Жазылған жайдың жаңғырығы
Газетіміздің №50 санында (16.12.2022 ж.) Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғани Қариннің ҚР Мемлекеттік сыйлығының аламанына қосылған «Мәңгілік ел» саябағындағы ескерткіштер кешені жайлы мақаласы жарық көрген еді. «Айтайын деп айтпайсың…» деп толғанған мақала авторына тағы бірқатар өнер, мәдениет қайраткерлері үн қосқан екен. Назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Сөз сүйектен өтіп, жүрекке жетсе екен
Қазақстан Жазушылар одағының тілі, көзі болған «Қазақ әдебиеті» газеті жуырда жазушы Ғани Қариннің «Айтайын деп айтпайсың…» деген сыни мақаласын басып, халық жүрегіне ұялаған, әлеумет әлдеқашан бағасын берген «Алаш жолы» бойына орналасқан қасиетті Қазығұрттың биік белесіндегі «Мәңгілік ел» саябағы жайлы сөз қозғады.
Мақала авторының көзімен көріп, көңіліне түйген көріністерге берген бағасы, ұлтымыздың руханиятына орасан зор үлес болып қосылған, ел мақтанышына айналған «Мәңгілік ел» саябағының атына заты сай екені шынайы бейнеленген. Осы сәулет өнерінің Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып, комиссия тарапынан мағынасы мен маңызына көңілі толып, дауысы жеткенімен, қауқары жетпегені баяндалыпты. Сонда Құлагерді құлатқан қиянатшылдар әлі де арамызда жүргенін тілге тиек етіпті. Халық мойындаған ел игілігіне қызмет етіп тұрған алып кешеннің абыройына нұқсан келтіретін не себеп болып еді?..
Шен-шекпен киген шенеуніктер көлеңкесінен қорқатын су жүрек болмаса, әділ бағасын бермес пе еді?!. Ескіден келе жатқан ездік пен құлдық санадан арыла алмаған атқамінер азаматтарымыз, барды жоқ қылып көрсетіп, жағымпаздықпен жан сақтайтын, қызметін қызғыштай қорғайтын, өтірік айтып, көз бояйтын шенеуніктер қай уақытта болса да, қара басының қамын ойлап, ұлттық мүддені орға жығатыны көрініп тұр.
Халқымызда «Сөз сүйектен өтеді, саналының жүрегіне жетеді» деген тәмсіл бар. Сол айтылғандай, жүрекке жетер сөздерді ұлыларымыз да айтқан, бірақ еститін құлақ, көретін көз болмаса, бәрі бекер. Сүйексіздерге сүйкеп айтқанмен, жүрексіздерге жүректен шыққан сөз жетпесе, сананы өзгерту қиын екен.
Мақала авторына, шыңғырып тұрған шындықты бетке басып, көптің көңіліне жеткізіп, әділетсіздікке араша түскеніне рақмет айтамын!
Ілия ЖАҚАНОВ,
жазушы, композитор,
Қазақстанның Еңбек Ері
Көкірек көзі бар болса…
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы еліміздің руханиятын көтеріп, ел игілігіне жаратылғанының куәсіміз. Байтақ ел – Қазақстанның қай шетіне барсаңыз да, алдыңыздан менмұндалап тұрған сәулетті ескерткіштер мен кесенелерді, оны дәріптеген саябақтар мен салтанатты аллеяларды көріп, көңілің марқайып, қуанышқа кенелесің. Әсіресе осы бағдарламаны іске асыруда, жекелеген тұлғалардың ұлттық, патриоттық сезімдерінің зор екеніне көз жеткіздік.
Үкіметке қол жайып қарап отырмай, өткен тарихымыздың өнегелі тұстарын, тарихи тұлғаларын халық жадында мәңгілік қалдыру үшін ұшан-теңіз қызметтер атқарылғанына, ел іші алтын кенішті аралай жүріп, көргеніңе көзің тойып, жаның жадырайды. Осындай «біткен істің басына, жақсы келер қасына» демекші, адамзаттың алтын бесігі Қазығұрт тауының бел-белесінен орын тепкен ұлттың рухын көтеріп, көкірегіңе көп ой салатын «Мәңгілік ел» саябағы кімнің де болса қуанышына себепкер болатынына көзім жеткен. Оңтүстікте М.Әуезов атындағы университетте өткен түрлі тақырыптағы тарихи оқиғаларға байланысты ғылыми конференцияларға қатысып жүріп, ел тарихынан елеулі орын алған «Мәңгілік ел» саябағына соқпай кетпейтінбіз, өйткені ол жер монументалды жанрдағы ескерткіштердің ірі кешені, тарихтан тағылым алатын жаңа Қазақстанның жарқын көрінісі ретінде, халықтың қайырылып баратын орнына айналғанына көзіміз жеткен.
Осы биылғы Абай атындағы әдебиет пен өнер жөніндегі Мемлекеттік сыйлыққа ұсынғанын естіп, ондай марапатқа бірден-бір лайық дүние екенін ойлап пікір де жазған едім. Оның бұл марапатқа, сыйлыққа ілінбей қалғанын естіп, қатты күйзеліске түскенім де рас. Жақында «Қазақ әдебиеті» газетінен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы інім Ғани Қариннің «Айтайын деп айтпайсың…» деген мақаласын оқып, атағы алысқа кеткен саябақтың ескерусіз, елеусіз қалғанына қатты жаным ашыды.
Біз «Әділетті қоғам, әділетті мемлекет, жаңа Қазақстан құрамыз» деп жасампаз тірліктерге бастама көтеріп жатқан Президентімізді қолдаймыз десек, әділдіктен ауытқымай, тура жолдан таймай, қызмет жасауымыз керек. «Тура биде туған жоқ» дегендей, әрқайсымыз туралықты ту етіп, ұстауымыз керек. Олай болмайынша уақыт сынына төтеп беретін абырой да, қызмет те болмайтынына сенімдімін.
Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,
ҚР Ұлттық ғылым
академиясының құрметті мүшесі
Айтпаса, сөздің атасы өледі
Жуырда қазақ руханиятының бірден-бір жанашыры, ұлттың, рухтың қамқоршысы «Қазақ әдебиеті» газетінде «Айтайын деп айтпайсың…» деген, айқара бетке шыққан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғани Қариннің толғаныспен жазған көлемді мақаласын оқып, көңілім әр саққа жүгіріп, қолыма қалам алуға мәжбүр болдым.
Биылғы жылы Абай атындағы әдебиет пен өнер саласы бойынша берілетін Мемлекеттік сыйлықтың көкпарға түскеніне көзім жетті. Барлығы демей-ақ қояйын, айтулы азаматтардың еңбектері бағаланумен қатар, тарихты таспен жазған қалың ел мойындаған қасиетті Қазығұрттың қақ беліне орналасқан «Мәңгілік ел» саябағы шенеуніктердің әділетсіздіктің әнін айтып, қақпақыл ойнаған мазағына айналғанын мақаладан оқып біліп, ұлт рухын асқақтатқан туындының туын жығып, сыбыр-жыбырдың құлы болғандарын сезіндім. Ұлы Абайдың атымен аталған Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығармаларды бағалауда, сенім артқан шенеунік серкелердің Абай рухын аяққа басқан жымысқы әрекеттерінен көңілім айныды. Бұл не? Қасқыр терісін аударып жамылған көз бояйтын көлеңкелі жандар ма дерсің. Комиссия мүшелері де құлдық санадан құтыла алмай, қара қылды қақ жарып айта алмай, тілдері күрмелгенінен көңілім қалды. Атам қазақ айтқан «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген аталы сөзді айта алмаған саны да, сапасы да келіскен комиссия мүшелерінің лауазымды тұлғаның алдында «ләппай тақсыр» болғандары қаныңды көтеріп, басыңды айналдыратын дәрежеге жеткізді.
Бұл жерде азаматтың адал еңбегін ескермегеннің өзінде, ұлт тарихын ұлықтап, ұрпаққа өнеге көрсетіп, ғасырлар биігіне жетелейтін мәңгілік ескерткіштердің орнын аяқасты етіп, елемеген болып тұр. Шенеуніктердің лауазымынан үрке қорқып, әділдіктен ауытқу – адамгершілік қағидаға қарсы тірлік. Мұндай көкпар додаға қатысып, қадіріңді түсіргеннен гөрі, халықтың алғысына бөленіп жүрген артық.
Сәбит ОРАЗБАЕВ,
Қазақстанның халық әртісі,
Мемлекетік сыйлықтың лауреаты,
«Отан» орденінің иегері.
Алаш қайраткерлерінің аманатына
неге қиянат жасалды?
Жалпы, адамзат баласына шындықтан гөрі өтірік көп қызмет етіп келген. Шындықтың жайнамазына жығыла бермейтініміз сондықтан болса керек. Біз Ұлы Жаратушының құдіретімен аса қымбат үш игілікке, сөз бостандығына, ар-ұждан бостандығына және сонау екеуін де кәдеге асыратын парасатқа ие болдық. Бірақ сол парасатың үнемі жеңе бермеген ашық тайталаста жеңіліс таба береді.
Биыл ҚР Мемлекеттік сыйлығының бәйгесіне Бекет Тұрғараевтың Қазығұрт асуында бой көтерген монументальды «Мәңгілік ел» саябағы алып ескерткіштер кешені ұсынылған еді. Ондаған гектар аумақты алып жатқан алаңда – Қазақ даласының бүкіл үні мен рухы үндесіп жатыр. Онда қазақ даласының жан дауысы, заманалар сарыны, тәуелсіздіктің жұлын-жотасы, арқау мен тұсаудан бұлқынып шыққан жан жарасының талмаусыраған үні жатыр. Бірақ оны көзімен көріп, жанымен сезінетін жан болмады.
Көпшілік қауымның ыстық ықыласына ие болған құндылықтар дүниесі бастапқы таңдауда комиссия тарапынан қолдау тапқан-ды. Алайда мың құбылған комиссия тарапынан бастапқы ұйғарымның сеңі нілдей бұзылып сала берген. Бұл тұста адасу – атта емес, ат айдаушыда. Құрметке ие талантты жандардың талантсыз әділ шешім айта алмайтындардың шыңырауына дейін құлдырауы – қасірет болып отыр. Ал жалпыға ортақ сұрқай денгейде қалған өте шолақ ойлаушылар өте қауіпті екенін жоққа шығармасымыз анық. Толстой ақсақал тарих мұқабасына: «Мұнда шындық жоқ, тек мүдде ғана бар, өйткені «Тарихтың бетіне – «ештеңе жасырып қалмаймын» деп жазар едім», – депті. Бұл жерде ұлы жазушы тарих тек қана заманның мүддесімен ғана жазылатынын айтса керек.
Бекет Тұрғараұлы мемлекет үшін орасаң зор еңбек жасады. Бір өзі бірнеше институттың жүгін атқарып, ағартушылық жұмыспен айналысты. Өнер – жүректің қалауы. Бекеттің осы өнер тұғырында қамау тері алынып, көбесі сөгілді. Бастаған ісін жарты жолда қалдырған емес. Ол өз еңбегін саудалайтын мүсіншілер мен сәулетшілер қатарында болған емес. Ол үшін ақы сұрамады. Оның халық арасында атақ-абыройы онсыз да жетеді. Ол ұлт мүддесі үшін көп қаржы салды. Онысын айтып, өзіне жарнама да, мақтан да іздеген жоқ. «Ақшаңды жоғалтқаның – дәнеңе де жоғалтпағаның, көпті жоғалтқаның – топты жоғалтқаның, ал шындықты жоғалтқаның – бәрін жоғалтқаның» принципін ұстанды. Арға түскен дақ – ауызға түскен шаш іспетті. Күрес – біреуді жеңу мақсатында жүрмеуге тиіс. Ешкім жеңілмесе, ең үлкен жеңіс сол! Біз бұл жерде Бекет Тұрғараұлының ел ішінде жасап келген жұмыстарын тізбелеп айтуды мақсат етпедік, оны халық біледі.
Дәуір таспасын неге мүсәпір күйге түсірдік? Бұл жерде идея авторы – Бекет Тұрғараұлы емес, ұлылық мұрасы – мүсәпір күйде қалды. Халықтық іс, ұлттық мүдде, намыс пен жігер отының ошағындай. Жоғарыда айтқанымыздай, қоғамда шынайы шындық болса, осыған үн қататындар табылады деп ойлаймын. Халықтың бір бөлігін ақымақ етуге болар, бірақ бүкіл халықты үнемі ақымақ ету мүмкін емес қой!
Біздің сұрағымыз сол, комиссия төрағасы шешім жасарда қандай критерийлерге жүгінді екен? Сол мырза «Мәңгілік Ел» саябағына барып, Алаш арыстарының құрметіне бой көтерген ескерткіш басына барып тағзым етті ме екен? Омар халипа: «Ізгіліктің 10 қыры бар, тоғызы үндемеуге саяды» деген екен, біз үндемей тұра алмадық. Бұл жолы қоғам үшін зор еңбек еткен асыл азаматтың ел үшін еткен өлшеусіз еңбегі ескерілер деген ойда болғанбыз. Кез келген байқауда дауыс беру әділдіктің шешімі бола алмайтынын байқадық. Ол көбінде билік орындарының араласуы арқылы шешілетініне көзіміз жетіп отыр. Осыдан келіп, Жаңа Қазақстанды, Әділетті Қазақстанды қалай құрамыз? Алайда біз оны өзгертуден гөрі өзімізді өзгертуіміз керек, сана биігін өзгертуіміз керек екен! Сана өзгермей, қоғамымызда ештеңе өзгермейтініне көзіміз жетті. Кез келген жақсы бастама мен талантты шығарманың жолы бөгелмеуі тиіс еді.
Өнердің шығу тегі – трагедия. Трагедия бар жерде өнер атаулы өрге баспайды. Ал өнер әлемінде өлім жоқ. Оның ұлттық руханиятты ұлықтап, санадан өше бастаған тұлғалардың киелі есімдерін қайта жаңғыртып, халықпен қауыштырудағы атқарған еңбегі елдің есінде қалатыны анық. Бекет Тұрғараев үшін осы ой бәрінен артық, бәрінен қымбат. Бұл елі үшін, халқы үшін қалтқысыз қызмет еткен жарқын тұлғаға берілетін лайықты баға болмақ. Бекет Тұрғараұлы қалай десек те, ұлттың мұраты үшін, қазақтың абыройы үшін жанкешті еңбек жасады. Ол дәуірлер таңғалған ерлікті – ұранға, ғасырлар қайран қалған ерлікті – тұмарға айналдырды. Оған берілер баға да – осы! Бірақ комиссия бұл жолы өз қалауын жасады. Осылай ету арқылы болашаққа қиянат жасалды.
Иманәлі БАЙДӘУЛЕТ,
Шымкент қаласының
Құрметті азаматы,
медицина ғылымының
докторы, профессор
Ұят болды-ау…
Өмірде өз шығармашылығын ғана біліп, басқа қақ-соққа араласпайтын қалам иелері болады. Даудан ада, артық сөзге жоқ олардың ұстанымы: «Бәрі уақыт өте келе анықталады. Шала бүлініп, шаршаудың қажеті жоқ. Бірден байбаламға бармай, соңын тосайық. Түбінде түсіністікке қол жеткізілетін нәрсе ғой бұл» деген көзқарас. Расында да, ол кейде солай. Өйткені түрлі жағдайлардан туындаған пікір қайшылықтары келе-келе сараланып, дұрыс шешімін тауып жататыны бар. Соларды көргенде кім-кімнің де бойында «Е, бәсе, мұның жөні осылай емес пе еді?» деген шүкіршілік ой үстемдік алады.
Мұндағы айтайық дегеніміз, біз де сол жоғарыдағыдай тәубешіл топтан едік. Бірақ… Иә, бірақ қаламгер Ғани Қариннің «Қазақ әдебиетіндегі» «Айтпайын деп айтпайсың…» атты мақаласын оқыған соң бұрынғы ұстанымымыз бұзылды. Шыдамның да шегі бар екен. Ол шарт сынды. Сенімімізге селкеу түсіп, өкінішті ой-пікірімізді айтуға бекіндік. Себебі ондағы көтерілген жайт – абзал азамат, руханият жанашыры Бекет Тұрғараевқа жасалған қиянат туралы дабыл. Көріп тұрып көрмегенсіген көзжұмбайлыққа, біліп тұрып білмегенсіген біліксіздікке қарсы үн қатқан жанайқай. Олай дейтініміз…
Басқа-басқа-ау, өзіміз сөз еткелі отырған Бекет Тұрғараев көшедегі көлденең көк атты адам емес. Ол – бір деген білікті заңгер. Жақсылық жасауға жүрегін жұлып беруге дайын жан. Ұлт мүддесі дегенде ұсақтамайтын, сол бағытта кесек сөйлеп, ірі мінез көрсететін тұлға. Туған әдебиетіміз бен мәдениетіміз жолындағы талмас, тынбас руханият жанашыры. Дәлел керек пе? Айтайық.
Соңғы жиырма жыл мұғдарында бұл ізгі ниет иесі жазушы Әзілхан Нұршайықовтың 10, ғалым С.Қирабаевтың 8, ақын Қадыр Мырза Әлінің 14 томдығына демеушілік етіпті. Сондай-ақ оның Солтүстік Қазақстандағы Шал ақын мен Үкілі Ыбырай және академик Е.Бөкетовке, Шымкенттегі өткен заман батырлары, әкелі-балалы Тілеу мен Жолдыаяқ, сонымен қатар Алматы облысындағы Орбұлақ шайқасының қаһарманы Салқам Жәңгірге ескерткіш орнатты. Ал қасиетті Қазығұрт тауының асуындағы 1941-1945 жылдардағы соғыста осы өңірден батыстағы қан майданға аттанған 410 жауынгердің есімі жазылған стела ше? Осыларды еске алғанда «Бекеңнің 2002-2022 жылдар аралығында өзі қолұшын берген түрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, көптеген бастамаларға мұрындық болған ізгі істері қанша екен?» деген сауал ойға оралады. Журналистік зерттеу жүргізудің нәтижесінде бұл сұраққа да жауап таптық. Байыппен бағдарлап қарасақ, олардың саны Алматы қаласында – 8, Солтүстік Қазақстан аймағында – 14, Алматы облысында – 5, Маңғыстау өңірінде – 9, Оңтүстік Қазақстан аймағында – 16 екен. Міне, бір меценаттың ел-жұртқа жасаған жақсылығы. Миллиардтаған қаржының үстінде отырған Тимур Құлыбаев немесе Владимир Ким осындай қайырымдылық үлгісін көрсетті ме? Түгел демесек те жоғарыдағыдай жақсылықтың жартысының жартысын, әйтпесе ширегін жасады ма? Ол алпауыттар Қаңтар оқиғасынан кейінгі жағдайдың өзгеруіне байланысты «Қазақстан халқына» атты қорға бірдеңе қоспаса, оған дейінгі халыққа қолұшын созған ештеңесін көрген де, естіген де емеспіз. Ал зауыт, фабрикасы жоқ, мыңдаған гектар егіндік пен мыңғырған малдан ада Бекет Тұрғараев өзі секілді мұраттас қандастарымызбен үзікке қиық жалғап жүріп, жоғарыдағыдай меценаттық істерге қол жеткізді. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Өйткені оның бәрі елдің есінде.
