Дипломатия және атом қаруын ауыздықтау
05.07.2022
1531
0

Орталық Азия елдері премьер-министрлерінің орынбасарлары бас қосқан жиынды ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ж.Кәрібжанов басқарды. Ертеңіне саммитке СІМ тарапынан қатысушылардың тізімінде аты-жөнімнің жоқ екенін байқап, аң-таң болдым. Тізімді кім жасаса ол жасасын, оған мені енгізуге тиіс болатын. Өйткені құжаттарды әзірлеуге бастан-аяқ араласқан, келіссөздер барысында туындайтын сұрақтарға жауап бере алатын басқа сарапшы жоқ та еді. Керісінше, мәселеге түк те қатысы жоқ әріптестердің көпшілігі пысықтық танытып, тізімге еніп алыпты.
Әуелде қалыптасқан жайға мойын­сұн­ғым-ақ келген. Бірақ әр құжатқа өзгеріс енгізілерде қиындық туса, қабылданатын шешімнің жауапкершілігін кім арқаламақ? Содан Е.Ыдырысовқа кіріп, жиынның жақсы, ойдағыдай аяқталғанын айтып, саммитке қатысатын дипломаттардың тізімінде аты-жөнімнің жоқ екенін жеткіздім. Мән-жайды түсінген ол дереу тұтқаны көтеріп, әлдекімге «Саммитке баратын дипломаттар тізіміне М.Тұяқбаевты қосыңыздар» деп шұғыл тапсырма берді. Яғни Америка дипломатының ілімінше, «Жетістік дипломат­тың өз мінез-құлқына тәуелді», ол үшін дипломат батыл болуға және өз ойы мен көзқарасында нық тұра білуге тиіс.
Саммитте Орталық Азия елдерінің президенттері бес құжатқа қол қойып, Алматы декларациясын қабылдады. Құжаттарға қол тез қойыла қойған жоқ. И.Кәрімовтің ұсынысына байланысты бірнеше құжат мәтініне өзгеріс енгізілді. Сол арада мен ойлағандай, күтпеген тосын жайлар да болды. Ұйымдастыру жұмысын басқарып жүрген протоколдың бастығы Қайрат Сарыбай ұсынылған әр өзгерісті енгізіп, құжаттардың жаңа нұсқасын әкелуді маған тапсырып, орындалуын менен сұрай бастады. Ол кісіні сырттай танығаным болмаса, бірінші рет көруім еді. Неліктен мені жұмсайды, мені қайдан біледі. Өзінің көмекшілері жоқ па деген сұрақтар мазаласа да, уақыттың тығыздығын ескеріп және Қ.Сарыбайдың қобалжулы күйін көріп, айтқандарын орындауға кірістім. Көп өзгерістерді құжаттарға президенттер шәй, кофе ішуге шыққан кезде енгізіп үлгеру керек болды. Бұрын көрмеген ғимараттың ішінде адасып кету оп-оңай еді. Өкініштісі, жоба мәтіндеріне өзгерістерді енгізу үшін бекітілген қызметкердің кабинеті жоғары қабатта болып шықты. Оған жылдам барып, енгізілуге тиіс өзгерістерді тәптіштеп айту, одан соң өзгертілген құжатты саммит залына қайтып жеткізуден де қиын дүние бар болып шықты. Ол – бес президенттің айтқан ұсыныстары мен өзгерістерін мәтінге дұрыс енгізу еді. Бір сәтте И.Кәрімовтің ұсынысы төңірегінде басқа президенттер ойларын айтып, бір уәжге келді де, бәрі шәй, кофе ішуге шығып кетті. Сол кезде президенттер келіскен соңғы нұсқаны пысықтап алуға келгенде артқы қатарда отырған Н.Абықаевтың, министрдің орынбасары В.Алесиннің және басқалардың пікірлері бірдей болмай шықты. Әрқайсысы өз естігеніне сүйенеді. Тыңдап көрсем, кей пікірлер бір-бірімен жуыспайтындай көрінді. «Мұны енді қалай жөнге келтіремін?» деген сұрақтан есеңгіреп қалсам да, есімді тез жинауға тура келді. Қ.Сарыбай болса өз нұсқасын айтпастан, үзіліс бітпей тұрғанда жаңа құжат жобасын тезірек алып келуді өтінді. «Қай нұсқаны енгіземін» деп қобалжып, баспалдақпен көтеріліп келе жатып, «Енгізіп әкелген жаңа мәтінді ұсыныс берген И.Кәрімов құптамай қалса, проблеманың көкесі сонда болар-ау» деп ойлауым мұң екен, сол ойымның салмағынан терлеп сала бердім. Содан тәуекел етіп, өзім естіген нұсқаны енгізіп әкелдім. Бес президент үзілістен қайтып келіп, жаңа құжаттардың мәтіндерін қарап, іштей оқи бастады. Сол мезетте зәре-құтым қашып, мазам кетті. Мен үшін осы сәт соншалық ұзаққа созылып кеткендей. Бір кезде алғашқы болып И.Кәрімов мәтіндерді құптайтынын атап көрсетті де, қалған президенттер онымен келісетінін білдіріп, құжаттарға қол қоя бастады. Сөйтіп, тарихи құжат – Алматы декларациясы өмірге келді.
Еңбегімнің жанғанының алғашқы нышаны көп ұзамай, сол 1997 жылғы тамызда Үндістандағы елшілігімізге ұзақ мерзімді іссапарға келгенімде-ақ алдымнан шықты. Ол кезде интернет жоқ. Елден газет-журналдар дипломатиялық поштамен ай сайын бір-ақ келеді. Газеттерді оқып отырып, сол кездегі БҰҰ Бас хатшысы Кофи Аннанның Алматы декларациясына қатысты қарар қабылдағаны туралы ақпаратты көзім шалғанда қуанышым қойныма сыймай кетті. Сол күннен басталған атом қаруынан өңірді азат ету үдерісі Орталық Азия мемлекеттері президенттерінің жеке-жеке міндеттерінен баршасына ортақ міндетке айналды. Қазақстан Президенті Н.Назарбаев 1989 жылдың 29 тамызында атом сынақ полигонын жабу туралы жарлық шығарса, Өзбекстан Президенті И.Кәрімов Орталық Азияда атом қаруынан азат зона құру жөніндегі бастамасын 1993 жылы БҰҰ-ның 48-сессиясында алғаш рет жария етті.
Сөйтіп, бірлескен күш-жігер жұмсауға қажетті саяси серпін 1997 жылы 28 ақпанда Алматыда өткен Орталық Азия елдері басшыларының саммитінде берілді. Онда қабылданған Алматы декларациясы атом қаруынан азат зона (АҚАЗ) құру идеясына қолдау көрсетуге шақырды. Сол жылы қыркүйекте Ташкентте өткен «Орталық Азия – атом қаруынан азат зона» атты халықаралық конференция қорытындысы бойынша тиісті келісімшарттың негізгі ережелерін дайындау үшін сарапшылар тобы құрылды. Оның мәтінін талқылау кейін БҰҰ-ның белсенді қолдау көрсетуімен Ашхабадта, Самарқанда және Женевада өтті. 1997 жылы желтоқсанда БҰҰ Бас ассамблеясы Орталық Азия мемлекеттерінің алға қойған мақсатына мықты халықаралық қолдау барын көрсететін «Орталық Азияда атом қаруынан азат зонаны құру» қарарын қабылдады. 2006 жылы 8 қыркүйекте Семей қаласында Қазақстан Республикасы, Кырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түркіменстан және Өзбекстан Республикасы Атом қаруынан азат Орталық Азия зонасы туралы шартқа (Семей шарты) қол қойды. Қазақстан атынан шартқа сол кездегі Сыртқы істер министрі Қ.Тоқаев қол қойды. Бұл шарт 2009 жылы 21 нау­рызда дәл өзіндей 4, яғни Тлателолко, Бангкок, Раротонга және Пелиндаба шарттарынан кейінгі 5-ші болып тарихқа енді. Ең алғашқы атом қаруынан азат өңірлік зона 1967 жылы Латын Америкасында пайда болып, ол Тлателолко шарты деп аталды. Одан кейін мұндай аймақтар 1985 жылы Тынық мұхитының оңтүстік бөлігінде (Раротонга шарты), 1995 жылы Оңтүстік-Шығыс Азияда (Бангкок шарты), 1996 жылы Африкада (Пелиндаба шарты) құрылды. Одан бөлек Антарктика туралы (1959 жыл) ғарыш туралы (1967 жыл) және мұхит түбі туралы (1971 жыл) шарттар қабылданған соң ол жерлер де атом қаруынан азат зоналарға айналды. Сондай-ақ Монғолия атом қар­уынсыз мәртебесіне ие екенін біржақты жариялады.
2009 жылдан бастап жыл сайын Орталық Азия мемлекеттері астаналарында АҚАЗ қызметінің көкейкесті мәселелері мен өзара ықпалдасу жайын талқылау мақсатында консультативті кездесулер өткізіліп отырады. Нәтижесінде Орталық Азияның халықаралық аренадағы, атом қаруын таратпау ісіндегі рөлі мен маңыздылығы арта түсті. Зонаның институттануындағы маңызды қадам – БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде 2014 жылы 6 мамырда «атомдық бестік» өкілдерінің (Қытай, Ресей, АҚШ, Ұлыбритания және Франция) Семейге кепілдік хаттамасына қол қоюы еді. Сөйтіп, АҚАЗ-дың құқықтық қалыптасуына маңызды қадам жасалды.
Семей шартына сәйкес оған қатысу­шы мемлекеттер атом қаруын және оның компоненттерін немесе өңірдегі басқа да жарылғыш қондырғыларын өндіруге, қолға түсіруге және орналастыруға тыйым салу жөнінде міндеттеме алған. Сөйте тұра шарт ұлттық атоми бейбіт бағдарламаны дамытуға тыйым салмайды. Дүниежүзіндегі басқа АҚАЗ-дарға қарағанда Орталық Азия АҚАЗ-ының өзіндік ерекшеліктері бар. Атап айтсақ, дүниежүзінде пайда болған атом қаруынан азат зоналарды құрған мемлекеттер қатарында атом қаруы арсеналына ие болған мемлекет болмаған. Тұтасымен Солтүстік жарты шарда орын теуіп, жан-жағынан толығымен құрлықтармен қоршалған аумағы бар бұл зона Ресей, Қытай сынды атом қаруымен жарақтанған мемлекеттермен тікелей шекараласып, Үндістан мен Пәкістанға да жақын жатыр.
МАГАТЭ-нің қосымша хаттамасына және Атом сынағына тыйым салу туралы шартқа толығымен бағыну талабы ОА АҚАЗ туралы шартқа алғаш рет енді. Одан бөлек шарт Орталық Азия мемлекеттеріне олардың атоми қондырғыларының қауіпсіздігіне қатысты халықаралық талаптарға жауап беруді міндеттейді. Шарт қырғи-қабақ соғыс кезіндегі атомдық бағдарламаларды іске асыру барысында зардап шеккен қоршаған ортаны қорғау саласындағы реабилитациялық шараларға қолдау көрсетуге шақырады.
Орталық Азия елдері атом қаруын ауыздықтай отырып, атом энергетикасы мен атом отынының өндірісін қосқандағы бейбіт атомды дамыту мүмкіндіктерін сақтап қалды. Сонымен қатар дүниежүзілік қауымдастық алдында атом қаруынан азат әлемге қол жеткізу арқылы халықаралық қауіпсіздікті нығайту идеясын ұсынуда белсенділік танытуда. Сондай-ақ атом қаруынан азат басқа да зоналармен ынтымақтасуды жолға қою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы айтқанда өңірдің атом қаруынан азат мәртебесіне қол жеткізу үдерісі негізінен ҚР президенті Н.Назарбаевтың 1991 жылы 29 тамызда Семей атом сынақ полигонын жабу жөнінде шешім қабылдауынан басталды деуге де болады. Арада жылдар өткенде ол күн БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен халықаралық Атом сынағына қарсы әрекет күні болып бекітілді. Әлемдегі төртінші атом әлеуетінен өз еркімен бас тартқан кезде Қазақстан арсеналында Жер шарының кез келген нүктесіне жетуге қабілетті 1200 оқтұмсықты 110 құрлықаралық баллистикалық зымыран болған еді. АҚШ пен Ресей ынтымақтаса отырып, оқтұмсықтар, бомбалар және атомдық жарылыс қондырғылары утилизацияланып, Қазақстан аумағынан әкетілді. Оларды жеткізу құралдары мен пусктік қондырғылар да жойылды.
Семей полигоны жабылғаннан кейін атом қаруына ие барлық алпауыт елдер атом сынақтарын тоқтатты. Ғаламдық масштабта атом сынағын өткізуге халықаралық-құқықтық тұрғыдан тыйым салуға қолайлы ахуал қалыптасты. Осының бәрі ақыр аяғында 1996 жылы Атом сынағына тыйым салудың барлығын қамтушы шартының қабылдануына алып келді.
ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап жиналған атом қар­уының орасан зор арсеналы адамзаттың өзін ғана емес, жер бетіндегі
тіршілік атаулыны жойып жіберердей дәрежеге жеткені белгілі. Мемлекеттер қарудың алуан түрін жинап алып, оны өз қауіпсіздігінің бірден-бір кепілі ретінде қарастыруда. Яғни ғаламдық жарыса қарулану әлі жалғасып жатыр. Ажал төгуші қару-жарақ қаншалықты эволюциялық жолдан өткенімен оларды жасаушы адам іс жүзінде өзгере қоймаған тәрізді. Неғұрлым қуатты қаруға ие болу соғұрлым көп соғысқа алып келіп отырғанын адамзат біледі. Әрбір жаңа соғыс қирату мен қырудың жаңа қуатын күн тәртібіне шығаруда. Яғни жанталаса қарулану адамзатты тығырыққа тіреп, одан шығар жол қалдырмай отыр. Бұл жөнінде француз философы Тиьер Шарден адам мен жер шарының ара қатынасына қатысты ой қозғап, ноосфера деген жаңа атауды қолданысқа шығарды. Ноо – ақыл, ес дегенді білдіреді. Яғни ақыл мен есті дұрыс қолданбау өзі отырған бұтақты өзі кесуге алып келерін ескертті. Осы ұғымды орыс академигі В.И.Вернадский дамытып, Қазақстанның Бурабайына демалуға келіп жатқанда көлемді ғылыми мақалалар жазды. Ол өз әсерімен жер беті қабығын өзгеріске ұшыратып, планетаны түрлендіретін адамзат әрекеттерін қуатты геологиялық күшке теңеп, ноосфера ұғымына басқа бір мағына берді. Осыны ескеріп, 1994 жылы Президент жанындағы Қазақстанның ғылыми-зерттеу стратегиялық институтының Экологиялық қауіпсіздік бөлімінің бастығы А.Желобенко екеуміз қазақ және орыс тілінде «Ноосфера-Жербесік» атты журналын шығардық. Адамзаттың орнықты даму жолына арналып, халықаралық деңгейде қабылданып жатқан Рио-де-Жанейро декларациясынан бастап, басқа да құжаттарды, соның ішінде Қазақстан қосылған халықаралық конвенцияларды елдегі шешім шығарушы шенеуніктердің назарында ұстау журналымыздың басты мақсаты болды.
Ойлап қарасам, атом қаруына қарсы күресуді тағдыр менің маңдайыма дипломатия саласына келмей тұрып-ақ жазып қойыпты. Алғашқы белсенділігім Мәскеудегі Патрис Лумумба атындағы Халықтар достығы университетінде (ХДУ) аспирант болып жүргенімде басталған екен. Ол да жайдан-жай болмаса керек. 1989 жылы кездейсоқ Әнуар Мұстафинмен танысудың сәті түсті. Ол өзін О.Сүлейменовтің досы, әрі кеңесшісі деп таныстырды. Өзара сұхбаттасу нәтижесінде ол қайда оқитынымды білісімен шетелдіктерді өзіммен бірге ала жүріп, Семей полигонын жабу акциясына қатысуымды өтінді. Жуық арада сол үшін чартерлік рейспен Семей облысына барып-қайтпақ екенін жеткізді. Яғни өзімнің де, шетелдік студенттер мен аспиранттарды да ала баруыма болатынын айт­ты. Уақыт өте тар еді. Тек Бразилияның бір студенті мен аспирантына айтып, Семей облысындағы Қарауылға барып, аталған іс-шараға қатысуға келісімін алдым. Ұшақта О.Сүлейменов, Ә.Мұстафиннен басқа мен танитындардан жазушы Р.Сейсенбаев болды. Ол менімен бірге отырған қара түсті шетелдіктерге назар аударып, жаныма келді. Танысып, әңгімелесе келе, «Қазақ деп бас көтеретін бір шетелдік болса да таныса бер, достаса бер» деп риза көңілмен батасын берді. Қарауылда танитындардан сол кездегі КСРО-ның Бейбітшілік Елшісі Генрих Боровикті көріп, әңгімесін тыңдадық. Ол сапардан полигонды жаптыруға үлес қоса алғандай болып, ерекше сезіммен қайттым.
Кеңестік дәуірде қарапайым кісі білетін ақпараттардан бөлек, ол мүлдем естімеген, білмейтін, білуге тиісті емес ақпараттар болатын. Ондай ақпараттың көптігі сондай, жыртылып-айрылатын, Ондай ақпаратты іздеуге, тануға, білуге құлшыныс таныту кімге болсын қатерсіз емес-ті. Халық үшін, әсіресе қазақ үшін Семейдегі атом полигоны сондай жабық ақпарат қатарына жататын. Нені жарып жатыр, қалай жарып жатыр, оның салдары тұрғындар үшін қаншалықты қауіпті де қатерлі – бұл жайында БАҚ ләм-мим демейтін. Білгің келсе де, еш жерден ақпарат ала алмайсың. Елдің бетке ұстар тұлғалары болсын, қоғам қайраткерлері болсын, ғалымдары болсын, мәдениет және өнер адамдары болсын, баршасы да өскелең жастар үшін атом қаруының жарылыс апаттары жайында жақ ашпайтындай көрінетін. Оның себебі көп еді. Бір жағынан, тоталитарлық жүйенің қатал саясатына мойынсыну болса, екінші жағынан, ол кездері фейсбук, инстаграмм, уатсап, телеграмм деген тәуелсіз хабар тарататын ақпарат көздері мүлдем жоқ еді.
Оның үстіне кеңестік жүйенің қатаң тәрбиесін көрген біз сықылды жұртта экологиялық сана-сезім мен экологиялық мәдениеттің деңгейі өте төмен болғаны рас. Оны 1972 жылы Стокголь­мде «І Жер саммиті» деген атпен өткен БҰҰ-ның қоршаған орта және даму жөніндегі конференциясына қатысқан КСРО делегациясының баяндамасынан-ақ байқауға болатын. Кеңестік баян­дамашы «Социалистік жоспарлы даму бағдарламасымен дамып жатқан Кеңес Одағында экологиялық проблема атымен жоқ» деп конференцияға қатысушылардың жағасын ұстатқан ғой. Адамзат дамуының сұрапыл жылдамдығының екпінімен адамдар өздері отырған бұтақты өздері кесе бастағанын байқап, қоршаған ортаны өмір сүруге жарамсыз ету қаупінен сескенген дүниежүзінің алдыңғы қатарлы ойлы саясаткерлері «Мына жойқын дамуымызбен қоршаған ортаны бүлдірудің алдын алып, оның зардабын жоюдың жолдарын қарастыру мақсатында әр 20 жыл сайын бас қосып, Жер саммитін өткізіп отырайық» деген мәмілеге келгенін коммунистер қайтсін.
Кеңестік дәуірде туып-өсіп, сауатты білім алып, қолымыз аузымызға енді жете бергенде құдіреті мол КСРО бір-ақ сәтте ыдырады да кетті. Бабалар аңсаған егемендіктің таңы атып, тәуелсіз мемлекет ретінде етек-жеңімізді жинап, дүниежүзілік қауымдастыққа кірігуге бет түзегенде тағдырыма дипломат болу мәртебесі бұйырды. Мұны тағдыр сыйы деп қабылдадым. Өтпелі кезеңге тап болсақ та, одан абыроймен шығуға ұмтылдық. Сол үшін де бұрын-соңды зерттеп көрмеген, қыры мен сырын жөндеп біле бермейтін дипломат деген кәсіптің жүгін арқалап, еліміздің сыртқы саясатын жүзеге асыру жолында отыз жыл еңбегіміз сіңді.
Дипломатия жүйесіне келген бетте экология саласынан өмірде алған тәжірибем, оның үстіне мегаполис Мәскеуде оқығанымның арқасында экологиялық мәдениетімді белгілі бір деңгейге көтере алғанымның пайдасы мол болды. Алғашқы күннен-ақ маған басқармада ешкім айналысқысы келмейтін Арал теңізі апатының кешенді проблемаларын көтеру міндеті тапсырылды. Экология мәселесін көзге ілмейтінін әріптестерім ғана емес, басшымның өзі ашық көрсетіп отырды.
Экологиялық дипломатия саласындағы алғашқы қадам Арал теңізі проблемаларын дүниежүзі қауымдастығының алдына жайып салып, оны шешуге халықаралық ұйымдармен қатар алпауыт елдерді тартудан басталды. Ол үшін Президент Н.Назарбаевтың атынан жетекші елдер басшыларына көмек сұрап хат жолдадық. Дүниежүзілік банк қаражатын экологиялық апатқа бөлдіру үшін БҰҰ Орталық Азия елдері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара алатындай ортақ институция құруы керектігін еске салды. Содан 1993 жылы 26 наурызда құрылтайшылары Орталық Азия елдерінің басшылары болып, Аралды сақтау халықаралық қоры (АСХҚ) құрылды. Халықаралық қауымдастықтың қолдауымен Арал теңізі бассейнін экологиялық сауықтыру мен аймақ тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық деңгейін көтеру мәселелері бойынша бірлескен нақты істер мен бағдарламалық жобаларды қаржыландыру АСХҚ-ның негізгі міндетіне айналды. Оған президентік ету ротация бойынша 4 жыл сайын ауыстырылып отырды. Арал дағдарысы салдарларымен күресті АСХҚ үйлестірді. БҰҰ Даму бағдарламасымен, ЮНЕП-пен, ЮНЕСКО мен Бүкіләлемдік Банкпен, Азия Даму Банкімен, сонымен қатар Германия, Дания, Израиль, Канада, Нидерланд, АҚШ, Швейцария, Швеция және басқа да донор елдер үкіметтерімен біріге отырып, АСХҚ өңірлік әлеуметтік және экологиялық проблемаларын шешуге бағытталған түрлі жобалар мен бағдарламалар жүргізіп келді.
Атом қаруын таратпауда және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуде Атом қаруынан азат зоналар (АҚАЗ) құру үрдісінің маңызы біртіндеп артып келеді. Атом қаруынсыз аймақтар жасау ісі «қырғи-қабақ соғыс» тұсында басталып, ол аяқталғаннан кейін де жалғасын тапты. «Қырғи-қабақ соғыстың» аяқталуы ядролық державалардың АҚАЗ-ға көзқарасын айтарлықтай өзгертті.
Десек те, бұл мәселеде шешілмес қайшылықтардың жеткілікті екенін байқауға болады. Айталық, бүгінде қолданыста жүрген Атом қаруын таратпау жөніндегі шарт негіздері тек атом қаруы бар мемлекеттерге ғана қатысты әзірленген. Содан да болар, қазір ол өзін толық ақтай алмай отырған жайы бар. Бүгінгі таңда әлемнің түкпір-түкпірінде бой көтеріп жатқан түрлі діни-саяси қақтығыстар адам төзгісіз террорлық әрекеттерге соқтыруда. Ал егер сол терроршылардың қолына ядролық қару түссе, әлем қандай күйге тап боларын ойлаудың өзі қорқынышты. Қазір әлемде әскери салада қолдануға келмейтін, алайда атом қаруын толық іске қосуға таптырмас залалды заттардың 2 мың тоннасы шоғырланған екен. Бұған айрықша мән беретін кез келді.
Атом қаруына қарсы барша қозғалыстарды қолдайтын да, осы жолға түсуге үгіт-насихат жүргізетін де жетекші мемлекеттердің бірі болуға қазақ пен жапонның толықтай тарихи және моральдық құқы бар. Мұны қазақ пен жапон халықтары тартқан ауыр зардап пен өлілердің рухы да міндеттейді.

Мұрсал-Нәби ТҰЯҚБАЕВ,
ҚР Дипломатиялық қызметіне еңбегі сіңген қайраткер,

Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір