Ықылас атындағы Халық аспаптар музейінің шетелдік музыкалық аспаптармен толығу тарихы
27.07.2022
648
0

Халықтың музыкалық аспаптарын бір жерге тоғыстырып отырған Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі Орта Азия аумағындағы бірегей музейлердің бірі ретінде танылған. Музейде қазақ халқының ұлттық музыкалық аспаптарымен қатар, әлемнің 50-ге жуық елінің мәдениетімен таныстыратын жәдігерлер 9 экспозициялық залға орналастырылған [1, 2 б].

Алғашқы жылдары халық музыка аспаптары музейін ұйымдастыру барысында Өзбекәлі Жәнібековтың бастамасымен ұлт аспаптарын ғана емес, көршілес республикалар мен әлем халықтарының аспаптарын жинақтау көзделген [1, 3-4 бб]. Қазақстанда өмір сүріп жатқан этностар мен өзге ұлыс өкілдерінің музыкалық аспаптарын жинақтау барысында Алматы қаласындағы ұйғыр және корей  театрларында қолданылған музыкалық аспаптар, М.О. Әуезов атындағы академиялық драма театрында, Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің құрамында ойналған музыкалық аспаптар, Алматының ЖОО-да оқитын шетелдік студенттердің өз елдерінен алып келген музыкалық аспаптары музей қорына алынды. Соның нәтижесінде көптеген ұлттық музыкалық аспаптар музей шаңырағына топтастырылды [2, 62 б].

Бүгінгі таңда музей жыл көлемінде Әлем халықтарының музыкалық аспаптарын жинау, шетелдік аспаптар қорын кеңейту мақсатында шет елдермен бірлескен іс-шараларды тұрақты түрде атқарып отырады. Ондағы негізгі мақсат екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттыра отырып, мәдениетті тоғыстыру. Олардың қатарында: Вильнюс (Литва), Минск (Беларусь), Будапешт (Венгрия) қалаларының арасындағы бауырластық пен ынтымақтастықты нығайту мақсатындағы  халықаралық фестиваль, «Қазақстандық армян қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігімен бірлескен концерт, Қазақстандағы Индонезия елшілігімен бірлескен шеберлік сынып сынды ірі іс-шараларды атап өтуге болады [3].

Қазақстандағы өзге елдердің елшіліктерімен тығыз байланыстар орнату арқылы музейдің аспаптар қоры ұлғаю үстінде. 2019 жылы Қазақстан  мен Тәжікстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 26 жыл толуына орай, екі ел арасындағы достық, мәдени қарым-қатынастарды нығайту мақсатында Тәжікстан Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Хайрулло Ибодзода халық музыкалық аспаптар музейіне тәжік халқының 15 түрлі музыкалық аспабын табыс еткен еді. Олардың қатарында: рубоб, тор, думбра, гиджак, дойра, даап, дутори, т.б. сынды музыкалық аспаптар бар [3].

Даф – тәжіктердің ұрмалы музыкалық аспабы. Әзірбайжан, Армения, Ирак, Иран, Сирия, Түркия, Өзбекстан мен Таяу Шығыс елдерінде танымал және классикалық музыкада қолданылатын дабылдың бір түрі (сурет 1). Бүгінгі күнге дейін алғашқы түрін сақтаған аспаптардың бірі. Ол ағаштан жасалған шеңбер жиектемеге бекіре терісі тартылған аспап. Жиектемеге 60-70 шақты мыс не металл сақиналар тағылады, олар орындау барысында сыңғырлаған дыбыстар шығарады. Орындаушы аспапты екі қолымен ұстап, саусақтарымен, кейде сартылдату әдісімен ойнайды [4, 351с].

 

                                                                 Сурет 1. Даф аспабы

«Даф» сөзі Месопотамияның ежелгі тұрғындары мәдениетімен байланысты. Шумерлерде ол «дуп» деп аталып, жазатын құралдың бетін, хатты және жазбаны (тас беті) білдіруде қолданылды. Дәл осындай мағынада аккад (вавилон-ассирия) тілінде қолданылып, дупу немесе тупу аталды. Кейіннен арамей тілінде «дуп» деп өзгеріске ұшырады. Айтылуы бойынша ұқсас сөздер аккад тілінде «барабан, тамбурин» мағыналарын білдіретін tabalu немесе tapalu сөздері. Пехлеви тілінде аспаптың атауы «дап» деп аталса, «даф» сөзі оның арабша нұсқасы болды [5, 256 с].

Б.з.б. 3000-2500 жж. Шумерде әйелдердің дапта ойнауы айға табынушылықпен байланысты болды. Ғұрыптық биді дабылда ойнаумен сүйемелдеген абыз әйел бейнелері көптеп табылды. Исламға дейінгі Иранда Айды тазалықтың Құдайы және әйелдердің өкілі деп есептеді. Аспаптың діни жиындардың қатысушы қызметі кейіннен сопылыққа өтті [4, 352 с]. Ертеректе аспаптың бірнеше түрі болды. Ежелгі семит халықтарында дабылдың 2 түрі болды: тікбұрышты және дөңгелек (сопақша) формалы. Құрылымында өзгерістерге ұшыраса да, аспаптың бұл екі түрі де бүгінде халық арасында таралған. Таяу Шығыс елдерінде екі жағы терімен қапталған тікбұрышты және шағын қоңыраулар, металл сақиналар немесе «дисктер» тағылған, бір не екі жақты дөңгелек формалы аспаптар кездеседі [5, 258 с].

Музейге келушілер қазақ халқының музыкалық аспаптарымен қатар, түркі тілдес халықтардың музыкалық мәдениетіне үлкен қызығушылық танытады. Сол себепті, Тәжікстан халқының музыкалық аспаптарының музей қорына алынуы, музей келушілеріне аталған елдің дәстүрлі музыкалық өнерімен терең танысуына үлкен мүмкіндік тудыратындығы сөзсіз.

Музейдің туристік ортадағы маңызын арттыру мақсатында, музей қорында сақталған әлем халықтарының музыкалық аспаптарын толықтыру үшін түрлі елдердің елшіліктерімен келіссөздер жүргізіледі. Сондай бір іс-шараның нәтижесінде 2019 жылы Таиланд Королдігінің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Расс Джаличандра халық музыкалық аспаптар музейіне арнайы келіп, тай халықтарының «вот» және «каэн» атты екі аспабын табыс етті. Оған дейін музейге келушілердің тай елінің тек бір ғана аспабын көруге мүмкіндіктері болса, ендігі кезекте толықтырылған коллекцияны тамашалай алатын болды [3].

Вот– Лаос пен Таиландтың солтүстік-шығысындағы Исан аймағында дәстүрлі музыкада қолданылатын шеңбер пішінді свирель (сурет 2). Көп жағдайда Pong-Lang ансамблінің негізгі аспабы болып саналады. Ол шағын көлемді, арзан әрі әсем көркемделген аспап. Таиланд музыкалық аспаптар қатарына бірнеше онжылдық бұрын Драма өнері колледжінің оқытушысы Сонгсак Пратумсиннің 1968 ж. ойлап табуы нәтижесінде енді [6, 334 с].

 

                                                   Сурет 2. Вот аспабы

 

Келесі каэн аспабы Оңтүстік-шығыс Азия – Лаос, Бирма және Таиланд елдерінде кең таралған аспап түрі (сурет 3). Аспап тарихы ХІV ғ. басталады. Аспап бір мезетте әуенді де, аккордтарды да орындайды. Аспап әр орындаушыға жеке жасалады. Өлшемге байланысты қандай да бір шарт жоқ. Аспап 2 байламға 8 түтіктен байланған 16 бамбук түтікшеден тұрады. Түтіктердің ұзындығы әр түрлі, түтік неғұрлым ұзын болса, оның дыбысы соғұрлым жоғары болады. Әр түтіктен саңылау жасалады [6, 366 с].  Ойын барысында саңылауды саусақпен басқанда ауа тілше арқылы өтіп, дыбыс алынады. Бір түтікке балауыз құйып, оны бурдонды ретінде пайдаланады, яғни ол тұрақты бірқалыпты дыбысты қамтамасыз етеді.

 

 

                                               Сурет 3. Каэн аспабы

 

Сонымен бірге, Алматы қала күніне орай, Алматы қаласы мен Вильнюс (Литва), Минск (Беларусь), Будапешт (Венгрия) қалаларының арасындағы бауырластық пен ынтымақтастықты нығайту мақсатында  халықаралық «Әлем музыкалық аспаптары музей сахнасында» атты фестивалі өтті. Фестивальге қатысушы мемлекеттер – Венгрия Республикасы – кечкедуда, Беларусь Республикасы – дудка, Литва Республикасы – канкляс, рожок, скудучей, литва ағаш қоңырауы, бирбине атты музыкалық аспаптарын музей қорына салтанатты түрде табыстаған болатын [3]. Нәтижесінде музейдің 9-шы Еуропа халықтарының музыкалық аспаптары деп аталатын залы толықтырылды [3].

Бирбине – литвалықтардың тұпнұсқа үрмелі музыкалық аспабы. Аэрофондар қатарына жатады. Аспаптың атауы үру, үрлеу сөзінен туындаған. Бұл аспап қарапайым сыбызғы қауырсыннан, қамыстан, жануар мүйізінен немесе ағаштан жасалды (сурет 4). Аталған аспаптың алғашқы прототиптері алғашқы адамдар заманында жасалған деген болжамдар бар. Әдетте, тосыннан алуан музыка, би, ән, құбылған әуендер орындайтын бақташылар қолданды.

 

                                           Сурет 4. Бирбине аспабы

1940 ж. «Ансамбль Лиетува» халық аспаптар оркестрі құрылғанан кейін, кәсіби хроматикалық концерт аспабын алу үшін бирбинені жетілдіру жұмыстары басталды. Ұзаққа созылған ізденістер мен тәжірибелерден кейін 1950 ж. жетілдірілген хроматикалық сопрано-бирбине, 1952 ж. – контрабас-бирбине, 1953 ж. – хроматикалық тенор-бирбине жасалды. Аспап корпусы (сопрано мен тенор) шаған, үйеңкі, алма, алмұрт ағаштарынан, контрабас-бирбене – металдан жасалды [7, 568 с]. Бирбене аспабында кез келген репертуарды орындауға болады. Аспапта ойнау дәрістері Литва музыка және театр академиясынада, консерватория мен музыка мектептерінде жүргізіледі.

Ағаш қоңыраулар – литвалықтардың ұрмалы-әуенді халық аспабы. Идиофондар тобына жатады, дыбысы мен ойнау техникасы жағынан ксилофонға ұқсас (сурет 5). Бұл өлшемдері әр түрлі трапеция пішіндес, ішінде бір не екі ағаш өзектері бар ағаш астаушалар түріндегі аспап болып келеді. Дыбысы қатаң болса да, анық естіледі. Дыбыс шығару үшін ағаш балғашықтар қолданылады [7, 298 с]. Ертеректе скрабалайды бақташылар пайдаланған. Мұндай ағаш қоңыраулар сиырдың мойнына ілінді, сол арқылы бақташылар жануарды оңай табатын болған.

 

                                                 Сурет 5. Ағаш қоңырау

 

Келесі канклес аспабы Литва елінің ішекті-шертпелі музыкалық аспабы. Ұзындығы 800-900 мм. Аспап диатоникалық күйге келтіріледі. Сондай-ақ, латыштардың ку́оклэ, эстондық каннель, карель-финндердің кантеле және орыстардың гусли аспаптарымен ұқсастықтары бар. Аспаптың қалыптасуы мен қолданылуы алғашқы наным-сенімдермен байланыстырылады. Жасалу ғұрпында өлгендерге табыну белгілері кездеседі – отбасының бір мүшесі қайтыс болғанда канклес жасайтын ағаш шабылатын болған [7, 465 с].

 

                                          Сурет 6. Канклес аспабы

Жетілдірілген дәстүрлі канклес аспабын фольклорлы ансамбльдер қолданады. Дыбыс шығару үшін саусақтармен де, плектрмен де жасалады, ал контрабас-канклестерде – арнайы балғашықтар қолданылады. Түрлендірілген канклес аспабын халық оркестрі, ансамбльдер қолданады.

Бүгінгі күнде Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі Қазақ халқының және шетелдік ұлттық музыка мәдениетінің тарихи негіздерін, стильдік ерекшеліктерін зерттеу, насихаттау, ұмыт болған аспаптарда қайта ойнау рухани халық дәстүрін қайта жаңғырту бойынша тиісті дәрежеде жұмыс атқаруда.

 

 

 

Әдебиеттер:

 

  1. Қазақтың халық музыкалық асаспаптар музейі /Қолжазба/. Археологиялық қазба және мүсін-сурет эксапонаттарға арналған ғылыми құжат. – Алматы, 1994-1996 жж.
  2. З. Жәкішева. Өзбекәлі Жәнібек тағылымы. – Алматы, 2011. – 162 б.
  3. Ы.Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің жеке мұрағаты
  4. Дафф / М. В. Есипова // Григорьев – Динамика. – М.: Большая российская энциклопедия, 2007. – 352 с.
  5. Атлас музыкальных инструментов народов СССР. – М.: МузГИз, 1963. – 434 с.
  6. Музыкальные инструменты мира. – М.:Попурри, 2009. – 320 с.
  7. Музыкальный энциклопедический словарь / гл. ред. Г.В. Келдыш. – М.: Советская энциклопедия, 1990. – 672 с.

 

Тәшкенбаев Ерсін

Ықылас атындағы Халық аспаптар музейінің

аға ғылыми қызметкері

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір