ЭМИЛИДІ ЕСКЕ ТҮСІРЕТІН БІР ШОҚ РАУШАН ГҮЛ (Әңгіме)
22.07.2022
3542
0

ХХ ғасырдың аса көрнекті жазушыларының бірі Уильям Фолкнер (1897-1962) АҚШ-тың түстігінде туып өскен, өмірінің көп уақытын сонда өткізген, сол өңірде дүниеден өткен. Ондаған романдардың авторы У.Фолкнер Америкадағы құл иелену түзімінің құлдырауын, бірақ оның адам санасында қалдырған іздерін сурет­теуде ерекше ықылас танытқан жазушы. Сондай-ақ Америка үлгісіндегі буржуазиялық өркениет­тің шынайы кейпін ашуда да оған тең келер суреткер табу қиын. Ол 1949 жылы Нобель сыйлығын алған кездегі сөзінде: «Адамзат­тың ақыры таяды дегенге мен сенбеймін. Ажалдың жеткендігін әйгілеген тағдыр сағаты соңғы рет соғып, оның жаңғырығы мәңгі жоғалудың қиыр шетіне барып тұншыққан сәт­тің өзінде, адамның әлсіз, бірақ үзіліп бітпейтін дауысы естіле бермек, ол сөйлей беретін болады. Мен адамның төзіп қана қоймай, жеңіп шығарына да кәміл сенемін» деген екен.
Біз оқырман қауымға әйгілі жазушының ең әйдік әңгімесінің бірін ұсынып отырмыз. Егер әлемде оқылуға тиісті 10 әңгіме туралы сөз болса, онда осы әңгіме солардың қатарына енер еді. Батыстың әдеби басылымдары ең таңдаулы әңгімелер қатарына бірнеше дүркін қосқан, әлемнің әдебиет­танушылары «Фолкнердің тұтас шығармашылығының ең жиынтық нұсқасы» деп бағалаған шығарма құрылымдық жағынан да, баяндау тұрғысынан да ерекшелікке толы.

Аудармашы

  *    *   *

Уильям ФОЛКНЕР

Эмили Грирсон бикеш қайтыс болды да, оны бүкіл ауыл тайлы-тұяғына дейін шығып, арулап ат­тандырып салды. Қалайда бір ары құлап түскендіктен еркектер жағы құрмет сезіммен тәу етсе, әйелдер жағы таңырқаған таңсықтықпен бикештің үйінің ішін көруге емешектері үзілісті. Бұл үйге кем дегенде он жылдың ішінде анау бір бағбан, әрі аспаз болып істейтін кәрі малайдан басқа тірі пенде бас сұқпаған-ды.
Бұл өзі сонау жылдардағы ең бір айтулы көшенің бойына салынған, ақ сырлы, төрт бұрышты үлкен ағаш үй болатын. Оның үстіне, ХІХ ғасырдың 70 жылдарындағы талғам бойынша төбесі күмбезделген, сүмбедей мұнара және судың иіріміне ұқсатып бедер салынған, самалдықпен айшықталған үй болғандықтан, аса бір сергек леп аңғарылып тұратын. Десе де, бұл өңірдің салауат­ты даңқына автотұрақ және мақта түту машиналары сияқты қоқыр-қоқыстар абыройына дақ түсіріп, сән-салтанатын кетіріп жіберіп еді. Ал төрт төңірегін мақта машинасы және бензин құбырлары қоршап, тек Эмили бикештің үйі ғана жападан жалғыз сопайып тұра берді. Үй можа болып тозып, сиқынан айырылып, сүркейлі түске енсе де, бөрі арығын білдірмей, сәулет­тімсіп тұрар еді. Ал Эмили бикеш күні бүгін шыршамен бүркелген: молада мәңгі ұйқыда жатқан, аты ардақты ардагерлердің қатарына барып қосылып кеткен болатын. Ол арада оңтүстік-солтүстік соғысы дәуіріндегі Джепперсон шайқасында жау­ласқан екі жақтың шаһит болған атсыз сарбаздарының қаз-қатар тізілген молалары болушы еді.
Фәни дүниеде жер басып жүрген шағында, Эмили бикеш ғұмыр бойы дәстүрдің пірі, киелі парыздардың жоқтаушысы әрі жұрт­тың көз тігер қарауылының бірі болып өмірін өткізді. 1894 жылдың белгілі бір күні, ауылбасы Сарторис полковник: негр әйелдер белдемше тартпаса көшеге шықпасын деп пәрмен түсіріп, Эмилиді төлеуге тиісті барлық салықтан босатқан болатын. Мұның мерзімді уақыты: әкесі о дүниеге ат­танған күннен бастап, оның өзі қайтыс болғанға дейінгі уақыт болсын деп белгіленген еді. Бұл бүкіл ауылда салтқа айналып, Эмилиге өтейтін бір түрлі борыш сияқты болып қалыптасып қалған еді. Мұны Сарторис полковник құрыққа сырық жалғап, бұрын Эмилидің әкесі ауылдық үкіметке қаржы қосқан еді, сондықтан оны ауылдық үкімет айырбас есебінде қарап, осындай жолмен қарымтасын қайтармаққа келісім берген болатын деп шулатып жүрді. Мұндай сөзді Сартористің замандастары және Сарторис сияқты зейіні бар адамдар ғана ойлап таба алады. Ал оған тек қатын-қалаш, бала-шаға ғана сенуші еді.
Ауыл бастығы мен кеңес мүшелерінің орнына әлдеқайда ашық ойлы, жаңа адамдар келген кезде, әлгі шешім болмашы ғана наразылық тудырған-ды. Сол жылы қаңтарда олар Эмилиге салық төлеу туралы бір парақ құлақтандыру жазып жіберісті. Ақпанға дейін ешбір хабар-ошар болмағаннан кейін, олар тағы бір хабарландыру қағазын жіберіп, оған сәті келгенде заң басқармасы бастығының кеңсесіне соға кетуді талап етеді. Бір жұмадан кейін Эмилиге ауыл бастығының өзі хат жазып, үйіңе барсам, болмаса өзіңді машина жіберіп алдыртсам деген тілегін білдіреді. Ал оның қайтарған жауап хаты ескі хат қағазына маржандай етіп, ұсақ жазумен жазған, бірақ сиясы өшіп кеткен, бір жапырақ қағаз ғана болып шығады. Хат­тың ұзын ырғасында: ол өзінің ешқайда ат­тап шықпайтындығын айтыпты. Салық жайындағы құлақтандыруды қоса қайтарыпты, ол туралы сөз қозғамаған екен.
Кеңес мүшелері осыған бола кезектен тыс жиналыс өткізіп, оған бір уәкілдер үйірмесін ат­тандырды. Олар сегіз жыл ма, жоқ әлде он жылдың алдында ма, әйтеуір Эмили ханым фарфор ыдыстарға өрнек салу сабағын тоқтатқаннан бері бейсауат пенде ат­тап баспаған қақпаны барып қағады. Баршындап қалған әлгі негр малай олардың қарсы алдынан шығып, ала көлеңке дәлізге бастап кірді де, онан да бетер бұлыңғыр тартқан баспалдаққа қарай бастап апарады. Не заманнан бері жан баспаған бұл үйдің сызды, тымық ауасы мен шаң-тозаңның иісі қолқаны атады екен. Негр оларды дөрекі жасалған үй жиһаздарының барлығы жарғақпен тысталған қонақ үйге бастап барды да, тор көзді терезенің бірін ашып жібергенде, жарғақ тыстардың тозғындап жыртылғаны айпарадай анық көріне кетеді. Олар отыра қалғанда, жамбастарының астынан бұрқ етіп көтерілген майда тозаң найзаланып, түскен күн сәулесінде баяу ғана ұйтқып тұрады. Қабырға пештің алдында сарғыш түсті, өрнегі оңып кеткен рамкада Эмилидің әкесінің қара бояулы суреті ілулі тұр екен.
Эмили үйге кіріп келгенде барлығы орындарынан дүркіреп тұра келді. Дембелше келген, тығыршықтай семіз әйел тал бойына тұтастай қарадан киім киіпті. Қойын сағат­тың қылдырықтай алтын бауы белге таман көлбей келіп, мықынға қарай сүңгіп кетіпті. Қара ағаштан жасалған аса таяқ оның денесіне сүйемел болып тұр. Асаның сабына жалатқан алтынның жарқырауық түсі әлдеқашан оңып кеткен екен. Бәлкім бойының шарғылығы шығар, басқа әйелдердің түр-тұлғасынан бәденділік болып қана байқалатын семіздік мына кісіні күбідей етіп көрсетеді екен. Өзі қара суда ұзақ жатып қалған мәйіт сияқты баржиып, бозарып кетіпті. Қонақтар келген бұйымтайларын айтқан кезде, оның былшиған білеу-білеу бетіне шөгіп кеткен, бір кесек қамырға жабысқан екі түйір көмір қиыршығындай көздері біресе ананың бетіне, біресе мынаның өңіне сұқтанып, тынымсыз ойнақтап тұрады.
Эмили оларды отыруға мархабат етпейді. Сөз алған уәкіл кедіргектеп, кекештеп сөзін бітіргенше ол босағада ләм-мим деместен тыңдап тұрады. Алтын баудың бір жақ басында көрінбей жатқан қойын сағат­тың дыбысын олар осы кез­де ғана естиді. Оның сөз ләмі ызғарлы болады:
– Джепперсонда менің төлейтін ешқандай салығым жоқ екендігін маған Сарторис полковник әлдеқашан айтқан. Болмаса біреуің ауыл өкіметінің мұрағатын ақтарып көрсеңдер, істің анығына көз жеткізген болар едіңдер.
– Біз мұрағат­тарды оқып көрдік, Эмили бикеш, біз сол өкімет адамдары боламыз. Әлде сіз заң басқармасы бастығының өзі қол қойған құлақтандыруды тапсырып алған жоқ па едіңіз?
– Әрине бір құлақтандырусымақ тапсырып алғам, – дейді Эмили бикеш, –бәлкім ол өзін-өзі заң басқармасының бастығы етіп тағайындап алған шығар… Бірақ менің Джепперсонда төлейтін салығым жоқ.
– Алайда салық дәптерінде ондай түсіндірменің жоқ екендігін аңғарып тұрған шығарсыз, біз соған негізделіп…
– Сарторис полковникке барыңдар, менің Джепперсонда төлейтін салығым жоқ.
– Алайда, Эмилли бикеш…
– Полковник Сарториске барыңдар (Сарторис полковник қайтыс болғалы он жылға таяп қалған болатын), менің Джепперсонда төлейтін салығым жоқ. – Тоб! Негр лып етіп жетіп келді. – Мына мырзалардың шығып кетуіне мархабат ет!

ІІ

Бейне отыз жылдың алдында белгілі бір шаруалар жайындағы таласта олардың әкелерін жеңіп шыққаны сияқты Эмили бикеш бұларды бұл жолы да «үйірімен» жер соқтырып кет­ті. Бұл бикештің әкесі өлген соң екі жылдан кейін, біздің жорамалымызша, онымен қалайда үйленеді ғой деп жүрген әлгі бір көңілдесі оны тастап кеткен соң көп өтпей болған уақиға еді. Әкесі о дүниеге ат­танғаннан кейін оның сыртқа шығуы мүлде сиреп кет­ті. Көңілдесі тайып тұрғаннан соң жұрт оның жүзін мүлде көрмейтін болды. Бірен-саран әйелдер тәуекелге бел буып оған кіріп шықпақшы болып еді, бірақ есігінен бас сұға алмай, маңдайлары тасқа тиіп кері қайт­ты. Оның мекен-жайының төңірегінде тіршіліктің бірден-бір тынысындай болып, әлгі бір негр ғана себет көтеріп, кіріп-шығып жүретін болды. Ол жылдары ол жап-жас жігіт болатын.
Әйелдердің барлығы да: «Қандай еркек екендігін не қылайын деп едің, әйтеуір еркек кіндікті емес пе, соның өзі неге тұрады. Өзі ас үйді тап-тұйнақтай етіп, жинастырып қоятын көрінеді» дегенді айтып жүрді (негр туралы). Сондықтан әлгі бір түрлі иіс барған сайын күшейген кезде де, олар ешнәрсе сезіктене қойған жоқ. Бұл иіс – он сегіз мың ғаламмен қаракөктің тұқымы Герирсон әулетінің ортасындағы тағы бір сырлы байланыс болатын.
Жасы сексенге келген әділқазы, ауыл бастығы Стивенске көршілес бір қатын келіп шағым айт­ты.
– Айтқаныңыз орынды, дейтұрғанмен, ханым, сіз маған бұл туралы қандай шара қолдан демекшісіз? – деді ол.
– Е, оған анау иістің көзін құрт деп айту керек, – деді әлгі әйел, – заңда тайға басқан таңбадай жазулы тұр емес пе?
– Менше, оның қажеті бола қоймас, – деді әділқазы Стивенс, – мүмкін оның құзырындағы әлгі бір қара сайтан ауланың ішіне жылан немесе әлдебір тышқан өлтіріп тастаған шығар. Мен оған айтып ескертемін.
Келесі күні әділқазыға тағы бір арызшыны қабылдауға тура келді. Келген ер адам сыпайы ғана пікірін білдірді.
– Әділқазы, біз бұл туралы мәселе көтермесек болмай барады. Мен Эмили бикешті мазаламауды қалайтын адаммын, бірақ біз қалайда бір шарасын табуымыз керек сияқты.
Сол күні кеште жалпы кеңес мүшелері: үш ақсақал және жастау бір жаңа буын кеңес мүшесі бас қосып жиналыс ашты.
– Бұл өте оңай шаруа, – деді жас жігіт, – оған үйіңді жуып-шайып тазала, айтылған мерзім ішінде тастай қылатын бол деп тапсырма беру керек. Әйтпесе…
– Мырза, – деді Стивенс, – ол болмайтын тірлік, сен атағынан ат үркетін ақсүйек әйелге бетпе-бет барып, «үйіңде қолқаны қабатын сасық иіс бар екен» деп қалай айтайын деп едің?
Сонымен келесі күні, түн ортасынан кейін төрт адам, Эмили бикештің ауласының гүлзарын ендей өтіп, үйді түн ұрысындай бұқпантайлай айналып, бұрыштарды жағалата және ұралардың желдіктерін өршелене иіскелеп жүрді. Бұлардың біреуі иығына асып алған дорбасынан әлде бір нәрсені алып, тұқым шашқан адамдай сілтей шашып отырды. Олар сыртқы және басқа да бөлмелерге әк шашып тастады. Бұлар қайта қайтып, тағы да гүлзардан өте берген кезде бұрын күңгірт бөлменің бірінің шамы жарқ ете қалды және олар Эмили бикештің жарыққа шомылған сұлбасын көрді. Қаздиған тұлғасы қыбыр етпестен, бейне бір қатырған мүсін сияқты сіресе қалыпты. Арт жағында шам жанып тұр. Олар аяғының ұштарынан ғана басып гүлзардан өт­ті де, көшенің екі қапталындағы қараңғының қалқасына сүңгіп кет­ті.
Бір-екі аптадан кейін иіс те ұшты-күйлі жоғалды. Ал осы кезден бастап қана адамдар Эмили бикеш үшін шынымен қабырғалары қайыса бастады. Ауыл адамдары Эмили бикештің әпкесі Уайт ханымның ақыр аяғы жынданып, есалаң болып кеткендігін естеріне ала келіп, Герирсон әулетінің кеудемсоқ, өз тұрғыларын шамалай алмайтындығына көздерін жеткізді. Эмили бикеш былайғы жас жігіт­тердің барлығын көзіне ілген емес. Талай уақыт­тан бері біз бұл әулет­тің адамдарын белгілі бір сурет­тегі кейіпкерлерге балап жүрдік. Денесі тал шыбықтай, Эмили бикеш арт жағында түрегеліп тұрды да, әкесінің аяғын айқастырып, қырынан түскен бейнесі ту сыртын Эмилиге беріп, қолына қамшы ұстап, оның алдыңғы жағында тұр. Қайы­рылып ашылған алдыңғы есік екеуінің көлеңкесін дәл ғана баса қалыпты. Сондықтан Эмилидің жасы отызға таяп, күйеуге тимей жүрген кезінде бізде, шынымен, қуанышты сезім бола қойған жоқ. Тек бұрынғы көзқарасымыздың дәлелденгенін ғана сезіндік. Оның тұқымында өркөкірек, желөкпелік бар деген күннің өзінде де, егер әрқандай орай алдынан шынымен бой көрсетер болса, ол оны уысынан шығара қоймайтын да еді. Әкесі өлгеннен кейін оған қалған барлық байлық сол әлгі манағы қоражай ғана екен деген сыпсың сөзге жұрт ептеп қуанып та қалысты. Айналып келіп олар Эмилиге мүсіркеу­шілік білдіретін болды. Бойдақтық, жалғыздық, жарлылық, панасыздық оған адамшылықты үйрет­ті. Ол артық бір жармаққа жүрегі жарыла қуанатын, жоғалған бір жармаққа жаны күйзелетін пенде атаулыға тән сезімнің дәмін енді тататын болды десті білетіндер.
Әкесі өлген күннің ертеңінде біздегі салт-сана бойынша қатын-қалаштар жиылып, оның үйіне бата оқуға кіріп, қазаға қайғыратындықтарын және пітір-садақа беруге әзір екендерін білдірмекші болған еді. Эмили бикеш оларды есіктің көзінен қарсы алды. Үстіндегісі жайшылықтағы киім, өңінен ешбір қайғы-қасірет­тің ізі байқалмайды. Ол әйелдерге: «әкем өлген жоқ» дегенді айт­ты. Мәйіт­ті жұрт арулап, табытқа салсын деген пәтуаға көндіру үшін, оған шіркеудің попы да, дәрігер де келді. Бірақ ол «әкем өлген жоқ» деген сөзінен үш күн бойы қайтпай қойды. Оны олар заң, зорлық арқылы жықты. Әкесін жедел түрде жерлеп тынды.
Ол тұста біз оны жынданған шығар деп айта қоймаған едік. Оның бұл қылығын өзін дұрыстап ұстай алмағандығынан болды деп білдік. Әкесінің бозбала атаулыны бездіріп жібергені де есімізде болатын. Қазір оның басының бос екенін де білдік. Тек жұрт­тың қашанғы әдетіне басып, оның барлық дүниесін тартып әкеткен әлгі бір көңілдесіне тастай қатып жабыстық та қалдық.

ІІІ

Эмили бикеш сартөсек болып ұзақ ауырды. Содан қайта төбе көрсеткен кезде, ол бойжеткен қыз сияқты шашын қысқартып қиып тастапты. Сәл мұңлы, жабырқаңқылығы болмаса, шіркеудің өрнек-нақышты терезесіндегі перизат­тың суретінен аумай қалыпты дейтіндей болған екен.
Көшеде жол жасауға әкімшіліктегі атқамінерлер келісімшарт жасасып, Эмилидің әкесі қайтыс болған жылы жазда, іске кірісіп кеткен болатын. Құрылыс серіктестігі бір топ негрін, есектері мен машиналарын алып келіп те қалды. Топ бастығы Гомер Бэррон деген еңгезердей, қара торы, пысық, алымды, үні зор, көздері өңінен гөрі қылаңдау келген солтүстіктің сүмелегі екен. Балалар топ-топ болып, оның артынан еріп алып Гомердің негрлерді төбе құйқаңды шымырлата боқтағанын, ал негрлердің қайланың сілтенімі бойын­ша, ырғаққа түсіріп айтатын еңбек жырын тыңдайтын. Көп өтпей-ақ бүкіл ауылдың адамдары оны танып та алды. Қайсы мезгіл екендігіне қарап жатпай-ақ қойыңыз, алаңның әлдебір түкпірінен қарқылдаған күлкі дауысын ести қалсаңыз болды, Гомер Бэррон шаршы топтың ортасында шайқап тұр дей беріңіз. Көп өтпей біз жексенбі сайын түстен кейін, оның Эмили бикешпен бірге жеңіл пәуескемен сейілге шығатынын көретін болдық. Сары доңғалақты пәуескеге қорадан арындап шыға келетін жирен ат­тың өзі де құп жараса кетуші еді-ау, шіркін!
Алғашында біз Эмили бикештің мынадай шамалы алданышына қуанып жүрдік. Өйткені әйелдер жағы «Герирсон әулеті қайдағы бір солтүстіктің сүмелегін, күндік жалақы алып жан бағатын адамды бойына тоғыта қоюы мүмкін емес» десіп жүрді. Сөйтсе де кейбір кексе адамдар «қайғы нағыз дегдар әйелге «ақсүйектік нышанын», мейлі сөз жүзінде оны «ақсүйектік нышан» деп атамаған күнде де ұмыт­тырып жібере алмайды десіп жүрді. Олар Эмили сорлының туыстары қасында болса игі еді-ау деп айта беруші еді. Алабамеде оның туысқандары бар болатын, бірақ талай жылдың алдында әкесі нақұрыс Уайт кемпірдің мирасқорлық құқығына бола олармен дүрдараз болып, содан бері екі отбасы ат кекілін кесісіп кеткен. Әуелі олардың біреуі де жаназаға келіп қатынасқан жоқ-ты.
Қарт­тар: «Эмили байғұс-ай» десе-ақ болғаны, сыбыр-күбір басталып жүре беретін. Олар біріне-бірі: «Сен, Құдай ақы, солай деп ойлайсың ба?», «Солай болмағанда не болушы еді?…» десіп жататын. Бұл сөзді олар ауыздарын қалқалап, сыбырлап қана айтатын-ды.
Аяңшыл ат­тың тықылдаған тұяқ дыбысы өтіп кеткен кезде, жексенбі күнгі түстен кейінгі шағырмақ күнді қалқалайтын тор көзді терезе жабылғаннан кейін де: «Эмили байғұс-ай» дейтін торғын-торқаның сусылдаған дыбысы естіліп тұратын-ды.
Ол паңдана басып, басын кекжите ұстайтын болды. Айта берсең, оның азғындауына көзіміз әбден жеткен кезде де, дәл осылай болды. Ол тап бір өзінің Герирсон әулетінің соңғы ұрпағы салауатындағы абыройын жұрт­тың мойындауына бұрынғыдан әрмен ділгір болып тұрғандай-ақ, тап бір оның абыройы салт-санамен үйлесе келіп, ешбір ықпалға ұшырамайтын мінезін қайта тұрақтандыруды қажет ететіндей-ақ болды. Мысалға, оның әлгі бір рет тышқан дәрісін сатып алған жайын айтайықшы, бұл оны жұрт: «Эмили байғұс-ай» деп айта бастағанына бір жылдан астам уақыт болған, оның екі бірдей әпке-сіңілісі келіп жатқан кез еді.
– Шамалы ғана улы дәрі алмақшы едім, – деді ол сатушыға келіп. Сол тұста оның отыздан асып қалған кезі болатын. Сонда да әлі де болса талшыбықтай бұратылған қыз еді. Тек бұрынғыдан гөрі ашаңдай түскен әрі қарақат көздерінен зілділік, паңдылық байқалып тұрар еді. Бетінің ет­тері екі самайымен көз ұясының төңірегін тыртыстыра түскен-ді. Мына бет-әлпет көрген жанға маяктің қарауылшысына бітуге тиісті болып сезілетін.
– Шамалы улы дәрі алмақшымын, – деді ол.
– Түсініп тұрмын, Эмили бикеш, қайсы түрін алмақшысыз? Тышқанды улайтын түрі ме? Онда мен…
– Мен дүкендеріңдегі ең улы дәріні аламын, түрі маған қажет емес.
Дәріші бір демде улы дәрілердің бірнеше түрін айтып шықты.
– Бұлар нені болса да, тіпті пілді де сеспей қатырады. Бірақ сіз қайсы түрін алмақшы едіңіз?…
– Кепіреш, – деді Эмили бикеш, – кепіреш күшті ме?
– Солай… Кепіреш? Түсіндім, бикеш, десе де алғыңыз келгені…
– Кепіреш аламын.
Дәріші сыдырта бір көз салып өт­ті. Бойын қаздита ұстаған, бет әлпеті керген жалаудай тыртысқан Эмили бикеш те оған тігіле бір қарады.
– Е,е, бар ғой,-деді дәріші, – алғыңыз келетіні сонда ең улы дәрі екен ғой. Бірақ заңда оны неге қолданатындығыңды түсіндіру керек деп белгіленген ғой.
Эмили бикеш ләм деместен оған қадала қарады. Көздері оның көздеріне тура түсуі үшін басын артына қарата кекжеңдетіп қойып, дәріші жанарын тайдырып, кепірешті орап әкелуге қарай тайып тұрғанға дейін тігіліп қарап тұрды. Оған әлгі дәріні негр қолғанаты әкеліп берді, дәріші содан қайтып төбе көрсеткен жоқ. Эмили үйіне келіп, дәрінің орауышын ашқан кезде қораптағы қу сүйекті белгінің астыңғы жағында: «Тышқан улайтын дәрі» деген түсіндірме жазу тұрды.


Сонымен келесі күні жұрт­тың бәрі: «Ол өзін-өзі өлтірмекші екен ғой» десті; біз де: «Бұл бір сәті келген шаруа болар еді» дестік. Біз Эмили мен Гомер Бэллонның алғаш рет жұптаса қалғанын көргенімізде, «Ол оған тиетін болды ғой» десіп едік. Кейін­нен тағы да «Эмили әуелі оны көндіріп алсын» десетін болдық. Өйткені Гомер өз аузымен «мен еркектермен ғана араласқанды ұнатамын» дегені бар еді. Оның «Теңбіл бұғы» клубында бозбалалармен бірге арақ ішетінін де жұрт жақсы білуші еді. Үйленуге құлқы соқпайтын адам екенін өзі де айтып жүретін. Кейіннен олар жексенбі сайын түстен кейін әдемі пәуескемен құйындататынды шығарды, Эмили бикеш басын кекжите ұстайтын, Гомер телпегін қисайта киіп, аузына сигарын қисайта тістеп алып, сары қолғапты қолдарымен делбемен қоса бишікті ұстап отыратын-ды. Біз болсақ тор көзді терезенің қалқасында тұрып: «Эмили байғұс-ай» дегенді айтпай қала алмайтынбыз.
Кейіннен бағзы бір әйелдер: «Бұл – бүкіл ауылдың бетіне жағылған күйе әрі бозбалаларға көрсетілген өнегесіздік» дей бастады. Еркектер бұған араласқысы келе қоймады. Бірақ әйелдер жағы қоярда қоймай жүріп, шіркеудің попын (Эмили бикештің отбасы шіркеудің жәмиғаты болатын) онымен сөйлесуге елшілікке жіберді. Сұхбат­тың барысы жайында поп ауыз ашқан жоқ, бірақ екінші қайтара баруға көнбей-ақ қойды. Келесі жексенбіде олар тағы да пәуескемен көшеге шықты, сонымен ертеңінде поптың қатыны хат жазып, Эмилиге Алабамедегі туыстарына барып тұруды бұйырды.
Тегінде, оның отбасының тағы да жақын туыстары бар екен, сонымен біз әліптің артын бағып отыра бердік. Алғашында ешбір сыбыс білінбеді. Соңынан олар той жасағалы жатыр екен деген анық хабар алдық. Бұл ғана емес, біз Эмили бикеш зергерлік дүкеніне барып, күмістен жасалған әрқайсысының бетіне «Г.Б.» деген жазу ойылған, әлденеше жуынатын зат­тарды арнаулы тапсырыспен жасатып алыпты дегенді де құлағымыз шалып қалды. Екі күн өткеннен кейін жұрт: «Ойбай, бұл енді ішінде еркектікі де бар, кешенді түрдегі киімдер сатып алыпты» дегенді айтып келді. Сондықтан біз: «Ендеше, олар некеленіп алған болды ғой» дестік. Біз шынында да қуанысып қалдық. Біздің қуанышымыз немерелес екі әпке-сіңілісіне қарағанда Эмили бикеште Грирсон әулетінің салауаты ана ғұрлым басым болушы еді. Сондықтан болса керек, көшеге төсеніш жатқызу құрылысы аяқталып, Гомер Бэллон бұл қалашықтан ат­танып кеткенде біз ешқандай қайран қалғамыз жоқ. Қайта, ат­тандыру салты думандатылып өткізілмегендіктен көңіліміз жабырқау тартып та қалды. Алайда оның бұл ат­танысы Эмили бикешке дайындалу орайын беру немесе оған әлгі екі немерелес әпке-сіңілісін жолға салуға қолайлық туғызу үшін болып жатқанына иманымыз кәміл еді. (Бұл кезде бір жасырын ұйым қалыптасып та қалған болатын. Біз барлығымыз Эмили бикеш жағына шығып, оның осы әпк-сіңлісін қуып шығуына қолғабыс ет­тік). Олар ешқандай ары-берісі жоқ бір жұмадан кейін жолға түсті, оның үстіне дәл біздің күткеніміздей-ақ, Гомер Бэллон да ауылға қайтадан қайтып келді. Көршілерінің біреуі бір күні екінті мен ақшамның аралығында әлгі негрдің оны асүйдің есігін ашып, кіргізіп әкеткенін өз көзімен көріпті.
Міне, бұл Гомер Бэллонды ақтық рет көруіміз болатын. Ал Эмили бикешті біршама уақыт көре алмай қалдық. Негр зат салатын себетін көтеріп, кіріп — шығып жүрді. Бірақ осыдан бастап алдыңғы қақпа үнемі берік тұратын болды. Бейне әлгі бір әк шашқан түні адамдардың көріп қалғанындай, анда-санда Эмили бикештің сұлбасы ғана терезенің көзінен көлбең ете қалатын-ды. Бірақ тұтас алты ай бойы ол көшеге шықпай қойды. Бұған да таңғалудың қажеті болмайтын, өйткені әкесінің мінезі әйелдік жаратылысындағы оның ғұмырына да табиғи түрде бұраңдықтар туғыза беретіндігі түсінікті еді. Ал оның бұл мінезі соншалық кәрлі, соншалық долы, әрі қайтпастай қырыс көрінуші еді.
Біз Эмили бикешті қайта көрген кезде ол семіріп, шашы да бурыл тартып кеткен екен. Кейінгі бір қанша жылда шашы барған сайын күлгіндеп, тұз түйген келсап бастанып, ақсұрланып барып тоқтап қалды. Жетпіс төрт жасқа келіп, о дүниеге ат­танғанға дейін бейне бір қылаң ұрған еркектің шашы сияқты сол баяғы сұрғылт түсін бұзбай сақталып қалды.
Оның қырық жас мөлшеріндегі алты-жеті жыл уақытын қоспағанда, сол кезден бастап оның үйінің алдыңғы қақпасы сол беті жабық тұрды. Әлгі айтылған алты-жеті жыл уақыт­та ол фарфор ыдыстарға өрнек салу сабағын өт­ті. Қабат үйдің астыңғы жағындағы бір бөлмені ол уақыт­тық шеберхана етіп жасап алған-ды. Полковник Сартористің тұрғыластарының барлығы оған ұл-қыздарын, немерелерін сурет салуды үйретуге берді. Жексенбі күні оларды шіркеуге апарып, онымен қоймай, олардың пітір-садақа тостағанына тастайтын жиырма бес тиын ақшасын да күн ілгері қолдарына ұстатып қоятыны бар. Онысы уақытқа соншалықты ұстамды, мұқият­тылығы еді. Бұл тұста ол салықтан әлдеқашан кешірім етілген болатын.
Кейін келе жаңа бір буын бүкіл ауылдың тірегіне, руханиятына айналды. Сурет салуды үйренген шәкірт­тер де есейіп, азамат болып, біртіндеп сетіней бастады. Олар өздерінің қолдарына бояу құтысын, адамды жиіркендіретін сызу қаламымен әйелдер журналынан қиып алынған сурет қиындыларын ұстаған қыздарын Эмили бикештен сурет салуды үйренуге жібермейтін болды. Ең соңғы оқушы кеткеннен кейін алдыңғы қақпа жабылып қалды, әрі мәңгілікке жабылды. Бүкіл ауылда ақысыз пошталық тәртіп атқарылды, тек Эмили бикеш қана босағасына металдан жасалған қақпа нөмірін шегелетуге, қосымша хат сандығын орнатуға келісім бермей қойды. Оларға пішту деді.
Күндер өтіп, айлар аунап, жылдар жылжып жат­ты. Әлгі негр де басы ағарып, белі бүгіліп, сонысына қарамай себетін көтеріп, кіріп-шығып жүрді. Әр жылы желтоқсанда бикешке салық төлеу туралы бір хат жолданып тұрды. Бірақ бір аптадан кейін хат алатын адам болмағандықтан, хат­ты пошта мекемесі қайтарып әкеліп тастайтын. Кейде қабат үйдің астыңғы жағындағы бір терезеден (тегінде ол үстіңгі қабат­ты бекітіп тастаған сияқты) бейне сөреге қойылған құдайдың мүсініне ұқсайтын Эмилидің көлеңкесін көзіміз шалып қалатын, оның бізді көретін-көрмейтіндігі туралы бірдеңе дей алмаймыз. Ол бірнеше буынға созылған ғұмырын, міне, осындай тәкаппар, тыныш өмірден безіп кетуге де, өмірге жанасуға да шарасыз болған таңғажайып күйде өткізді.
Ақыры ол осылайша бақи дүниеге ат­танды. Сүркейлі сағым ойнаған, шаң-тозаң басқан үйде дертке шалдықты. Оны бағып-қаққан адам кәріліктен қаусап қалған жалғыз негр ғана болды. Біз оның ауруға шалдыққанын білгеміз де жоқ. Негрден барып ертерек хабар-ошар алу ойымызға да келмепті. Ол ешкімге де тіл қатып, тіс жармаушы еді, бәлкім Эмилиге де солай болса керек. Ұзақ уақыт сөйлемегендіктен дауысы да қырылдап шығушы еді.
Ол астыңғы қабат­тағы бір бөлмеде жатып жантәсілім етіпті. Жаңғақ ағашынан жасалған төсек, ебедейсіз шымылдық сол қалпында тартулы тұр екен. Қою сұрғылт шаш қаптаған жастық ұзақ жылдар бойы жасталғандықтан әрі күн нұры түспегендіктен сарғайып шіріп кетіпті.
V
Негр есіктің көзінде алғашқы бір топ әйелді қарсы алып, оларды мархабат етіп кіргізіп алды. Барғандар бәсең дауыспен сыбырласа сөйлесіп, таңырқаған көз жанарларымен әп-сәт­те барлығын шолып шығады. Негр лезде жоқ болып кетеді; ол үйді кесіп өтіп, артқы есіктен шығады да, содан із-түзсіз ғайып болады.
Немерелес екі әпеке-сіңілісі де тізгін ұшы келіп жетіп, келесі күні жаназасын шығарт­ты. Ауылдың тайлы-тұяғына дейін жас гүлдерге оранып жатқан Эмилидің мәйітін көруге жан-жақтан жиналып қалды. Мәйіт қойылған табыт­тың жоғарғы жағына әкесінің қара бояумен сызылған тұңғиық ойда отырған суреті ілініпті. Әйелдер күбір-сыбыр етіп, мәйіт­ті сөз етісіп жат­ты. Ал баршындап қалған еркектер жағы (бұлардың кейбіреуі мұнтаздай етіп тазартылған оңтүстік одақтас армиясының формасын киіп алыпты) дәлізде, гүлзарда Эмили бикештің өмірі туралы бірі атып, бірі қағып тұрды. Оны бейне өздерінің тұрғыластарындай көріп, оның үстіне онымен би билегендіктеріне, тіпті оған ғашықтығын білдіргендіктеріне де сенетін бейне байқатып сөйледі. Олар арифметикалық кезек бойынша ілгерілейтін уақыт­ты да шатастырып жіберді. Бұл – қарт­тарда болатын қалыпты құбылыс. Олардың пайымынша, өткен дәурен барған сайын қысаңдай беретін соқыр соқпақ емес, қайта қыраулы қыс қалпын қурата алмайтын көсіліп жатқан шалғынды дала сияқты еді, тек таяудағы он жылдан бергі уақыт қана шөлмектің шүмшиген ауызы сияқты оларды өткен күндерімен бөліп тастап отырыпты.
Екінші қабат­та, ана бір оңаша жерде бір бөлме бар екенін білуші едік. Қырық жылдан бері оған ешбір пенде бас сұғып көрмеген болатын. Кіру үшін оның есігін бұзып ашу керек болды. Олар есікті Эмили бикешті жерлеп келгеннен кейін ғана ашты.
Есік жарқ етіп ашылғанда, сол дүмпумен бөлменің ішіне шаң-тозаң борап кет­ті. Жаңа отаудай жабдықталған бұл бөлмені иендегі жалғыз моладай құлазыған сүркейлік жаулап алған екен. Раушан гүлі түстес терезе перде, сондай түсті шырақ шишасы да қудай болып оңып кетіпті. Тарану айнасы, әлденеше нәзік кристалл бұйымдар мен ақ күміспен күптелген ерлердің жуынып-шайыну бұйымдары тұр, бірақ ақ күмістің жалтырақ түсі әлдеқашан оңып кетіпті. Аты-жөні жазылып ойылған өрнектер де танылмастай өзгеріп кеткен екен. Бей-берекет жатқан зат­тардың ішінде жаңа ғана үстіден шешіп алғандай қатырма жаға мен галстук жатыр. Оларды былай алған кезде үстелдің бетін басқан шаңның үстінде солғын ғана ай орақты із қалды. Жақтаулы орындықта мұқият­тап қат­талған бір жұп киім тұр. Орындықтың астында өгейлікпен мүлгіген бір жұп етік және керексіз етіп тастай салған бір жұп байпақ тұр.
Әлгі еркек төсекте жатыр.
Біз сол арада етінен айырылған бет­тің адам байыбына бара алмайтын ырсиған бейнесіне үңіліп ұзақ тұрдық. Мәйіт құшақтасудың нобайын аңғартатындай, бірақ махаббат­тан әлдеқайда баянды, от құшақтың жалынын жер жастандырып кеткен мәңгілік ұзақ ұйқы оны әлдеқашан ырқына көндіріп алыпты. Оның сар тап болып қалған мүрдесі қақырап кеткен ұйқы киімінің ішінде шіріп, өзі жатқан ағаш төсекке жабысып, қатып қалыпты. Мүрдені де, жанындағы жастықты да ұзақ жылдар бойында жиналған бір қабат шаң-тозаң теп-тегіс етіп қымтап тастапты.
Кейіннен біз оның қасындағы жастықтан әлдекімнің басының қалдырған табын байқадық. Біздің арамыздағы біреу оның үстінен бір нәрсені алып жат­ты, жұрт үймелесіп қарай қалысқан еді, осы кезде болар-болмас қаңсыған сасық иіс танауды жыбырлатып қытықтап кет­ті. Сөйтсек ол шұбатылған бір тал сұрғылт шаш екен.

Аударған
Әрмиябек Сағындық

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір