Әдебиет – қиянатсыз көпір
Жазушы, драматург Джавлон Джовлиев 1991 жылы Өзбекстан Республикасы Қашқадария облысы Қамашы ауданы Гиштли ауылында дүниеге келген. 2010-2014 жылдары Өзбекстанның Мемлекеттік өнер және мәдениет институтында «Көркем журналистика» мамандығы бойынша білім алған. Өзбекстан Мемлекеттік өнер және мәдениет институты, «Өнер теориясы және тарихы» (Сахна және экран драматургиясы) кафедрасының аспирантурасын тәмамдаған. «Қорықпа» романының және бірқыдыру повесть, хикаят жинақтарының авторы.
Қазіргі таңда Әлішер Науаи атындағы мемлекеттік Әдебиет музейінде қызмет атқарады. Шығармалары ағылшын, орыс, түрік, парсы тілдеріне аударылған.
Анадолы топырағына бүкіл түрік әлемнің жазушылары жиналған (2022 жылы 2-5 маусым аралығында Ыстанбұлда өткен IV Түрк әлемі әңгіме фестивалі) әдебиет тойында Джавлон Джовлиев есімді замандас өзбек жазушысымен танысқанмын. Алқалы жиынның бір отырысы бүгінгі өзбек әдебиетіне арналды. Сол кездесуге белгілі жазушы Дәурен Қуат екеуміз арнайы қатысып, өзбек әдебиетінің қазіргі тынысымен танысып, даму барысына куә болдық. Сол секцияда замандасым Джавлон көсіле баяндама жасап, ортақ әдеби байланыстарымыздың арғы-бергі тарихына шолу жасады. Ойы терең, рухы биік азаматтың пікірі көптің көңілінен шыққан-ды.
Міне, содан бері Джавлон сырлас дос, айнымас бауырға айналды. Оның «Қорықпа» деген романын оқып шықтым. Шығарманың тіліне, көркемдігі мен идеясына сүйсіндім.
Джавлонмен жуырда сұхбаттасқан едік. Ыстығы басылмаған екеуара әңгімені қазақ оқырманының назарына ұсынуды жөн санадық.
– Джавлон бауырым, сөзімізді бүгінгі өзбек әдебиетінің жай-күйінен бастасақ қалай қарайсыз?
– Бастасақ, бастайық. Өзбек әдебиетінің қазіргі жағдайы жақсы деп ойлаймын. Әдебиет тұлғалармен, таланттармен өмір сүреді, оларсыз өледі. Біз де көрші елдер сияқты қиын-қыстау экономикалық кезеңдегі әдебиетті бастан өткердік. Көп нәрсе қолдан кетті, көп нәрсе табылды. Ең бастысы – өзбек әдебиеті өз төңірегінде өміршең екендігіне көз жетті. Жақсы шығармалар жазылды. Жазылып та жатыр. Жазыла да берер… Толассыз кітаптар шықты, шығарылуда. Әрине, кейінгі онжылдықта жазылған түрлі бағыттағы, түрлі жанрдағы шығармалар да жаңалық та, өзгешелік те бар. Сөз өнеріндегі даму жоғары деңгейдегі шығармалар жазылса ғана болады. Сондай шығармалар жазылды. Бір шығарманың өзі талай тосқауылдарды ашып, оқырман назарын өзбек әдебиетіне аударуы мүмкін. Шыңғыс Айтматовтан кейін ендігі сәтте өзбек әдебиеті, жалпы Орталық Азия әдебиеті ретінде әлемдік деңгейге әлі талай рет шығып, жұрт қызығушылығын тудырады деп ойлаймын.
– Сіздің жазушылық жолыңыз қалай басталды?
– Жазушылық жолым қалай басталғанын нақты білмеймін. Мен Өзбекстанның оңтүстігінен, Қашқадария облысынанмын. Біздің арамыздан ағып өтетін өзеннің аты – Қашқадария. Ұлы Әмір Темірдің туған жері. Мен сонда өстім, бала кезімнен бірдеңе жаза бастадым… Далада қой бағып жүріп, көп армандап, түнде жазып жүретінмін.
Әкем көп кітап оқитын, мен көбінің мағынасын түсінбесем де, үлкен романдарды қызықтап оқи бастадым. Ертегілерді көп оқымадым.
Өмірдің қиындығы мені ерте өсірді, кітап жол көрсетті. Сонда мен өзімді тек жазушы ретінде көрдім, алайда «бұл жұмысқа» (көркем әдебиет) көп уақыт бөлмеуге тырыстым, материалдық жағдайымды жақсартуды ойладым. Әкемнің жалғыз ұлы болғандықтан, отбасын асырау керек болды, бірақ ештеңе жазбай, босқа жүру мүмкін емес еді. Материалдық жағдай деп басқа жолды таңдасам, жазбасам өмір сүре алмайтынымды, әдебиеттен алшақтап кетсем, жанталасып жүріп, жағада қайрандап қалған қайықтай болатынымды түсіндім, өмір сүру мүмкін емес сияқты көрінді… Жүрегім жазып жатты, мен одан күш алдым. Сөйтіп бәрінен бас тартып, қағаз бен қаламға ғана ден қойып, толық жазу ісіне отыруым, бәлкім, үлкен әдеби өмір есігін ашуым – осылай басталса керек деп ойлаймын.
– Достым, сіздің «Қорықпа» деген романыңыз қазіргі өзбек әдебиетінің табысы деп бағаланды. Қуанышыңызға ортақтасып, шын жүректен құттықтаймыз! Осы романыңыз туралы айта отырсаңыз.
– Жан жадыратар жақсы сөзіңізге көп рақмет, Елеке! Кітаптың өзбек әдебиетінде ерекше оқиға болғанына қуаныштымын. Шынымды айтсам, мұндайды күтпеген едім. Бұл кітабымды төрт жыл жазып, көп еңбек еттім. Әдебиет шығынсыз, тәуекелсіз жасалмайды. Отбасымның қажеттілігін былай қойып, күні-түні ізденіп, тарихпен сырласып, жазып шықтым. Роман жарық көргеннен кейін Өзбекстанның, бірқатар шет елдердің марапаттарына, әдеби сыйлықтарына ие болдым. Алғашқы романымнан түскен табысым шығынымды, қарызымды толық өтеді. (Күліп, өткен күннің оқиғасын еске алды – Е.Т.). Романым атымды шығарды, лауреат атандым.
Роман желісінде өткен ғасырдың 20-жылдарында Түркістаннан Германияға оқуға жіберілген студенттер туралы баяндалады. Оқуға жолдама алған студенттер арасында қазақ жастары да болған. Ол кездің жастары мәслихатты бір санап, азаттық үшін бірге күрескен, бірге білім алған, бір мейізді бөлісе жеген жандар болатын. Романда тек сол студенттер ғана емес, бүгінгі өзбек студенттері, олардың арман-тілектері ұштасты. Ұлтымыздың өзегіне жүз жылдан бері жабысып кетпей, тамырына құрт болып түскен дерт, біздің ұлттық құндылықтарымызға балта шапқан зұлымдықтар туралы айтылады. Роман бүгінгі жас жігіттің өмірінен басталып, Германияда жеткен жетістігімен аяқталады.
Менің осы романым былтыр Өзбекстанның ең көп оқылған «Жыл кітабы» болып танылды. Өзбекстан Президенті шығармашылығыма құрмет көрсетіп, маған «Болашақ құрылысшысы» медалін табыстады.
Ең үлкен марапат – оқырмандарымның көп болуы, халықтың сенімі және менен жаңа туындылар күтуі деп білемін. Оқырман үмітін ақтау үшін қызмет етемін.
– Драматургия саласында қалам тарта бастапсыз. Қадамыңыз сәтті болсын!
– Айтсын! Иә, мен Өзбекстан өнер және мәдениет институтында «көркем журналистика» мамандығын бітірген соң, драматургия және өнертану магистрі дәрежесін алдым. Демек, театр өнері де менің қаламыма жат емес. Мен театрды жақсы көремін. Студент кезімнен драмалық шығармаларды көп оқумен, зерттеумен айналыстым. Театрға жиі барып, эксперимент жасайтынмын.
Жақында Өзбекстан астанасындағы тарихи театрлардың бірінде Муқими (соғыс кезінде салынған театр) атты музыкалық театрында репрессия құрбаны болған жалынды ақынымыз Осман Насыр туралы пьессам сахналанды. Осман Насыр – 24 жасында түрмеде отырса да, көп істі тындырып, елге танылған тұлға. Магаданда айдауда жүріп қаза тапқан қайраткер. Бұл туынды оның және барша репрессия құрбандарының алдындағы ұрпақтық парызым ретінде жазылған. Тағы да басқа туындыларым ретіменен көрерменге үлкен сахна арқылы жол тартады деп сенемін.
– Қазақ әдебиетінен кімдердің шығармаларын оқыдыңыз? Өзбек ағайындар қазақ әдебиетін оқиды ма?
– Өз басым қазақ әдебиетін жақсы құрметтеймін және міндетті түрде оқимын. Біз Абайды атамыздай білеміз, мен үшін Олжас Сүлейменов арамыздағы үлкен ақын. Осы күнге дейін бірнеше мәрте Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын сүйіп оқыдым. Оның үстіне Өзбекстанда Мұхтар Шахановтың, Сәбит Мұқановтың, Әбділда Тәжібаевтың шығармашылығы танымал деп айтуға болады.
Жуырда Ыстанбұлда өткен Түрік әлемінің хикая фестиваліне Қазақстаннан қонаққа келген Дәурен Қуат, Роза Мұқанова сынды екі үлкен шығармашылық иесімен таныстым. Үшеуміз де бір өзеннің суын ішкен, өте жақын адамдар болғандықтан, мен оларды алғаш көрген бойда біртүрлі ерекше күйге түстім. Мен оларды қатты құрметтеймін және алдағы күндері қарым-қатынасымыз жалғасады деп сенемін.
Театр сахналарында Мұхтар Әуезовтің «Абай», Ғабит Мүсіреповтың «Жібек қыз», Әбділда Тәжібаевтың «Көтерілген күмбез», Шәкен Аймановтың «Абай – ел баласы», Қуандық Шаңғытбаевтың «Жан қыздары», Алтыншаш Жағанованың «Әзірет ауылы» спектакльдері сахналанды. Әлі күнге дейін еліміздің бірқатар театрларында осы спектакльдер қойылып жатыр.
Бірақ біздің қазіргі әдеби қарым-қатынасымыз жақсы емес. Қазақ әдебиетін көп қамтымаймыз. Қазақтың бүгінгі әдебиетін білмегендіктен жаңа есім, жаңа шығармадан мақұрым болып қала бердік. Өзбек бауырларыңыз бұрынғы қазақ-совет жазушыларын ғана таниды. Өкінішті.
Шындығында, достықтың ең үлкен көпірі – әдебиет, ол – қиянатсыз көпір. Екі елдің өнер қайраткерлері мен мемлекеттік қызметкерлері, елшілері әдебиетті насихаттауға шындап көңіл бөлуі керек деп ойлаймын, өйткені өзбек халқының атақты ақыны Ғафур Ғұлам «Қазақ халқының ұлы тойы» деген өлеңінде айтқандай:
«Біз тағдырласпыз:
Мың жылдар бар қол жетпейтін –
Туысқандық тарихымыз.
Екі басқа бір маңдайдай
Жарқырайды тағдырымыз!».
Міне, осы өлеңдегідей ортақ тарихымыз бар. Сол тарих пен әдебиетті ұштастырып, екі елдің арасын жалғай алар ма екенбіз?!
ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде ұлттың дамуы үшін күрескен жаңа заманның атасы, ағартушы Махмұдқожа Беһбуди атамыз қазақ халқына мынадай сөз айтқан: «Балаларым (қазақ діндарлары), бірігіңіздер! Көрдіңіз бе, бүгінгі орыстар да бірігіп жатыр. Енді бірігетін уақыт жетті. Сен кетсең, түрікмен туыстарың кетсе, Түркістан түркілері үш елге бөлінсе, автономиядан олардың бәрі де пайда көрмейді. Қарындас мұсылман туыстарыма да айтар сөзім бар. Бірігейік!».
Бұл сөздің маңызы әлі жойылған жоқ деп санаймын. Әдебиет қашанда бірлікке шақырар көпір. Екі елде де әдебиет күндерін өткізу, кітап шығару мәселесін шындап ойластыру керек. Бұл біздің ынтымағымызды арттырады, күшімізге қуат беріп, бірлігімізге береке еселейді.
– Сіз тарихи бағытта жазады екенсіз. Атап айтқанда, сіз ХХ ғасырдың басындағы Түркістан өлкесіндегі жадитшілік қозғалысы туралы жаздыңыз. Өзбекстанда совет қоғамында жазылған, бұрмаланған тарихты қайта жазу әрекеті қалай жүріп жатыр? Яғни, десоветизация және декоммунизация процесі басталды ма?
– Совет өкіметі жазған жалған тарих пен құжаттарды қайта жазу елімізде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан, яғни, 1991 жылдан бастап қарқынды жүргізіле бастады. Бірақ ол жүйелі түрде жүргізілмей, әлі де аяқталмай келеді. Меніңше, бұл жұмыс ортасына да жетпеді. Алайда, ұлт тарихын тану ісі жалғасуда. Әлдебір баяулық, күрсіну сезіледі. Бірақ өткенді іздеу, тану жұмысы жүріп жатыр, тарихшылар мен саясаттанушылардың жаңа буыны өріске шығып, колонияның бізге не істегенін жан-жақты зерттеп, оның тамырын ашып жатыр, бірақ жүйелі емес. Тарихты жалғандықтан тазарту Орталық Азия халықтарының бірлігіне қызмет етер еді. Мұны тек өз мемлекетімізде тану, зерттеу аздық етеді…
Өзімнің жеке шығармашылығымда барынша шынайы жазуға тырысамын. Бұрмаланған оқиғаны ақтау, тазалау – жазушының жұмысы.
– Болашақтағы жоспарыңызбен бөлісе отырсаңыз?
– Екінші романым Қазақстанмен тікелей байланысты және оқиғалар қазақ даласында өтеді. Қазір осы шығарманы жазу үстіндемін. Мазаны қашырған, ұйқыны бұзған ұлттық мәселе туралы тарихи шығарма. Сондықтан мен жақын арада Қазақстанға барғым келеді. Мен бұл ұлтты өзімнің туған-туысымдай, ең жақын бауырымдай көремін. Басымыздағы ортақ дертімізді бір кісідей білемін.
Әдебиет арқылы адамзатқа айтар сөзіміз көп, Алла амандығын берсе, солардың бәрін айтармын! Қазақ әдебиетінің де өсіп, дамығанын көрейік!
– Джавлон бауырым, өзіңізге шығармашылық табыс тілеймін! Жазарыңыз таусылмасын!
Сұх баттасқан
Елдос ТОҚТАРБАЙ