«СОҢҒЫ АЯЛДАМА»: ТОҚЫРАУДЫҢ ЫҚПАЛЫ
Режиссер Серік Апрымовтың 1989 жылы жарық көрген алғашқы толықметражды «Соңғы аялдама» фильмі – авторлық кинодағы «төңкеріс». Эстетикалық құбылыс. Қазақы болмыс. Қазақ киносындағы «Жаңа толқын» көркемдік бағытының төл туындысы. Фильмде бұрын соңды қазақ экранында болмаған боямасыз өмір суреттелді. Бетперде кимейтін кейіпкерлер келді.
Тарихи маңызды уақыт. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі тәуекелдерге толы кезең. Тоқыраудың ықпалы. Әлеуметтің ішкі күйі. Сергелдең. Бағдаршамы жоқ, жүрер жолын білмеген тығырық.
Шарасыздық – бұл фильмнің басты мотиві. Кейіпкерлері де «сергелдең». Ерік-жігерің таусылған сәтте, ағысқа ерік бере салатын күймен тең. Мең-зең.
Адамның табиғаты мен болмысы ерекше «шынайылықпен» ашылған. Олар өздерінің осы күйін жасырмайды. Оған намыстанбайды. Ренжімейді. Өкпесі жоқ. Жұмыссыздық, маскүнемдікпен күнелтсе де, өздеріне кішігірім алданыш болар жиын-той ұйымдастырғандарына мәз.
Ауыл. Қазақтың бұрынғы ауылдарынан бөлек. Оның сән-салтанатқа толы ұлттық нақышы жоқ. Бояуы бәсең. Қараңғы. Түнерген. Бәрі де өзгерген! Бұл қанша ғасырдан бері қалыптасқан «ауыл» ұғымының алғашқы өлімі. Экранда жерленген.
Табиғат. Суреткердің танымында шебер берілген. Ауылдың ғана емес, олар тыныстап отырған ауаның құрамына дейін сезілген. Кейіпкерлердің ішкі дүниесімен керемет үйлескен. Сөз табиғаты. Оның күші. Диалогтар қарабайыр естілгенімен, олардың өресі мен сол ортаға «лайық мәдениетінің» деңгейін ашу үшін анайы болса да «шынайы» берілген.
Қазақы отбасылардың трагедиясы. Олар өмірлерінен жоғарғы мағына іздемейді. Құндылықтарға да мұқтаж емес. Күнелту. Өлместің күні. Жан шықпаған соң, жарымжан күй кешу. Үлгі болуға тырмыспайды. Мұқтаждық жоқ. Қажет те емес. Бұл қазақ экранындағы боямасыз, нағыз шынайы ашылған «немқұрайлылық».
Рухани құлдырау. Идеологиялық ыдырау. Саясаттың ықпалы. Белгілі бір әлеуметтік орта арқылы ашылған. Оның диагнозын фильмдегі әрбір кейіпкердің бейнесі ашып береді. Түйсікке. Ақыл-парасатқа. Ішкі мәдениетке. Өреге.
Бұл тарихи маңызы бар кезең. Зерттеуді қажет ететін. Оның болжамы кез келген саяси ұстанымның «әлеумет психологиясына» едәуір ықпалы бар.
Әр аялдаманың өз «мағынасы» бар. Өмірде. Жолыңда. Тағдырыңда. Сабақ алатын. Ол соңы болмауы мүмкін! Басты кейіпкер Еркін осыны түйсінеді. Қалаға кетуге әрекет етеді. Өзін құтқарғысы келеді.
Мағынасыздық. Оның табиғатына жалығу тән. Бұл күйді үлкен өзгерістер алдындағы «үзіліс» дейді. Үнсіздік. Аялдама. Төзімнің соңы. Шешім қабылдау алдындағы маңызды сәт.
Рухыңдағы бар батылдығыңды жиып, шешуші қадамға бару. Шеңберден шығу. Қағидаларды бұзу. Осындай сәттердің алдында «соңғы аялдамада» тұру, күту, үздігу, үміттену бәрінен де маңызды. Үлкен өзгерістер мен шешуші қадамдар «соңғы нүктеден» кейінгі «жаңа жолдан» басталады.
Гүлзат КӨБЕК,
Кинотанушы,
Өнертану PhD докторы,
«Тұран» университетінің профессоры
ПІКІРЛЕР1