ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫҚ МЕНШІГІМІЗ ӨЗІМІЗГЕ ҚАЙТА МА?
22.08.2022
426
0

Ой еңбегі қашанда құнды. Күллі оң өзгерістер мен төңкерістер ой еңбегінен туатыны әмбеге аян. Мемлекет­тік сыйлықтың иегері, белгілі ақын Серік АҚСҰҢҚАР интеллектуалдық меншік құқығына қатысты мәселе көтеріп, оның Ата Заңымыздағы көрсеткіші хақында сөз қозғаған еді. Өзге қаламгерлердің де осы жайға қатысты ой-пікірлеріне құлақ түріп көрдік.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 6-бабында: «Қазақстан Республикасында мемлекеттік меншік пен жекеменшік бірдей қорғалады», – деп жазылған.   Бұл – заң.  Бір кездегі Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы көзімізді бадырайтып қойып, ақын-жазушылардың интеллектуалдық меншігін бір күнде тартып алды! Бұған әй дейтін ажа, қой дейтін қожа болмады.
Меншік, мейлі, ол мемлекеттік меншік бола ма, интеллектуалдық меншік бола ма, жекеменшік бола ма, оған суық қолын сұғуға ешкімнің қақысы жоқ! Мұхамедиұлы кетті… Бірақ оның ойдан шығарған заңы қалып қойды! Хаос… Мұндай «заң» бізден басқа өркениетті елдердің бірде-біреуінде жоқ көрінеді. Бұл мәселе жөнінде Президенттің өзі де хабардар деп естіп жүрміз.
Өркениетті елдерде жекеменшік – ең бір қасиетті дүние  деп есептеледі. Баяғыдағы Қазан төңкерісі мен жиырмасыншы жылдардағы байларды конфес­келеу науқаны осындайда еске түседі, мұның соңы небір әлеу­метттік дүрбелеңге ұласқаны тарихтан белгілі. Сауатсыз да, өресіз Мұхамедиұлы тарихтан сабақ ала ма?!. Оған – бәрібір! Жазушылардың интеллектуалдық меншігін мемлекетке тартып алып берді! Әуелі 80 жыл деді, сонсоң, ұялды ма, 5 жылдан 3 жылға түсірді деп естідік… Меншіктің кез келген түріне қол салу қылмыс емес пе?! Мына бетте құқықтық мемлекет құра аламыз ба біз?! Бізде интеллектуалды меншіктен басқа түк те жоқ қой?! Жүрген жеріне шөп шықпайтын Мұхамедиұлы жейтінін жеп, алатын парасын ғана алып кеткен жоқ, жазушылардың аз ғана нәпақасын да қоса жеп кетті!
Отыз жыл бойы жаз­ған-сыз­ғанына бір тиын қаламақы алмаған жазушылар әлі де сол Мұхамедиұлының «заңына» байланып, не істерін білмей отыр. Таяуда министр Д.Абаевқа осы орашолақтықты айтып көріп едік, ол кісі бұл келеңсіздікті түсініп, шара қолданамыз деген. Екі құлағымыз елеңдеп, жақсы бір хабар-ошар күтіп жүрміз әлі…
Ендігі үмітіміз – жаңа, жас министрде!

Серік АҚСҰҢҚАР

ҚАЛАМГЕРЛЕРДІ «ЖҮДЕТКЕННЕН» ХАЛЫҚТЫҢ РуХЫ ЖҮДЕП ҚАЛДЫ

Әлмисақтан бері адам баласының ақыл-ойы бәрінен де биік, бәрінен де жоғары тұрған басты құндылық болғаны аян. Қазақтың «ақыл азбас» дегені осыған айғақ болса етті. Дамыған өркениетті елдерде адамның ақыл-ойының жемісі – интеллектуалды еңбек бәрінен де жоғары бағаланады, құрметтеледі және де заңмен қорғалады. Бізде басқаша… Басқаша болғанда да, анығы сол – қаламгерлерге қиянат жасалып келеді. Өзің жазған шығармаңа өзіңнің ие бола алмауың, бауырыңдағы балаңды тартып алғанмен бірдей ғой.
Қазір ойлап отырсам, бізде қоғамның құлдырауы, рухани жағынан жұтаңдануымыз осы әдебиетті құлдыратудан, ақын-жазушылардың еңбегін бағаламаудан басталғандай. Бұл әрине, біреулерге қажет те болған шығар?! Айтар ойы бар, айтса – тілі бар және де тіліп айтатын ақын-жазушыларды интеллектуалды меншігінен айырып, тәуелді, кіріптар етіп, тіпті күндерін әзер көретіндей жағдайға жеткізу арқылы билік өз дегеніне жетті десе де болатындай. Содан да болар, биліктің алдында шындықты біле тұра жалған сөйлеу етек алды. Қоғамның рухани аурасын таза ұстап тұратын қаламгерлердің тілі кесілді десе де болатындай күйді бастан кешіп отырмыз.
Біз ендігі арада Жаңа Қазақстан құрамыз десек, ең әуелі интеллектуалды меншікті қалпына келтіріп, ақын-жазушылардың еңбектерін бағалаудың жаңа концепциясын жасауымыз қажет. Қаламгерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартып, оларды билікке тәуелді етіп қоюдан арылуға тиістіміз. Осы отыз жылдың ішінде коррупционер болды, жеп қойды, ішіп қойды деген ақын-жазушыларды естіген де жоқпын, білмеймін де! Қоғамның ең бір таза да адал мүшелері – осы ақын-жазушылар! Оларды жүдетіп ұстағаннан халқымыздың рухы жүдеп қалғанын ұғынатын кез әбден келді.

Жабал ЕРҒАЛИЕВ

ЕҢБЕК ЛАЙЫҚТЫ БАҒАЛАНУҒА ТИІС

Қаламақы мәселесі дегенде арғы-бергі замандарда бізге қатысты биліктің ақын-жазушылар қауымына ерекше мән бергені ойға оралады. Мәселен, қазақтар «қатын патша» деп атаған Екатерина ІІ (София Августа Фредерика) әрдайым күллі орыс өркениетінің негізін қалап, Эрмитаж құрып, көркемсурет, мүсін, сәулет саласын өркендетіп, әлемнің әйгілі тұлғаларымен тікелей хат алысып, әдебиетке, музыкаға, театрға жол ашып, жалпы ел мәдениетін дамытуға көп күш салған екен. Яғни, патшайым ел қаламгерлерін тікелей қамқорлыққа алып отырған.
Сол секілді Лениннің Лев Толстой, Максим Горький сынды жазушыларға айрықша қарауы бекер емес еді. Осыған орай жазушылар қауымының тұрмыс жағдайы бертінгі дәуірдерде жаман болмағанын білеміз. Айталық, көрнекті ақын Қалижан Бекқожиннің зайыбы Зайда апай бізге жолдасының бір ғана таңдамалы жинағы үшін жүз мың сом гонорар алғанын әңгімелеп бергені бар. «Сол қаржының он екі мың сомына баласына «Волга» автомашинасын әперді де, қалған ақшаны менен сұраған да жоқ», – деп күлді. Несін сұрасын, сөйтсек, о кезеңде Қалекеңдерге жыл құрғатпай шығып жататын кітаптарының қаражатынан бөлек, телевизия, радио арналарында сөйлеген сөзі мен мерзімді баспасөзде жарияланған мақалалары үшін де қыруар қаламақы келіп жатады екен ғой.
Мұндай жақсылық кейінде көзден бұл-бұл ұшқаны мәлім. Бұл жәйт бертінгі отыз жыл шамасында реттелген жоқ. Ал осы жағынан өзге көршілес елдердегі халдің тәуір екенін құлағымыз шалады. Өткенде Британия жазушысы Джоан Роулингтің Гарри Поттер туралы кітабы үшін бір жарым миллиард доллар алғанын естіп қайран қалдық. Ал орыс жазушысы Дарья Донцова әрбір кітабына жеті миллион рубль қаламақы алатын көрінеді. (Бұл – елу төрт миллион теңге шамасындағы қаражат)… Америка Құрама Штаттарында кітабың түгілі, бес жүз сөзден тұратын шағын мақалаңа екі жүз елу доллар көлемінде қаламақы жазылады екен. Бізше жүз жиырма мың теңгедей…
Әлбетте, біздің мұндайға иегіміз қышымайды. Жағдайымыз өзгеше. Ахуалымыз күрделірек. Аудиториямыз өте тар. Сондықтан Үкімет ақын-жазушыларды қинай бермей, түрлі ауыртпалықты ескеріп, қаламақы жайын оңтайлайтын кез жетті деп санаймыз. Өйткені әрбір еңбек лайықты бағалануға тиісті. Және министрлік қолжазба сапасын әділетті саралап отыратын білікті комиссия арқылы әр жазушының кітабын мемлекеттік тапсырыспен екі-үш жылда шығарып отырса да жаман болмас еді деген ойдамыз.
Реті келгенде айта кетейік, Қазақстан Жазушылар ода­ғы­ның бертінгі жылдарда ақын-жазушыларды қаламақымен қамтамасыз ету бағытында жасаған ұтқыр жобалары да лайықты жалғасын табады деген үміттеміз.

Құлтөлеу МҰҚАШ

БҰЛ ЖОБАНЫ
ЖЕТІЛДІРГЕН ДҰРЫС

Барлық мәселе қайта қаралып жатыр. Бұл да қайта қарауға лайықты мәселе. Қазіргі өзгерістердің қатарына қосу керек. Бірақ жобаны мүлдем сызып тастауға болмас. Жазушылармен бірге отырып, жетілдірген дұрыс.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір