«ЖАСТАРҒА ЖАППАС ЖАЛА ЖОҚ»
13.05.2025
376
0

Ұлы Абай бір өлеңінде:

«Туғызған ата-ана жоқ,
Туғызарлық бала жоқ.
Туысқан туған, құрбылас,
Қызығымен және жоқ.

Тулайын десе шара жоқ,
Толықсып жүрер шама жоқ.
Ұйқы мен астан дәм кетіп,
Сақалда, шашта қара жоқ.

Байбайшыл тартып, баға жоқ,
Жастарға жаппас жала жоқ.
Жат қораны күзеткен,
Қартаң шалда сана жоқ», –
депті. Рас, жер бітіп, су аққалы қай заман, қай қоғамда да жастарға жабылмаған жала жоқ. Біздің қазақта да солай. Әсіресе әдебиет­те, нақтырақ айт­қанда, әдеби ортада. «Жаңашыл» дейді, «дәстүршіл» дейді, «батысшыл» дейді, «қара өлеңнің қабырғасын қиратуға келген қара толқын» дейді, «тілді бүлдіріп жатыр, сөздің сүйегін сындырып жатыр» дейді. Айта берсеңіз тауыса алмайсыз. Бұл сөздер біздің мысал болсын деп аннан-мұннан сөз қылып құрап, ойдан шығарып, ауадан алып отырғанымыз емес, осы күнге де­йін БАҚ арқылы, Абай айтпақшы, жастарға жабылып келген жала деуге болады.
Әлбет­те, «мұның бәрі де әдебиет­тің болашағы, дамуы үшін» дейміз. Алайда, әдебиет дамысын десек, әдебиет­ті әр қаламгердің, әр топтың, әр дәстүрдің жекеменшігі етпей, ортақ дүние ретінде қарасақ деймін. Стильдің, форманың, ой мен пікірдің әралуандығына ерік берсек деймін. Қабылдамасақ та, құрметпен қарасақ, қолдамасақ та, балақтан тартып, соңына ит қоспасақ деймін. «Зиялы ортада әлденені түсіндіруге тырысудың өзі әбестік» деген сөз бар еді. Дегенмен, бір-біріне сойып қаптап қойғандай ұқсайтын ақындар әдебие­тіміздің көсегесін көгертеді дегенге сену қиын екендігін ғана айтқым келеді.
Томас Элиот Уильям Батлер Йейтс туралы жазған әйгілі эссесінде былай дейді: «Қазір, біздің кезімізде ақындардың бір буынының шығармашылық кезеңі шамамен 20 жылды құрап отыр. Бұлай дегенім – әлбет­те, олардың ең жақсы туындылары осы уақыт­тың ішінде ғана жазылады деген сөз емес, бұл – ке­йінгі мектепті қазіргі мектеппен, қазіргі стильді ендігі жаңа стильмен бөліп тұрған уақыт аралығы. Яғни бір ақынның жасы – 50-де болса, оның аға буын өкілі 70-ке шығып жатса, ал өзінен ке­йінгі буындағы ақын – 30-да болса, осы үш буынның өкілі үш түрлі қалам сілтейді», – дейді. Яғни бұл үзіндіден Британиядағы әдебиет­тің 20 жыл сайын өзгеріп, түрленіп, құбылып отыратындығын, бір ақын өзінен 20 жас кіші шайырдың өзгеше сілтейтінін көре алатындығын байқаймыз.
Осы орайда «Қазақ поэзиясының әдебиет аспаны қанша жыл сайын жаңарып отыр?» деген заңды сұрақ туады. Бұған, әрине, әркімнің әртүрлі жауап беретіні түсінікті. Менің ойымша, бұл сұраққа жауап берудің қажеті жоқ. Бұл сұрақ бізді ойлантса, өзгеше жазғысы келетін жастардың балағынан тартып, бетін қағуды тоқтатса, тоқтатпаса да сиретсе – соның өзі үлкен жетістік болғалы тұр.
Дей тұрғанмен, қазақ әдебиеті аспанының жаңарып отырғаны сирек. Біздің әдебиет­те, көбінесе, бұл жекелеген авторлар арқылы көрініп келді. Ал тұтас буынның, тұтас кезеңнің жаңаруы осы күнге де­йінгі әдебиетімізде саусақпен санарлықтай ғана.
Бір қуантарлығы әрі өз сөзімді осылай бастауымның себебі – қазіргі жас қазақ поэзиясының (қазақ поэзиясындағы жастардың) тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы жастар поэзиясынан өзгеше қалам сілтеуі. Яғни 30 жылдан астам уақыт ішінде жаңару үдерісінің жүруі. Бұл сөзіме, қазір әдеби ортаға танылып үлгерген Шалқар Дәулеткелді, Әділет Шопен, Арман Әділбек, Файзулла Төлтай, Абзал Сүлеймен, Бауыржан Майтай, Нұрболат Жолдасбек, Тілек Ырысбек, Асылан Қуанышұлы, Тілеубек Батыс, Нұртілеу Қадырқұл, Айжарық Сұлтанғожа, Ақжан Аманжол, Қарлығаш Қабай, Роза Аспанқызы секілді жас қыз-жігіт­тердің поэзиядағы қадамдары дәлел бола алады.
Бұл жас ақындар Асқар Сүлейменов айтатындай, «оқушыны қасқыр көрген тазыдай қалтыратпаса» да, Мераб Мамардашвилидің «Мәтін тек мәтінмен ғана оқыладысына» хал-қадірінше жауап беріп келеді.
Енді нақтылыққа көшсек. Былтыр жас ақындар біршама жыр жинақтарын ұсынды. «Жаңа Қазақ­станның әдеби-танымдық панорамасы» бағыты бойынша Қазақ­стан Жазушылар одағы мен ҚР Мәдениет және ақпарат министр­лігінің стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекет­тік тапсырыс аясында 2024 жылы 10 жас ақынның жинағы жарық көрді. Атап айтсақ: Қарағанды облысы туралы Жәнібек Әлиман «Алтын тұңғиық» ат­ты кітапты, Маңғыстау облысы жайлы Әлімжан Әлішер «Маңғыстау мақамдары», Жетісу облысы жайлы Біржан Ахмер «Мың бояулы мекен», Павлодар облысы жайлы Айдын Байыс «Алтын қазық», Атырау облысы туралы Саян Есжан «Жайық жырлары», Шығыс Қазақ­стан облысы туралы Рауан Қабидолдин «Ерге­неқон», Қызылорда облысы туралы Қуаныш Жазай «Жыр-Дария», Ақтөбе облысы туралы Мәрлен Ғилымхан «Төбелер стихиясы», Батыс Қазақ­стан облысы туралы Асылан Тілеген «Өзен» кітабын және Ұлытау облысы жайлы Нұртас Тұрғанбек «Ұлы Отау» кітабын ұсынды.
Бұдан өзге «Jadid» баспасынан Бауыржан Мырзақұлдың «тоЛУНАйы», «Абай» баспасынан Нұрболат Жолдасбектің «Періштелер көрген түсі», Жадыра Байбұланованың «Қағаз жүрегі», Айдана Сегізбаеваның «Жаңбыры», Абай Ораздың «Бебеуі» мен Арайлы Жақсылықтың «Өлеңдер жинағы» жарық көрді.
Бұл кітаптар аталған жас ақындардың басым көпшілігінің тұңғыш жинақтары емес. Жоғарыдағы жастардың шығармалары бұған де­йін де бірнеше ұжымдық жинақтарда, баспасөз бет­терінде жарық көрген. Алды 2-3 кітап ұсынып үлгерген ақындар. Бір уыс қарды сығымдап, қар бетімен домалатқанда, домалай-домалай оның көлемінің ұлғаятыны секілді, бұл ақындар да уақыт өте келе, жаза-жаза жазу машығы қалыптасып, жастар поэзиясындағы өз орындары да беки, дауыстары да зорая түскен.
Былтыр кітаптары жарық көрген осы ақындардың ішінен үш ақынға аз-кем тоқталғым келеді. Алдымен, Нұрболат Жолдасбек. Білуімше, ол өлеңді аз жазады. Бірақ әр өлеңі – сөздің «адамның ойын жасыруы үшін берілген құрал» екендігін айғақтап тұрады. Оның өлеңдерінде пішін мен мазмұн үйлесіп келіп, оқырманға, шын мәнінде, эстетикалық ләззат сыйлайды. Нұрболат­тың жырларындағы өзіне тән тілдік бояу мен әуез оның өлеңдерін өлең күйінде емес, жан тереңінен тіл қатқан жанның дұғасы сынды қабылдауға жол ашып береді.
«Жаңа Қазақ­станның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы аясында жыр кітабы жарық көрген жас ақынның бірі – Қуаныш Жазай. Оның Қызылорда облысына сапарлап барып, сонда жазған өлеңдері қызылордалық ақындардың өзі қызғанатындай, қызығатындай дүние болған. Қазақ­станның жан жарасына, қасіретіне айналған Арал теңізінің экологиялық апаты туралы жырлар, Қызылорда топырағында туып-өскен қазақ қаламгерлерімен сырласқан өлеңдер шебер жазылған. Осы жоба аясындағы жарық көрген жыр жинақтарының ішіндегі ең бірі сәт­ті жинақ осы «Жыр-Дария» дер едім. Мұнда тақырып барынша жан-жақты ашылып, осы аймақтың келбеті толық көрініс тапқандай. Кітаптың соңына тіркелген өзге де тақырыптардағы өлеңдер кітаптың салмағын ауырлатып, мазмұнын байыта түскен.
Тағы бір айта кеткім келетін жас ақынның аты-жөні – Біржан Ахмер. Біржанның Жетісу облысы жайлы жазған «Мың бояулы мекен» жинағын көргенімде таңғалдым. Таңғалғаным – ондағы өлеңдердің керемет­тігінен емес, Біржанның бұл кітапқа 6 бірдей поэма енгізгенінен. Бәрі де жаңа дерлік дүниелер. Кітаптағы «Жетісу сонеті» поэма-пейзажын, «Қанат­ты рух» метаморфозалық поэмасын, «Ер Тәнеке», «Мамания», «Үш Төлеген», «Ұмай ана» поэмаларын оқып шығып, екіұдай күй кештім. Алдымен, Біржан Ахмердің поэма секілді кең тынысты, ішкі дайындықты қажет ететін жанрға қорықпай қадам басқанына, қадам басқанда да, бірден 6 қадамға ұзап кеткеніне риза болдым.
Поэма – жоғарыда есім-сойларын атап өткен қазіргі жас ақындардың қай-қайсысының да қалам тербеуге жүрегі дауаламай жүрген жанры. Осы тұрғыдан алып қарағанда Біржанның поэмалары – өз қатарлас-тұрғыластары арасындағы белгілі бір деңгейдегі жетістік. Екіншіден, Біржанның поэмалары Эдгар Поның «көлемі жағынан қысқалық, жинақылық пен күтілетін әсердің күштілігі арасындағы қатынас тең болуы тиіс» дейтін өлең туралы формуласына жауап бере алмайды дер едім. Бұл Поның ғана емес, әдебиет­тегі өлең атаулыға қойылатын қарапайым ғана шарт. Дәл осы шарт­тың өлеңнің қай-қай жанрына да жүретіні айтпаса да түсінікті. Өйткені «ұзыннан шұбақ жазылған поэма деген нәрсе, шын мәнінде, тек қысқа өлеңдердің тізбегі. Яғни қысқа поэтикалық әсерлердің тізбегі» ғой. Оқиғаны не аңыз-әңгімелерді ұйқастырып баяндап шығудың, сол арқылы көлем толтырып, белгілі бір жанрдың деңге­йіне қол жеткіздім деудің әбестік екендігін айтқым келеді. Өйткені оқырманды жетелеп келіп, сөздердің үйіндісінің алдына отырғызып қою – өте үрейлі нәрсе.
Хош. Сонымен, былтыр кітаптары жарық көрген жас ақындарды атап өтіп, барынша қысқаша сөйлеуге тырыстық. Жоғарыда аты аталған жастардың да, аталмаған жастардың да ізденістерінен зор үміт күте отырып, рухани қызмет­терінің «басы – бапан, аяғы – сапан» болмаса екен деген ғана тілегімізді айтамыз.

Еділбек Дүйсен

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір