Майра Ілиясова: «Ән мені өзі іздеп келді»
Майра Ілиясова – бұлбұл көмей әнші, продюсер, ұлттық ән өнері әлеміндегі жарық жұлдыздарының бірі, есімі елімізге ғана емес, шетелдерге де танымал, ҚР Еңбек сіңірген артисі, Құрмет, Парасат ордендерінің иегері. Жаңа ғасырдың талғамы бөлек кірпияз көрермені таңдап, өмірдің өзі өсіріп, «уақыт – алып көл, замана – соққан жел» деп Абай абыз айтқандай, заман желіне төтеп беріп, уақыттың өзі екшеп шығарған бірегей әнші. Ұлтымыздың бөрік төбесіндегі үлпілдеген үкісі іспеттес, ардақты қызымен болған әңгімені назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Ән өнері – өмірімнің өзегі
– Майра Әлімғазықызы, қазақтың Майрасы, халықтың қалаулы әншісі, өзіңізді хош көрдік! Ілгеріде болса керек, бір данышпан кісі өмірден өткелі жатқанда, жанындағылар: «Кімді қимайсыз, нені қимайсыз?» –деген сауал қойыпты дейді. Сонда әлгі кісі: Бәрін де қимаймын ғой, әсіресе әнді қимаймын», – депті. Сіз не дер едіңіз? Аты жер жарған ғасырымыздың айтулы әншісі ретінде, біраз биіктерді бағындырып, өзі діттеген өнер шыңына бет алған майталман өнер иесінен өнер деген не екен, әсіресе ән өнері, оның адамзат тіршілігіндегі маңызы қандай деп сұрасақ?
– Ауқымды сұрақ. Қазақтың халық әндері – халықтың арман-аңсары, сағынышы, тілегі, ләззат, іңкәрлігі, ынтызарлығы, өкініші мен толқынысы, жан сезімі, әрі-беріден соң, жан дүниесі, рухы. Менің репертуарымдағы халық әндері, халық композиторларының әндері «Қуатым-ай», «Үри-ай», «Кидім қамзол», «Дархан-ай», Біржанның «Бұрылтайы», Әсеттің «Мақпалы», Майра Уәлиқызының «Майрасы» сол халықтың дәстүріне, салт-санасына, тарихына негізделеді. Өмірге сән беретін де, нәр беретін де, тіпті тіршілікті ұстап тұратын да осы әндер секілді. Ол – қуанғанда қуанышыңды асқақтатуға, қайғырғанда қайғыңды бөлісуге ең асыл жақын жандарың секілді маңдайдан сипар анаңдай. Әннің әсері күшті, адам жанына қанат бітіреді, бойына күш-қуат құяды, жігеріне жігер қосады. Өмір бойғы беріп келе жатқан концерттерімнен байқағаным, ән тыңдарманды жадыратып немесе жылатып, толқытып қана қоймай, оларды күнделікті тіршілік күйбеңінен алып шығып, биіктерге көтеріп жібереді. Жанын тіршілік шаңынан тазартады, көңілін судай тасытып, асқақ армандарға қол создырады. «Майражан, сенің концертіңнен кейін тау самалымен көкірек кере демалғандай, тынысымыз ашылып, жанымыз бір тазарып қалды ғой», – деп тамсанады тілектестер. Бұл – қазақ әндерінің ғаламат қасиеті. Оның қасиетті болатын себебі – ана сүтімен, әке қанымен дарығанынан шығар. «Бабалар үні» деген ән кешін келіп көрсеңіздер, өздеріңіз-ақ оның кереметіне куә боласыздар.
– Салмақты сұрақтар қойсам, айып етпессіз, өйткені дәл осы уақытта дәуіріміздің өнердегі жауапкершілік салмағы сіздің буынға түсіп тұрғаны ақиқат қой. Сол жауапкершілікті иығына аударып алған буынның өкілі деп қараймыз сізге. Сондықтан әнін шырқап жүре беретін қара жаяу әнші ғана емес, ұлтымыздың айшықты өнерпазы, осы өнердің ыстығына күйіп, суығына тоңған «тар жол, тайғақ кешу жолын» жүріп өтіп келе жатқан тұлға ретінде осы жауапкершілікті сезінесіз бе және қалай сезінесіз?
– Күрделі сұрақ екен. Басынан бастайын. Өнер дегенде менің бүкіл өз өмірім көз алдыма елестейді. Адам есейген соң, біраз жолды жүріп өткен соң, алды-артына қарап, пайымдай бастайды ғой. Мен осы өнерімсіз өмірімді елестете алмайды екенмін. Кейбіреулер мектеп бітірген соң, әйтеу оң жамбасына келген оқуға түсіп, диплом алып, өз мамандығын қаласын-қаламасын, соның соңында салпылдап, көптің бірі болып жүре береді ғой. Әншілік өнер – өмірімнің өзегі іспеттес. Мен негізі әнші болам деп ойламағанмын, Халықшаруашылығы институтына түсіп, экономист болсам деп армандап, оқуға түсуге дайындалғам. Ән мені өзі іздеп келді, өмір бойы өзі ертіп, жол көрсетіп жүрген сияқты. Анамыздан жастай айырылдық. Анам Қазына менің үш жасымда, әкеміз Әлімғазы жетінші сыныпта оқып жүргенімде қайтыс болып кетті. Шешем біраз құрсақ көтеріпті, менен үлкен Қайниса, Сәния, Әсия сынды әпкелерім бар. Біздің ата-бабаларымыздың атақонысы туған жерім – қасиетті Семей облысы (қазіргі Абай облысы), Ақсуат селосы. Мен кішкене күнімнен ән айтатынмын. Әкем менен үлкен үміт күтті ме екен, «Әке – балаға сыншы» дейді ғой: «Осы қызым үлкен әнші болады, көрерсіңдер әлі», – дейтін.
Ал енді сенің сұрағыңа келе жатырмын жақындап. Алдымыздағы біраз корифейлер «келместің кемесіне» мініп кетіп жатқаны рас қой, кезегімен. «Толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады» деп Мағжан ақын тереңінен бекер толғамаған ғой. Сол корифейлердің алдын көріп, төл өнерімізді бойға сіңірген біз сондай өнер көшінің соңғы буыны болып қаламыз ба деп қорқамын. Өйткені мен кәсіби әнші, осы сала ұстазы болсам да, қазіргі кейбір жас әншілерді түсінбеймін… Неге дейсіз ғой, олар әнді бұзыңқырап айтатын сияқты. Біздің толқын өнердің тұмадай таза бұзылмаған уақытында келді. Менің бір жасқанатыным, жауапкершіліктің бірі дейін, енді бір елу жылдан кейін қазақ әнін біз – Бағдат Сәмединова, Айгүл Қосанова, Еркін Шүкіман, Қарақат Әбілдина, Ардақ Балажанова, Клара Төленбаева, Елмұра Жаңабергенова, Ерлан Рысқали сияқты әншілерді ұлықтайтын тыңдарман табылмай қала ма деп қауіптенемін. Өйткені қазіргі балабақшадағы балалар қазақша сөйлемейді, жұрт ағылшын тілін білуге, шетелге оқуға, сол жаққа кетуге құштар. Осы жауапкершілікті түйсінгеннен «Майра» өнер мектебін аштым әрі авторлық концертім «Бабалар үні» де осы мақсатқа жетелейді. Қазақ әні халықтың құлағына қазақ сөзі, қазақ өнері деген тағылыммен сіңсе екен деген адал пейіл ғой. Бұл кеште домбыра мен қобыз, сыбызғы, жетіген ұлттық аспаптармен ойнайтын музыканттар, топтар, мәселен, Айтқали Жайымов басқаратын «Қазақ оркестрі», «Сазген», «Қорқыт», «Сарыарқа» ансамбльдері өнер көрсетеді.
Өзің айтқан «мойнына қазақ өнерінің жауапкершілігін жүктеу» дегенді қазақтың бір қызы ретінде ұлттың ән өнерінің қаймағын бұзбай сақтап қалу, келесі буынға жеткізу, қасиетін ұрпақ санасына құя беру деп білемін. Ән сақталса, дәстүрлі сән сақталса, тіл мен діл сақталса, біздің ешкімге ұқсамайтын бекзат болмысты, жылқы мінезді қасиетті қазақ ұлты сақталады деп ойлаймын, осыны тілеймін.
– Иә, дұрыс айтасыз, ғаламдық жаһандандыру ертеңімізге не әкеле жатқанын көзіқарақты адам сезіп отыр. Ұлты да, тілі де, ділі де жоқ, тек адамзат болып өмір сүретін ұрпақ келе жатқан жоқ па деген қауіп бар. Ғаламшарды орап алған ғаламтордың қуатына төтеп бере алатын күш, амал бар ма? Өскелең ұрпақ, жас балғын жасыл шыбық қой солқылдап тұрған, қалай исеңіз, солай қарай оп-оңай майысатын…
– Менің «Сағындырған әндер-ай»-дан бастап, «Майра» продюссерлік орталығының ашылуы, ұлттық ән-күй өнерімізбен, жыр-терме, дәстүрлі әндерді насихаттайтын «Бабалар үні» фестивалін, балаларды өнерге жастайынан баулуға, ұлттық өнерімізді бойына, қанына сіңіру үшін жасалған қадау-қадау жобалар тек осы мақсатты көздеген ұшы-қиыры жоқ еңбек пен маңдай тер!.. Менің түпкі мақсатым да – «атымды шығарып, құрмет көрейін» деп емес, ұлтыма, халқыма ұлттық қалпын сақтап қалуға, өз өнеріммен өтпелі кезеңнен өтіп жатқан Отанымыздың көркейіп, гүлденуіне теңізге тамған тамшыдай болса да үлес қоссам деген ақ адал ниеттен туған жобалар.
– Майра Әлімғазықызы, әйгілі «Кабуснамада»: «Адам қанша жерден текті асылзада болғанымен, егер өнері болмаса, оны ешкім де елемейді», – делініпті. Сіз – көптің назарында жүрген жансыз. Сіз туралы жақсы пікірлер айтылады. Ол екінің біріне, егіздің сыңарына бұйыра бермейтін ғажап өнеріңіздің арқасында ғой. Сізді ер-азаматқа бергісіз «атымтай жомарт», қолы ашық, пейілі кең қайырым иесі деп сыртыңыздан сүйсіне сөз етеді. Бұған не дейсіз?
– Жалпы өнер адамдарына баға беретін халық қой, халқымның көңілінен шығып жатсам, ол үлкен бақыт емес пе? Тағы бір айта кетерім, маған жастар: «Шаршамайсыз, жас көрінесіз, мұның сыры неде?» – деп жиі сұрақ қояды. Мысалы, тамаша әнші, актриса сіңлім Айгүл Иманбаева: «Апай, сіз шаршамаңызшы, біз сізге қарап ой түзеп, бой түзеп жүреміз. Күндіз де, түнде де тыным таппай жұмыс істеп, таңғы төртте де қоңырау шалып жатасыз, сіз солай тынымсыз жұмыс істеп жүргенде, біз қалай ұйықтап жатамыз?! Есімізді тез жиып аламыз!» – дейді. Қазір Айгүл менің істеген тірлігімнен он есе асырып жұмыс істеп жүр.
– Апай, қазіргі уақта өнеріңізде, өміріңізде не жаңалық бар, Астанада тұрады деп естиміз?
– Иә, 2014 жылдан Астанада тұрамыз, отбасымызбен тұрақты тұрғынымыз. Шынымды айтсам, ауа райы қаталдау қалаға барам деген үш ұйықтасам, түсіме кірмепті. Сұлу Алматымызға үйреніп кеткенбіз ғой. Астанаға көшу былай шешілген еді. Қазақстан әйелдерінің съезіне барғанымда, Қазақстанның халық артисі, Еңбек Ері, әлемге әйгілі ғаламат скрипкашы Айман Мұсаходжаева кездесіп, мені қасына қызметке шақырды. Мен қарсылық білдіргеніммен, Айманның өнерге байланысты ұсыныстарына қалай көніп қалғанымды білмей қалдым. Өнер, музыка факультетінің деканы болуға келістім. Сол уақыттарда қазақ эстрадасын әлемге таныту туралы әңгіме болып, осы мақсатта «Астана дауысы» атты жастар арасында халықаралық ән конкурсын өткізу көзделген екен. Ұйымдастыруды басқару билігін маған беріп қойды. Қазылар алқасына төраға ретінде Кеңес Дүйсекеев ағамызды шақырдым. Ән кешіне арнайы менің шақыруыммен Роза Рымбаева, Нұржамал Үсенбаева, Майра Мұхамедқызы т.б. өнер жұлдыздары келіп, мәртебесін көтерді. Италиядан екі маэстро келді, бірі – жасы үлкен жетпіске келіп қалған танымал продюсер, екіншісі – жап-жас пианист-музыкант болды. Солай Астанадағы өмірім басталды. Біртіңдеп Астанаға сіңістім. Біздің Семейге ұқсайды ғой климаты, қазір жақсы қарқынмен өсіп келеді. Болашағы да жарқын деп ойлаймын. Қызым Тоғжан, күйеу балам Ерлан, төрт немерем – Сұлтанәлі, Айсамия, Иманәлі, Бегім, Құдайға шүкір, қазір бәріміз біргеміз.
– Сіздің шығармашылық қуатыңыз – ғаламат! Өйткені халықтық, ұлттық әндерге, дәстүр-салтымызға деген махаббатыңыз орнықты. Кешегі дүрілдеп өткен «Көшпенділер ұлттық ойындарына» өзіңіздің атсалысқаныңызды көріп қалдық телеарнадан.
– Иә, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өткен «Дүниежүзілік көшпенділер ойындары» халықты бір серпілтіп тастады. Біз өзіміздің ұлттық өнерімізге, алтын қазынамызға қайта оралғандай болдық. Халық төл өнеріне сусаған кезінде, өзінің түбіне үңілген шағында, тамырына қан жүгіртетін сәт дәл уақытында ашылды. Өзім іштей армандап жүрген ұлттық ойындар сайысын әлемдік деңгейге көтеріп, 79 елден сайыскерлер келіп, Астанамыздың төсінде домбырадан күй төгіліп, халықтық әніміз шырқалғаны, арғымақтар тұяғын дүбірлеткені халықтың рухын бір көтеріп тастады. Қандай биік деңгейде өткеніне халық куә, Олимпиададан бірде-бір кем болған жоқ деп ойлаймын. Иә, мен де өз үлесімді қосып, «Бабалар үні» бағдарламасымен ашылу концертін бердік. Атақты деген көзі тірі әнші артистеріміз түгелімен қатысты, ұшақпен алдырып, қонақүйлеріне орналастырып отырдық. Ұлттық әніміз бен күйіміз «Ұлттық ойындардың» мазмұнын ашып, жарқыратып жіберді. Астанамыздың ажары ашылып, аспанынан нұр төгіліп, Көк байрағы желбіреп, мерейі тасып кеткендей. Астанамыз соңғы жылдары қатты өсіп, өркендеп, гүлденіп барады. Әсіресе жастарға құшағын жаюда, жастар түрлі бағдарламалармен баспаналы болып, көп балалы болып, өсіп-өнуде. Тұрмыстық жағдайлары көтерілген, сәбилерін бірін арбаға салып, бір-екеуін жетектеп, бір екеуін жолдасы көтеріп, Есілдің бойына қыдырып шыққанда, соларды көріп бір керемет сезімге бөленемін. Бұл – біздің еліміздің болашағы жарқын, ертеңіміз сенімді деген сөз. Алған бағытымыз дұрыс, көз тимесін, Алла тағала көп көрмесін…
– Жерлесіңіз, жан досыңыз, курстасыңыз Роза Рымбаевамен достығыңыз жайлы айтып берсеңіз.
– Мен 1977–1979 жылы Қазақстанның халық артисі Қайрат Байбосыновтың домбырамен ән салу сыныбына шәкірт болып қабылдандым. Франция қаласында Әміре Қашаубаевтың дауысы жазылған таспасын тауып әкелген музыка зерттеушісі Жарқын Шәкәрімов ағамыз кездейсоқ кездесіп, дауысымды тыңдаған сәтте: «Майра, дауысың қандай жақсы, жүр, кеттік», – деп қолымнан жетектеп апарып, атақты Қайрат Байбосынов ағамызға таныстырғаны әлі есімде. Республикалық эстрада-цирк студиясында Қазақстанның халық артисі Кәукен Кенжетаев ағамыз сабақ беретін. Диплом алғаннан кейін Кәукен ағадан «Майра қалқам, сені Темірбек Жүргенов атындағы Кино және театр институтының жаңадан ашылып жатқан «Музыкалық комедия» бөліміне шақырамын» деген ұсыныс түсті. Қабылданған 14 студенттің біреуі Роза Рымбаева еді. Содан бері Роза досыммен, ойда да, қырда да біргеміз, өте талантты, ашық-жарқын, жаны жайсаң керемет жан. Сахнада да, өмірде де бірге жүргенімізге 45 жыл болыпты. Жаныма өте жақын достарымның бірі және бірегейі.
– Қазіргі жастарға көңіліңіз тола ма?
– Жастарды өзім жақсы көремін. Әншілер толқын-толқын болып келеді, қадау-қадау болып шығады. Ән өнері дегенде Күләш Бәйсейітова, Жамал Омарова, Рабиға Есімжанова, Рәбиға Қойшыбаева, одан кейінгі толқын Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова, Ермек Серкебаев, Әлібек Дінішев т.б. еске түседі.
Жастар десе, өзімнің де сахнаға алғаш шыққан жас кезім есіме түседі. Алғашқы Үкімет концертіне қатысуым да қызық. Қазақстан Республикасының халық артисі, опера әншісі Байғали Досымжанов сол ән кешінің бас режиссері екен, «Майра, әнді жақсы айттың, репертуарың жұтаң екен, мен өнеріңді дамытуға жол ашайын», – деді. Ол кезде «репертуар» деген сөзді ұққам жоқ, ауылдан келген кезім ғой. Не керек, ол кісі мені келесі «үкіметтік концертке» шақырды. Үлкен сахнаға киетін көйлек дайындатып қойыпты. Белі қыналған, үлпілдеген үкілі тақиясы бар бүрмелі ақ көйлек, қызыл бешпетпен, белім қиыла қалды. Бұл атақты биші Гүлжан Талпақованың көйлегі болып шықты. Айтайын дегенім, жоғарыда айтылған ғаламат біртуар тұлғалармен ән шырқағаныма қазір таңғалам, әрі қуанам. Ол кезде жақсыны жақсылар бірден алыстан танитын. Байғали ағаның мені жас демей бағалағаны, үлкен сахнаға шығып танымал болуыма үлкен қолдау болды.
Жастар туралы жақсы жағын айтайықшы! Әлемді мойындатқан Димаш Құдайбергеннің өзі неге тұрады, айналайын, ұлтымыздың домбырасын күмбірлетті ғой… Оны Алланың өзі осы бір момын қазақ халқына жіберген сыйы сияқты. Қызық болғанда Қытайдағы концертіне Димашты өзім қолдап бардым. Мәдениет министрлігі және ректор Айман Мұсаходжаева ханым осылай шешіпті. Мен әкесі Қанат пен анасы Светаны бұрыннан да білетінмін, әріптестерім ғой. Димашты алғаш көруім, арнайы шақыру алған «Сағындырған әндер-ай» кешінде әкесі Қанат, анасы Светамен «Анашым» әнін шырқаған кезінде. Әнді естіген халық дүркіреп кетті, ән өте әдімі еді… Сол кезде Димаш Құдайбергеннің әлемді бағындыратын әнші болатынын жүрегім сезіп, бір әдімі күйге бөлендім.
Абай, Біржан, Ақан сері бабаларымыздың ізін басқан Ахмет Жұбанов, Еркеғали Рахмадиев, одан бері Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Илья Жақанов, Ескендір Хасанғалиев, Кеңес Дүйсекеев сияқты ғаламат сазгерлер тұрғанда қазақтың әні жоғалмақ емес. Францияны таңғалдырған, тарихқа аты алтын әріппен жазылған Әміре Қашаубаев, Күләш Байсейітова, Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова сынды әнші аға-апаларымыздың ән мұрасы тұрғанда қазақ әні өлмейді, қазақпен бірге жасай береді. Бір толқын екінші толқынға ән эстафетасын тапсыра береріне сенемін. Біз, әрқайсымыз оның түрленіп, гүлденуі үшін ғана қызмет етсек деп тілейміз. Шүкіршілік етеміз, қазақ халқы тұрғанда таланттар дүниеге келе бермек. Толқын алмасады, таза өнер қалады, қызыл тасқын судан кейінгі таза мөлдір тұма секілді…
Сұхбаттасқан
Баян БЕКЕТОВА,
ақын,
Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының лауреаты,
Құрмет орденінің иегері