Дипломатия және атом қаруын ауыздықтау
27.06.2022
1682
0

Саясат – соншалық жаман кәсіп те емес. Ондағы жетістігіңнің игілігі еселеп қайтады, жолың болмай қалған күннің өзінде кітап жазуға әрқашан мүмкіндік бар.
Рональд Рейган (1911-2004)

Тәуелсіздікке қол жеткізгелі бергі дипломатиямызды алға бастырып, сыртқы саясатымызды жүзеге асыру барысында көзбен көргендер мен көкейге түйгендерді хатқа түсірудің пайдасы зор. Осы тұрғыдан алғанда жаппай қырып-жоятын қаруға жататын атом қаруының қатерімен күресу жолында іс жүзінде атқарған кейбір дипломатиялық іс-әрекеттерімізді тілге тиек етіп, одан шыққан нәтижелер төңірегінде баға беру осы мақаланың өзегі болмақ. Дипломат үшін фактіні тек нақты сипаттап қана қою жеткіліксіз, сонымен қатар саясатты терең талдау мен биліктің іс-әрекетін бипаздап жеткізудің маңызы айрықша. Сарбаз үшін қару қандай рөл атқарса, дипломат үшін сөз де сондай рөл ойнайды. Заман өзгеруімен бірге халықаралық қатынас ілімінің де өзгеріске ұшырауы заңды. Айталық, ежелгі Грекия мен Қазақ даласында дипломат үшін бастысы ауызша сөз болса, кейінгі кезде ауызшамен қатар жазба сөздің де маңызы арта түсті. Сөзді дипломат үшін ең басты нәрсе деп те қабылдайтын заман туды.
Қазақстан Сыртқы істер министр­лігінің құрылғанына биыл 30 жыл толып отыр. Орталық Азия елдерінің тәуелсіздік жылдарындағы бірлесе қол жеткізген ең үлкен жетістігі ретінде осы аймақты Атом қаруынан азат зонаға (АҚАЗ) айналдыра алуы дер едім. Дүниежүзілік қауымдастық тәуелсіздікке енді ғана қадам басқан Орталық Азия елдерінен мұндай көрегендікті, ауызбіршілікті және қажырлылықты күтпегені анық еді. Бұл елдердің осындай дип­ломатиялық жеңісінің тарихи бағасы берілер кез әлі алда деп ойлаймын.
2017 жылдың 10 қазанында Самарқанд қаласында өткен Орталық Азия елдері сыртқы істер министрлерінің саммиті шеңберінде ұйымдастырылған халықаралық конференцияға Қазақстан делегациясын ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов бастап барды. Елші Е.Үтембаев Самарқандта өткізілетін барлық іс-шараларды басынан аяғына дейін ойдағыдай ұйымдастырудың жауапкершілігін маған тапсырған болатын. Саммит аясында шетелдің 80-нен астам саясат­танушыларының, сарапшыларының, саясаткерлерінің, аналитиктерінің басын қосқан халықаралық конференция да өткізілді. Бар сынақтан сүрінбей өтіп, жүктелген борышты ойдағыдай атқарып, министрдің оң бағасына ие болдық. Сондай қарбалас кезінде елші «Орталық Азия: өткені бір және келешегі ортақ, орнықты даму мен бірлесіп гүлдену жолындағы ынтымақтастық» деген атпен өтіп жатқан халықаралық конференцияға да бас сұғып, баяндамашыларды тыңдап қоюды тапсырды. Содан уақыт тауып, конференцияға кіріп, не айтылып жатқанына құлақ түрдім. Оңтүстік Кореядан келген саясаттанушы ғалым баяндамасының үстінен түсіппін. Ол бұрынғы КСРО ыдырар алдында Орталық Азия өңіріне қатысты небір пікірлер айылғанын тілге тиек етіп, «КСРО ыдырасымен Орталық Азиядағы бес мемлекет өзара жанжалдасып, қырық пышақ болып, бүгінгі Ирак пен Сириядағыдай астаң-кестеңі шығып, жан-жаққа миллиондаған босқындар қашатын болар» деп болжам жасағандарын атап өтті. Одан әрі сөзін жалғап, «Жағдай біз ойлағандай болмай, болжамдарымыз жоққа шықты. Есесіне, арада ширек ғасыр уақыт өткенде нені көріп отырмыз? Өңірдегі бес мемлекет, соның ішінде әсіресе Қазақстан мен Өзбекстан әлемді мойын­дататындай экономикасын жақсы дамытып, өзара тіл табысу арқасында орнықты даму жолында бірлесе батыл әрекеттер жасауда. Ауыз толтырып айтарлық табыс та аз емес. Бірақ соның бәрі, айналып келгенде, Орталық Азия өңірін атом қаруынан азат зонаға айналдыру жетістігінің жанында түк те емес. Әзірге дүниежүзілік қауымдастық тарапынан Орталық Азия мемлекеттерінің бұл жетістігі лайықты бағасын алған жоқ. Бірақ алдағы уақытта сарапшылар зерттеп, тиесілі оң бағасын беретін болады. Жер шарының біраз бөлігінде өңірді атом қаруынан азат ету жолында неше жылдар бойы тер төгіп, оң нәтижеге жете алмай келе жатқан елдер қаншама. Айталық, біздің Солтүстік-Шығыс Азия өңірі жарылғыш зат толтырылған бөшке сықылды, шырпы тиіп кетсе болды – от тұтанып, қопарылғалы тұр. Жарыла қалған жағдайда оны тоқтататын тетік те жоқ. Бұл тұрғыда сіздер ортақ оң шешімге қалайша тез жеттіңіздер? Сіздердің игі істеріңіз бізге үлгі. Сондықтан оң тәжірибелеріңізді ортаға салып, бізбен бөлісулеріңізді сұрар едік» деп тоқтады.
Расымен де, 1992 жылы Корея түбегінде Атом қаруынан азат зона құру ниетімен КХДР мен Оңтүстік Корея бірлескен декларация қабылдаған болатын. Өкінішке қарай, қауіпті саяси шиеленістер салдарынан бұл уағдаластық күшіне енбей қалды. Ол тұрмақ, 2004 жылы ақпанда ресми Пхеньянның Атом қаруын таратпау шартынан (АҚТШ) шығу туралы мәлімдемесінен кейін бұл бастаманың жуық арада жүзеге асуына күмән туды. Сөйтіп, Самарқандта баяндама жасаған корей саясаттанушысының сараптамалық тұжырымдары көптен бері ойланып жүрген кейбір нәрселерге көзімді ашқандай қатты әсер етті. Атом қаруын ауыздықтау жолында аспирант кезімнен тікелей араласып келе жатқан кезеңдерде пайда болып, тұңғиықта қалғып жатқан ойларды қозғап, толғаныстарға түсуіме түрткі болды. Ең алдымен өзімнің өңірді атом қаруынан азат етуге бағытталған саяси шешім қабылдауға тікелей қатысым болған тарихи шараны есіме түсірді. «Үлкен істі үндемей бітірген жөн» деген тәмсілдің жетегінде жүріп, тарихты жасау жолындағы еткен еңбектеріміз елеусіз қалмайтыны, түбінде адамзаттың игі­лігіне жарайтыны жайлы бағаны басқа бір өңірдің тәуелсіз сарапшы саясаткерлерінен есту көңілге айрықша шаттық сезім сыйлады. Сонымен бірге Семейдегі жалпы атом сынағын жабуға, атом қаруын ауыздықтауға қатысты түрлі жағдайларда араласып, азды-көпті үлес қосқан сәттерім көз алдымнан тізбектеліп, өте бастады. Толассыз толғаныстардан туындаған пайымдар негізінде кейбір тұжырымдар да ойға оралып жат­ты. Жап-жас тәуелсіз мемлекеттердің осыншалық дипломатиялық жетістікке жетуі жолында тер төгіп, үлес қосу мүмкіндігіне ие болғаным үшін ғана өзімді бақытты санадым.
Әрине, Орта Азияның бес мемлекеті бұл жеңіске оңай жеткен жоқ. Осы тұрғыдан алып қарағанда Орталық Азиядағы осы үдерістің ең алғашқы кірпіші болып қаланған Алматы декларациясына тоқталудың маңызы зор. Ол 1997 жылдың басы еді. Арал теңізі экологиялық апатының проблемаларын шешуге дүниежүзілік қауымдастықтың көмегін тарту мақсатымен 1993 жылы құрылған Аралды сақтау халықаралық қорына (АСХҚ) Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың төрағалық ету мерзімі аяқталып, ротация бойынша келесі президенттік кезегі Түркіменстанға келіп тірелген-ді. Алайда Түркіменстаннан хабар болмай, уақыт тез сырғып өтіп жатты. Олар хат-хабарымызға жауап беруге асықпады. Түркімендердің өздері қаламаған іс-шараға келгенде бейтараптық ұстанымын алға тартып, жауап бермек түгілі жиынға келмей қалатын әдеті барына етіміз әбден үйренген кез. Содан уақыттың өтіп бара жатқанын ескеріп, аталған саммитті де, басқа іс-шараларды да Алматыда өзіміз өткізбекке бекініп, үкіметке ұсыныспен шықтық. Су ресурстары комитетінде қызмет ететін Кәкімбек Салықов ақсақал сол кездері Арал және Каспий теңіздері мәселелері бойынша ведомствоаралық жұмыс тобын басқаратын. Алмабек Нұрышев ақсақал АСХҚ атқару комитетінің директоры еді. Арал теңізіне әлде Каспий теңізіне қатысты мәселе болсын, апта сайын ведомствоаралық жұмыс тобының жиынына қатысуға К.Салықовқа барып тұратын едік. Бұрынғы Кеңес Одағының Жоғарғы кеңесінде депутат болып, жүріп, Экология мен табиғатты тиімді пайдалану комитетін талай жыл басқарған К.Салықовпен бірге жұмыс істеу оңай да, қызық та болатын. Игі тәжірибесі мол ол кісіден үйренерлік нәрсе жетерлік еді. Мәдениеттілігі де, кісілігі де терең, абыз ақсақал ретінде айтары көп, айналасындағы жұрттың пікірін бөлмей, мұхият тыңдап, одан игі нәтиже шығара алатын асыл қасиеті бар-ды. Сондықтан Арал теңізінің проблемалары бойынша СІМ-дегі тікелей басшыларыма тыңдата да, қабылдата да алмаған ойларымды, пікірлерімді ол кісіге емін-еркін айтып, ақылдасып отыратын әдет қалыптасқан еді. Саммитті өткізуге қатысты керекті құжаттарды әзірлеп, бюрократиялық сатылардан өту үшін Қаржы министрлігіне баратынбыз. Сол министрліктің экологияны қадағалайтын қызметкері құжатқа қолын қойып жатып: «Неше түрлі іс-шара жасап, ақшаны босқа шашудан-ақ осы СІМ шаршамайды екен! Тағы да саммит өткізбексіңдер ме? Оны Түркіменстан үшін өткізуіміз керек екен ғой? Демек, 2 миллион тенгенің басына су құйылады десеңші», – деп тыжырынсын келіп. Оған бұл шараның маңызын түсіндіріп жатудың өзі артық еді.
Алайда Премьер-министрлер орынбасарларының отырысы мен Президенттердің саммитінде онсыз да қол қойылар құжаттар саны жеткілікті болатын. Ол кездері 1992 жылы Рио-Де-Жанейрода (Бразилия) ІІ Жер саммиті деген атпен өткен БҰҰ-ның қоршаған орта және даму жөніндегі конференциясында «Орнықты даму курсының» қабылдануына орай орнықты даму жаңа бағыт-бағдары дүниежүзі қауымдастығының күн тәртібіне шығып тұрған шақ еді. Содан «Арал теңізі бассейнінің орнықты дамуы жөнінде Алматы декларациясына» қол қойылса, ол өңір елдерінің біраз жылға дейін орнықты даму жолындағы бағыт-бағдарларын айқындап беретінін және арада уақыт ол өзіне жүгіндіріп отырар маңызды тарихи құжатқа айналатынын армандап, бұл идеяны К.Салықовқа айтып көрдім. Кәкімбек аға сөзімді бөлмей, мұқият тыңдады, бірақ «иә» да, «жоқ» та деместен жауапсыз қалдырды. «Берген идеям ұнамаған болды ғой» деп пайымдап, әңгімені одан әрі қозғамадым. Ойымды АСХҚ атқару директоры А.Нұрышев ақсақалға да айттым. Бәлкім, ол құп алса, К.Салықовқа сөзін өткізер деген үмітім болды. Бірақ ол кісі де мені бар зейінімен тыңдап алып, жауап берместен сөзді басқа тақырыпқа ауыстырып жіберді.
Содан іс-шараларға 3 күн қалғанда сол кездегі Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Е.Ыдырысов мүдделі министрліктердің жауапты тұлғаларын шақырып алып, жиын ашты. Жиылған министрліктер мен ведомстволар өкілдерінен Аралға қатысты іс-шаралар ұйымдастыруға қатысты ой-пікірлерін сұрап, «Ұмыт қалған тағы басқа нәрселер болса осы жерде ақылға салып, пысықтап алалық» деп министр сөзін аяқтауы мұң екен, соны күтіп отырғандай, алдымен К.Салықов, артынша А.Нұрышев, өзара келісіп алғандай, екеуі де менің айтқан идеям негізінде «Түркімендер үшін осы іс-шараларды атқару салмағы біздің иығымызға түскелі тұр. Олай болса оның қарымы болатындай етіп, тарихта қалатын Алматы декларациясы сынды құжат қабылдалық» деген тұжырымға саятын ұсыныстарын жеткізді. Сол-ақ екен, Е.Ыдырысов ақсақалдардың белсенділігіне риза болып, ұсынысты қисынды деп таныды да, маған аталған құжат жобасын уақыт ұттырмай әзірлеп, келістірілген соң көрші мемлекеттерге тездетіп жолдауды тапсырды. Ұсынылатын декларацияның өзегі қандай болуға тиіс екенін күні бұрын ойластырып, жоба мәтінін әзірлеп қойғаным жақсы болар ма, дереу К.Салықовтың назарына ұсындым. Ол кісі құптаған жобаға қатысты басқа өзгеріс немесе ұсыныс басқалардан түсе қоймады. Декларация жобасын көрші мемлекеттерге жолдағаннан кейін олардан түсетін өзгерістер мен ұсыныстарды күттік. Бірақ уақыттың тығыздығына байланысты ұсыныстарды уақытылы ала қоюдың да мүмкіншілігі аз еді. 2-3 күн қалғанда асығыс әзірленген Декларацияны қарастыруға уақыттың өте тар екенін сылтауратып, қарсылық білдірген хабардың келмегені де көңілге жұбаныш ұялатты. Ақпанның 27-сіне бес елдің премьер-министрлерінің орынбас­арлары Алматыдағы Достық үйінде жиылып, күн тәртібіндегі 10 құжатпен қатар Алматы декларациясының мәтінін талқылады. Бірақ жиын басталмастан бұрын: «Сені Е.Ыдырысов іздеп жатыр. Телефонға шақырады. Тұтқаны қоймай күтіп тұр. Тез жет!» деген хабарды бір әріптесімнен ести сала ұзын дәліздің соңында орналасқан кабинеттегі телефонға жүгірдім. Қалта телефонның жоқ кезі. Ойдан жүйрік не бар, жеткенше баста талай ойлар жүгіріп өтті. Келсем, Е.Ыдырысов бастырмалатып тез сөйлейтін әдетімен: «Өзбек ағайындар декларацияға Орталық Азия өңірін атом қаруынан азат аймақ жасау жөнінде ұсыныс алып келіпті. Ұсыныстарын декларацияға енгізу-енгізбеу қисындылығы жөнінде не айтасыз?» – деп сұрақты төтесінен бір-ақ қо­йып, мемлекеттік мүддеміз тұрғысынан уәжді қисындар келтіруімді сұрады. Уақыт тапшылығын сезінген мен де егемендік алғалы бергі атом қаруына қатысты еліміздің ішкі және сыртқы саясатындағы ұстанымдарымызды тілге асығыс-үсігіс тиек етіп, 1989 жылдың 29 тамызында Қазақстан Президентінің атом сынақ полигонын жабу туралы шығарған жарлығымен әлеуеті бойын­ша әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан ерікті түрде бас тарту жөнінде үлкен шешім қабылдағанымызды еске салдым. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінде-ақ ҚР барлық елдермен және халықаралық ұйымдармен орнықтылық, қауіпсіздік және өркендеу жолында ынтымақтастық пен өзара сенім артуға бағытталған бейбітшіл сипаттағы сыртқы саясатын жариялағанын, онда жас мемлекеттің қауіпсіздігінің негізі атомдық арсенал емес, орнықты да сындарлы сыртқы саясатты жүзеге асыру үшін нық іргетас қалыптастыратын елдің тұрақты экономикалық және саяси дамумен бірге халықтың ынтымағы деп мәлімдегенін дәйек ретінде келтірдім. Сондықтан да өзбек ағайындардың ұсынысын қабылдаудан мемлекеттік мүддемізге нұқсан келмейтінін, керісінше, атом қаруына қарсы күрестегі ұстанымдарымызды үйлестіріп, күш-жігерімізді бір бағытта жұмылдыруға жол ашылатыны жөніндегі уәждерімді келтіріп үлгердім.
Е.Ыдырысов менің уәждеріме риза болғандай үнмен «Жақсы, рақмет» деп тұтқаны қойды. Телефонға шақыртып, пікірімді сұрағаны таңдандырса да, сарапшының ойы мен уәжін тыңдап, ұстанымын біліп, оны ескеруді ойластырған біліктілігіне риза болдым. «Өзім білем» деген тәкаппарлық көп басшыға тән құбылыс екенін жиі көретіндіктен Е.Ыдырысовтың бұл қылығына ішім жылып, оған құрметім арта түсті. Дәлізбен кері жүріп, іс-шара өтетін залға жақындағанда Өзбекстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Әбдуләзиз Камилов бастаған оншақты адамнан тұратын делегация алдымнан шықты. Ішінен бір-ақ адамды таныдым. Ол – бұрынырақ Қазақстанда болған халықаралық конференцияларда танысып үлгерген әріптес Ұлықбек Маннанов еді. Сөйтсем, делегация Ұ.Маннановты алға салып, мені іздестіріп жүр екен. Көрген беттен Ұ.Маннанов «Міне, Тұяқбаев деген осы кісі» деп Ә.Камиловке мені, маған оны таныстырды да, өздерінің ҚР Сыртқы істер министрлігінде болғанын, Декларацияға енгізуге арнайы ұсыныстары барын, оны талқыға салғанда Е.Ыдырысовтың «Сарапшы М.Тұяқбаевпен кездесіп, онымен ақылдасып көріңіздер» дегенін жеткізді. Қарсы алдымда тұрған келіссөз жүргізушінің кім екенін жақсы білгендіктен дипломаттардың міндетті қасиеті саналатын ұстамдылықты барынша сақтауға тырысып, Ә.Камиловтің айтарына құлақ астым. Ол да уақыттың өте тарлығын ескерсе керек, түрі мен даусындағы қобалжудың табын жасырмай, «Ислам әка Орталық Азия­ны атом қаруынан азат аймаққа айналдыру жөніндегі ұсынысты қайтсеңдер де декларацияға енгізіп қайтыңдар» деп арнайы тапсырғанын, тапсырмасы орындалмай елге қайтар болса кәлласы кететінін қысқаша айтып өтті. Бір қарағанда екі-ауыз сөзбен мәселені төтесінен қою арқылы мен күтпеген, тосын әңгіме әзіл-шыны аралас айтылғандай болғанымен, әккі дипломат Ә.Камиловтің өңінен салмақтылық пен сындарлылық кеткен жоқ. Ол өз басшысының ұстанымын жеткізуде оның дұрыстығы мен нақтылығы тұрғысынан дипломатиялық адалдықтан айнымайтынын танытудың осы жолын таңдады. Мақсаты басқа дипломатпен белгілі бір сенімді ақпаратты бөлісу арқылы одан баламалы мәлімет алумен қатар қолдау табу екенін ұғып тұрмын. Менің пікірім қандай болатынын тосып, сәл үнсіздік паузадан соң өздеріне барынша қолдау көрсетуді өтінді.
Келіссөз жүргізудің мен үшін сын сағаты туғанын сездім. Өйткені Е.Ыдырысов телефон арқылы тілдескенімізде «Өзбек делегациясына сарапшы ретінде өзіңмен сөйлесуге кеңес бердім» деп ескертпеген-ді. «Неге ескертпеді екен?» деген ойдың жетегінде тұрып, Ә.Кәмиловке бұл жөнінде тіс жармадым. Дипломатияда, соның ішінде осындай өте нәзік те маңызды мәселеде өтірік айтуға болмайтынын екі жақ та біліп тұрмыз. Өйткені өтірік тек дипломаттың арын төгіп қана қоймай, оның одан арғы қызметін де қиындатады деген қағида бар. Бұл – оның мемлекетінің де ісін қиындатады деген сөз. Бұл тұрғыда америка және француз дипломаттары Дж.Вуд пен Ж.Серре өз кітаптарында «егер дипломат өтірікпен ұсталса, онда ол арынан түбегейлі айы­рылады» деп атап көрсетеді.
Қолымызға тиген кітаптардан өзіміз оқып, біліп жүрген Батыс елдері дипломатиясы айрықша моральдық тазалықта болмаса да, оның тарих алдындағы сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ол ұлы державалар дипломатиясы тәжірибелерінің негізінде түзілді. Алайда өкінішке қарай, Гете, Марсель Пруст, Ж.Лабрюйер, Дж.Олдридж, Оноре де Бальзак сықылды белгілі, салмақты, талантты жазушылардың шығармаларында, басқа да әдебиеттерде дипломаттар ең жағымсыз сипатта суреттелгенін біреу білсе, біреу білмес.
XVIII ғасырға дейін Батыс дипломатиясында сәнге айналып, билік құрған «макиавеллизмге» бас июмен келген ескі мектеп дипломаттары үшін интеллектіден кейінгі қасиеттер қатарында айлакерлік, интрига, залымдық тұрғаны мәлім. Макиавеллидің есебінше, «нақты мақсатты сөз артына жасыра білу» дегенге саятын алдау дипломат­тың басты өнері саналды. Макиавелли мақсатқа жету үшін ештеңеден де тайынбайтын ең арсыз жолдарды саясаттың негізгі қағидаты ретінде деп алға шығарған-ды. Мұндай макиавеллизмге қарсы тұрып, әділ дипломатия жолында келіссөздерде алдау-арбаудан аулақ болуды ең алғаш атап көрсеткен француз дипломаты Ф.Кальер еді. Ол «Жақсы дипломат өз іс-әрекетінің жемісіне ешқашан өтірік уәде беріп, иманын сату негізінде қол жеткізбеуге тиіс. Жақсы келіссөзші алдау өнерінің шебері болуы керек деген пайым түбірімен қате» деп атап көрсетті. Ф.Кальер «Алдап, арбау – мисыздықтың белгісі, дипломат ақылымен өз мақсатына жететін жол таба алмаса не болғаны?!» дей келіп, «Өтірік өзінен кейін у тамшысын қалдырып отыратындықтан шыншыл да адал болудан артық саясат жоқ» деген ғибрат қалдырды.
Сондықтан сөзімді бастарда дипломат үшін мінез бен сөзде үйлесім болуы қажет екенін ескере келе, жеті рет өлшеп, бір рет кесу керектігіне сүйеніп, Ф.Кальердің «Ықпалдыларға сыпайы, теңдестерге жұмсақ, төменгілерге биязы, қалған баршасына инабатты, адал және кішпейіл бол» деген өсиетін есте ұстадым. Өзбек ағайындардың Декларацияға енгізу мақсатында алып келген ұсынысына зор құрметпен қарайтынымызды, негізінде ол ұсыныс Декларация көздеп отырған мүддеге қайшы келмейтінін, ол және ҚР сыртқы саясатының ұстанымына да сәйкес екенін, алайда басталғалы отырған көпжақты форматтағы кездесуде Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстанның көзқарастары мен ұстанымдарын да ескеруге тура келетінін еске салып, бұл тұрғыда көпжақты келіссөздің оң нәтиже беруіне қолдан келгенінше қолдау көрсетуге тырысып бағатынымызды айттым. Менің сөздерім Ә.Камиловтің көңілінен шыққанын оның көзінен, сондай-ақ бет-пішінінен байқадым. Бұл ретте ағылшын дипломаты Г.Николсонның «Дипломат ең алдымен барлық шетелдіктерде күмән болмай тұрмайтынын жақсы сезінуі керек, сондықтан өзінің түпкілікті ішкі ойын жасырып, кішіпейіл зиялы тұлға күйіне енуге тиіс» дейтін ғибраты сабақ болды.

(Жалғасы бар)

Мұрсал-Нәби ТҰЯҚБАЕВ,
ҚР Дипломатиялық қызметіне еңбегі сіңген қайраткер,

Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір