ТАЛАНТТЫ ТАЛАНТ ТАНЫП, ҚҰРМЕТТЕДІ
10.06.2022
270
0

Биыл дүниежүзіне белгілі скрипкашы Марат Бисенғалиев мерейлі 60 жасқа толды. Осыған орай маусым айының 8-і күні дәулескер күйші Секен Тұрысбек виртуозды Алматы облысы Қарасай ауданы Абай ауылындағы «Секен Тұрысбек» атындағы мәдениет үйіне арнайы шақырып, мерейтойына құтты болсын айтты, құрмет  көрсетті.

 «Марат Бисенғалиевтің әкесі де керемет күйші болған екен. Әкесінің күйші болғанын ол маған жарты ғасырдан астам уақыт серік болған Эмануэль Иосифович Романенко жасаған қос домбыраны көрсеткенімде айтты. Марқұм Дәулеткерей мен Сейтек күйлері «Әуен» фирмасында кезінде таспаланған еді. Негізі Романенконың домбырасы екінің бірінің қолына түспейді. Ол қалтаның қалыңына емес, дарынның дарынына бұйырады. Соның бірі аты жер жүзіне жайыл­ған ғажап скрипкашының марқұм әкесі Сәмет Бисенғалиев­ке тиіпті, одан Маратқа мұра болып қалыпты. Міне, қанға біткен талант, сүйекке біткен даралық оны әйдік әлемге әйгілі етті», – дейді Секен Тұрысбек.

Кездесу барысында «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрі концерт берді. Секен Тұрысбек те «Көңіл толқыны», «Ақ жауын», «Дарабоз», т.б. ел арасында кең тараған күйлерін орындап, Жұматай Жақыпбаевқа арнаған «Ақын және күйші» күйінің тұсауын кесті. Ұлықбек Есдәулеттің өлеңдерін жатқа оқыды.

«Марат Бисенғалиев – AAPRO Азия-Тынық мұхиты оркестрлері альянсы директорларының бірі, – дейді дәулескер күйші. – Алдағы уақытта шығармашылық байланыс құрып, «Ақ жауын» мен оның камералық оркестрі бірігіп шет елдерді аралап, өнер көрсетсек деген ниетіміз бар». Кездесу соңында Секен Тұрысбек Марат Бисенғалиевтің иығына шапан жауып, жылы лебізін арнады.

Нұрсана ҚАНАҒАТҚЫЗЫ,
174 мектеп-гмназияның 11-сынып оқушысы

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір