«Көп болды Ақжайыққа бармағалы…»
Жанарбек ӘШІМЖАН,
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты
Құдіреті күшті жұмыр жердің құрсағын құмырсқаның илеуіне айналдырып, адамзат баласының жүйкесі мен көңіл ауанын түрлі белдеулерде сынап көрген Қой жылы да тарих қойнауына кетті. Ғаламдық геосаяси аламанда алыптардың демін бағып, аңысын аңдып, Батыс пен Шығыстан соққан сұрапыл цунамилардың арасындағы саяси циклондарда ат ойнатып жүрген Қазақ Елі киелі Азаттығының жиырма бесінші жылына аяқ басты! 1991 жылы дүние есігін ашқан нәрестенің жанарына жазылған жылнаманың көңілге томпақ тұстарын кесіп алып тастап, өз қалауыңша сыза беретіндей тарих бізге құрақ көрпе емес. Тәуба! Сүрініп кеткеніміз шамалы, өткеннен сабақ алар сәттеріміз де аз емес.
Жер шарына тартылған шаршы алаңның «саяси ережесін» жасап отырған ойыншылардың қас-қабағына қарасаңыз, соқыр тұманда жоқ іздеп шыққан жолаушыдай күй кешесіз. Жұмыр жерді қапсыра құшақтап қабырғасын санап жүрген елдердің өзін экваторды бойлап соққан еспе жел есеңгіретіп тұрғанда, күні кеше рөмке соғыстырып, төс қағыстырып, ал бүгін келіссөз үстеліне отырудан бас тартып, сиырдың бүйрегіндей бүлініп жатқан тараптарды көргенде мемлекет басшысы мен іс басындағы тұлғалардың шешім-кардиограммасы жайлы ойлаудың өзі қорқынышты… Ұдайы күншуақта жүрген соң кейде көлеңкенің де қадірін естен шығармаған дұрыс-ақ… Дейтұрғанмен, «тіліміз неге үстемдік құрмайды?», «ұлттық рухтың ұнжырғасы неге төмен?», «ділімізді тұсаулап отырған кім?», «мемлекетті құрушы ұлттан өзгелерің өгейсіңдер» деген ащы сөздер айтылатыны рас.
Кей сәтте орынды да айтылатын шығар… «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін» деген емеурін де айтылмай қалған жоқ. Алайда, соңғы кездердегі әлемде орын алған саяси жағдайлар, бауырлас елдердің басынан бақайшығына дейін қаруланып алып, соғыс жағдайына көшуі, жарық күні жалған ұран салып, басқа елдің байрағын жамылып жүрген жағдайлар қатты ойландырды. Шошыдым! Ел ертеңі, ұлт болашағы туралы тұстастарыңмен ой бөлісейін десең, «мынаның ақылын ат тепкен бе, ауышсың ба, ел сенің не теңің?» дегендей, азан-қазан музыкаға елтіген ескі досым көзінде мазмұн жоқ, меңдуана жеп алғандай аңтарылып бетіңе қарайды. Алды-артыңды болжап болмайтын, найзағайға нан пісіріп жатқан осынау алмағайып кезеңде жаһандық құбылыстардың құбырына жұтылып кетпеу үшін мемлекеттік мәртебесі бар елдер алысты барлап, жақынды арбап, елдігін сақтап қалу үшін түрлі амал-айлалар жасап, жанталасып бағуда.
…Ширек ғасыр. Бейнелеп айтсаң дәуір үшін бес атанға жүк болар тарих, ал тұжырып айтсаң тарих үшін түк те емес. Тәуелсіздіктің алғашқы сәт-сағаттарында нарықтық қатынастардың қырманында Елбасының көзіне түскен, кейін мемлекет басшысы өзі тәрбиелеп, өсірген азаматтар бүгінде атқа қонып, ел басқару ісіне бел шеше кірісті. Бұл буын – интеллектуал, керек білімді Кембриджден алып, бірнеше тілді еркін меңгерген, істің көзін білетін, халықпен жұмыс істеуді өнер деп қана емес, аса зор жауапкершілік деңгейінде түсінетін дәл қазіргі тарихи кезеңнің қаһармандары! Сондай қайраткер тұлғаның бірі де бірегейі, Елбасының сеніп тағайындаған аймақтағы өкілі, әдебиет пен өнердің аса үлкен жанашыры, ұлттың тілеуқоры, білімі мен білігін қалың қараша үшін жұмсап жүрген Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаев мырза!
Газет-журналдың қамымен, әдеби жобалардың жолымен аймақтарға жиі сапарлаймыз. Әр түрлі деңгейдегі басшылардың алдына барамыз. Әрине, «әкеміздің мазарына мал түсіп жатыр…» деп бармаймыз, базары тарқап, әлеуметтік желілерге жем болып бара жатқан бай дәстүрге ие басылымдардың жоғын жоқтап, ірі әдеби жобаларға қолдау күтіп барасың. Түрлі көңіл күй… Сазарып, сырын бермей, реңінің қырын сындырмай сықиып тұрғандармен қақиып тұрып сөйлесіп қайтасың, ал жандүниесін жанарынан байқатып, ежелден таныс адамдай құшақ жая қарсы алатын жандармен сырласып, сыйласып, мырза көңілмен жаның байып қайтасың. Алматы облысын басқарған, бүгінде мәжіліс депутаты Серік Әбікенұлы Үмбетов дәл сондай алды кең, пейілі көл-дария, халықшыл тұлға болды. Бұл қатарда Иманғали Тасмағамбетов, Бақтықожа Ізмұхамбетов, Бердібек Сапарбаев, Қырымбек Көшербаев, Қанат Бозымбаев, Бауыржан Байбек, Амандық Баталов сынды елдің қамында, ұлттық мұраттардың жолында жүрген бірегей тұлғаларды айтуға болады. Жалпы, билікке деген көзқарас атқарылған шаруамен қатар, ақжағалылардың халыққа деген қарым-қатынасымен реттеледі. Билікке үкімет үйінің дәлізінен ұзап шықпайтын министрлерден гөрі, бұқарамен тығыз жұмыс істейтін әкімдердің, жергілікті атқарушы құрылымның іс-әрекеті арқылы баға берілетінін конъюктуршиктер түсінгісі келмейді…
Алғаш Нұрлан Асқарұлының қабылдауына барғанда ғажайып бір жылылық сезілген. Расында барлық бюрократиялық барьерлерді жиып-теріп қойып, кез келген тақырыпта көсіліп, шешіліп, күлбілтелемей ашық әңгімелеседі.Мәселені талдап, таразылап барып, кәсіби тұрғыдан баға береді. Өте қарапайым. Бірнеше мәрте сұхбаттас болып, елдік мәселелердегі әңгімесін еркін тыңдаған азамат ретінде өзімше жылы сөз арнағым келді. Жарнамадан жалау тұрғызатындар жайлы портреттік мақалалардың қалай жазылатынын білеміз… Қарамағындағы тиісті мекемелерден дерек-дәйекті үйіп алып, сыпырындыдан сынап жинағандай атқарылған жұмыстарды сықиған сандарға байлап-матап, іштеріңізді май ішкендей кілкіткелі тұрған жайым жоқ. Экономикалық есеп-қисапты ел өзі-ақ тауып алады. Және Мешін жылын Батыс Қазақстан облысының әкімі Астанадағы коммуникциялар орталығында есеп берумен бастап, барлық сала бойынша қойылған күнгейлі-теріскейлі сауалдарға тәптіштеп тұрып жауап берді.
Ағылшын, түрік және орыс тілдерінде еркін сөйлейтін қайраткердің 2006 жылғы Минералды ресурстар министрлігінің мұнай саласына қатысты департаментін басқарғанға дейінгі кезеңдерді тізбелемей-ақ қояйын. Бір ғана сөзбен буып айтар болсақ, мемлекеттік қызметке келгенге дейін ірі бизнес жобалармен айналысқан және бәрін де сәтті аяқтап отырған. Мемлекеттік қызметте томағасын сыпырып, топқа қосқан, Елбасының назарына іліндірген, сөз жоқ, Атыраудың бүгінгі әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов.
…Алғаш Нұрекеңді Хан-Тәңірінің етегінде дүбірлеп өткен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық тойында көрдік. Ақжайықтың ақжарма елінің көңіл-көшін жер шеті батыстан Аспантауға сол тұстағы облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлының бірінші орынбасары Нұрлан Ноғаев пен Жайықтың шағаласы Ақұштап Бақтыгереева бастап келген еді. Сол тойдағы халықты құдды тауды табанында қалдырған теңіз дерсің! Тойға барлық өңірден, алыс-жақын шетелдерден көп мейман келген, алайда Ақжайықтан келген ағайынның пейілін Қарасаздағы оразасын өлеңмен ашатын өскелең ұрпақ еш ұмытпайды. Нұрлан Асқарұлы Қарасаздағы ақын мұражайына шағын автобустың кілтін сыйлаған, бүгінде сол автобуспен сапарлап жүрген Қарасаздың жас өрендері республикалық додаларда оза шауып, олжа салып жүр. Бұл – 2011 жылдың жазы еді.
2012 жылдың 20 қаңтарында Елбасы Нұр-
сұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Батыс Қазақстан облысына әкім болып тағайындалды.
Көне Теке қаласы, бүгінгі Орал өңірі – Қазақстанның батыстағы қақпасы. Жайылып жатқан алып Ресейдің Астрахань, Волгоград, Саратов, Самара және Орынбор сынды бес бірдей облысымен шектесіп жатқан өңірдің саяси салмағын осыдан-ақ сезіне беріңіз. Жайықты еміп жатқан 650 мыңға жуық халықтың ұлттық құрамы әрқилы. Қазақстанды мекендейтін 130 ұлтыңыздың 90-ы осы өңірде тұрады. 60 пайызы қазақ, 25 пайызы орыс, қалғаны әр түрлі ұлыстар. Ұйқысы қанбай қалған күні «орманға қарап» ұлып қоятын, көздеріне қара көрінсе қаракөл телпектерін теріс киіп сөлкебайы мен семсерлерін сылдырлатып көшеге шығып қоятын, даталы күндері самұрық бейнелі байрақ жамылып қапалы қылатын электораты бар, оған «жаңбыр жаумай су болып», өртенген үйге бас-сирақ ала жүгіретін өз ағайындарымызды қосыңыз… Сіздің ше осындай қысқа күнде қырық құбылып тұратын, арғы жағынан саяси жел азынап, бергі жағынан табиғи сел буып тұрған саяси-әлеуметтік арнадағы аймақты қалай басқару керек? Бұл орайда мемлекет басшысының ақыл-парасатына жүгініп, Заң талаптарына сүйене отырып, аймақ халқына қолайлы шешім қабылдай алатын басшы керек. Расында, іскерлік мектебінен түлеп ұшып, мемлекетшіл тұлға болып қалыптасып келе жатқан Нұрлан Ноғаевты Елбасы қос қапталы қоғамдық пікірге толы Жайық жағасына басшы етіп тегін тағайындамаса керек.
Астана мен Алматыда облыс әкімдерінің ай сайынғы рейтингін жасап, ықпалды ақпарат құралдарында жариялап отыратын бейресми құрылымдар бар. «Қайсыбір саяси мәселелер мен кадрлық шешімдерге сол рейтингтің ықпал-әсері бар екен» дегенді аракідік естіп қаламыз. Расында, ол құрылымдардың рейтингті қандай талаптармен жасақтайтынын да ептеп ішіміз сезеді. Негізгі орындардың реті көп бұзыла бермейтіні қатты қайран қалдырады. Бірінің орнын бірі алмастырып жүретін алғашқы лекке көп жағдайда алыс аймақтардың басшылары іліге бермейді… Алайда, әкімдердің бет-беделі, салмағы, іскерлігі, ел басқару ісіндегі абыройы халық жүрегіндегі рейтингпен өлшенсе керек. Орал өңірінің басшысы айғай-аттан салмай-ақ, от пен судың ортасында үндемей жүріп үлкен істер тындырып жүрген, популизмнен бойын аулақ ұстайтын азамат екенін көзіміз көріп, көңіліміз сенген соң айтып отырмыз.
Ақжайыққа жолымыз жиі түседі. Облыс басшысының түрлі жиындарына қатысамыз. Жеке жүздесулер болады. Кезекті бір мәжілісте аймақ басшысының: «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елдегі ынтымақ пен бірлікті, халықтар арасындағы түсіністікті ұдайы бірінші кезекке қойып келгендігінің ең үлкен олжа екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Айналаға көз жіберіп қараңыздаршы, не болып жатыр?.. Айтудың өзі қорқынышты. Тәуелсіз Қазақстанның ең ұлы байлығы – бейбіт өмір, әлеуметтік-экономикалық реформалар және оны реттеп отыратын заңдық нормалар. Мен үшін Президенттің тапсырмасы – Заң! Мен оны бар күш-жігеріммен бұлжытпай орындаймын. Бұл орайда, әрине, бірінші кезекте елдің қолдауы, халықтың көмегі қажет. Себебі – жүзеге асып жатқан бағдарламалар мен реформалар халықтың әл-ауқатын жақсартуға, әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл бағытта ешқайсымыз көзбояушылықпен айналысуға тиіс емеспіз» деген сөзі нағыз ел үшін жаны күйетін азаматтың үні екенін сезіндірді.
Бірде Нұрлан Асқарұлының халық алдындағы есеп беру жиынына Алматыдан арнайы барып қатыстық. Баяндаманы да, жарыссөзді де, талап-тілектерді де бастан-аяқ тыңдадық. Облыс басшысы жиынды таза мемлекеттік тілде жүргізді. Бір кезде алпысты алқымдап қалған апамыз сөз сұрап, алыс аудандағы бір мектеп мұғалімінің үстінен арызданып келгенін, бәрін тәптіштеп айта келе оған нақты шара қолдануын сұрады. Бәрін мұқият тыңдаған әкім сала басшысына ақ-қарасын анықтау туралы тапсырма берді де, өз ойын былай жалғады: «Сіз есеп беру жиынына арнайы келіп өз мәселеңізді айттыңыз. Біз онымен айналысамыз. Бірақ ұстаздар қауымына қатысты менің өз ойымды айтайын, тыңдаңыз! Бала күнімізде ұстаздың төбесі көрінгеннен өзімізді қоярға жер таппай кететін едік. Ұстаз – өте мәртебелі ұғым еді. Біріміз мемқызметші, біріміз кәсіпкер, біріміз бастық, қысқасы, қазіргі күні бәріміздің шамамыз мұғалімге жетеді. Асүйде отырып ерке баланың аузымен айтылған әңгімеге бола «мен ол мұғалімнің шаңын қағам» деп өре түрегелеміз. Сосын ол бала ауладағы достарына «менің әкем бизнесмен, ана мұғалімді құртады» деп кеуде қағады. Одан қалса болмайтын нәрсені даулап мектепке барып, сыныптағы оқушылардың көзінше ұстазға дүрсе қоя беретін жайттар аз емес. Осындай оспадарлықтан кейін ұстазда не бедел, не абырой қалады? Ол өзінің оқушысының жанарына қалай қарайды? Бұл терең ойланатын мәселе? Кінәлі болса, заң алдында жауап береді, ал ерке балаларыңыздың тіліне еріп мұғалімді тұқырта беруді доғарыңыздар! Ұстаздың мәртебесін бірігіп көтерейік, бәріміз де ұстаздың алдын көрдік қой…». Бұған алып-қосарыңыз бар ма?
Нұрлан Ноғаевтың есігі журналистер қауымына ұдайы ашық. Аймақтың әлеуметтік жағдайына қатысты кез келген мәселеге орай бірінші кезекте өзі жауап беруге тырысады. Және орынбасарлары мен сала басшыларына: «Елбасы бізді бұл араға жан-жағымызды қымтап, есік-тереземізді бекітіп отыру үшін қойған жоқ. Қызметтегі азаматтар журналистермен ашық сөйлесуі тиіс. Және олардың сауалдарына уақытында жауап беруге міндеттісіңдер, бұл заңмен реттелген. Сала басшысының алдына журналист келсе орынбасарына, ол бөлім басшысына сілтейтін жағдайлар жоқ емес. Өз салаларыңа қатысты мәліметтерді өздеріңнен артық ешкім білмейді, сол үшін тілшілерге уақытында және дұрыс жауап беріңдер», – дегенін жиі естиміз.
Облыс әкімі бірінші кезекте жастардың жолын ашуға, олардың елдік шаруаларға, қызметке араласуына жағдай туғызып жүретінін аңғардық. Бас-басына санамаламай-ақ қоялық, Батыстағы үлкен үйде жетекші қызметте отырғандардың көбі білімді де білікті жастар. Алғашқы кездері әкімнің бұл қадамына күмәнмен қарап, сын айтушылар болмай қалған жоқ, алайда, «жас келсе іске…» деген қағиданың өміршең екенін уақыттың өзі дәлелдеп берді. Мемлекет басшысының бірінші кезекте жастарға жол ашу қажеттігін, барлық салада Тәуелсіз Қазақстанның өз кадрларын дайындауды ұдайы ескертіп жүргендігінің айқын дәлелі осы болса керек.
«Ақ бұлттар, қара бұлттар, ала бұлттар,
Байқасаң аспанда да алалық бар.
Біреуде қарт та болса шалалық бар,
Біреуде жас та болса даналық бар». Бұл – белгілі ақын Аманқос Ершуовтың өлеңі. Нұрлан Асқарұлы осы өлең жолын жиі қайталайды.
Адам болған соң көзқарастар қайшылығы болады. Бәріне бірдей ұнау мүмкін емес. «Жұмыс істемейтін адам ғана қателеспейді» дейтін тәмсіл бар. Іс жүрген жерде сын да айтылмай қалмайды. Әзелгі әдет қой, самаурыннан су ақса, «Самарқанды су басыпты» деп бір-ақ қайырамыз. 24 сағат халықтың көз алдыңда тұратын білім, денсаулық сынды «желдің өтіндегі» салалардың мұржасы «бекітіліп» қалады кейде. Біткен іске тек сын тұрғысынан келе беретін оппоненттер тағы бар. Тіл туралы, дін жөнінде, ұлттық рух жайында, әлеуметтік бағдарламаларға қатысты жан жарасын жалау көтеру арқылы білдіретіндер аз емес. Бірақ олар қоғамның жауы емес қой. Жанашырлықтан туған жанайқай. Облыс басшысы көп жағдайда айтатын адамына жолыға алмай жүрген сондай жандарды қабылдап, өзегін жарып тұрған өтініштеріне құлақ қойып, мәселені оң шешуге күш салатынына сан мәрте куә болдық. Бір қап өкпе арқалап жүргендерді өзекке теуіп, мұң-зарына құлақ аспай, үлкен үйге жолатпай, артына ит қосып қуып ашындырғаннан табар олжа бар ма?
Бір мысал. Талантты ақын, айтыс сахнасында ақиқаттың алдаспанындай жарқылдаған, көмейіне келіп қалған ащы шындықты ешқашан іркіп қалмаған Бауыржан Халиолланы бүкіл жұрт біледі. Кезінде Оралда «келе жатқанның кетпенін, бара жатқанның балтасын» алатын газет шығарды. «Мал маманы басқарған мәдениет оңа ма?..» деп шулатқан тап сол Бауыржан сынамаған сала жоқ. «Сүтке тигендей» етіп үй айналдырып қумаса да, көксерек-тағдыр кешіп жүрген ақынның жанын ақ жағалылар түсіне қоймады. Ақ Жайықтың жағасында ашынып жүрген сол ақынды бауырына басып, маңдайынан сипаған екі адам болса, бірі – Атыраудың әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов, екіншісі – дәл осы Нұрлан Ноғаев.Ағалардың алқауымен сол Бауыржанның Оралда, Атырауда, Алматыда шығармашылық кештері ғажап болып өтті. Кітаптары шықты. Қазақстан Жазушылар одағына мүше болды. «Жайық жұлдызы» дейтін журнал шығарады. Өткен жылы Нұрлан Асқарұлы Бауыржан Халиолланы Батыс Қазақстан облысы жастар шығармашылығы орталығына басшы болуына ықпал етті. Бір кезде «жүрегіне тас байлап алған» ақыныңыздың түкірігі бұл күнде жерге түспейді, дырдай директор, қарамағында жүз қаралы адам бар. Істің жөнін білетін жігіт қой, ой-қырды аралап күндіз-түні тынбай жұмыс жасап жатқанға ұқсайды…
Әдебиетті қатты қадірлейтін, кітапты іздеп жүріп оқитын, ұнатқан кітабын өзі жаяу жүріп іздейтін әкіміңіз осы Нұрекең. Мешін жылының алғашқы аптасында Астанадан есеп беріп шыққан соң белгілі әдебиетші, сыншы Амангелді Кеңшілікұлының кеңсесіне арнайы барып (көмекшісін жібере салмай), «Жүрек сөзі» атты кітабын автордың өз қолынан алғанын әлеуметтік желіден оқып, қатты толқыдым. Міне, әдебиетке, кітапқа, қаламгердің ғазиз басына деген құрмет осылай болса керек.
Сонымен қатар, дәстүрлі өнердің үлкен жанкүйері. Елдің құлағына сіңісті болған тарихи әндер мен күйлерді тыңдап қана қоймай, сан салалы тарихын ерінбей-жалықпай таратып айтып береді. Күйге деген көңілі тіпті алабөтен. Бірде облыс әкімі іссапармен аудандарды аралауға шығыпты. Кезек орталықтан 500 шақырым жердегі Жәнібек ауданына келсе керек, шаруаның басы қайырылған соң, дастархан үстінде, «араларыңызда күй тартатындарыңыз бар ма?» депті.Қали Жантілеуов пен Сейтектен қалған қу тақтайға тіл бітіретін күйшілер Орда мен Жаңақала жақта емес пе? Жәнібектің жайсаң жұрты сасып қалса керек. Кенет дастарханға қызмет етіп жүрген орта жастағы дембелше жігіт домбыраны қағып-қағып жіберіп, әкімге қатарынан оншақты күй орындап беріпті. Өнеріне қатты қайран қалған аймақ басшысы сол жігітті өзімен бірге Оралға алып кеткенін естіп қайран қалғам. Жәнібектің еліне бірде жағып, бірде жақпай қалып жүрген сол азамат – бүгінде Батыс Қазақстан облыстық Мәдениет басқармасының бастығы, дәулескер күйші Дәулеткерей Атауұлы.
Байқасаңыз, соңғы бір-екі жылдың бедерінде айтыстың көш-керуені Ақжайыққа ат басын бұрып жүр. Аузымен құс тістеген Бекарыс, Әбілқайыр, Ахметжан, Айбек, Айнұр секілді азулы ақындардың Оралға келіп сөз қағыстырмағанына сегіз жылдың бедері болған екен. Екінші жыл дәстүрлі түрде өткен, көрнекті ақын Жүрсін Ерман жүргізген айтысқа жыл сайын КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов келіп қазылық жасайды. Өткен жылы бұл айтыс Қазақ хандығының 550 жылдығына орай қасиетті Орда топырағында болды. Елдің мерейін ерекше асырған осындай игі шараға қайраткерлік қолдау көрсетіп, атамұра өнерді ұлықтаған да облыс басшысы.
Уақыт өткен сайын Жайық жағасы ұлттық рухпен көмкеріліп келеді. Күн озған сайын елдің еңсесін көтеретін, ұлттың көкжиегін кеңейтетін рухты сөздер аз айтылып жатқан жоқ. Орал өңірінің өзге аймақтардан ерекшелігі де сонда, «үй артында кісі бар…». Ақырын айтқаныңның өзін адырдағылар естіп отырады. Орталықтағы оң қолымен «болашақты» нұсқап тұрған «күн көсемді» құлатып, орнына далиып жатқан ұлы дала үшін жанын берген Сырым Датұлының еңселі ескерткішін қою үшін қаншама қажыр-қайрат, ерік-жігер керек болды десеңізші. Таяуда жетім өкпесі желпілдеп жүріп опат болған, қызыл әскер Миша бала Гавриловтың ескерткіші көшірілгені туралы ақпарат оқыдым. Тарих солай жасалады. Батыс Қазақстанға басшылық жасағандар осылай әр квартал үшін «ұрыс» жүргізіп келе жатқанын біріміз түсінсек, біріміз түсінбейміз…
2015 жыл – ұлттық әдебиет пен өнер өлкесіне небір алыптарды сыйлаған Батыс Қазақстан облысының өміріндегі ең бір тарихи жыл болды десек қателеспейміз. Өзінің асқан білімдарлығымен, ақындық қуатымен, киелі сөз өнерін өз қалауынша ойнатқан ғажайып шеберлігімен қазақ поэзиясының көкжиегін кеңейткен біртуар ақын Қадыр Мырза Әлі еді. Құстың қос қанаты секілді Тұмағаң мен Қадекең қазақ жырының айбынын асырды, адамзаттық биікке алып шықты. Өлеңді аялаудың ғажайып үлгісін сол екі ұлы ақын көрсетті. Елі де оларды аялады. Нұрлан Асқарұлы Жайықта туып, жаһанға аты кеткен Қадекеңнің есімін тарихта қалдыру мақсатында айрықша қайрат көрсетті. Күллі қазақтың басын қосқан, түркі дүниесінің ғұламасы Әбіш Кекілбайдың рухқа толы беташар сөзімен басталған сол тарихи жиын әлі күнге жадымызда сайрап тұр. Арғы-бергі әдебиет тарихында бір ақынға екі бірдей зәулім ескерткіш орнатқанын естіген де, білген де емеспіз. Мұның сыртында бүкіл шығармашылық ұжымдардың басын қосатын аумағы ат шаптырым қара шаңырақ – Қадыр Мырза Әлі атындағы орталық ашылды. Қадекеңнің бай кітапханасына арнайы қаржы бөлініп, орталыққа әкелінді.
Өз саласында айрықша із қалдырғанымен, іздеу-сұраусыз кеткен, ескерткіш тұрмақ тұрған үйіне тақта қойылмаған тұлғалар қаншама?.. Өзінің ақтық демімен бүтін бір дәуірге нүкте қойып кеткен Қадекең расында бақытты ақын екен!
«Көп болды Ақжайыққа бармағалы,
Көп болды кәусарына қанбағалы.
Көп болды жас сұлудың демін жұтып,
Құрбымен қосылып ән салмағалы…» – деп жырлаған ұлы ақынның бақытын жандырған, бар жауапкершілікті өз мойнына алып дара тұлғаны туған елімен ұлт биігінен қайта қауыштырған, сөз жоқ, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев болатын. Жан-жағына жарық шашып, жылылық таратып жүретін осындай тұлғалармен өмір мағыналы болса керек…