Сөздің иесі мен киесі
Заманның беталысы қай бағытқа бұрылса да қаламның күшімен ұлтқа қызмет ете аламыз деп өзімізді сендіріп жүрген бізге жақын қазақ бар. Ауылы шалғай болғанмен бізге деген сенімі мығым, көңілі адал, тұспалдағанымызды ұғып, айтқымыз келгенін сезіп, кейде тіпті үнсіз қалғанымыздың да себебін түйсінеді. Ол – мәртебелі оқырман!
Газетіміздің «Алыс, жақын қазақ» айдарында біз алыс, жақын оқырманның хаттарын, ой-пікірлерін бөлісіп отыратынымыздан хабардарсыздар. Хат – аманат. Хат – үміт. Жазғаныма құлақ асар, ойымды бөлісер деген тілек. Қарапайым адамдар арасында хат жазу азайған заманда, газет редакциясына хат көп келеді деп айта алмаймыз. «Қазақ әдебиетінің» оқырманы редакцияға хаттан гөрі өлең, әңгіме, мақала (оның ішінде ғылыми мақалалар) немесе оқыған кітаптарына жазған пікірлерін жолдайды. Мәртебелі оқырмандардың үмітін арқалап келген ол жазбаларды бізге тапсырылған аманат деп қабылдаймыз, қиянат етпеуге тырысамыз. Жолданған материалдарды оқып отырып, оқырманның басылымға жарияланған материалдарды ыждағатпен оқитыны аңғарылады. Айдарларымыздың қай тақырыпқа арналатынына да жіті көңіл бөледі. Тек ел ішіндегі оқырманнан ғана емес, Өзбекстан, Қытай, Ресей жеріндегі бауырларымыздың жолдаған материалдардан да осындай көңілді аңғарамыз. Оқырман тарапынан сезілетін бұл ықылас біз үшін түрлі марапатқа бергісіз жоғары бағаға пара-пар, әрі үлкен жауапкершілік жүктейді. Сөзімізді оқырманнан келетін хат деп бастап, соңынан мақала, жазба, материал деуге көшкеніміздің мәнін түсіндіре кеткенді жөн көрдік. Әдетте, редакцияға келетін хаттарда газет бетіне жарияланған материалдар туралы ой-пікірлер немесе пәлендей мәселе жазылса екен деген ұсыныстар айтылатын. Кейінгі жылдары ондай ой бөлісулер күрт төмендеп, жарияланса екен деген жазбалар көптеп келетін болды. Сол үшін де біз редакцияға келетін хаттар деп бастап, жазбалар деп жалғап кеттік. Осы материалды дайындау барысында көрші Ресейдің «Литературная газета» басылымына қандай хаттар келеді екен деп, «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» интернетке кіріп, сол басылымға жолданған хаттарды көрдік. Соның бірі мынадай екен: «Біз Скипидарскінің зейнеткерлеріміз. Көршім екеуміз екі рубльден сатылатын сіздердің газеттеріңізді жек көреміз, бірақ оны рахаттана оқимыз, сосын онымен шыбын өлтіреміз. Басылымдарыңыз біз сияқты қарттарға жақсы сөздерді тауып айтады, сол үшін сіздерге зор алғыс айтамыз. Жазғандарыңыздың бәрі шын. Біз қарттар соғыста жеңіске жеттік, өнеркәсіп-тер біздің күшімізбен тұрғызылды, космостық корабльдер мен атом электр станцияларын жасадық. Осының барлығына бір сенім түрткі болды, үлкен күш кетті. Ал сендер, жастар, оның барлығына қолды бір сілтедіңдер! Қарғыс атсын сендерді». В.Привередко, зейнеткер.
Не жазса да шынайы жазылғандығы аңғарылады. Басылымның екі рубль тұратынына ыза бола тұра оқиды, жазғандарын қолдайды. Сірә, олар «Литературная газетаның» өзекке тепсе де кетпейтін «өз баласы» болып кеткен-ау. Бірақ хат соңында кейінгі ұрпақтың тарапынан газетке деген селқостық байқалатындай. Бұдан бірнеше жыл бұрын біздің тілшіміз жоғары лауазымды азаматқа сұхбат алуға барған еді. Қай басылымнан келгендігін білген соң әлгі адам тілшімізге әкем жақсы көретін газет еді, деп айтқан екен. Бұл сөз біздің басылымның тарихы тереңде жатқанын аңғартып қуансақ, «еді» деген өткен шақпен айтылған сөз шымбайымызға шын батты. Көнеден келе жатқан даңғыл жол тарылғандай көңіліміз ортайды. Оқырман арасындағы сабақтастықтың үзілмейтініне көзіміз жетпесе де, үміт үзгіміз келмеді. Мұнымызды «…шынын айтам деп, сырын айтыпты»-ға баламассыздар…
Әдеби басылым болған соң, бізде жарияланатын мақалаларда теңеу, пафос көп кездеседі. Мұнымыз оқырманға рух беріп, еңсесін көтергенмен, кейде кері әсер етіп жататын сыңайлы. Ақын-жазушылардың шығармаларына жазылған оқырман пікірлерінде теңеу өте көп қолданылады екен. Редакцияға келген материалдарды оқып отырып «Аса дарынды, ұлы, туматалант, дүлдүл ақын, жыр тарланы секілді теңеулерді көп кездестірдік.
Хат жазу үрдісі тоқтап, басылым бетіне жарық көрсін деген ниетпен жазылатын түрлі жазбалар жолдау белең алғанмен, оның мәдениеті қалыптаспағаны байқалады. Бізге келіп түскен материалдың өзге басылымға жарияланғанын көріп осындай ой түйдік. Жазарманның бұл ісін «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегеннің кебіне қимағандықтан, түбі бір жарық көрер деген үміттері болар дедік…
Ел ішіндегі оқиғалардан сырт қалмауға тырысатын адамның үні қатты естілмеуі мүмкін. Үнсіздігі де келіскенін білдірмейді. Тек естір құлаққа орнымен айта білгенді жөн көрер.
Назым Дүтбаева.