Өтірік — соңғы онжылдықтардың сиқы
Осы бір «Шевченко-110» мекен-жайындағы бет-жүзі жамылғымен жасырылған ескі ғимараттың (суреттерде) жанынан өтіп жүргеніме бірнеше жылдың жүзі болды. Маңдайалдын тастай бүркеп, үйдің суретімен жауып қойған нысанның құпиясы қашан ашылары беймәлім. Оның көше жақ бетіндегі кіреберісі мен бүйір қабырғаларының қирап, кірпіштерінің шашылып жатқанына ең кемі бес жыл болды.
Отыз жылдың ойыны
Бірақ көретін көз, айтатын ауыз, еститін құлақ жоқ секілді. Бұған бүркенген ғимаратты меншігіне алған бай-манаптың да ойлана қоятын түрі көрінбейді. Өтірікке денеміз әбден өліп кеткен соң, не шара! Әсем Алматымыздың тап орталығындағы іргелі нысанды бауырына басқан «олигарх», тіпті оның бар екенін ұмытқандай. Бәлкім, жең ұшынан жалғасып, көп асаймын деп, түйіліп қалған жайы бар біреу шығар ол…
Сурет-жамылғы бүккен «өтірікті» көрген сайын, одан қоғамды соңғы онжылдықтарда жаппай жайлаған суайттардың елесіндей жиренемін. Тірлікті ойыншыққа, халықты мазаққа айналдыруға қалай ғана дәттері барды екен! Бұған елдің бетке ұстар азаматтары қалайша шыдап келген? Жалпы, бізде атақтары жер жармаса да, елден «авто мініп, шапан киіп», шалқақтаған қайраткерлер баршылық.
Алайда, биліктің марапаты олардың бастарын айналдырып, қайран тілдерін тістеткендей. Шындығында соңғы онжылдықтар ауыртпашылығы игі-жақсының жандарына батқаны даусыз. Көпшілігі белгілі бір себептермен ғана еріксіз іштен тынды. Көрмедік, білмедік дей алмайды, бәрі де көз алдымызда: еңбекке лайықты ақы төлемеудің салдарынан тапқан-таянғаны талғажау етуден аспай, жалтақ күй кешкендер… олар қазір де аз емес.
Жалпы халықтың көрген қорлығы адам айтқысыз: үлескерлік жолымен үй аламыз деген үмітпен жер сипап қалған күйі өмірден өткендер… өртте мерт болған сәбилер… әділетсіздіктен өздеріне-өздері қол салғандар… әскер қатарына кетіп, табытпен оралғандар… сәбилерін жоспарламай дүниеге әкелгендері үшін жазықты болған аналар… екі сиыр ұстап күн көруге «ақылы» жетпегендер…Тыңдар құлақ болса, халықтың айтар арызы қат-қабат.
Кезінде ел-жұртты тыңдайтын билік болмады. Халық үніне құлақ қойған сыңайда өткізілетін жиындардан пайда шамалы еді. Сөйтсек, банкімен де, құрылыс компаниясымен де шарт жасасқан адамның өзі кінәлі екен. Бұл өтірікке де «бас шұлғудан» басқа амал қалмаған. Сонда жаңағы банк пен кәсіпорынға аталған қызмет түрлерімен шұғылдануға рұқсат берген мемлекет қайда қалады?
Дүниежүзіндегі 30 елдің қатарына іліккен мемлекеттің дағдарыстан шығуы тым созылып кеткен. Сыбайластық жайлады… республика Үкіметінің бюджеттен 55 млрд теңгені атақтары дардай «кәсіпкерлерге» 20 жылға 0,1 пайыз жылдық өсіммен беру туралы қаулысын қалай түсінуге болады? Оның үстіне, жаңағы несиені қайтару мерзімінің 2028 жылдан ғана басталатыны және жиырма жылдан кейін оның түкке тұрмай қалатыны белгілі.
Көзіңді бақырайтып қойып алдау мен ұрлаудың мысалдары толып жатыр. Жақында республика Президенті Қазақстан даму банкінің таңдаулылардың ғана банкіне айналғанын атап айтты. Бюджеттен 1,5 триллион теңге бұрынғы мемлекет басшысының ең жақын он адамына бөліп беріліп, жаңағылардың әрқайсысына орта есеппен 150 млрд теңгеден тиген. Мұндай ақшаға он мыңдаған адам тұрғын үй жағдайын жақсарта алар еді.
Сонымен «өтіріктен көз ашылар күн туар ма екен» деп зарыға күтумен келдік. Тоса-тоса әбден жалыққан жұрт ашуының қаңтарда тоспаны бұзған судай ақтарылуы заңды болатын. Мұны ескі биліктің ішінен шыққан арандатушлар өздерінің арам мақсаттарына пайдалануға жанталасты. Қазір өтірік пен ұрлықтың бетпердесінің ашылып жатқанын да көріп отырмыз. Бұ дүниеден шайқап өткісі келген сыбайластардың саса бастағаны байқалады.
Осы орайда, әсіресе жекелеген алпауыт компаниялар, тіпті мемлекеттік мекеме басшыларының «сүттен ақ, судан таза» болып көрінуден дәмелі әрекеттері де жиренішті-ақ. Ондайларға мәртебелі республикалық мәжілістің төрінен жауап берілді: өткен кезеңде қарымды бизнестің белгілі бір адамдар және құрылымдармен сыбайласпайынша жұмыс жасауы мүмкін емес болатын.
Ауыз суға зар Алаш
Басқасын айтпағанда, жер жәннаты – Жетісу өңірінде халық су тапшылығынан құтыла алмай отыр. Олай болса, нақты адам пайдасын көре алмаған макроэкономикалық көрсеткіштермен билік қалай мақтанып келген? Су, әсіресе ауыз су ұлт денсаулығының нәрі емес пе? Оның тапшылығы қатерлі аурулардың қаулап кетуіне әкеледі. Су жетіспеушілігінің экономика мен азық-түлік қауіпсіздігіне де тигізер зардабы аса ауыр.
Тіпті, су ресурстары жетіспеушілігінің мемлекетаралық қақтығыстарға әкеліп соқтырған оқиғалар да мәлім. Ресми деректерге қарағанда, республикадағы таза судың қоры 429 текше шақырым екен. Мұның көп, әлде аз екенін мамандар айта жатар. Зерттеушілер еліміздегі су тапшылығын өзен арналарының 90 пайызы көктемгі уақытта ғана толуымен және көрші мемлекеттердің аймағынан келуімен түсіндіреді.
Сонымен қатар су егістіктерді суғаруға көп пайдаланылып, оны дұрыс игере білмеуден келетін шығын да көп екен. Бұған жаһандық жылыну проблемасын қосыңыз. Бірақ бұл айтылғандар қанша негізді десек те, суға зәрулік бар ресурсты халыққа дұрыс жеткізіп бере алмаудың салдары болып табылады. Суға деп бөлінген миллиардтаған қаржының да кейбіреулердің қалтасына құйылып, құрдымға кеткендей суалғаны жасырын емес.
Ал статистикалық деректерге сенсек, халыққа таза ауыз судың 75 пайызы арнайы құбырлар арқылы жеткізіледі. Демек, мұндай мүмкіндік еліміздің әрбір төртінші тұрғыны үшін әзірге арман күйінде қалуда. Кейбір өңірлерде орталықтандырылған жүйеден су ішетіндердің саны 20 пайызға да жетпейді. Құбырлардың 60 пайызы әбден тозып кеткендіктен олардың суы таза емес.
Елімізде, сондай-ақ әрбір бесінші адам суды ашық көздерден пайдаланады, тіпті бірқатары тасымал суды қанағат тұтады. Жаңа айтқанымыздай, су жетіспеушілігінің негізгі себебі осы стратегиялық ресурспен қамтамасыз етудегі кереғарлықтар екенін мамандардың өздері де мойындайды. Республикада «Ақбұлақ» және басқа далақтаған бағдарламаларға жұмсалатын миллиондаған қаржының қайтарымы аз.
Тағы да сол, ресми деректерге қарағанда, бір ғана Алматы облысында 200-ге жуық елдімекенде су тапшы. Мәселен, Алматының іргесі мен Алатаудың бөктеріндегі Есік қаласында ауыз судың жетіспеушілігін немен түсіндіруге болады? Егер Жетісуда суды тасып ішіп отырса, шалғайдағы және шөлейтті аймақтардағы ел шөлдемегенде қайтсін! «Ауыз суға зар Алаш, ЭКСПО сенің не теңің еді?» – деуден басқа амалымыз жоқ.
Әсілі, дағдарыс кезінде дабыраның көбеюі заңды екен. Бұл да кейбір саясатшыл азаматтардың назарын жақтау мақсатында ойлап тапқан технологиясы, айла-тәсілі екеніне күмән жоқ. Ең масқарасы, ел-жұрттың шөлін басудың орнына, бюджет қаржысының өзін-өзі ақтамайтын ЭКСПО секілді халықаралық шараларға судай шашылғанын айтсаңызшы. Оның есесіне көкейкесті мәселелерден алдарқату үшін арзан ән-күй өзеуреді.
Дағдарыста дабыра көбейеді
Қоғамды дағдарыс алқымнан алғанда, әулегі ән мен жағымпаз күй құлағымызды тығындады. Дөкейлер дүркірете той жасады, тіпті өзгеміз де несие алып, шала бүліндік. Әсіресе әншілердің көбейіп қана қоймай, негізінен солардың ғана мемлекеттік марапатқа бөленуі еріксіз ойландыратын. Сондай-ақ жұмысшы мен құрылысшының, фермер мен инженердің, дәрігер мен мұғалімнің тасада қалуымен келісу қиын болатын.
Рас, біз – рухани мұрасы бай елміз. Бірақ жаһандану заманында білім мен ғылымды, өндіріс пен жаңа технологияларды дамыту бірінші кезекке шықса керек еді. Шәкәрім қажы «күнде күлген жындының ісі емес пе?» демекші, елдегі дағдарыс пен жаһандық бәсекелестік дәуірінде ойын-сауық шектен асты. Күн сайын өлең мен ән толғататын «дарындар» шықты. Еріксіз ренжисің: «Тауық та тәулігіне бір-ақ рет жұмыртқалаушы еді ғой?!».
Ойлап отырсақ, қазіргі желбуаз мадақ пен марапаттың өзіндік себебі де жоқ емес. Бұрын қалталылар өз қуанышына ән мен жырдан шашу шашқан өнерпаздарға ат мінгізіп, шапан жабатын. Қазір той-томалағында тегін қызмет көрсеткен өнерпаздарға қолында билігі барлардың өз қарызын түрлі марапаттармен мемлекет есебінен қайтаратыны жасырын емес. Өнерпазды ерте жастан лайықты бағалау – шабытқа шабыт қосатын жарасымды өнеге.
Бірақ өнердің өркендеуіне айтарлықтай ат салысқан жетпістегі ақсақалмен қатар той думанын қыздырып, кейбіреуді «қарызға батырған» жиырма-отыздағы өнерпаздың «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атануының еш қисыны жоқ. Осы орайда жақында Мемлекет басшысының «халық әртісі» атағын қайта қалпына келтіру туралы тапсырма беруі де біраз кереғарлықтың бетін ашады.
Жалған дабыра мен дарақы сән-салтанаттан арылатын кез баяғыда жетті. Іс жүзіндегі зайырлы, заң билейтін қоғам құрмайынша, бақытсыз адамдар азаймайды. Өтірік жайлап, әділеттілік естен шығарылған елде өмірдің сәні солғын тартып, отаншылдық ұғымы арзандайды. Сонда тағы қанша күтуіміз керек?.. Тым асығатын секілдіміз бе, бірақ асықпай тағы болмайды. Президентіміз айтпақшы, «адамдар бүгін бақытты болуы керек».
Біз жеке басқа табынған жылдарда шындықты айта да, жаза да алмадық. Ондай батырлық қайдан келсін? Қорлық көрген халықтың ашуы тасыған қасіретті қаңтардан кейін ғана «суайт саясаттың сыйқы» батыл әшкерелене бастады. Ендігі жерде ел тірегі тек қана шындық болсын деп тілейміз.
Болат Жүнісбеков,
жазушы