Беу, Бурабай, баурайың кие қандай!
05.07.2022
990
0

 

 

Дәуірбек Дүйсебай

Дүр дүниенің
парасат тәжі
Елордам – Алаш кіндік шаһары,
Жайнаған мұнда бірлік жаһаны.
Мейірбан күндей бар ізгілікті,
Бүтін әлемге нұр ғып шашады.

Өзіңсің, ордам, сенім Үркері,
Бетке алар қауым сол үшін сені.
Мәмілегер қалам – тайталасқанды,
Бәтуаға тартқан келісім төрі.

Астанам – елдің жаңа дастаны,
Бағасын берер болашақ та әлі.
Гауһар ғазалдай көрікті шәрім –
Дүр дүниенің парасат тәжі.

Астанам ырыс шаңырағындай,
Қала жоқ, сірә, сәні бар мұндай.
Есілге қонған інжу шаһарды
Алыста жүрсем сағынам ұдай.

Дала мен қамал, белес-адырым
Тарихтың толғар көне сарынын.
Қараөткелімде мәңгі орнап қалған,
Асқақ айбыны Кенесарының.

Төрелер келіп шартараптағы,
Шешер түйінді алқалап тағы.
Елімнің артып салтанат-сәні,
Мәңгі жасағай Алты Алаш шәрі.
Келіссөздер
додасы
Әлемге асқақ елордам ой таратып,
Тұр аспанмен айбыны тайталасып.
Ордасы екен астанам ынтымақтың,
Төрт құбылаға есігі айқара ашық.

Қызған мұнда бәйгесі ақыл-қайрат,
Семсер сөзін шешендер жатыр қайрап.
Сақылдаған аязға қарамастан,
Саясаттың қазаны тасыр қайнап.

Алашымның бақ қонып қаласына,
Айтуда үкім адамзат баласына.
Сан тараптан дүлдүлдер ағылып кеп,
Кіріп жатыр келіссөз додасына.

Толқындары көңілдің тулап-тулап,
Көкейлерде алуан сұрақ тумақ.
Дүбірлі бұл доданың қызуынан,
Сарыарқада бу шығар будақ-будақ.

Қарсыластар сөз қуып, таласады,
Толғай сөйлеп, көсемдер жол ашады.
Аузын айға білеген адуындар,
Анталасып алған соң, жарасады.

Кірді, міне, алқаның жаңа сәні,
Дауласқандар жөн сөзбен санасады.
Қырғиқабақ тараптар Нұр-Сұлтаннан,
Құдды құда-жекжаттай тарасады.
Астана таңы
Тебірентті сендей сұлу таң мынау,
Сезімімнен алынғандай сан бұрау.
Ақтарыла сыр айтам деп, шаһардың
Ақ таңына ғашық болып қалдым-ау.

Нұрлы әсерден бойымызға таң құйған,
Кеудемізде ләззат алып, балқиды ән.
Есілдегі осы көркем таң үшін,
Отқа түсіп, қанша арысым жан қиған.

Қай кезде де биік қойып ар ісін,
Көтерді ерлер ту ғып ұлттың намысын.
Қарыздармыз бабамызға баһадүр,
Астананың бұл бір ғажап таңы үшін.
Бір ерекше бақыт тұнып көзіңде,
Жанымызда таң боп атты сезім де.
Бұлай күліп жүрмес те едік, Хан Кене,
Қараөткелді қайта алмаса кезінде.

Шүкір десіп еркіндікке, теңдікке,
Тылсым таңның құшағына ендік те.
Көшесінде жүрер ме ек біз, жер үшін,
Ер Тәшенов бас тікпесе ерлікке.

Дәл сендей боп ақ жүзіңнен нұр ұшқан,
Асыл қалам шалқып жатыр ырыстан.
Суық көздің сұғы өтпесін, тілегім –
Есілімде атсын дәйім тыныш таң.

Астанада қандай жарық таң мына!
Жүзді өзенде қос шағала сән құра.
Жүрші, аяулым, гүл қоялық, тағзым ғып,
Кенесары ескерткіші алдына.
Той боп жатыр
ауылда
Бір тойым болатыны сөзсіз менің…
Төлеген Айбергенов

Той боп жатыр ауылда дүркіреген,
Тау суындай жыр ақты күркіреген.
Жалынды әндер қыздырған той дүбірі,
Қалғып кеткен қиялды сілкілеген.

Мәрт пейілдер қауымға бақыт шашып,
Сыр құюда жүректер асып-тасып.
Шат көңілдер ақ көбік күй төгуде,
Сұлу сезім пернесін басып-басып.

Бар қызықтың алғандай мәнін ұғып,
Жеңгелердің жүр ме екен жаны күліп?
Тойдың үйін бетке алып бара жатыр,
Көкдөнені көңілдің салып ұрып.

Биде аққудай қыздардың ізгі жаны,
Айдынында махаббат жүзді бәрі.
Әуелеген құйқылжып әсем әуен,
Сал дәуреннің қызығын қыздырады.

Шолып қарттың өткенді ой-назары,
Жасты көріп, үміті бой жазады.
Ел жанарын баураған сылқымдарға,
Тарқамастай көрінер той базары.

Той боп жатыр мәңгі есте қалатындай,
Бүгін биші қыз бағы жанатындай.
Арман бар ма, қуантсам бар жақсыны,
Бір той жасап, аста-төк дәл осындай.

Ақтарылған тілек пен бата кені,
Мына думан толқытты аса мені.
Алаулатып қыздырған той көрігін,
Әкем осы ауылда асаба еді.
Ерлердің ері

Ерлердің ері – Сырым Датұлы,
Ерлік пен рух – мұның жақыны.
Қайрат қылыпты тентіремесін деп
Ұрымға ұлы, Қырымға қызы.

Падишасы ердің – Даттың Сырымы,
Осы екен асыл тастың сынығы.
Бас көтеріпті ол мойнына елдің
Түспесе екен деп жаттың құрығы.
Баспақ боп қазақ қаһарман жанын,
Жіберген патша атамандарын.
Жұртын қорғаған Сырым батырдың
Басына сыйдың атаған бәрін.

Патшаң әскерін арқыратқанда,
Селдей екпіні жан шыдатқан ба?
Алайда сол қол абдырап қалған,
Қабылан Сырым қарсы шапқанда.

Ол жаудың сағын сындырып шапқан,
Жасыған жасақ шыңғырып қашқан.
Қолға түсіріп, жаудың басшысын
Хиуаға Сырым құл ғылып сатқан.

Ашты жау кейін сырын ақыры,
Ерте сезіпті мұны Датұлы.
Қаспен тіресіп, еңкеймей өткен,
Ұлы даланың ұлы батыры.

Азаттықты Алла, ғарыштан тілеп,
Бөрідей жортты ол намыстан жүдеп.
Ерлердің ері – Сырым Датұлы,
Елім деп өткен арыстан жүрек.
Ана
Үзім нанды аштықта қылып арман,
Қырылған ел, тек азы тірі қалған.
Шешейлерім, әсілі, екен мүлде
Шыққан алыпбұл елді шыңыраудан.
Жігер қашып, әл кетіп халайықтан,
Алашымда қалғанда азайып сан.
Аналарым сеуіпті өмір дәнін,
Рух сыйлап жүректей ғажайыптан.

Тер төгіпті ел бақты өрге өрлеткелі,
Сонда да Алаш басынан шер кетпеді.
Нағыз ерлік болыпты шешеміздің
Тал бесікті аялай тербеткені.

Ұрпағының көрсем деп тәуір күнін,
Өткізді ана қаншама дауылды күн.
Жолы жеңіл болсын деп ұл-қызының
Көтерді ана ғасырдың ауыр жүгін.

Жанары ана сияқты жаһұт дара,
Жүрегі оның тілейді бақыт қана.
Балалары кешсін деп тәтті ғұмыр,
Көп ащысын тағдырдың татыпты ана.

Бейнет көріп, ана қар, саз кешіпті,
Міне, сөйтіп ел даңқын мәңгі етіпті.
Ана жолы ұласар нұрлы ертеңге,
Талмай тербеп тұрса ару тал бесікті.
Бурабай
Бурабайда биязы самал қандай!
Қиял кеңге самалмен таралғандай.
Мына тауда өрілген тақта тастар,
Бір құдірет қолымен қаланғандай.

Шалқар жатыр керіліп шалқасынан,
Бақыт та жүр жай іздеп дәл қасынан.
Хан Кененің қасиетті үңгірінде
Жігер қайнап, ерекше қан тасыған.

Іңкәр етіп баулыған бізді үмітке,
Тұнып тұр-ау бұл өлке ізгілікке.
Тасқа біткен қарағай сыр айтады,
Оқжетпеске өрлеген қыз-жігітке.

Мас қып балғын балауса исі дәйім,
Құс әуені келтірер күй шырайын.
Ынтықтырып өмірдің думанына,
Шақырады бұралған биші қайың.

Беу, Бурабай, баурайың кие қандай!
Ұға алмаған киеңді күйеді оңбай.
Рух кернеп Абылай хан алаңында,
Тебірендім, жасыма ие болмай.

Тұрсыншы аман тіл, елдей кием, Алла-ай!
Кешір, келсем киемді сүйе де алмай.
Бурабайда ұлы үміт қайта оянып,
Алып күшке, тасыдым, ие жандай.
Бадам
Бабам жатқан жерде бір бадам өскен,
Бала кезде көріп ек, қала ма естен?
Өзгеріпті сол қорым, бадам да жоқ,
Содан бері қаншама заман өткен.

Өскен қабір басына бадам өзі,
Атам ертіп апарған бала мені.
Піскен бадам мәуесін үзіп беріп,
Артта қалған күндерге ол қарап еді.

Иә, ол кез алапат заман еді,
Соны сезген бабамыз дана ма еді?
Бар кітап пен жазбасын сандыққа сап,
Көмдіріпті сол маңға бабам өзі.

Бабамыздың басында бадам бар-ды,
Сырттай байқап тұратын адамдарды.
Не жайлы екен бабамның жазбалары,
Айтты ма екен көне өткен замандарды?

Бабамыздың басында бадам болған,
Не бар енді бұл маңда содан қалған?
Бабам неге жасырды кітаптарын,
Сескенді ме заманнан, жамандардан?

Қабірінің басына бадам өскен
Бабам қауіп көріпті «жаңа көштен».
Теріс оқыр пақырлар түсінбес деп,
Қазынасын өзімен ала кеткен.

Бабамыздың моласы – бадам жаны,
Жазбада ма бабамның бар арманы?
Әкеміз де шарқ ұрып іздеп еді,
Атасының сандығын таба алмады.

Сандық та жоқ, қалмапты бадам дағы,
Жоғалғандай көне сыр ғаламдағы.
Өзің жазған жазбалар жайын ойлап,
Байыз таппай жүр, баба, балаң жаны.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір