Жөргекте жатып бата алған
06.01.2012
2152
0
820947_283318987_KonaevҚонаев тұлғасының қырларын аша түсу үшін бауырларымен сөйлесіп көрдік. Талай шыңды бағындыра білген саясаткер Қонаевты қоя тұрып, елін біліктілікпен басқара білген басшы Қонаевты да қоя тұрып, қарапайым адам, отбасының бір мүшесі ретінде ол кісінің келбетін таниық дедік. Тегін тексеріп, ілік іздегеніміз жоқ, Қонаев феноменін айқындай түскіміз келді. Қонаев жайлы дақпыртты көбейтейік демедік, керісінше аңызы мен ақиқатын айырғымыз келді.

Сара ҚОНАЕВА, қарындасы

Сүйінбайдың өлеңдерін толық білетін

Біз – Димекең екеуіміз бір әке, бір шешеден тудық. Ол кісі үйдегі үшінші бала. Үлкені­міз – Әмина деген апамыз. Ол кісі көтерілісші Айтжан Түркебаевтың жұбайы. Одан кейінгі апамыздың аты – Мәймуна. Камал Қадыр­жа­нов­тың жары. Үшінші – Димекең. Димекеңнен кейін Наиза, Набила, Фазила деген апаларымыз болған. Назила мен Фазила оқу оқып жүр­ген жерінен өздері сұранып, соғысқа аттан­ған. Одан кейінгі Гаухар, атақты сәулетші Бәсеновтың әйелі. Гаухардан кейін Едіге деген ұл болған екен. Оны әкеміз кішкентай ке­зінде далаға алып шыққанында көлденең жұрттың көзі тиген деседі, сол күні­-ақ мұрттай ұшыпты. Шетінеп кеткен. Одан кейін – мен. Димекең екеуіміздің арамыз он бес жас. Менен кейін Асқар деген ұл, Роза атты сіңілім бар.
Атамыз Жұмабай – арабша сауатты, қа­жы­лық­қа барған, діндар адам екен. Әкеміз Мең­ліахметті де өзінің жолын қуса деп армандап, арабша да үйретіпті. Бірақ әкеміз молда болмаймын деп, он төрт жасында оқуын тоқтатады. Ол кезде орысша оқуға жағдай жоқ, Верный­дың атақты саудагері Ысқақ дегенге есік алдын сыпыратын қызметші болып жұмысқа орналасады. Одан қоймаға жүкші болып ауысады. Өзі зерек адам еді, сол жерде сатушылар­мен араласып, ананы-­мынаны сұрап жүріп, сау­да ісін үйрене бастайды. Ақыры кіші сатушы болып жұмысқа алынып, одан өз алдына сауда­гер атанады. Ысқақбайдан несиеге ақша алып, үй де салған екен. Ол үй қазіргі Абылай хан көшесі мен Гоголь көшесінің қиылысында болған. Кейін Кеңес өкіметі орнағанда ол үйді тартып алған да, әкем отбасымен көшіп кеткен. Содан ұзақ жылдар бойы Алматының айнала­сын­дағы Есік, Шелек аудандарында тұрған.
Жұмабай атамыздың әулиелік қасиеті болған. Қажылықтан келе жатқанында менің нағашымның, яғни болашақ құдасының үйіне түседі де, шешемізді көреді. Ол кезде анам он үш жаста, әкем он бес жаста екен. Үйге келеді де, әкеме: «Саған келіншек болар адамды таптым», – дейді. Сол жылы екеуі ақ отауға кіріпті. Он үш жасар қыз, өзге жұртқа келгеннен кейін қанша мықты дегенмен қиналады ғой. Сөйтіп, мұңайып жүрген бір күнінде Жұмабай атамыз: «Қайғырма, шырағым, сен әлі­-ақ бақытты боласың», – деп жұбатқан екен.
Шешеміз, марқұм асыл жан еді. Ел еркеле­тіп «періште» дейтін. Періште десе, дегендей еді. Балалары – біздің өзімізге ешқашан сен демей өтті ғой. Арабша білетін. Үйде бірнеше араб тіліндегі діни кітаптар болатын. Соны оқып, бізге қазақша мазмұнын айтып отырушы еді. Заманның ауанына қарамастан, бізді діндар қылып өсіруге тырысты.
Жұмабай атам кейін Димекең туғанда да немересін қолына алып тұрып: «Маңдайы жар­қыра­ған кең, көзі шоқтай екен жарығым­ның. Бұйыртса, елі сүйген адам болады», − деп, батасын берген екен. Әлгінде Жұмабай атамыздың қажылыққа барғанын айттым. Ол кезде қазіргідей емес, жол ауыр. Жеті айдай сапар шегіп, Ауған мен Үндіні ба­сып, жаяу­жалпылап, ауыр жолды бастан өт­керіп, елге аман оралғанымен, ауыр науқас жұқ­тырып келеді. Содан ол кісі менің әкемнің қолында тұрған.
Әкеміз де бір әке, бір шешеден он бір ағайын­ды. Бала күндерінде жағдай жоқ, базардан әкелген аяқ киімді кім бірінші киіп алса, соныкі болады екен. Ер жеткен кезінде де оқи алмай, сонысы үшін біраз қиындық көреді. Сондықтан да өзі көрген азапты балалары көрмесе екен дейтін, марқұм. Жағдайдың ауырлығына қарамастан барлығымызды оқы­ту­ға тырысты. Димекең отызыншы жылдардағы аштық кезінде оқыды. Тамақ асырау үшін қала сыртындағы құрылыста да істеген. Ауылдан бір тиын келмейді, елден алыста жүріп, өз кү­нін өзі көрген. Кейінде әкем екі рет қатты қуан­дым дейтін көрінеді. Оның біріншісі − «Димашымның оқуын бітіріп, дипломын алып келгені, − дейді екен, − Ал екінші қуанышым – оның қызметке тұрғаннан кейін «үйленемін» дегені.
Димаш ағам «үйленемін» деген хабарды жеткізгенде – жиырма жеті жаста. Сол жылы бір музыкант досы ағама хат беріп жіберіпті. ашып қараса, өзіне жазылған хаттан басқа Ішінде тағы бір хат бар екен. Ағам сол «сәлем­демені» сыртында көрсетілген мекен-жай бойынша тап­сыруға барса, есікті жап­-жас қыз ашады. Хатты береді. Сөйтсе, есікті ашқан қыз – Зухра жеңгеміз екен.
Зухра жеңгеміз бізге шешедей болып кет­ті. Мінезі көркем, ақылға да, парасатқа да бай, әзиз жан еді ғой. Ағам екеуінің махаббаты адам таңқаларлық еді дейді көзі көргендер. Димаш ағам жұмысқа кетіп бара жатқанында жеңгем есік алдына шығып, ол кісі машинаға мініп, ұзап кеткенше қарап тұрады екен. Димекең оқымаған кітаптарды оқиды екен де, кешке келгенде айтып береді екен. Жеңешем­нің ел біле бермейтін тағы бір ерекшелігі, бұл кісі де өте діндар адам болған. Димекең арқылы Арабияға, Мысырға барған адамдардан Құран алдыратын болған. Он бес­-жиырма Құран кітабы болған. Арабша оқыған. Өте қымбатқа алғызған тұмары да болыпты. Ол тұмарды өзімен бірге жерлеуді аманат еткен. Димекең туралы да кейіннен бес уақыт намаз оқыған деген әңгімелер айтылып жүр. Шыны керек, ол туралы біз білген жоқпыз. Бірақ Құранды жақсы оқитын. Кейде Құран оқылған жерде оқыған адамның қателерін түзетіп отыратын.
Әулетімізбен мереке кездерінде Димекең­нің үйіне жиналатынбыз. Димекең ондай кездері топты өзі басқарып, күлдіріп отыратын. Өзі өнерге жақын адам ғой. Ақынжанды болатын. Шашубайдың жырларын жатқа айтып, Сүйінбайдың өлең­дерін толық білетін. Әнге де құмар еді. Мәс­кеу­де оқып жүрген кезінде айлық шә­кір­тақысына тамаққа талон алады екен де, қалғанына театрға билет алады екен. Сонда жүріп қаншама өнер адамдарымен танысады. Ағамды сол жылдары бүкіл Мәскеу таныған ғой.
Қазақстанның жер-­жерін аралап жүрген кезінде әрбір жұмысшының жағдайын сұрап, әр адамға көңіл бөліп жүретінін ел аңыз ғып айтады. Сондай іс­сапарының бірінде алдарынан бір әйел шығады. Димекеңе үйге кіре кетіңіз дейді. Басшылықтың барлығы ат басын солай бұрады. Кірсе, үй балшықтан қаланған, іші сыланбаған, өзі аядай ғана, жағдайы өте тө­мен екен. Үйдің иесі «жеті жастық қойып: «Осы­ны басып өтіңізші, балаларыма қасиетіңіз жұқ­сын!», – депті. Сөйтсе, Димекең жас­тық­тың біреуін алып, бетіне басыпты да: «Жас­тықты баса алмаймын, одан да осы жастыққа жетеуі кезек-­кезек жатып шықсын», – депті.
Бізге әрдайым қамқор болып жүрді. Әрқа­шан да өздерің жұмыс істеңдер, еңбек етіңдер, деп отыратын. Ол кісі ел басқарып тұрған кезін­де шамамыз келгенше көп мазаламауға тырыстық. Не айтса да тыңдайтын едік. Мен тоғызыншы сыныпты бітіргенімде сол кісінің айтуымен дәрігерлік оқуға құжат тапсырдым. «Әке­-шешеміз қарт адамдар, біздің үйге де бір дәрігер керек шығар», – деп еді сонда. Сөйт­сем, ағатайым сол кезде­-ақ бәрін алдын-ала ойлай­ды екен ғой. Бірақ өзінің қарттығын ойлай алмапты. Үнемі өзгелер үшін қайғырып жүретін ағатайым өзінің жағдайын ойламаған күйі бұл дүниеден өтіп кетті…

Диар ҚОНАЕВ, Асқар Қонаевтың ұлы:

Өмірден ешкімге ренжімей аттанды

Бала кезімізде біз үшін Димекеңнің үйіне бару бір мереке болушы еді. Жеңгеміз Зухра Шәріпқызы керемет аспаз болатын. Біз келеді деп иісін бұрқыратып тұрып тамақ дайындап қояды. Тәтті-пәттіні де үйіп-төгеді.
Кешке жұмыстан келген Димаш ағаның айналасына улап-шулап отырып алып, әңгімемізді айтатынбыз. Ол кісі балаға ұқсап, сұрақтар қойып, кей кездері бізбен қосылып ойнап та кететін. Мен көшеден естіп келген саясат жайлы әзілдерімді айтамын. Димекең рахаттанып тұрып күлуші еді. Тағы айт дейтін содан соң. Мен: «Брежнев бір күні жұмысында шай ішіп отырса, Хрущев қоңырау шалыпты…», – деп тағы бір қалжыңымды бас-
тайтынмын.
Ол кез Димекеңнің ат үстінде жүрген кезі еді. Кейін жасы ұлғайып, еңбек демалысына шықты. Сол кездері биліктегілер үйіне күзет қойып, келген адамдарды бақылап отырды. Қазір үйқамақта ұстады деп жүр ғой, бірақ ол үйқамақ деуге келмейді. Димекең үйіне еркін кіріп, еркін шыға алатын. Және қарапайым адамдар қонақ болып келіп те жатты. Тек бұқаралық ақпарат құралдарын кіргізбей қойды. Шетелдерден қаншама журналис-
тер келіп, есіктің аузынан қайтты. Бірде, тіпті, Димекең қала сыртына демалуға шығып, телефон арқылы жасаған келісімі бойынша шетелдік бір тілшімен сол жақта кездескені де бар. Ал кейбір доспыз деп жүрген адамдар сол жылдары Димекеңнен өздерін аулақ ұстауға тырысты. Бұрынғы жақындықтарын ұмыт­қан адамдарша жүрді. Жаңадан билікке келгендерге жағынамыз деп жүріп, Димекеңнің халін сұрап келуге уақыттары болмай кетті. Бірақ ондай жайды Димаш аға ешқашан аузына алған емес. Бұл менің өзімнің байқағаным.
1990 жылы Димекеңе жарты ғасыр жар болған Зухра жеңге­міз дүние салды. Сол жылы мен отбасыммен Димекеңнің шаңырағына көшіп бардым. Сөйтіп үш жыл бойы ол кісімен бірге тұрдым. Бұл үш жыл – Димекеңнің Зухрасынсыз өткен үш жылы еді. Бұл үш жыл – ол кісінің өмірін қорытындылаған, соңғы үш жылы еді.
Димекең таңертең өте ерте оянушы еді. Жуынып, шайынады да, таңғы жаттығуларын жасайды. Содан соң далаға шығып, таза ауада серуендеп қайтады. Келген соң күнделікті уақытымен таңғы ас ішуге отырады. Күн сайын солай. Бәрін де уақытымен істейді. Таңертең кетіп бара жатқанымда маған түскі астың уақытын айтады. Егер кешігіп қалсам, өзі іше береді. Ал қалған бос уақытында көбінесе кітап оқитын. Үйде бес мыңнан аса кітабы бар. Соларға үңіліп отырушы еді. Өмірінің соңына дейін оқудан ажыраған жоқ.
Үйден қонақ арылмайтын. Қазақтың өнер адамдары келіп жатушы еді. Ол кісілер келді дегенше, кіші-гірім концерт басталды дей беріңіз. Үйдің іші думанға айналады. Мұндай кездерде Димекең өзін жақсы сезінетін. Әзілдеп, қонақтарды күлдіріп отыратын. Өзі ән айтпаса да музыкаға деген махаббаты өте күшті еді. Спортты да өте жақсы көрді. Серік Қонақбаев Олимпиадада алтын медальді ала алмай қалғандағы уайымдағанын көрсеңіз. Бір­неше күн соған өкініп жүрді. Елін, жерін сүюі де кісі қызығар­лықтай, ерекше еді. Кей күндері таңертең тұратын да: «Бүгін қазақша сөй­леңдер, бүгін мен орысша түсінбеймін», – дейтін. Сол күні тек қана қазақша сөйлейтін және бізден де соны талап етуші еді.
Қаншама жыл ел басқарған, батыл шешім қабылдай білетін адам болғанымен, Димаш аға ешқашан ешкімге айқайлап ұрыспаушы еді. Көңіліне ұнамай қалса, қабағын түйеді де қояды. Одан артыққа бармайды. Ешкімнің бетінен алғанын көрген емеспін. Және ешкімді де өзінен кем көрмейтін. Кішіпейіл еді. Кей кездері жеңгемізбен қосылып тамақ пісіріп жүретін. Онысын басқалар сияқты ұят санамайтын да. Не істесе де ол кісіге жараса кетуші еді. Бір шаруаны бастаса, соңына дейін жеткізбей тоқтамайтын. Өзінің өмірі жайлы естелік кітапты да өте аз уақытта бітірді. Кейде түннің бір уағында оянып алып, жазып отырады. Жарықтың жанғанын байқап, жанына барсам, маған: «Алаңдамай жата бер», – дейтін. Кейде есіне бір оқиғалар түскенін айтып, маған сырын да ақтарушы еді.
Димекең туралы кейіннен көптеген аңыз іспеттес әңгімелер айтыла бастады. Соның бірі – ол кісінің бес уақыт намаз оқығаны туралы. Мен үш жыл ол кісімен бірге тұрғанымда, ондай әрекетін байқамағанымды айтқым келеді. Рас, бір жылы Түркияға барғанымызда мешітке кіріп, жамағатпен бірге намаз оқып шыққаны бар. Қожа Ахмет Иассауи, Арыстан Баб кесенелерінің тұсынан өткенде тоқтап, құран оқитын. Ал, бес уақыт намаз оқыды дегенді өз басым кейін шыққан әңгіме ме деп ойлаймын (Мүмкін бізден тығылып оқыған шығар, кім білсін!..).
Өте балажан адам еді. Қашан да қалтасында тәттілер жүре­тін, кез келген жерде бала көріп қалса, айналып-толғанып, қалта­сын­дағысын беріп жататын. Және үлкен кісілерді қалай ұмыт­пай­тын болса, көрген балаларын да солай есінде сақтап жүруші еді.
Димекеңнің денсаулығы өте мықты болатын. Әлі есім­де, жастау кезінде күніне екі қорап темекі тартатын. 1974 жылы Есіктегі тоғанның бөгеті ашылып кете жаздап, қаланың жартысын су шайып кету қаупі төнген кезде қатты уайымдаған екен. Сондағы уайымы жүрек талмасына ұшыратыпты. Содан бастап темекіні де тастаған көрінеді. Соған дейін ауырмаған жүрегі күрт нашарлап, сол науқасы қартайған шағында меңдеп кетті. Көп қиналмай, көз жұмды.
Ол кісі өмірден ешкімге ренжімей кетті. Өміріме дән ризамын деуші еді. Қолымнан келгенін жасап кеттім, бағасын халық берер дейтін тағы бірде. Өмірден өтерінде маған өзі отыз жылдан аса тұрған үйін аманат етіп тапсырды. Мен ол үйде Димекең қайтқан соң он сегіз жыл тұрдым. Бірақ ешбір жерін өзгерткенім жоқ, ешбір затына да тиіс­педім. Ол кісі кеткенде қалай болса, тура сол күйінде сақ­тадым. Кітаптары да, ескерткіш бұйымдары да, өзі жи­наған оттықтары да сол күйінде тұр. Былтырғы жылы басқа үйге көштім де, ол үйді мұражайға тапсырдым. Енді бұрынғы мұражай халықтың сұрауы бойынша Димекеңнің үйіне көшіп келмек. Халықтың сұрауы дейтін себебіміз, мұра­жайды үйге көшіру туралы оған дейін бірнеше хаттар келген еді, ауызша айтқан адамдар да болған.
Тарихи оқиғаға байланысты, тарихи тұлғаға байланысты шындықтар уақыт өткен кезде шығып, уақыт өте келе шынайы баға беріле бастайды. Димекеңнің туғанына жүз жыл толу мерейтойы қарсаңында дайындалып жатқан шаралар соның бір көрінісі. Мен халықтың Қонаевына деген махаббаты артып келе жатқанына қуанамын. Барлығына да алғыс айтқым келеді.
Р.S. Димаш Қонаевтың ұлындай болып кеткен Диар Қонаевтың кеңсесінен шығып бара жатып, көкейімде жүрген бір сұрақты қойып қалдым: «Димаш Ахметұлының отбасылық суреттерін қарап отырып бір байқағаным, Димекеңнің анасы мен жұбайы ұқсайтын секілді?». Диар Асқарұлы: «Білмеймін…», – деп ойланып тұрып қалды да, күліп жіберді: «Иә, ұқсайды негізі». Өзімнің байқағыштығыма риза болған күйде қоштасып, шығып кеттім.

Ескендір Хасанғалиев,

Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

«Қара баяныңды ала кел»

1984 жылы Ташкент қаласының екі мың жылдық мерейтойы мерекеленген кезде Алматы қаласының басшылығы құттықтау хаты, сый-сыяпатымен қоса менің «Ташкент лирикасы» деген әнімді ала барыпты. Бұл ән ташкенттіктерге ұнағаны сонша, кейін Димекеңе хабарласып: «Сол әннің авторында атақ бар ма? Болмаса, біз берейік деп едік», – десе, Димекең: «Өзіміз береміз, алаңдамаңыздар!», – деп жауап беріпті. Сөйтіп, сол жылы «Халық әртісі» деген атақты маған өз қолымен тапсырды. Мен ол кезде ташкенттіктердің әңгімесін естімеген едім. Кейін Димекеңмен жақын араласқан кезде айтып берді.
1990 жылы мен авторлық кешімді өткіздім да, соған Димекеңді құрметті қонақ ретінде шақырдым. Жоғарыда айтқан жақын араласуым сол кештен кейін басталды. Отбасымызбен үйіне барып жүрдік, ол кісі де біздің үйде қонақта болды. «Ана қара баяныңды алып келші. Келін бар, Біржан бар – бәріміз отырып бір шай ішейік!», – дейтін. Димекеңнің үйінде ол кезде музыкалық аспап жоқ екен. Бұрынырақтағы бір үлкен, қымбат пианиносын жетімдер үйіне сыйлап жіберіпті.
Өнерге өте құштар адам еді. Қай әннің авторы кім екенін жатқа білетін. Бірде Мағжанның өлеңін қазақша жатқа оқып бергені бар. Мен таңқалғанымды жасыра алмадым. Қайдан білесіз деп жатырмын ғой. Сөйтсем: «Бала кезден оқып өстік қой», – деп күледі.
Димекең өзі қандай сымбатты, келбетті адам болса, ішкі жан дүниесі де сондай көркем еді. Ешкімге қатты сөз айтпай, «қарағым», «шырағым» деп мейірін төгіп отыратын. Айналасындағылардың еркін отыруына бар жағдайды жасап отырушы еді. Бірақ мысы да басып тұратын. Неше рет үйіне қонақ болып барсақ та, ешқашан мына әңгімені айтыңызшы деп, артық сұрақ қоюға батылымыз барған жоқ. Өзінің сөзін тыңдап, көңілін аулауға тырысып қана жүрдік.
Дінмұхамед Ахметұлы – қазақтың біртуар азаматы. Ол кісі жайлы аңыз көп. Соның барлығы дерлік шындыққа жанасады. Себебі, Димекең баяғының дастандарындағы батырлар сияқты кесек Тұлға. Аңызға кейіпкер боларлық жөні бар Тұлға.

Жақсылық Үшкемпіров, еркін күрестен Олимпиада чемпионы:

«Димекеңнің «бір жапырағы» едім»

Біз 1980 жылы Олимпиада чемпионы атанып келгенімізде Диме­кең бізді өзі қарсы алды. Мәжіліс залында қабылдап, алғысын айт­ты. Барлығымызға арнайы дайындаған сыйлығын үлестірді. Ол кез­де жеке сөйлесетін мүмкіндігіміз болған жоқ. Мен көппен бірге бол­­дым, ол кісі басшы ретінде барлығымызға бірдей лебіз білдір­ді.
1987 жылы ол кісі еңбек демалысы­на кеткен кезде Қазақстан Жазушылар одағының сол кездегі төрағасы Олжас Сү­лейменов екеуі­міз келісіп, күрестен Димекеңнің атындағы турнир өткіз­дік. Үлкен кісінің бір жағы­нан көңілін аулайық деп, бір жағы айт­қан алғысымыз болсын деп ұйымдастырған едік. Турнир өзіміздің спорт залында, балалар арасында ғана, кіші-гірім түрде өтті. Димаш Ах­мет­ұлы сонда балаша қуанып еді. Болашақ елімізді қорғайтын жет­кіншектер өсіп келе жатқанына көңілі толып, сүйсініп отырды.
Сол жолы ол кісі менен:
– Әй, Жақсылық! осы сен бір жапырақ болып алып, Олимпиадада қалай жеңіп келдің? – деп сұрады таңқалған адамдай. Мен түсіндіре бастадым:
– Димеке, күресте әркім өз салмағында күреседі. Менікі ең төменгі, елу екі келідегі салмақ. Мен сол өз салмағымда чемпион болдым.
Сөйтсем, Димекең қарқылдап күліп:
– Солай десеңші! Бәсе, мен сені бәрін жығып, алдына келгенді шыдатпай, түк қалдырмай қырып келген екен десем, – деп еді. Оры­ны­мен айтылған ағалық әзілге біз де күліп жатырмыз. «Бір жа­пырақ» деген сөзі менің жүрегіме жылы тиді. Елағасы еркелеткендей болып еді.
Димекең – ғасырда бір туатын адам. Қазақтың тарихында ерекше маңызды болған жиырмасыншы ғасырда елді басқарып, өзінің мойнындағы жүгін абыроймен арқалап кеткен Ер. Димекеңді кейінгі ұрпақ ұмытпауы керек.

Дариға Тілендиева, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі

Адамды алалаған емес

Димаш аға Нұрекеңді өнер адамы ретінде өте жоғары бағалады. Еңбек демалысына шыққаннан кейін де Нұрекеңмен жақсы қарым-қатынас жасап жүрдi. Нұрекеңді үйіне жиі шақырды, ілесіп біз де бардық. Ол кісінің үйінде бірқатар өнер адамдарымен, басшылық қызмет атқарған ағаларымызбен, апаларымызбен кездесіп, таныстық. Қызымыз өмірге келген кезде Нұре­кең оған ешкімде қайталанбайтын ат қойды. «Сіздің аты­ңыз бен жеңгемнің атын қосар­ландыра – Дінзухра қойсам қалай?» , – деп рұқсатын алды. Димаш аға бұған балаша қуанды. Димаш аға Динара (мен үлкен кісілердің атын атай алмаймын деп, қызымды Динара дедім) қызынан аталық сезімін аямады. Қай жаққа барып келсе-дағы қызыма базарлық деп, сый­лықтарын үйіп-төгіп тастайтын.
Зухра апамыз дүниеден қайтқаннан кейін біз үлкен кісіні үйге шақырдық. Менің әкем Хамза Димаш ағамен түйдей жасты. Нұрекең үлкен кісімен бірге болсын деп, ауылдан арнайы алғызды. Сондағы әкемнің қуанғанын көрсеңіз. Нұрекеңе алғысын жаудырып жатыр. «Димашты өмірімде көрем деп ойламап едім, ол кісімен мені дастархандас еттің ғой, ол кісінің жүзін көріп, әңгімеле­сіп, амандасып, бірге отыр­­ғаныма сондай бақыттымын, менің енді арманым жоқ», – деді. Әкем секілді адамдар Димаш ағаны көрмек түгілі, атын естісе, мәз болатын. Ол кісі қонақта екі жарым сағаттан артық отырмайды екен. Біздің үйде әңгімелері жарасып, төрт сағат отырды.
Өте әңгімешіл еді, жарықтық. Әңгімесі де жан-жақты қамтылатын. Өнер туралы да, ескі діни әңгімелердің де майын тамызатын. Мен кіріп-шығып жүріп, құлақ түремін. Ол кісімен бірге отыру қайда бізге? Ұят қой. Нұрекең: «Әңгіменің бәрін келінің естіп қойды ғой, аға», – десе, «Келінімнің құлағына алтын сырға», – дейтін. Біз естісек те, естімеген болып шығып кететінбіз.
Нұрекеңменен әңгімелері таусылмайтын. «Әй, сен, Нұрғиса, қойсаңшы. Сұрағыңа жауап бере беремін деп, бар құпиямды жария қылдым ғой», – дейтін күліп. Біз ол кісінің күлгеніне мәз болып, ағаның көңіл-күйі көтеріліп, бір жасап қалды-ау деп, сырттай қуанып жүрдік.
«Отырар сазы» оркестрі тікелей Димаш ағаның көмегімен құрылды. Қызыл империя дүрілдеп тұрған уақытта фольклорлық-этнографиялық оркестр құруға кім рұқсат беруші еді? Тіпті қобыздың өзiн бақсының аспабы деп үнiн өшiртушi едi ғой. Алыс ауылдарда ғана қобызшылар, бақсылар жасырын ойнайтын. Нұрекең ансамбль аспаптарын жинауды «Қыз Жібек» кинофильмiнен бастады. Барлық ұмыт болған аспаптарды сол фильмде ойнатты. Содан барып «Отырар сазы» пайда болды.
Айтса әңгіме көп қой. Димаш Ахметұлы ешқашан адамды алалаған емес. Бір ұнатқан адамын өмір бойы жақсы көріп кететін.

Бетті дайындаған Арман Әлмембет

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір