа, келісімге шақыру. Бұған дейін халықаралық марш Алматы, Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Бішкек, Тараз қалалары арқылы жүріп өтті. Жаңарған Түркістан шаһары біз ат басын бұрған жетінші қала. Шараға қолдау білдірген барша азаматтарға алғысымыз шексіз. Енді Түркістанда біраз аялдап, ары қарай Қызылорда қаласына аттанамыз, – дейді ол.
Айта кету керек, халықаралық шерудің бірінші кезеңі 4 тамызға дейін жалғасады. Ал екінші кезеңі Еуропа, Азия елдерінің 18 мемлекетін қамтитын болады.

Медиация мамандарының маңызы

Таяуда «Қазақстан халқы Ассамблеясы медиация кабинеттерінің ашық есік күні» республикалық акциясы аясында облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ медиация кабинеті ашық есік күнін өткізді, – деп хабарлады жергілікті ақпарат көздері.

Бүкіл облыс бойынша өткен іс-шара аясында өңір тұрғындарына құқықтық кеңестер беріліп, дауласушы тараптар мәмілеге шақырылды.
Осы күні облыстық Ассамблея Түркістан қалалық Аmanat партиясы филиалының ғимаратында дөңгелек үстел мәжілісін ұйымдастырды. Жиынға «Қоғамдық келісім» КММ-нің эксперт-медиаторы Қасым Ағабеков, AMANAT партиясы Түркістан ОФ Қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Берік Құлжанов, сондай-ақ кәсіби медиаторлар, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, қоғамдық келісім кеңесін ің төрағалары және қала тұрғындары қатысып, өңірде медиация ісін ілгерілету жайын талқылады.
Жиында сөз алған «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Ерназар Баетов өркениетті елдерде бүгінде медиация институтына баса ден қойып жатқанын, медиация ұғымы қазаққа да жат емес екенін тілге тиек етті.
– Билеріміз кез келген дауды келісіммен шеше білгендігін тарихтан білеміз. Елімізде медиацияға ерекше мән берілуі – біздің дәстүрімізден жаңылмай, жаңашыл болуымызды, болашағы біртұтас ел болуымызды меңзейді. Өркениетті қоғамның іргесі заң болса, тұғыры – құқық. Бүгінде облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-сі жанынан 1 және аудан, қалаларда 19 медиация кабинеті ашылған, оларда 263 медиатор жұмыс істейді. Облысымыздың қала мен аудан аумақтарындағы кәсіби және қоғамдық негіздегі медиаторлардың ықпалымен дау-дамайларға нүкте қойылып, тараптар өзара келісімге келуде, – деді ол.
Жиында белгілі болғандай, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының 31 сессиясындағы шешіміне сәйкес, қоғамдық даму басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» КММ-нің базасында этномедиация оқу орталығын құру бойынша ұсыныс жолданған. Қазіргі таңда облыста Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық құрылымдарының бірі ретінде Медиация кеңесі қызмет атқарады. Кеңестің 13 мүшесі бар. Кеңес төрағасы – облыстық сот судьясы Бауыржан Тәңірбердиев. Аталған кеңес облыстағы қоғамдық келісімді қамтамасыз етуде медиация институтын дамытуға, этносаралық қатынастар саласындағы медиацияның отандық және шетелдік тәжірибелерін зерделеуге өз септігін тигізуде.
Жиында «Қоғамдық келісім» КММ-нің сарапшысы Мақсат Әмен облыстық ҚХА жанындағы медиация кабинетінің атқарған жұмыстары туралы қысқаша баяндап өтті. Оның мәлімдеуінше, жыл басынан бері түрлі этнос өкілдерінің қатысуымен болған 59 оқиғаның 41-і медиация тәртібімен оң шешімін тапқан, ал қалған 14-і өзара келісімге келу арқылы шешілген. Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Түркістан облыстық және аудандық соттармен бірлесе облыс көлемінде медиация институтын дамытуға бағытталған 29 іс-шара өткізіліп, оған 3 мыңға жуық адам қатысқан.
Жиын соңында өңірімізде медиацияның дамуына белсене атсалысып жүрген бірқатар азаматтар арнайы марапатталды. Оларға облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев Алғыс хаттар табыстады.

«Қазақтану»
жобасының мәні

Өңіріміздегі түрлі этнос өкілдері «Қазақтану» мәдени-ағарту жобасы аясында Түркістан қаласындағы музейлерді аралап, ондағы жәдігерлермен танысты. Аталған іс-шараға облыстағы этномәдени бірлестік өкілдері, «Ассамблея жастары» РҚБ Түркістан облыстық өкілдігінің мүшелері және облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері қатысты.

Олар рухани шаһардағы Н.Оңдасынов, Н.Төреқұлов және С.Ерубаев атындағы музейлерге экскурсия жасады. Одан кейін «Ұлы Дала елі» орталығындағы тарихи жәдігерлерді тамашалады.
– «Қазақтану» мәдени-ағарту жобасы еліміздегі этностар арасында қазақ халқының тарихын, дәстүрлерін дәріптеуге бағытталған. Бұл елді біріктіретін ұлттық бірегей жоба. Аталған шара барысында өңіріміздегі түрлі этнос өкілдері бірнеше музейге барып, білім көкжиектерін кеңейтіп, көптеген тың деректерге қанық болды, – деді «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Е.Баетов.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір