ЭТНОС ӨКІЛДЕРІНІҢ 92 ПАЙЫЗЫ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МЕҢГЕРГЕН
Қыран бүркіттей қайта түлеген Түркістан өңірі – о бастан-ақ екі дүние есігі, ер түріктің бесігі болған қасиетті атамекен. Бірлік те, ерлік те, береке де, мереке де осы тайқазаны тасыған Түркістаннан басталған. Ата-бабаларымыздың қазақ хандары мен ханшайымдарын, билері мен батырларын осындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жерлеуі де базарда малдары, мазарда бастары түйіскен халықтың елдік мәселеде де еңсесі биік екенін дәлелдеген.
Бүгінде облыс халқының саны 2 миллионнан асады. Онның 23 пайызын түрлі этнос өкілдері құрайды. Түлкібастан – Түркістанға, Отырардан – Ордабасыға, Созақтан – Сарыағашқа, Шымкенттен – Шардараға дейінгі ұлағайыр жерде 50-ден аса этностың өкілдері береке-бірлікте өмір сүріп келеді.
Өңіріміздегі Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын ғылыми-сараптамалық, ақпараттық-насихаттық, талдамалық сүйемелдеуді ұйымдастыру, этномәдени бірлестіктер мен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымдарының қызметін үйлестіру «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі қызметінің негізгі бағыттары болып саналады. Облыстық Ассамблея құрамында облыстық, аудандық деңгейдегі 31 этномәдени бірлестік пен Ассамблея жанындағы құрылымдар «Қоғамдық келісім кеңесі», «Аналар кеңесі», «Ғылыми-сарапшылық топ», «Медиация» кабинеті, «Журналистер мен блогерлер клубы» және «Ассамблея жастары» Республикалық Қоғамдық Бірлестігі облыстық өкілдігі ел бірлігін нығайту жолында жемісті жұмыс істеп жатыр.
Этносаралық шиеленістердің алдын алуда түсіндірме жұмыстарының маңызы жоғары екені белгілі. Бұл ретте, өңірде 2020 жылы облыс көлеміндегі этносаралық ахуалды зерттеу жұмыстарын оңтайландыру мақсатында облыстың этнокартасы жасақталған болатын. Картадағы мәліметтер жылына екі рет тура сол кездегі жағдай бойынша жаңартылып, тиісті ақпараттар енгізіліп отырады. Тұрғындар арасында қоғамдық келісім мен бірлікті насихаттау, этносаралық кикілжіңдер мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, құқық қорғау және салаға жауапты органдарының басшылары, аудан, қала әкімдіктерінің қызметкерлері және жергілікті жерлердегі беделді азаматтар, жастар өкілдері енгізіле отырып, ақпараттық-насихаттық топтар құрылған. Бұл топтар облыстағы этнос өкілдері тығыз шоғырланған аудандарда этносаралық татулық пен ынтымақтастықты, достық қарым-қатынасты сақтау, этносаралық толеранттылықты нығайту мақсатында былтыр 116 ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ақпараттық-насихаттық жұмыстарға тарту мақсатында жергілікті жерлердегі беделді азаматтардың тізімі жасалған. Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы мен «Қоғамдық келісім» КММ-нің қызметкерлері облыстық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, тұрақты түрде этникалық топтар жинақы тұратын аудандардағы этнос өкілдері арасындағы туындауы мүмкін шиеленістерді анықтау бойынша жұмыстар жүргізеді.
Өткен жылы этнос өкілдері тығыз шоғырланған 38 елдімекен тұрғындары арасында сауалнамалар ұйымдастыру және фокус-топтық кездесулер өткізу арқылы халықтың көңіл күйі мен мемлекеттік этносаясатқа көзқарасын анықтау мақсатында мониторинг жұмыстары жүргізілді. Бұл бағытта түрлі тақырыптарда семинарлар өткізіліп келеді. Сол іс-шаралардың барысында Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының» және этносаралық қатынастарды зерттеуші ғалымдардың методикалық кеңестері тыңдалды. Сонымен қатар таяуда елімізге белгілі тарихшы-ғалым Жамбыл Артықбаевтың «Қазақстан: этникалық қарым-қатынастар тарихы, этносаралық қарама-қайшылықтар және этномәдени ықпалдастық мәселелері» және «Этносаралық шиеленістердің шығу себептері мен алдын алу шаралары» тақырыбында әдістемелік нұсқаулықтары, бұдан бөлек «Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы» анықтамалық сөздігі жарыққа шықты. Бұл құнды кітапшалар мамандардың жұмысына үлкен көмегін тигізуде.
Биыл ақпан айының 1-17 күндері аралығында Түркістан облыстық ҚХА жанындағы ақпараттық-насихаттық топтың қатысуымен 13 аудан, қала тұрғындарымен «Агроөнеркәсіптік секторда прогрессивті технологияларды ілгерілету», «Бүгінгі келісім – мәңгілік бейбітшілік» және әскери міндет саласындағы заңнамаларды орындау қажеттілігі тақырыптарында кездесулер өтті. Облыс бойынша биыл тұрғындармен 93 кездесу өткізілді. Сондай-ақ 2022 жылғы 30, 31 наурыз және 1 сәуір күндері ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен құқық қорғау органдары бірлесе отырып, облыстағы жергілікті атқарушы, құқық қорғау органдары және білім саласының мамандарына арнап «Дағдарыстық және қақтығыстық жағдайларға әрекет ету алгоритмі» тақырыбындағы үш күндік семинар-тренинг ұйымдастырылды. Өңіріміздегі түрлі этностар бір шаңырақтың астында қиын жағдайда бір-біріне көмектесіп, достық қарым-қатынаста өмір сүруде. Облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлерімен облыс аумағында жергілікті тұрғындар мен этнос өкілдерінің арасындағы этносаралық ахуалды саралау мақсатында облыс тұрғындары арасында социологиялық сауалнама, фокус топтық зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
Қоғамдық келісімді нығайтуда Алғыс айту күнінің маңызы жоғары. Биыл Алғыс айту күніне орай өңірімізде он күндік іс-шаралар жоспары бекітіліп, әрбір қала, ауданда мерекенің мән-маңызын арттырған іс-шаралар өтті. Онкүндіктің ашылу салтанаты Қ.А.Ясауи кесенесінен бастау алып, «Керуен сарай» көпфункционалды туристік кешенінде этнос өкілдерінің мерекелік шеруімен жалғасты. Әр қала, ауданда этномәдени бірлестіктердің қайырымдылық акциялары ұйымдастырылып, еңбек адамдарына құрмет көрсетілді. Ерікті жастар қала көшелерінде тұрғындарға арнайы тілек жазылған құттықтау хат пен құрт таратты. Мереке аясында өңіріміздегі этнос ақсақалдары Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде ұлы тұлғаларымыздың өмір жолын ұлықтап, бабалар рухына Құран бағыштады. Сонымен қатар «Рахмет саған, туған жер!» тақырыбында этнос жастары арасында сурет салу байқауы өтіп, «Достық» аллеясына 500-ге жуық ағаш көшеті отырғызылды.
Сондай-ақ Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың проблемаларын шешуге, қыздар тәрбиесіне атсалысуға, ұлттық құндылықтарды, дәстүрлерді жаңғыртуға қатысуда. Түрлі форматтағы іс-шаралар өткізу арқылы тіршілігі берекелі, ынтымағы жарасқан, тату отбасыларды насихаттайды. Бүгінге дейін облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің 90-ға жуық отырысы өткізілді. Сондай-ақ Түркістан облысында түрлі деңгейдегі 191 Қоғамдық келісім кеңесі (1 облыстық, 3 қалалық, 14 аудандық, 173 ауыл округтерінде) бар. Бұл кеңестерге мүше азаматтар саны 1224-ті құрайды. Қоғамдық келісім кеңестерінде түрлі әлеуметтік мәселелер қаралып, жүйелі түрде шешімін табуда..
Қазіргі таңда Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналистер мен блогерлер клубы бар. Бұл клубтың мүшелері тоқсан сайын бас қосып, ел бірлігі мен қоғам тұрақтылығын нығайту бастамаларын белгілеп, оны іске асыру барысында жұмыс істейді. Клубтың қолдауымен өткен жылы ел татулығын дәріптеуге арналған «Шаңырақ» байқауы ұйымдастырылды.
Сонымен қатар «Қоғамдық келісім» мекемесінде баспасөз орталығы ашылған. Мекеменің әлеуметтік желілердегі «Түркістан облысы Қоғамдық келісім» ресми парақшасы белсенді жұмыс істейді. «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің аудандық, қалалық филиалдарының әлеуметтік желілердегі арнайы парақшалары оқырмандармен тиімді әрі белсенді байланыс орнатқан.
Еліміздегі медиаторлардың қызметін үйлестіру міндеті соңғы жылдары Қазақстан халқы Ассамблеясына жүктелгені белгілі. Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының аудан, қалаларда 19 медиация кабинеті жұмыс істейді. Оларда 56 медиатор азаматтарға құқықтық көмектер, даулы мәселерді сотқа дейінгі шешу жұмыстарымен айналысады. Өткен жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Түркістан облыстық және аудандық соттармен бірлесе, облыс көлемінде медиация институтын дамытуға бағытталған 28 семинар-кеңес өткізіліп, оған 1500-ге жуық адам қатысты. Медиаторлардың жүйелі жұмысының нәтижесінде былтыр этностардың қатысуымен болған 30-дан астам дау медиация рәсімі арқылы сотқа дейінгі және сот барысындағы тәртіппен оң шешілді.
Ассамблеяның негізгі функцияларының бірі – қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастыру, үйлестіру, оған этнос өкілдерін тарту. Өңір тұрғындары Арыстағы жарылыс, Мақтааралдағы топан су басу кезінде бір-бірінен көмегін аямады. Төтенше жағдай тұсында қиналған халыққа қолдан келгенше көмек берді. Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы былтыр «Қарттарымыз қазына», «Денсаулық – зор байлық», «Мектепке жол», «Жылулық сыйлайық», «Қамқорлық» секілді қайырымдылық акциялардың аясында 1 525 отбасыға 73 миллион 727 мың теңге көлемінде көмек көрсеткен. Облыстағы барлық этномәдени бірлестіктер пандемия кезіндегі қайырымдылық акцияларына, тұрмысы төмен отбасылардың балаларын мектепке дайындау шараларына, Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен іске асып жатқан «30 игі іс» қайырымдылық акциясына белсене қатысты.
Бүгінде этнос өкілдері үшін «Қазақтану» жобасы аясында мемлекеттік тілді меңгеруге жан-жақты қолдау жасалуда. Бұл бағытта облыстағы Ассамблея құрылымдарының ұйытқы болуымен 2021 жылы 10-нан аса жоба іске асырылып, 3 мыңнан аса адам қамтылды. Облыс бойынша барлық аудан, қалаларда мемлекеттік тілді оқыту орталықтары ашылған, өткен жылы осы курстарға 2 мыңға жуық адам қатысты. Жалпы, этнос өкілдері тарапынан мемлекеттік тілді үйренуге, қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін біліп-үйренуге деген талпыныс жоғары. Қазірдің өзінде облыстағы этнос өкілдерінің 92 пайызға жуығы қазақ тілін жетік меңгерген.
Әрине, кез келген елдің тілегі де, арманы да халқының бейбітшілігі мен бірлігін сақтау екені сөзсіз. Өйткені, бейбіт өмір – бақыт, береке, бірлік әкелумен қатар болашаққа өрлеу мен өркендеуге жол ашады. Сөзімізді түйіндей айтсақ, біздің ең басты байлығымыз – Тәуелсіз Отанымыздың бірлігі. «Игілік басы ынтымақ, ынтымақты елде күншуақ» деп бабаларымыз айтқандай, бірлігі бекем ел ғана әрдайым табысты болмақ.
Дәурен САРИЕВ,
Түркістан облысы қоғамдық даму
басқармасы басшысының орынбасары,
Ассамблея хатшылығының меңгерушісі.