ҮЕҰ кімдікі? Ол сенікі, ағайын!
05.04.2023
304
0

Осы жолдардың авторы 2001 жылы АҚШ-қа барды. Бұл сапардың ешқандай құпиясы жоқ: біз, яғни, бір топ журналист АҚШ Мемлекеттік департаментінің қолдауымен (шақыруымен) мұхит асқанбыз. Сөйтіп, әлемдік державаның айтулы штаттарында болдық, сондағы әріптестерімізбен кездестік, тәжірибе алмастық.

Тәжірибе алмасулар мен ашық әңгімелер барысында олар біздің, қазақ журналистерінің билікке тікелей тәуелді екенімізді «бетімізге басып» қоймады, ал, біз олардың (америкалық журналистердің) жарнама берушілерге тәуелді екенін әбден біліп қайттық. Алайда айтпағымыз бұдан өзгерек. Айтпағымыз – АҚШ-тағы азаматтық ұйымдардың белсенділігі туралы. Бірақ біз төмендегі шағын мақаламызда оны да таратып жазбаймыз, өйткені тақырыбымыз: АҚШ-тағы азаматтық қоғамның белсенділігі емес, еліміздегі Үкіметтік емес ұйымдар туралы.
АҚШ-тан оралған бетте сапаралас журналистер ҮЕҰ-ның Қазақстанға аса қажет екенін жарыса жазып, қоғамдық пікірге ықпал туғыза бастадық та, біз көтерген мәселеге Үкімет кәдімгідей назар аударды. Нәтижесінде Қазақстанда ҮЕҰ-лар аз уақыттың ауанында жаңбырдан кейінгі көктей қаулап шыға келді. Алайда ҮЕҰ дегеннің не екенін, оның мемлекетімізге тигізер көмегі қандай екенін қарапайым қазақы орта әлі толық білмей жатыр.
Бірде Үкіметті сыбап, билікті сынап, жағын жаппайтын жамағайыныммен әңгімелесіп отырып, ҮЕҰ жайында айт­тым.
– Ол не? – деп сұрады ағайын.
– Сен, – дедім мен оған, – нағыз отаншыл азаматсың ғой. Билікті сынап күйіп-пыспай, ел ісінің бір жағына шығыс, қызмет қыл. Сол үшін саған Үкіметтік емес бір ұйым құрып, әлгі ұйым­ға өзіңмен пікірлес, мұраттас азамат­тарды топтастыр. Сөйт те іске кіріс. Бірақ сенің ұйымың пайда тауып, байлыққа кенелетін ұйым болмайды, халыққа қызмет қылатын ұйым болады. Міне, соны ҮЕҰ дейміз, яғни, Үкіметтік емес ұйым.
Ағайын ойланды, ойланып біраз отырды да қолын бір-ақ сілтеді:
– Маған ондай ұйым құруға Үкімет жол бермейді.
Береді, неге бермейді? Мен оған сол жерде отырып ресми деректерге ұқсас мына жайттарды баяндап бердім:
Расында, аталған ұйымның немен айналысатынына мән бере бермеуіміз мүмкін. Бірақ бауырым, саған айта­йын, азаматтық қоғамда барған сайын Үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) қатары артып келеді. Аталған ұйымдарды үшінші сектор деп те атайды. Жалпы аталған топ неге «үшінші сектор» деп аталады. Бірінші сектор, ол – мемлекет. Мемлекет біздің өмірімізді бақылап, ретке келтіріп, басқарып отыр. Мемлекет кез келген адамның құқығын, бостандығын, өмір сүруі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ал екінші сектор, бұл – коммерциялық ұйымдар, нақты айтқанда бизнес. Үшінші сектор деген не, сонда? Ол коммерциялық бизнес емес. Бұл – бірнеше адамдардың бірлесіп, қоғамдасып жұмыс істейтін тобы. Олар пайда табумен айналыспайды. Олар әртүрлі қызметпен айналысуы мүмкін. Ең бастысы, Үкіметтік емес ұйым мүшелері, олар – қоғам белсенділері. Олар қоғамда азаматтардың белсенділігін оятады. Олар қоғамға пайдалы жұмыстармен айналысады.
– Ал сонда ҮЕҰ қаражатты қайдан алады? Олардың жұмысын кім қаржыландырады? – деп сұрады ол.
Мен көрген Америкада азаматтық ұйымдарды қалталы азматтар, ірі корпорациялар қаржыландырады. АҚШ-тағы ұйымдармен билік те бірігіп жұмыс атқаруға мүдделі. Сондықтан олар Үкімет тарапынан да гранттар иеленеді. АҚШ осы ұйымдар арқылы ел саясатын халықаралық деңгейге дейін көтеріп отыр. Әлемде пәрменді түрде жұмыс жасап жатқан түрлі қорлардың ар жағында алпауыт АҚШ тұр. Ол қорлар біздің елде де түрлі іс-шаралар атқаруда. Көзін тапқандар сол қорлармен біріккен жобалар жасап, кәдімгідей табыс табуда. Қазақстанда ҮЕҰ-лардың халықарлық қорлармен жұмыс жасауына шектеу жоқ, бірақ бақылау бар. Бұл – бір есептен ел қауіпсіздігі үшін өте керек бақылау. Сол үшін біздің Үкімет ҮЕҰ-ларға серіктес ретінде қарап, оларға мынандай мүмкіндіктер жасап келеді.
Енді осы мәселеге тоқталайық.
1. Үкіметтік емес ұйымдар үкіметпен іс-қимылын үйлестіреді.
2. Оларға мемлекеттік және мемлекеттік емес гранттар беріледі.
3. Гранттардан бөлек, Үкіметтік емес ұйымдарға арнайы сыйақы тағайындалады.
4. Сыйақылар әлеуметтік міндеттерді шешуге үлес қосқандары үшін беріледі.
5. Сыйақылар 15 аталым бойынша ұйымдастырылады.
6. Бұл өз кезегінде үшінші сектордың орнықты дамуына септігін тигізуде.
7. Үкімет тарапынан қолдау азаматтық қоғам институттарының нығаюына мүмкіндік береді.
Қазақстанда 29 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым бар. Бұның сыртында 3,7 мың діни бірлестік, әртүрлі меншік нысанындағы 3,5 мың БАҚ, 234 қоғамдық кеңес, 36 салалық және 19 аумақтық ұйымды қамтитын 3 ірі республикалық деңгейдегі кәсіподақ тіркелген.
Қазақстан Үкіметі Мемлекеттік әлеу­меттік тапсырысты қаржыландыру көлемін жылдан жылға арттырып, миллиардтаған қаржы бөлуде. Өкінішке қарай, осындай игілік пен мол қаржыдан ауыл жастары, ауылдан қалаға келген қалалық қазақтар әлі хабарсыз. Неге? Ауыл тұрғындары мен қалалық жастарды толғандыратын мәселелер, әрине, жетіп артылады. Олар тиімді жобалар жасап, азаматтық қоғамның белсенділері ретінде Үкіметпен әріптестік деңгейде жұмыс істесе алады. Бірақ оларға түсінікті тілде берілетін ақпарат пен қолдау ғана жетіспей тұрған сияқты. Егер ҮЕҰ дегеннің не екендігін анық білсе, менің әлгі жамағайыным: «Маған ондай ұйым құруға Үкімет жол бермейді», – демес еді.
Қысқасы, Үкіметтік емес ұйым кімдікі? Ол сенікі, бауырым. Сіз қалай ойлайсыз?

Д. Құсайынтегі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір