Жалпы мен жалқы немесе мақтау мен даттау

Бүгін жұрт бірін-бірі жарыса қолпаштауға немесе жабыла төмпештеуге бейімделіп алды. Және сол жалған қошемет пен жасанды қолпашқа еті үйренген «ерлердің» саны көбейді. Халықтың ер деп жүрген азаматын бір-ақ күнде ез етіп көрсету, мұнымен де тоқтамай, жұрт көзіне қарай алмастай етіп масқаралау үйреншікті жағдайға айналды. «Тіріде сыйласпаған ағайын, құм құйылсын көзіңе, өлгенде бекер жылама» деген Махамбет өсиеті ескерусіз қалды. Ал тәрбиенің тал бесігіне балап жүрген экранымыздан көз тоқтатарлық дүние табу мұңға айналды. А.Байтұрсыновтың «Қазақ мәселесі бүгін өлі мен тірінің мәселесі» дегені дәп бүгінгі ахуалға сай айтылғандай көрінеді. Қымбатшылық пен жоқшылық жағасына жармасқан жұртқа неге әдебиет оқымайсың деу, әрине, қисынсыз көрінер. Алайда, осылай кете берсек, қайда барып тірелеміз деген сұрақ мазаламай қоймайды. Осындай күрделі кейпіміз жайлы өз ойларын ортаға салсын деп әр сала мамандарына ортақ сауал тастаған едік.
– Осы біз біреуді мақтасақ асыра мадақтап, сын айтсақ, біржола жоққа шығаруға таяйтынымыз неліктен? Осындай мақтау мен даттаудың салдары қандай болады деп ойлайсыз?
Ықылас ОЖАЙ,
ақын:
– Бүгінгі күн кешегі күннің нәтижесі. Өйткені, бүгінсіз ертең жоқ. Бүгінгі сүреңсіздеу күн, сіз қойып отырған сүреңсіз сауал қалай орнады? Біз бұл күйге қалай түстік? Біздің тиянақ табар, табан тірер дүниеміздің бірі – ауыз әдебиеті. Сол ауыз әдебиетінде зиялының бейнесі бар. Ол – батыр. Әрбір қоғамдық формациясының өз дегдары, көшбасшысы болатыны белгілі. Бұрын ұлт зиялысы батырлар болды. Себебі, ол ат үстінде күн кешкен кезең болатын. Мәселен, «Алпамыс батыр» жырында батыр ұзақ сапарға кеткенде елін жау шауып, қызын күң етіп, ұлын құл етіп, халықтың тоз-топалаңын шығарғанын көреді. Осы секілді, бұл да зиялының жоғалып кетуі немесе бір сәт кеңістікте кідіріп қалуы деп есептеу керек. Қазақта лидердің жоқтығы бізді осындай әлемтапырақ күйге түсіріп жіберді. Бізде үш ғасырдай ірілерді ұсақтайтын, ұлттың танымын сұйылтатын жүйе орнықты. Орнығып қана қоймай, оның табиғаты қалыптасты. Тіпті жеке адамнан Құдай жасау сияқты сұмдық мінездер қанымызға сіңе бастады. Сөйтіп біз қазір «жақсыменен жаманды айыра алмай» қалдық. Мақтау мен сынның белгілі бір шегі, шегарасы, тиянағы болу керек еді. Бүгінгі мақтауымыз жағымпаздықпен жалғасып жатыр. Ал сынның ар жағында қаскөйлік бұғып жатыр. Даттағанда біреуді жер қылып, тұралатып тастау басым. Біз әлі күнге бояуы қою осы екі ұғымнан шыға алмай отырмыз. Бұрын мақтаудың өзі адамның деңгейіне, тақылетіне, болмысына сай айтылатын. Ал қазіргі мақтаудың ұшы-қиыры жоқ. Кіп-кішкентай баланы жер көкке сыйғызбай мақтағанда «байғұс бала мұны көтере ала ма» деп жаным ашиды. Қазіргі біздің сын әдебиетке, нақты бір еңбекке емес, жеке адамға қаратылып айтылатын болған. Ілгерідегі әл-Фараби мен Ғазалидың арасындағы рухани полемиканы алайық. Екеуі бір-бірінің іліміне түзету жасайды. Сөйтіп, ақыл-ойды дамытады. Бір өкініштісі, біз жарыс тек жылқылар арасында ғана болады деп ойлаймыз. Негізі жарыс адамның ақыл-ой парасатында да болуы тиіс. Қазір ұдайы жарыс өтіп жатуы керек. Бірде Тыныштықбек Әбдікәкімұлы Құраннан қабылдай алмаған жерлерін айтып еді. Артынан бәріміз шие бөрідей шулап қоя бердік. Әлгі кісіні жаппай күстәналағанымыз болмаса, «ол былай ғой», деп түсіндірген бір ауыз сөз айтылмады. Діни сауатты бір кісі шығып, ол нәрсені жақсылап түсіндіріп берсе, біз алға қарай жылжыған болар едік. Бұл кісінің осы мәселені қозғауы арқылы талай адамның көңіліндегі күдігі сейіліп, танымы кеңейер еді. Жасырын емес, қазір топ-топқа, тап-тапқа бөлінген заман болды ғой. Ар жағында кім тұрғанын білмеген соң, біреуді сынауға қорқады. Бір-бірімізді көтермелегенде алдымызға жан салмаймыз, ал ханды тұрмақ, кішкентай баланы кіналауға қауқарымыз жоқ. Сөздің құдыреті қалмаған, сөзден кие кеткен күн туды. Қазақта ең бақытсыз жанр – осы сын жанры болып тұр дер едім. Мен құдайшылығын айтатын таза сынды айтып отырмын. Мұндай сыншылардың тағдыры қыл үстінде деуге болады. Мүмкін, бұл өтпелі кезең бе екен?
Бибігүл СҰЛТАНОВА,
филология ғылымдарының кандидаты:
– Жан сарайыңа қанағаттандыру сезімін ұялатып, рухыңды көтеретіндей, адамға күш дарытатын орынды мадаққа не жетсін? Аты шулы аспан қырандары, жердегі желдей жүйріктер бәрі шабыты, күйі келгенде ғана самғайды. Күй мен шабыттың белгілі дәрежеде қолдауға, мақтауға, бағалауға байланысты екенін ұлы тұлғалардың бәрі де мойындайды. Рухани қолдауды қажет етпейтін жұмыр бас жоқ. Шамасы мен шегін айыра алмағандықтан бұл дертке айналды.
«Мақтау өсіреді, бірақ шектен шықса, өшіреді» (Жақау Дәуренбеков). Қазақтың мақтанды жақсы көретіні рас. Бүгінгі күні «кісіні бетіне мақтама, артынан даттама» деген бабаларымыздың сөзін керісінше істейтін болдық. Өз еңбегімізбен, ақылымызбен пайда табуды емес, «бастығымызды», «қолында билігі бар адамды» немесе «пайдасы тиеді-ау деген адамды» жер-көкке сыйғызбай мақтаудан бір пайда табуды ойлап тұрамыз.
Біреуді сынасақ, мойын омыртқасын жұлып, бел омыртқасын үзіп, жерге кіргізіп жіберуге тырысамыз. Жұмсақтатқанда ол адамның еңбегін, өнерін, т.б. жоққа шығаруға дайын тұрамыз. «Сын біреуді тұқырту емес, оған қанат бітіру» дейді Иранбек Оразбаев ағамыз. Біткен жұмыстың қателігін жөндеп, бетін түзеу деген дұрыс ниет жоқ. Бұл өміріміздің барлық саласынан айқын көрініп отыр.
Бос мақтанның ұлттық дертке айналғанын ең алғаш Абай айтты. «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап, Әуре етеді ішіне қулық сақтап», немесе, «Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ, Бес дұшпаның білсеңіз» деп ақын айтқан дерттер бүгінгі күні әбден асқынды. Қазақ ел, ұлт болып бірігіп, бір-біріне қолдау көрсететін, адал пікір айтып, бір-бірін таспен атпай, кемелділік пен мәрттікті танытатын кезде біз керісінше орға жығатын көпірме бос мақтанға орын беріп отырмыз. Ал бізде еліміздің барлық аймағына тарайтын басты, негізгі телеарна, басылым беттеріндегі сыпыра мақтану мен лепірме сөздерден жүрек айниды. Өтірік мақтаннан басылымдардың беделі түсті. Оқылмайтын дәрежеге жетті.
Адамды жоғары пафоспен мақтау өте зиянды нәрсе екені дінімізде де айтылады. «Бір-бірлеріңді мақтаудан сақтаныңдар. Себебі мақтау – оны бауыздау деген сөз» (Ибн Мажа) – дейді Хадисте. Өтірік мақтаннан бір бірімізге ор қазып жатырмыз. Салдар – осы.
Ділда САҚТАҒАНОВА:
психолог:
– Көп жағдайда асыра сілтеп мақтаса да, даттаса да сөйлеуші ішкі қысымын босатады, агрессиясын шығарады. Сөйлеу мүмкіндігін пайдаланып мазмұнды әділетті сын пікір айтудан да гөрі, тыңдаушы қауымның ықыласына бөленіп, назарында болуды көздейді. Көп жағдайда айтылып жатқан мәселенің шын жанашырлары пікірін фанаттық деңгейде қорғайды.
Айсұлу ТҰРСЫНБАЙҚЫЗЫ,
әлеуметтанушы:
– Қазір белгілі бір индивид туралы пікір айтылғанда қоғамдағы адамдар тарапынан оның ең бірінші әлеуметтік статусын: беделі, атағы, қызметі, отбасылық жағдайы және т.б. міндетті түрде қаперге алынады. Одан кейін ғана объектіге – мәселенің мәнісіне назар аударылады. Негізі керісінше болуы керек. Алайда, көп жағдайда субъективизм басым. Бұл – бір. Екіншіден, «қауымдық сана», «қауымдық психология» деген ұғымдар бар. Жалқы пікірді жалпыныкі басып кетеді. Сөйтіп, жаппай біреуді асыра мақтау, не табалап даттау орын алып жатады. Бірақ, пікірлердің алуандылығы орын алған азаматтық, демократиялық қоғамда әсте бұндай болмаса керек-ті. Қазір, әсіресе, ғаламторда, әлеуметтік желілерде осындай екі жақты: әсіре мақтау мен әсіре жамандау пікірлер бір-бірінен іліп алып, таудан домалаған қар көшкіні сияқты әр аунаған сайын ұлғая беретін болды. Мұны түрлі мақсатта пайданып кету де кездеседі. Телеарналардың ұстанып отырған саясатынан да осы үрдіс байқалады. Осылайша мақтау мен даттаудың салдары, индивидтің, белгілі бір объектінің қоғамдағы шынайы салмағы мен бағасын жоғалтады. Бұл басылым, кітаптар арқылы қатталатын болса, онда келер ұрпақтың ақ пен қараны ажыратуы қиын болады.
– Бүгінде әркім бас пайдасын ойлап қана әрекет ететін күн туды. Адамды адам ретінде түсінуден, адамдық қарым-қатынастан алыстап бара жатқанымыз ненің салдары деп ойлайсыз?
Ықылас ОЖАЙ:
– Бір мысал айтайын, бірде бастық ауысуы керек болды. Арамызда бір жақсы азамат бар еді. Білімі де, кісілігі де, адамдармен қарым-қатынасы да өте жоғары, кең пішілген кісі болатын. Сол кісіні әлгі орынға ұсынып жатсақ, бәрі ол кісі бола алмайды деп қарсы шықты. Сөйтсек, бұл кісі тым қазақы, тым биязы екен. Ұжымды басқаруға ондай адам мүлдем жарамайтын көрінеді. Топтың түсінігінде, бастық ондай болмауы керек екен. Әне, біздің өлшеміміздің деңгейі.
Бибігүл СҰЛТАНОВА:
– «Он ақылдыдан бір мейірімді артық» – дейді. «Сендердің адамгершіліктерің болмаса, білімді болғандарыңның көк тиындық құны жоқ» дейтін университеттегі ұстазымыз Берікбай Сағындықұлы. Айналамыздағылардан адамдардың арасындағы жылылық сезімінің, мейірімнің азайып бара жатқандығы туралы жиі еститін болдық.
Біздің қоғамда азаматтық парыздан гөрі бас пайдасын ойлау басым. Бізге қарапайым халықтан бастап шенеуніктерімізге дейін ұлтшылдық, мемлекетшілдік жетіспейді. Жапонияға барғандар олардың халқының «саусағының ұшына дейін патриот» деп таңқала жазады.
Дамыған мемлекеттер арасында Жапонияның өмір салты үлгі аларлықтай. Жапондықтар ең алдымен өздерінің ұлттық құндылықтарын жоғары бағалайды. Олар басты үш қасиетті қадір тұтады. Бірінші – ұлт мүддесін жеке бастың мүддесінен жоғары қою; екінші – білімге құштарлық; үшінші – еңбексүйгіштікті бала жасынан қастерлеуге тәрбиелейді. Кетіп бара жатып, өз еркімен көшедегі қоқыстарды жинап, қоқыс жәшігіне салып жүрген балаларды жиі кездестіретінін айтады барып жүргендер. Жапония – білім беруде ең алдымен тәрбиеге ерекше мән беретін мемлекет. Көрдіңіз бе бірінші орында тәрбие тұр. Ал біз мінезі ит болса да, балаларымыз математикадан жақсы есеп шығарса немесе бір музыкалық аспапты тамаша меңгерсе, мәзбіз. «Жақсы математик» немесе «таңғажайып музыкант» балаларымыз ата-анасын жақсы бағып-қаға ма, аузын аштырмай отыра ма, қоғамға қандай пайда әкеледі, ол жағына мән бермейміз. Бенджамин Франклиннің мынандай сөзі бар: «Сіз жақсылық жасаған адамнан гөрі сізге жақсылық жасаған адам келесі кезде де жақсылық істеуге дайын тұрады». Маңындағыларға жақсылық жасауды үйренген адам жамандық істей алмайды. Біздің қоғамда мейірімсіздік тарала бастағанмен, мейірімнен таза айырыла қойған жоқпыз. Көршім орыс кемпір Санкт-Петербургке көшіп кеткенмен, үш жылдан соң, Алматыға қайтып оралды. «Өркениет сол жақта ғой, неге келдіңіз?» дегенімде, «Ол жақта тұра алмадым. Адамдар өте қатыгез. Мұнда адамдарда мейірімділік бар ғой» дегені есімде.
«Аштық есіктен сығаласа, ұят терезеден тұра қашады» дейді француз мақалында. Жоқшылық, жетіспеушілік бар, пәленбай жыл тәуелді болғанымыз бар дәл қазіргі күні халық ширығып, жүйкесі жұқарып, бір-біріне жылылық көрсетуден гөрі, жұдырық ала жүгіруге бейімделіп бара жатқаны шындық. Қарның тоймай тұрып, рухы еркін, иманды, ер көңілді, мейірімді-қайырымды ұрпақ туралы айту ертерек болар.
Ділда САҚТАҒАНОВА:
– Қоғамда өмір сүруді бағалаудың критерилерінің өзгеріске ұшырауы бізді әркім өзін ойлап қана өмір сүретін дәрежеге әкелді. Адамның кемелденгендігін сыртқы атрибуттармен ғана, төменгі қажеттіліктердің қанағаттандырылуымен ғана бағалау қалыпты жағдайға айналды.
Адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы шектелуінің себебі: ұлттық рухты қалыптастыратын, қазақи болмысты сипаттайтын мінез-құлық пен өмір сүру дағдыларының өзгеруінде. Оның себептері алуан түрлі. Соның ішінде, құндылықты қалаптастырушы – ОТБАСЫ институты өз функциясын сапалы атқармай отырғаны басты мәселе. Ұрпақ тәрбиелеу барысында әкелік және аналық рольдің дұрыс орындалмауы қауіпті. Отбасының ішкі тәртібі мен қағидаларының тұрақты болмауы, ағайын, туыс, жегжаттық қарым-қатынастардың төмен немесе ресми түрде болуы – жастарды түп тамырынан алшақтатуда.
Қазір адамның ең алдымен өзін шынайы өмірде емес, виртуалды өмірде дәлелдеп, жеңімпаз болу ұмтылысы күшейді. Тәуелділіктердің саналуан түрі бар. «Сетеголизм», «Кибераддикция» (компьютерге тәуелділік, түрлі әлеуметтік желілер мен онлайн ойындардан шыға алмай қалу) сияқты жаңа сөздердің туындауы осыған байланысты. Ғаламтордың еліктіруші ақпараттарының алдында адам өзінің құмарлығы мен ықыласын жеңе алмай, ынтызарлық құштарлықтың шырмауында қалды. Осылайша шынайы өмірден алыстап виртуалды өмірде жан рақатын сезініп, өзін жеңімпаз сезініп «Ішкі әлеміне» еніп өмір сүруге ұмтылды. Яғни жаратылысымыздан берілген тепетеңдік пен үйлесімділікке ұмтылысымыз табиғи жолмен емес, жасанды жолмен жүзеге асып жатыр.
Айсұлу ТҰРСЫНБАЙҚЫЗЫ:
– «Бас пайданы ойлау» капиталистік қоғамның негізгі құндылығы екендігі анық. Нарық заңына сүйенген қарым-қатынас орын алған қоғамда «адамды адам ретінде түсіну» деген миф сияқты. Алайда, бұл – мәселенің бір жағы. Бүгінгі өркениет заңы тек материалдық игіліктерге негізделген, бақай есепке құрылған қарым-қатынасты талап етпейді. Американ экономисі Гери Беккер «экономикалық адам» табыс табуға бағытталған, кез келген нәрсенің шығынынан гөрі тиімділігін арттыруды көздеуден бөлек, рухани қажеттіліктерін қанағаттандыруды ойлайтын тұлға болуы керектігін алға тартты. Сонымен қатар, құқықтық мемлекет дегеніміз де құрғақ заң емес, моральдық, этикалық кодекстердің орындалуын көздейді. Мәселен, нағыз заң үстем құрған АҚШ-та Apple компаниясының этикалық кодексінде ең бірінші қызметкерлерден адалдық пен құрметтеу (өзгені, компанияны) тұр. Сол сияқты, кез келген алпауыт компаниялардың барлығында адамдардың қарым-қатынасына байланысты моральдық кодекстер бар. Бұл «сән» үшін қабылданған құндылықтар емес, нақты кәдеге жарап отырған, әркімнің қағидасына, өмір заңына айналған құжаттар. Демек, бұл тек материалдық игіліктер, заңдар ғана емес, адамгершілік, адамдық ұстанымдардың компанияның елеулі табысқа жетуіне әсер ететіндігінің айғағы болып отыр. Сондықтан, қанша жерден нарық заңы осылай деп дабыл қаққанымызбен, адамдық қарым-қатынастарды естен шығаруға болмайды. Бір жағы ақпараттық технологияның дамуы адамдардың қарым-қатынасына тікелей әсер етуде. Виртуализация процесі жүруде. Бұл – постмодернистік, постиндустриалды қоғамның белгілері. Ғалымдар қазір мұның тек әсерін зерттеуде. «Виртуалды үй», «виртуалды отбасы» деген ұғымдар пайда бола бастады. Жұмыстың формасы да өзгеруде. Бұған қарсы тұру қиын. Бұл – жаһандық құбылыс. Бірақ, сол дамыған елдерде қағаз-қаламмен хат жазысу біздегідей өткен ғасырдың сарқыншағы емес, жаңа заманда адамдар арасында бір жылылықты, жақындықты білдірудің белгісіндей сақталынып келеді. Демек, бәрі өз қолымызда.
– Экранымызда жаппай жеңіл әзіл мен даңғаза музыкаға толы шоу қаптап кетті. Мұнан қандай пайда көріп жатырмыз? Халық талғамының қазіргі деңгейін осымен өлшейміз бе, әлде, сұраныспен санасып жатқан ешкім жоқ па?
Ықылас ОЖАЙ:
– Бізді қазіргі күйден алып шыға алатын интеллектуалды топтар бар. Ондай күштер жасақталған деп те айта аламын. Біраз жыл бұрын Ғалым Доскен бастаған бір топ біздің ақпараттық кеңісітікте өзінің жақсы дүниелерін ұсына бастаған. Біз сонда қатты қуандық. Егер сол топ күні бүгінге дейін жұмыс жасағанда қазақты басқа бір сапаға өткізген болар еді. Қоғамды әманда тұлға басқаруы керек. Ал бүгінгі телеарналарды басқарып отырған бір де бір басшыны мен тұлға деп мойындай алмаймын. Қазақта «домбыра шанағына қарай сөйлейді» деген сөз бар. Адамның деңгейі қандай болса, мазмұны да сондай болады. Рейтинг деп өздерін қисынсыз дүниелермен ақтағылары келеді. «Қарғаны баптағанмен бүркіт болмас, қара су сапырғанмен іркіт болмас» дейді ғой. Қазіргі бағдарламалар – сол басшылардың деңгейі. Егер тұлға болса, халыққа анадай дүниелерді ұсынуға ұялған болар еді. Көптің ығына қарай жығылып, тобырды қанағаттандыру үшін рейтингке жұмыс істеу ұят. Мысалы, сахнаны көрерменнен биік етіп жасайды. Оған сана оздырған, ақыл оздырған, өнер оздырған талантты адам шығуы керек. Ал бізде оған кім көрінген шығып, қорлап бітті. Сахнаға шыққан адам көрерменді өз деңгейіне қарай сүйреуі керек, тәрбиелеуі керек. Ал біздікі керісінше, сахнадан құлап, көпшіліктің деңгейіне түседі. Күлмесе, қытықтап күлдіреді. Нақтысын айтқанда, біз бүгін надандықтың, есерліктің шарықтау шегінде тұрмыз. Әл-Фарабилардың танымымен қарасақ, қазіргі қазақ сахнасында жүргендердің көбінікі порнографиялық дауыс. Яғни, мысықша мауыққан дыбыс. Қандай масқара өлшем! Домбыраның ішегін қатты тартқанда үзілетіні секілді, бізге де осымен тоқтау керек секілді. Асқынған надандығымыз шегіне жеткелі қашан. Қазақ бір жаңашылдықты жан дүниесімен аңсап отыр. Біздің ұлттың генетикалық коды домбырада жатыр. Қазір тойларда домбырамен бет ашады, одан кейін көрмейміз. Көшеде домбыра ұстап жүрсе, айналасындағылар артта қалған, кертартпа деп қарайтындай ыңғайсызданады. Осы домбырамен бірге қазақтың дегдарлығы кетті ма деп ойлаймын. Домбыра тура қазақтың өзі ғой. Домбырамен қоштасу – қазақтың мазмұнымен қоштасу.
Бибігүл СҰЛТАНОВА:
– Біздің зиялыларымыз, жөн білетіндеріміз суды қылышпен шапқандай өнімсіз қарсылықтан бас тартып, бәрін де тыңдарманның талғамына тапсырған сияқты. Басқа амал да қалмады. Тәп тәуір әншілеріміз шамалы ақшаның буына бүкіл экранды бүлдіре бастады. Бенефис шоу бар, Той BestStar, т.б. көптеген шоу бағдарламалардың жүргізушілерінің сөзін естігенде, ыңғайсызданатының сонша, ұялғаннан жерге қарайсың. Бағдарламаны жүргізу барысында еліміздің сүйікті әншісіне айналған Қарақат Қыдырәліге сөз бермей, бастырмалата сөйлегенде, қазір аузынан қағып жібермей тұрғанда басқа арнаға ауыстырайын дейсің амал жоқ. Той BestStar бағдарламасы туралы тіпті айтуға сөз жоқ. Біздің жұлдыздарымыздың, маңайымыздағылардың деңгейінің осынша төмендігіне қарның ашады. Мәдениет, этика тек сахнада ғана сақталып, эфирге немкетті қарай ма? Эфир уақытының құнын бәріміз білеміз. Көптеген бағдарламаларда танымдық, тәрбиелік, жеке тұлға ретінде дамуға түрткі боларлық, ой саларлық бір сөз айтылмайды. Бағдарламаға шақырылған қонақтар дайындықсыз келеді де, не болса соны айтып отырады. Содан соң толып жатқан Ресей бағдарламаларының бірін көріп отыра береміз. Бәріміз де «біреудің шығармасы жақсы болса – пікіріңді айт, жаман болса – үндеме» деген Әбіш Кекілбаев ұстанымын ұстауға тырысамыз.
Ділда САҚТАҒАНОВА:
– Кез келген нәрсенің даму сатылары мен кезеңдері болатынын негізге алар болсақ, қазақ сахнасындағы сатира, әзіл-ысқақ дамудың жаңа жолына түскендігін байқаймыз. Олардың көрсетілімдерінің мазмұндылығын, этикалық, моральдық нормаларға сәйкестігін, жалпы бұқараның сана-сезіміне әсер етуіндегі себеп-салдарын ескеріп жатқан ешкім жоқтығы анық сезіледі. Құндылықтарымыздың сақталуын қадағалайтын тиісті органдардың еш қарекетсіз отырғаны таң қалдырады. Ұлттық идеология аясында талқылайтын болсақ, «мұратымыз не және қандай болу керек?» деген мәселеге тірелеміз. Юмор, сатира, әзіл-ысқақ қисынды, терең мазмұнды, ойландыратын болса, адам психикасын өзгеріске келтіретіні, астарлап сөйлеу, ирония, сарказм сияқты ойлаудың жоғары деңгейін қалыптастыратындығы сөзсіз. Ал қазіргі таңда біз тыңдап жүрген юморлардан адам ұялады.
Айсұлу ТҰРСЫНБАЙҚЫЗЫ:
– Шындығына келсек, қазір өзін интеллектуал санайтындар телеарналарды (әсіресе, отандық) мүлдем қарамайды десек те болады. Себебі, бүгінгі эфир олардың рухани қажеттіліктерін мүлдем қанағаттандырып отырған жоқ. Олардың не көретіндері, әрине, ол басқа әңгіме. Сонда, жеңіл әзіл мен түрлі шоуларды, мәнсіз сериалдарды көретін кімдер? Көбіне жастар, келер ұрпақты тәрбиелеп отырған әйелдер қауымы, басқаны көруге мүмкіндігі жоқ ауылдағы адамдар… Бұл тұрғыда біз идеологиялық, интеллектуалдық тұрғыда қатты жеңіліп отырмыз. Интеллектуалды ұлт қалыптастырамыз десек, ақпараттық саясатты да күшейткен дұрыс.
– Әдебиеттен алшақтаудың қаупі қандай? Қазақ әдебиеті пәнінен сабақ беретін мұғалімдердің өзі «Қазақ әдебиеті» газетін оқымайтын жағдайға жетті. Әдебиетке деген көзқарас өзгерді. Бұл рухани құлдырау бізді қайда апарады?
Ықылас ОЖАЙ:
– Дәл қазіргі кезеңде әдебиеттің айналасында жанкешті адамдар қалмаса, жалпы жұрттың жанқайғысы басқа. Әдебиетпен ісі жоқ. Руханиятқа акцент түсіретін уақыт емес сияқты. Сондықтан «неге оқымайсың?» деп жұртты кінәлауға да қақымыз жоқ. Уақыттың ығы осыған әкеліп тұр.
Бибігүл СҰЛТАНОВА:
– Әдебиет – асыл сөз ғана емес, даналық, білім, тәрбие, көркемдікке құштарлық. Әдебиеттен алшақтауды адамдық қасиеттен алшақтау деп түсінем. Солай болғанмен, қазақ әдебиеті пәнінен сабақ беретін мұғалімдердің өзі «Қазақ әдебиеті» газетін оқымайтын жағдайға жеткендігі де ақиқат. Оның себебі көп. Әдебиетке көзқарас заман ағымына қарай әр кезеңде өзгеріп отырады. Ол – заңдылық. Бірақ одан әдебиеттің миссиясы өзгере қоймайды.
Ділда САҚТАҒАНОВА:
– Ең алдымен әдебиеттен алшақтау, көзқарастың өзгергендігінен гөрі, кәсіп пен мамандық таңдаудағы ынтаның, мотивтің өзгергендігін көрсетеді. Яғни мұғалімдікті кәсіп қылатындардың ішінен шын ниетімен бала оқытып, қазақи дүниетанымды қалыптастырамын деген мотивтен гөрі, ең тұрақты жалақы алу мүмкіндігі бар жұмыста жүремін деген мотивтың басымдылығында. Газет, журнал, кітап оқымау, ақпарат алудың ғаламтор арқылы жүретін жолдарының халық қажеттілігін қанағаттандырып отырғандығын аңғартады. Адам табиғатының ерекшелігі де оңайы тұрғанда қиынға ұмтылмайтындығында.
Рухани құлдырау ең бірінші құндылықтардың түбегейлі өзгеруіне әкеледі. Өмірдің барлық салаларында ғасырлар бойы сыннан өтіп, тексеріліп, қалыптасқан жалпыадамзаттық құндылықтарға қоғамның пікірі өзгереді. Жан түршіктіретін немесе аса анайы болған жағдаяттар көпшілік тарапынан қалыпты нәрсе ретінде қабылданып, қолдау табатын болады, соның салдарынан қатынастар мен ұлттық мінез өзгеріске ұшырайды… Ұлттық құндылық болып табылатын қазақи болмысты сипаттайтын тәрбиелеу, өмір сүру, шешім қабылдау әдіс-тәсілдері өзгеріп, диффузияға ұшырау ықтималдылығы артады.
– Әңгімелеріңізге рахмет.
«Дөңгелек үстелді» жүргізген
Айнара АШАН.