Мо Янь шығармаларындағы Уильям Фолкнердің ықпалы
Романдардың дамуы, көркемдік тұрғыдан пісіп-жетілуі кезеңдерінде елеулі рөл атқарған қаламгерлер жетерлік. Дегенмен әлемдік деңгейдегі жалпыадамзаттық ортақ құндылыққа айналған роман жанры туралы сөз болғанда америкалық қаламгер Уильям Фолкнердің есімі міндетті түрде аталады. «Заманауи америкалық романды дамытуға қосқан елеулі әрі көркемдік тұрғыдан бірегей үлесі үшін» 1949 жылы Нобель сыйлығын еншілеген қаламгерді 2012 жылы өзі секілді Нобель сыйлығына ие болған қытайлық Мо Яньмен байланыстыратындар жетерлік. Газет оқырмандарының назарына ұсынып отырған әдебиет зерттеушісі, қытайтанушы Дарима Цыренованың төмендегі зерттеу мақаласында осы тақырып кеңінен сөз болып, Уильям Фолкнердің Мо Янь шығармаларына нақты ықпал еткен тұстары толықтай ашып көрсетілген.

ХХ ғасырдың 80 жылдарынан бастап, Қытайдағы әдеби тіршілік күтпеген жерден жандана бастады. Әдебиеттің сол тұстағы әр басқан қадамы қоғам талқысына түсіп, қызу пікірталастарға түрткі болып, жазушылардың жазған-сызғандары сан-сапат оқырман қауымының айырықша назарын аудартты. Енді ғана жазып бастаған кез келген жас автор оқырманға ой саларлық қоғамдық мәселені өз шығармасында тілге тиек етсе «құрметті жазушы» деуге тұрарлық «сол күннің қаһарманына» айналып шыға келді. 80- жылдарға дейін қытай жазушылары «жабық есік саясаты» қоғамында өмір сүріп, Батыс әдебиетінің жетістіктерінен хабардар бола алмағаны белгілі.
Алайда кейінгі «ашық саясат» реформасы арқылы Қытайда шетел әдебиеті үшін есіктер айқара ашылды. Батыста баяғыдан танымал Джойс, Камю, Сартр, Хемингуэй, Кафка, Маркес, Кундерра, Томас Манн, Ромен Роллан, Беккет, Андре Жид, Роб-Грийе т.б. жазушылардың шығармаларының тәржімалары жарияланып, олар қытай авторларының өзіне қызығушылығын оятып, оларға, шын мәнінде, терең әсер қалдырды. Тұтастай онжылдық ағымында (80–90 жылдары) Қытай жазушылары қаптап кеткен шетел әдебиетіне құмартып, алғашында санасып, ақыр аяғында өздері Батыс авторларына еліктеу арқылы шығармашылық жасап жатқанын сезінбеді. Дәл сол уақытта қытай әдебиеті өздеріне тағылған «саясат қолшоқпарлары» деген таңбаны өздерінен жұлып тастап, белгілі бір деңгейде ішкі және шығармашылық еркіндікті іздеп тапты.
Қытайдағы көркемөнерді түбегейлі өзгертуді талап еткендердің, яки өздері туралы 1985 жылдары жаңғырық тудырып, гүлденуі 1987–1988 жылдары болған әдеби ағымның алғашқы тобының пайда болуы да шетел әдебиетімен тікелей байланысты. Ағымның негізін балалық және жастық шағы «мәдениет төңкерісі» кезеңіне, ал алғашқы шығармашылық қадамдары Батыс әдебиетіне аса бір қызығушылық дәуіріне тап келген жас жазушылар құрады. Көркемөнерді түбегейлі өзгертуді талап еткен жазушылардың атақтыларының бірі Мо Янь (шын аты Гуан Мое) еді. Өз туындыларының Мо Янь секілді өз Отанында ғана емес, шетелдерде де танымалдылыққа ие екенімен заманауи қытай авторларының тек саусақпен санарлығы ғана мақтана алады.
Десе де Мо Янь өз шығармашылық жолының бастапқы кезеңінде өз туындыларына үлкен ықпал еткен Уильям Фолкнер мен Габриэль Гарсиа Маркестің шығармаларымен таныспағанында, мұндай табысқа қол жеткізуі мүмкін емес те еді. Сыншылардан бөлек, автордың өзі де қатарында Гоголь, Свифт, Рабле, Борхес, Патрик Уайт бар әлем әдебиеті классиктерінің өз шығармашылығына тигізген ықпалы туралы бұған дейін бірнеше мәрте атап өткен. Дегенмен Мо Янь әрбір автобиографиялық эсселері мен сұхбаттарында аталмыш екі жазушының есімін қалдырмай жиі айтып отырды. Оқырманға көлденең тартып отырған осынау дүниемізде дәл сол Фолкнердің Мо Янь шығармаларына қатысы туралы толығырақ айтпақпыз.
Қытайдың Шаньдун аймағына қарасты Гаоми ауданындағы қыстақтың сабан шатырлы лашығында дүниеге келген Мо Яньды туып-өскен ортасы тіптен бөлек Миссисипи штатындағы америкалық егістік иелерінің ұрпағы Уильям Фолкнермен салыстыратыны қызығушылық тудырмай қоймайды. Дей тұрғанмен, өнер дейтініміздің өзі – осы. Адамзаттың шығармашылық аңдауы мен ішкі әлемінің түсінігі мекен мен уақыттың тұтастығын қажет етпейді. Адамдардың сезімдерінің ең жоғарғы қабатқа жетуі – нәсілдердің мәдениеті мен өнерінің өзара алмасуына әкеледі. Өнер – сөзсіз, адамның туындысы. Мейлі, ол қытай әдебиеті, мейлі, Батыс әдебиетінде болса да, адам жасаған көркем бейнелер қашан да шын өмірдің тура және жанама суреттері.
Мо Янь мен Уильям Фолкнердің шығармашылық жолдарында ұқсас тұстар көп. Сонымен қатар бұл жазушылардың шығармашылығын «ерте кезең» (ізденіс кезеңі) және «әдеби көзқарас кезеңі» деп екіге бөлуге болады. Тіпті Мо Яньның ерте кезең шығармашылығы бұлдыр, анық емес. Автордың ертеректегі жазбаларынан өзін іздеуі, өзіндік жазу мәнері мен әдеби тілін қалыптастыруға тырысуы, кейінгі жазушылық шеберлікке алып шығатын бағытын іздеуі байқалады. Мо Янь өткен ғасырдың 70-жылдары, яғни «таңбалар әдебиеті» қытай әдебиетінің алға сүйреуші күші болып тұрған шақта жазып бастады. «Қоғамдық-саяси тақырыптарды батыл қозғайтын, ішкі сезімдерін шынайы ақтарып салатын, қытай халқының өмірінің тұманды жақтарын батыл ашатын» бұл қозғаушы күш қытай әдебиетіне кенеттен, оның үстіне тыйым салынған «мәдениет төңкерісі» кезеңінде келді. Бірақ сонда да әдебиеттің мақсаты – дәстүрлі шындық тұрғысындағы тәсілдер арқылы партия мен халықты мадақтау болып қала берді. Мо Яньға да сол қабылданған үлгіден арылуға мүмкіндік болмады. Алғашқы кездегі «Көктемнің түнгі нөсері» (1981), «Мақталы жол» (1983), «Халық әуені» (1983) шығармаларында Мо Янь үйреншікті идеологияға, «адамдарды істеріне қарап бағалайды» деген дәстүрлі түсінікке келуге тырысады және адамның сұлулығы мен оның ішкі сезімдерін жырлайды.
Осы жылдары жазылған Фолкнердің «Әскери марапат» («Soldiers’ Рау», 1926) және «Масалар» («Mosquitoes», 1927) романдары сондай шынайы. Онда бірінші дүниежүзілік соғыс пен «джаз дәуірінен» өткен буынның психологиялық кескіні бейнеленеді. Бірақ Фолкнердің бұл романдары бар-жоғы сол уақыттағы өзекті мәселелерге үстірт әрі шұғыл берген жауабы ғана. Бұл тұста Фолкнер әлі өзінің тақырыбын таба қоймаған, шығармашылығы замана ағымындағы көркемдік атмосфераның жетегінде кеткен еді. Осы себептен де оның жазғандарынан ұмытылып кететін уақытша кейіпкерлер, ойдан құрастырылған құмарлықтар мен даңғойлыққа ұрынған стиль байқалып тұрды. Романдарынан суреткердің мықты қолтаңбасы сезіледі. Бірақ оған әлі де сыртқы әсерлер мен еліктеу-солықтаулардың кедергі келтіріп отырғаны көзге ұрып тұратын. Соған қарамастан, ол образдарды бейнелеуге, оларды табиғи, жанды әрі оқырманды иландыратындай сенімді етіп жасауға тырысқан.
Мо Янь өзінің сөйлеген сөздерінің бәрінде де Фолкнер шығармашылығындағы «Шу мен ашу» (1929) романы және оның өзіне ықпалы хақында айтпай кеткен емес. Қытайлық жазушы автордың бұл романын 1984 жылы алғаш қолына алған, содан бері Фолкнер Мо Янь үшін сүйікті жазушы, ал оның өмірі даңқты үлгі бола бастаған. Мо Янь Фолкнермен рухани туысқандасып, оның әдебиеттегі адымдарына таңғалып, оған еліктеп, сол секілді биіктерді бағындыруға талпынды. Бірақ Фолкнерге еліктеу аса қиынға соқты. Мо Янь өзінің «Халіңіз қалай, Фолкнер ағай?» атты эссесінде «Маған Фолкнер: «Жазушы өтірікті шімірікпей айта алуы керек, тек романдарды ғана ойдан құрастырып қоймай, сонымен қатар сол ойыңдағы өтіріктерден өзінің жеке тарихы мен өмірбаянын да жасауы керек», – деп айтты. Оның үстіне ол маған «жазушы болғысы келген адам думанды қаладан аулақ болып, өз туған мекенінде ірге тебуі керек» деу арқылы, бір түп ағаштың топыраққа терең тамыр тартатыны секілді, туған жерде тамыр жаю керегіне үйретті. Бірақ мен оның өсиетін бұлжытпай ұстанғым келгенімен, туған жерімде электр жарығы жиі өшіп қалатындықтан әрі ол жерде қыста жылу жоқ болғандықтан мен осындай ауыртпашылықтар мен қиындықтардан қорқып, ол жаққа әлі ат ізін сала алмадым дейді.
Өзінің қаламгерлік жолының бастауында Фолкнер туған жерінің кіп-кішкентай ғана пошталық маркасы да көркем шығарма жазуға тұратынын, ол туралы жазу үшін бір ғұмырды түгесу де аздық ететінін түсінді. Соның арқасында ол адамдардың жанын, өзінің жеке әлемін аша алды. Америкалық жазушының ойынан шығарылған Иокнапатофа аймағы (орталығы Джефферсон қаласы) Мо Яньның жеке әдеби патшалығын (Гаоми ауданын құруына шабыттандырды. Мо Яньның өз айтуында, Фолкнерді оқу арқылы ол «жердің белгілі бір айқын нүктесіне табан тіреп, қаза бастау керегін және сол арқылы «ғарыштық әуеннің» кешіне билет алу керегін» түсіндім дейді. Шыннан кем емес, бірақ ойдан шығарылған ауданда Мо Янь өзінің оқиғалары мен адамдарын орналастыра бастады. «Жазушы тек қана кейіпкерлерді, тек қана оқиғаларды ғана ойдан шығармау қажет, географияны да қолдан жасау қажет», – деді Мо Янь тебіреніп тұрып.
Фолкнер өзінің ерте кезде жазған сыни мақалаларында өнердің «негізінен, провинциялық, яғни ол белгілі бір ғасыр мен нақты бір өңірден тікелей тамырын тартады деп санайтынын» айтқан әрі америкалық болмыс «драмалық шикізаттардың сарқылмайтын қорынан» тұратынын баяндаған болатын. Ол шығармаларында өзінің бүге-шігесіне дейін жақсы білген дүниелері туралы ғана жазды, яки туған, өмірінің үлкен бөлігі сонда өткен туған жері туралы қалам тербеді. Фолкнер секілді Мо Янь да көркем қиялын «Қызыл гаолян» (1986), «Сандал ағашының азаптары» (2001), «Сарымсақ жыры» (1988), «41 бомба» (2003) және «Шарап елі» (1990) секілді романдарына айналдырып отырды. Қызыл гаолян, диқанды дала, бөгетті өзен, Гаомидің жабайы жуасы – бәрі-бәрі оған бала кезінен соншалықты таныс дүниелері еді.
Мо Янь өзінің кішкене отанына шексіз риза, ол үшін жаны мен жүрегін береді, бұған «Мен кеудемнен соя сіңген жүрегімді жұлып алып, ұсақ кесектерге турап, оны ыдысқа жайып қойып, гаолян даласына көтеріп шығамын. Жер бауырлап жатып: «Сіздерге саулық тілеймін! Саулық тілеймін!» деп айқай саламын» дейтін «Қызыл гаолянның» беташар сөзі дәлел.
Ол Гаомиді түрлі оқиғалар мен іс-әрекеттерге, кәріқұлақтар мен көнекөздерден естіген ғажайып аңыздарға толтырады. Ол жазатын жабайы рулық қауымдар мен орындар ерекше эстетикалық, поэтикалық құндылықтарымен ерекшеленіп тұрады. «Мен туған жерімде ауыздан-ауызға жетіп отырған көп әңгімелерді естідім. Жер жыртып жүрген шаруалар дем алатын уақыттары болып, тастарға жайғаса-жайғаса кетіп, әртүрлі әңгімелерді айта бастайтын. Біреуі 1937 жылы дәл осы жерде жапон әскері ауыл тұрғынын өлтіргенін немесе керісінше болғанын, әрі оқ өзі арқылы, асқазанға үлкен саңылаулы тесік қалдырып өткенін айтуы мүмкін. Келесі күні басқа шал оны басқаша баяндауы мүмкін т.с.с. Әр айтылғанында, бұл оқиғаға жаңа бір бояу қосылып отырады. Неғұрлым көп айтылған сайын, соғұрлым құнды бола түседі әрі кейіпкерлердің бейнелері де айшықтала түседі. Бірте-бірте бұл оқиға мифке айналады». Аңыздың осындай ауызша әрі бай формасынан қытайдың «магиялық реализмі» пайда болды. «Магиялық реализмнің» отаны – Латын Америкасы, осы бағыттың көрнекті өкілі – Габриэль Гарсиа Маркес екені бәріңізге белгілі. Мо Янь Фолкнерді ұстазым әрі шабыттандырушым деп айтудан жалықпайтыны секілді, Маркес жайлы да көп айтады.
Егер Фолкнер үшін ұрпақтардың тағдыры әкелерінің күнәларына байланысты болса, ал Мо Янь үшін ата-бабалардың жабайы сексуалдық ойыны – бұл, кейінгі ұрпақтың мақтаныш көзі. Жазушы бабалар алдында тізесін бүгеді, өткен ата-бабалардың қазіргі заманғы ұрпақтан басымдылығы туралы сезінуі «Қызыл гаолян» романында жарқын бейнеленеді: «Солтүстік-шығыс Гаоми әлемдегі ең қасиетті әрі жемқорлығы асқан, әрі батырлығы тасқан, әрі ұятын ашқан, шектен тыс ішетін һәм шектен тыс сүйетін жер екенін ойлап көрмеппін. Сонда тұрған менің әкемнің ұрпақтары, ұнатпаса да гаолян жейтін, сонда да оны барлық жерге көптеп егетін. Кейінірек күзде, сегізінші айдың ішінде, қызыл гаолянның егін даласы қан теңізі секілді қып-қызыл болып, күнге шағылысып жататын. Биіктік пен беріктік, салқындық пен талғампаздық, адамды еліктіретін құмарлық пен сүйіспеншілік, барлық ұлылық содан таралатын. Онжылдықтар бойы, бейне бір-ақ сәттегідей қызыл фигуралардың көлеңкелері тігін машинасының қайығындай болып адамзат тарихының алып материясына тор құру арқылы гаолян сабағының арасынан жүгірді. Олар өлтірді, тонады және өз жерін қорғады, жан балқытатын балет билегендей бізді, рақметі жоқ, қайырымсыз, жерлерін басып отырған бізді көлеңкесінде қалдырды. Қарқынды дамып келе жатқан әлемде өмір сүре тұрып, мен кері кетіп бара жатқан адамзаттың шыңғырған дауысын естимін».
Фолкнер шығармашылығын зерттеуші Клинт Брукстың сөзінше, бұл америкалық жазушының ұлылығы адамзаттың моральдық болмысын анықтайтын өткен және бүгінгі қоғамдық күштерге берген бағалауында жатыр. Ол бұл мақсатқа, әсіресе АҚШ-тың оңтүстігіндегі нәсілдік және таптық күресті бейнелеу, фольклор мен романтикалық көзқарастарды шебер пайдалану арқылы жетеді. Мұның бәрі ХХ ғасыр басындағы роман жанрының талаптарына толық сай келеді. Фолкнер әдеби шығармашылығы модернистік мектепке жатқызылатын заманауи жазушы болғанымен, оның туындыларының негізгі бастауы – халық шығармашылығы. Ол оны бала кезінде жергілікті аңшылармен бірге от басында отырып немесе шағын ауыл үйлерінде тұрақтаған кезінде бойына сіңірген. Қатаң дәстүрлер мен шекаралар үстемдік еткен өңірден шыққан ол – рухы мүлде тың, жаңаша туындылар тудырған қаламгер. Көптеген әдебиет сыншысы Фолкнерді қарабайыр жазушы немесе мистик жазушы деп жатады, оның үстіне өз шығармашылығында реализм мен романтизмнің шегін шебер ұштастыратын, шығармашылығы жан-жақты бағытты алып жүретін автор деп сипаттайды.
Фолкнердің өзі де бірнеше мәрте өзінің шығармашылығында белгілі бір мекен мен нақты адамдарды сипаттай отырып, жалпыадамзаттық, әмбебап мәселелерді қозғау керек деген қағиданы ұстануға тырысқанын айтқан. Осы тұрғыдан алғанда, оның шығармаларында халықтық шығармашылық дәстүрлерінің шебер қолданылуын түсіну қиын емес. Бұл дәстүрлер жазушыға уақыт, жады мен адам болмысы сияқты ұғымдарды ашуға көмектеседі. Мүмкін, дәл осы себептен Фолкнер аймақтық шеңбер мен романтизм, реализм мен натурализм шекарасынан шығып, халықаралық деңгейдегі қаламгерге айналды.
Фолкнер шығармашылығының әмбебап бағыты мен әдебиетке деген осындай көзқарасты Мо Янь де ұстанады, сондықтан бұл екі авторды салыстыра қарастыруға толық негіз бар. Мо Янь шығармаларын зерттегенде, оның да қарапайым әрі мистикалық жазушы екені қызығушылық тудырады: ол адам баласының алғашқы табиғи тілектері мен сезімдерін сипаттай отырып, шарапқа, қызыл гаолянға, бидайға немесе сексуалдық ойындарға мистикалық реңк береді. Сонымен бірге Мо Янь бұл қарапайым тілектер мен аңыз-әпсаналарды тек өзіне ғана тән қытайлық әсемдікпен бейнелейді. Оның шығармаларындағы халықтық дәстүрлер астарынан біз жазушының «рухани үйін» көреміз.
Фолкнердің жазғандарындағыдай Мо Янь шығармашылығы да зұлымдыққа толы. Дегенмен бұл жерде Мо Янь америкалық жазушының «маңызды бір шындықты айту үшін зұлымдықты қолдану керек болады. Кейде адамды түзеу, өзгерту үшін оған зұлымдық туралы еске салу қажет. Егер жазушының қандай да бір миссиясы болса, ол – дүниені өзінен кейін аз да болса жақсы кейіпте қалдыруға үлес қосу. Бұл – осы жайлы нәрселерді сипаттау арқылы емес, адамның ішкі арамдығын, жасай алатын зұлымдығын, сол зұлымдығы үшін өзін жек көретін қасиетін көрсету арқылы іске асады» деген пікірін толықтай қолдайды.
Мо Янь өз баяндауларында уақыт ағымымен шебер ойнайды, әңгімелерді сана ағыны арқылы өрбітіп, баяндайды, бұл тұрғыда авторға Фолкнердің айқын әсерін көруге болады. Фолкнердің «Шу мен ашуында» бір уақыт қайталанып отырады әрі баяндау әртүрлі уақыт пен кеңістікте орын алады. Жан Поль Сартр айтқандай: «Шын Фолкнер аса қауіпті. Ол бізге ұры секілді жақындап келеді де, ғайып болады». Фолкнер баяндауды сана мен оның үзіктеріне бөліп береді, бұл оқырманға мәтінді өзінше өріп, өз желісін құруына мүмкіндік береді. Бұл модернистік жүрісті Мо Яньның «Ақ мақта» (1991) жинағындағы «Сенің тәртібің бізді қорқытады» әңгімесінен сезуге болады, мұнда автор халық әндерінің орындаушысы Лю Лицузидің өткен өмірінде де, қазіргі уақытта да басынан өтіп жатқан оқиғаларды, бас кейіпкердің уайымы мен шырғалаңын баяндау арқылы бір уақытқа орналастырып отырады.
Мо Яньның әлемді қабылдауы Фолкнердікімен ұқсас, оны «машинада артқа қарап отырғанда, айналасында пішінсіз көлеңкелер пайда болып, жарық тілімдері мен ауа тербелістері болып жататын, тек алға қарағанда ғана шынайы өмірдің нақты көрінісін қабылдайтын» адамға ұқсатуға болады.
Көптеген сыншыны, Фолкнер және басқа да жазушылар, атап айтқанда, Мо Яньдар неге абсурдты, яки мағынасыздықты таңдады деген сауал мазалайды. Бұл құбылыстың себептерін қазіргі өмірдің әлеуметтік жағдайларынан іздеу керек сияқты. Өзгерістерді бастан кешіріп жатқан қоғамда абсурдтық элементтер өте көп болады. Абсурдтың осындай белгілерін Мо Яньның «Шарап елі» (1990) романынан анық көруге болады. Бұл шығарма — қиял мен фантазияға толы, сюрреалистік шығарма ғана емес, сонымен қатар құлдырауға бет алған қоғамның жан түршігерлік ықпыл-жықпылдарына қысқа ғана көз тастау іспеттес. Мо Яньның екіұштылыққа бейімділігі мен шынайы дүние мен қиялды әдейі араластыру тәсілі «Шарап елінде» айқын көрініс табады. «Мен қоғамның көлеңкелі тұстарын жазамын, жемқорлық секілді қауіпті құбылыстарды жазамын, бірақ көп оқырмандар мұны сандырақ деуі мүмкін». Бұл екі ұштылық, екі ойды қатар алып жүру жай ғана әдеби тәсіл емес, қазіргі өмірдің белгісіздіктері мен тұрақсыздықтарының көрінісі. Біз, бізді қоршаған нәрселердің қаншалықты шын, қаншалықты жасанды екенін білмейміз.
Мо Янь шығармаларында абсурдты бейнелер мен оқиғалар өзіне тән сиқырлы, тіпті ерекше бір көркем сұлулыққа ие. Мысалы: «Кенеттен біз терісі қызыл, үстіндегі киімі де қызыл әйелдің отқа қарғығалы тұрғанын көрдік. Ол омырауын ашып, қызыл көбелек секілді жанып жатқан жалынға түсіп кетті. Бірақ, мүмкін, ол көбелек те болмаған шығар, бәлкім, тауық болған шығар… Біршама уақыт өткен соң мен қуырылған тауықтың хош иісін сездім».
Қытай әдеби сыншылары Мо Янь шығармашылығынан модернистік ұмтылыстарды байқайды. Мәселен, кейбіреулері Мо Яньды оқи отырып, жаңа әрі қиын әдеби түсініктерді кездестіретінін, қысқаша айтқанда, ол жасаған көркем бейнелер мен формалар қытай әдебиетінде айқын ерекшеленетінін алға тартады. Егер біз, Мо Янь шығармаларында Фолкнер мен Гарсиа Маркес секілді жазушылардың ықпалын ескере отырып, әдебиет тұрғысынан неғұрлым кең қарасақ, неге оның кейіпкер бейнелерін метаморфозамен ұштастыратынымызды түсінер едік.
Жоғарыда айтылғандар Мо Яньның бүкіл шығармалары Фолкнер әсерінен туған деген сөз емес, әрине. Фолкнердің әсері, ең алдымен, қытай жазушысының өзіне тән шығармашылық жолын табуына көмектесті. Бұл диалог көпірі бір жағынан, әсер мен сіңіру арқылы, екінші жағынан, шығармашылықтың тоғысуы мен шабыт арқылы құрылады, мұнда басым рөлді соңғысы атқарады. Мо Янь Фолкнердің стиліне, баяндау мәнеріне таңдана қарайды, бірақ соған қарамастан, өз жолымен жүреді, өз бағытын ұстанады.
Ол шығармашылыққа қатысты төрт негізгі ұстанымды айқындап алған:
Бірінші – өз шығармашылық көзқарасын қалыптастыру. Екінші – өзі туған өлкенің терең қатпарларын ашу. Үшінші – өз кейіпкерлер жүйесін дамыту. Төртінші – өз баяндау стилін жетілдіру.
Осы қағидаларды ұстана отырып және Фолкнердің шығармашылық тәжірибесіне сүйене отырып Мо Янь көркемдік деңгейі жоғары туындылар жазып, қазіргі қытай әдебиетінің жетекші тұлғаларының біріне айналды.
Аударған Еділбек ДҮЙСЕН
ПІКІРЛЕР1