«СЕНСІҢ, ОТАН, МАЙДАНДАРДА СЫЙЫНАРЫМ, ҰРАНЫМ!»

Әбу СӘРСЕНБАЕВ
СЕН, ҚҰРМЕТТЕ ОНЫ!
Сен, құрметте оны!
Түсіндің бе, қарағым?
Ол ақшаға сатқан жоқ,
Тізеден кесіп аяғын.
Еріккеннен де ұстап жүрген жоқ,
Қолтықтағы ұзын таяғын.
Кеше елге қатер төнгенде,
Ол жауға қарсы шапты.
Бізді жалмамақ болған ажалды
Ер кеудесімен қақты.
Ол арыстанша алысты,
Өлім соққысын өз үстіне алды.
Денесін оқ пәршелесе де,
Ел намысын қорғап қалды.
Сен құрметте оны!
Түсіндің бе, қарағым?
Сенің келешегің үшін берді ол,
Азаттық жолында аяғын!
Дихан ӘБІЛОВ
ТӨМПЕШІК
Кішкене ғана төмпешік,
Еш картаға түспеген.
Сен үшін жаумен күресіп,
Сертімді кекпен үстегем!
«Ұлтандай-ақсың» десем де,
Ұраным сен боп, қызды ұрыс!
Кеудемді оққа төсерде,
Көріндің сен боп күншығыс!
Бетке біткен меңдей еді,
Бейбіт күнгі қарамың!
Асқар таумен теңдей боп,
Белдескен күні жарадың!
Қаным тамған жеріңе,
Гүл шығар, әлі-ақ танырмын!
Түн желі де, селі де,
Үзе алмас оның тамырын.

Қасым АМАНЖОЛОВ
ДАРИҒА,
СОЛ ҚЫЗ
I
Өңімде ме еді, түсімде ме еді,
Көріп ем ғой бір
армандай қызды…
Бір нәзік сәуле күлімдеп еді,
Сұрапыл соғыс соқты да бұзды.
Сапырды дауыл, тебіренді теңіз,
Тулады толқын, шайқалды шың-құз…
Қып-қызыл өрттің ішінде жүрміз,
Қайда екен, қайда, дариға, сол қыз?!
II
Оқ тиді келіп, қайратым кеміп,
Барамын сөніп, келмейді өлгім!
Тұрғандай сол қыз жаныма келіп,
Талпына берді қайран жас көңілім!
Барамын сөніп, барамын сөніп,
Жұтар ма мені мына сұм соғыс?
Арманым бар ма өлсем бір көріп,
Қайда екен, қайда, дариға, сол қыз?!
III
«Келмейді өлгім, келмейді өлгім!
Қайратым қайда, келші осындайда»,
Дедім де тұрдым, жүгіре бердім,
Қолымда найза шағылып айға.
Жеңдік қой жауды, арман не, құрбым!
Күркіреп күндей өтті ғой соғыс.
Келемін қайтып, өлеңімді айтып…
Қайда екен, қайда, дариға, сол қыз!
Үстімде сұр шинелім
Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Қанды қырғын, қызыл от,
Қаптап жүр ажал дегенің.
Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Қағып-соғып жығар ма,
Оңайлықпен мені өлім!
Үстімде сұршинелім.
Ақсаңдай басып келемін.
Баяғы Қасым, бір Қасым,
Баяғы күйім, өлеңім.
Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Ұмытса да достарым,
Ұмытар ма мені елім!

Қалижан БЕКХОЖИН
СОҒЫСТА
Аспанның ең шетінде
Қорғасын бұлт тұр қатып,
Кенет шарт айрылып,
Жөнелді лек-лек…
Бұрқатып, сел атып,
Найзағай күркіреп,
Қызыл қанжарын сермеді.
Демалып дүние теңселіп,
Қуды қапырықты жердегі.
Сыңсып жер зар қақты,
Өлмек бар, тірілмек жоқ!
Тебірентіп кетті жан-жақты.
Қап-қара тұман жерге көсілді,
Ашылды бар дозақтың есігі.
Майдан, ойран…
Зілзала болды жер неге?!
Осынау қиямет жайында,
Жырлағым келеді,
Тебірене!

Хамит ЕРҒАЛИЕВ
ЕСКЕ ТҮССЕ…
Ауыр ойдың
ағытқанда тиегін,
Толқымастай өз
еркіне ие кім?..
Қанды майдан еске түссе,
Қақсайды
Денемдегі жарақатты сүйегім.
Күйеді ол,
Біреу отқа жаққандай…
Тұра алмаймын өткен жайды жатқа алмай:
Күйеді ол, елдің орман, егіні,
Қалалары әлі өртеніп жатқандай…
Күйеді ол,
Біреу отқа жаққандай…
Тұра алмаймын өткен жайды жатқа алмай:
Күйеді ол, ақын досым Абдолла
Сонау үйде әлі өртеніп жатқандай.
Жас ана боп шыңғырады сүйегім,
Келеді оның барып басын сүйегім:
Ұл тапқан ол снарядтан өлерде,
Бұл дүниеге бір-ақ қағып иегін.
«Мен де саған соғыс берген «сый» едім,
Қарап жатпай қақсаған-ды сүйемін.
Бейбіт күннің ақынысың беймаза,
«Тебірен!» дейді жарақатты сүйегім.
Сергі, жаным, бейнетіңнен қорғанба,
Нені ұтар ең ұйықтап ұйқың қанғанда?..
…Қиялымды жүгіртетін қияға,
Тағы да бір таң бозарып қалған ба?!

Сағынғали СЕЙІТОВ
ҚАС-ҚАҒЫМДА
Сұрапыл соғыстың,
Астан-кестен аспанында.
Самолет өртенеді
Қас-қағымда.
Ұшқыш тірі қалады,
Өлмейді,
Жасайды,
Мәңгілік дастанында.
Мерген,
Төзімін тауысып,
Орнынан ауысып,
Он сағат бойы
Атыс минутын күткен
Тосқауылда,
Нысананы
Мұрттай ұшырды
Қас-қағымда.
Солдат,
Ерлік оты
Ойнаған
Жас қанында,
Дұшпанның өлім сепкен
Дзотын жабады
Кеудесімен,
Қасқағымда.
Ал өзі
Қасқайып тұрады,
Әлем тегіс көретін
Қаһармандық
Асқарында.
Маршал,
Мігірсіз үңілген
Шайқастар картасына –
Күрестің қия-құз жартасына,
Шабуыл жебесін
Тірейді бір нүктеге
Қас-қағымда.
Ол басқарған әскерлер құрметіне,
Андыздап, андағайлап
Атылады салют
Астана аспанында.
Қуаныш хабары
Жер шарын орайды
Қас-қағымда.
Ол тұрады,
Әрдайым пролог боп,
Жеңіс дейтін
Ұлы эпопеяның
Бас жағында.

Жұбан
МОЛДАҒАЛИЕВ
ОТАН
Сенсің, Отан, қан майданда,
Сыйынарым, ұраным.
Күні-түні, әр қайда да,
Сені көріп тұрамын.
Түн түндігін түріп ашып,
Түнекті сен серпесің.
Алтын таңның нұрын шашып,
Көңіл күйін шертесің.
Қиял құсы асып шыңнан
Шырқап қанат қағады.
Сенен аспай, асса да одан
Бір өзіңді бағады.
Бір өзіңде, кең кеудеңде,
Соққандай өз жүрегі.
Өрендерің сен дегенде,
Өлімге де жүреді.
Сенің досың – менің досым,
Саған қастар – маған қас.
Үйде болсын, түзде болсын,
Мен өзіңмен тағдырлас.
Сен қуансаң, мен қуанам,
Бірге өткізем күзіңді.
Өз жүзіңнен, ұлы анам,
Көремін өз жүзімді.
Көрген сайын білемін мен,
Қадірің де артады.
Махаббатты жүрегімнің
Таразысын тартады.
Тіршілік жоқ сенсіз маған,
Тынысымсың, жанымсың.
Басқа кімге сенсін балаң,
Басқа кімге жалынсын?!
Шабарда да жаудың шебін,
Түспейсің сен ауыздан.
Қандырасың жанның шөлін,
Кек әперіп жауыздан.
Сенсің, Отан, майдандарда
Сыйынарым, ұраным.
Күні-түні әр қайда да
Сені көріп тұрамын.

Сырбай МӘУЛЕНОВ
ҚҰЛЫН
Шаршаған жол батып,
Волховтың батпағында.
Жатыр бие толғатып,
Зеңбіректің арт жағында.
Фугас бомбасы,
Жерді өртеген қиын күнде.
Тіршілік жолдасы,
Бүлкілдейді биенің бүйірінде.
Адамдай жапа шегіп құса-мұңнан,
Сәби бір үн сағынған.
Жалын тарап, көзіне үнсіз қарап,
Солдат оның сипайды құрсағынан.
Шашыраған көк жалынын бүркіп темір,
Орманның іші үрейлі.
Ал оттың ортасында
Шіркін өмір
Құлын боп кісінейді.