Осындай қайырымдылық істерді атқарып жүрген Бекең 2018 жылдан бастап ерекше бір игі істі қолға алған еді. Ол еліміздің өңірлерінде бұрын болмаған «Алаш арыстары» атты ашық аспан астындағы ескерткіштер ансамблі болатын. Қазығұрт тауының жоталы жонында бой көтерген бұл архитектуралық-скульптуралық кешен даланың дара даналары, атақты үш бидің силуэтімен басталып, соңы Алашорданың тоғыз көсемі панносымен аяқталғанда, оған жұрт ерекше сүйсініп, ел қатты қуанған. Айтулы мәдениет және өнер қайраткерлері жақсы сөздерін айтып, өз бағаларын берген. Міне, 10 гектар жерді алып жатқан сол ашық аспан астындағы ескерткіштер ансамблін жасаған шығармашылық ұжым, басы Бекең болып, биылғы Мемлекеттік сыйлық бәйгесіне қатысқан еді. Өкінішке қарай… жолы болмады емес… бүгінгі заманның Батыраштары мен Қотыраштары оны құлатты. Тура мағынасында солай. Сөйтіп, егемен еліміздің еркіндігімен өмірге келіп, бұрынғы сәулеттік-мүсіндік өнер үлгілерінен өзгеше жасалынған есіл ескерткіштер кешені елеусіз қалды. Соның салдарынан комиссиядан өтіп тұрған бұл ұжымдық шығармашылық жұмыс кенет өтпей қалды. Ал өтпей қалған басқа еңбек ойда жоқта өтіп кетті. Парадокс… Осылайша ізгі іске бастамашы болған асыл азаматтың сағы сынды. Сөз етіліп отырған жобаға құлшына кірісіп, жандарын аямаған талантты архитекторлар мен скульптурлар тобының десі қайтты. Сонда қасиетті Қазығұрт тауында асқақтаған Алаш рухы қайда қалды? Қараулыққа барғандар арыстарымыздың аруағын күңіренту арқылы бұдан не барқадар тапты?
Бұл тақырыптағы оқиға Ғани Қариннің осы газетке шыққан мақаласында егжей-тегжейлі айтылып, баяндалған. Біз енді оны қайталап жатпай, өз ойымызды мына сөзбен түйіндейік. Көзі қарақты жұрт жақсы біледі, елімізде әр екі жыл сайын Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылатын әдебиет пен өнер, кино және сәулет саласындағы озық туындыларды саралап, баға беретін комиссия бар. Егер сол қоғамдық негіздегі құрылымның мүшелері тура биде туғандық жоқты танытса бұлай болмас еді. Мұндағы жоғарыдағыдай түсініксіз жағдай ең алғаш рет аталмыш комиссияда 2012 жылы көрініс бергені бар. Содан бері ауытқу, ыққа жығылу жиі байқалып келеді. Сондықтан Мемлекеттік сыйлық жөніндегі комиссияның өнер мен сәулет саласындағы мүшелерін Президент айтқан жаңа Қазақстан талабына сәйкес жаңарту қажет. Оған лайықты көп ешкім жоқ деген сөз тууы мүмкін. Олай емес. Бар. Мәселен, руханияттағы өз салаларын жетік білетін, халықпен байланысын үзбеген, өздеріне сенімді болғандықтан биліктің де, басқаның да ығына жығылмайтын Еңбек Ері Роза Рымбаева мен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тынымбай Нұрмағанбетов кімнен кем? Бұлар – жаңа адамдар. Ал жаңа адамдардың өз жаңалықтары болады. Комиссия бірте-бірте осылай жаңаруы, қайта құрылуы қажет. Сонда жоғарыдағы Бекет Тұрғараевқа жасалғандай қиянаттың азаяры анық.
Жанболат АУПБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Астана