Оқу ісі орнықпаған елде осылай болады…
10.06.2022
349
0

Отыз жылдан асып барады, Қазақстан­дағы оқу ісі әлі орнықпады. Ал статистикаға сүйенсек, біздегі білім саласына бөлінетін қаржыда қисап жоқ. Содан ба екен, әйтеуір білімге басшы үйір. Біреуі келіп, біреуі кетіп, сапырылысып жатыр. Келгенінің бәрі – реформашыл. Өкінішке қарай, олардың соңынан тек, «ішіп кетті, жеп кетті» деген сөз ғана қалады.
Қарап отырсаң қызық, Қазақстанда білімге бөлінген ақша, қазақ ертегісіндегі тасқа құйылған сүт сияқты: жапалақ келеді де жалп етеді, жартысын ішіп ол кетеді. Қарға келіп қарқ етеді, қалғанын ішіп ол кетеді. Сауысқан келіп саңқ етеді, сарқытын ішіп ол кетеді. Шамасы, білімді біреулер бизнес жасап алғанға ұқсайды. Ел ішінде есінің дұрыстығы күмән тудырған бұрынғы министр Ерлан Сағадиевтің кезінде, мысалы, «бітіп болмайтын білімдегі реформалардың артында Дариға Назарбаева тұр екен» деген сөз дауыстап айтыла бастаған-ды. Оны кім білген бірақ қазақ баласын оқытудан бұрын, омақа асыруға бағытталған бағдарламалардың жүйесіздігі сондай, ата-ана біткен жеткіншегін жетелеп мектепке барудан қорқып қалды. Сонда үлкендерді үркіткен мәселе – үштұғырлы тіл деген болды. Әлгі үш бұтты тілді балаға бірінші сыныптан оқытып үйрету керек дегенді алдымен айтқан – Н.Назарбаев-тұғын. О заманда ол кісінің аузынан жалқы сөз шықпасын деңіз, шықса бітті, жанығып кететін біздер жанымыз қалмай ұрандап ала жөнелдік те, А-ны танып үлгермеген балақайларға ағылшынша А (ай)-ды қосып беріп, миларын атала жасадық. Рас, сол кездің өзінде (2016 жылдан бері) қазақ қоғамы үскіленген үштұғырлы тілге қарсылығын білдірудей-ақ білдірді. Алайда, халықтың қарсылығын артына қыстырмайтын жүйе алған бетінен танбай бетпақтанып отырып алды. Ал нәтиже нөлден көтерілмеді. Енді, міне, бірінші сыныптан бастап қазақ баласы қазақша оқып, қаріп танып, екінші сыныпта орыс, үшінші сыныпта ағылшын тілімен таныспақ. Жуырда Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жаңа оқу жылынан бастап ағылшын тілі тек үшінші сыныптан бастап оқытылатынын мәлімдеді. Бұған дейін министр ағылшын тілін 1-сыныптан емес, 3-сыныптан бастап енгізу жоспарланғанын айтып жүретін.
«Бірінші сыныпта оқушылар өз ана тілін меңгеріп алуы керек. Қазақ тілінде оқып-жазуға дағдыланғаннан кейін, 2-сыныпта орыс тілін үйрену әлдеқайда жеңіл болады. Ал үшінші сыныпта ағылшын тілін оқу да жеңілдейді», – деді министр.
Жалпы бастауыш сыныпта өзге тілдерді оқып үйрену қаншалықты қажет? Сол өзі қажет пе? Ақыл тоқтатып, ана тілінде ауызекі еркін сөйлеп, жазғанға дейін жапондар басқа тілді үйретіп, баласының басын қатырмайтын көрінеді. Орысша араластырып оқыған баланың тілі орысшаға, ноғайдың тілін араластырып оқыған баланың тілі ноғайшаға ауып тұратын кезінде Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш арадагерлері де ескертіп кеткен еді. Ал біз айналсоқтап ағылшын мен орыс тілінің арасында әлі жүрміз…
Білім және ғылым министрінің бастауыш сыныптарға байланысты мәлімдемесіне «е-е» дескен жұрт «мектепке дін жолын ұстанған қыздардың хиджап киіп келуіне рұқсат беруіміз керек» дегеніне қынжылып қалды. Бетін бүркеп, басына орамал тағып, көлеңдеген көйлек киіп жүретін қыздарды мектепке жіберсе не болады, жібермесе не болады? Маманның пікіріне жүгінейік:
– Мектеп формасының бекітілген тәртібі бар. Бірақ әр адамның діни көзқарасы, сенімі әр түрлі, – дейді Нұр-Сұлтан қаласындағы №51 мектеп-гимназияның директоры Аятжан Ахметжан. – Бұрын аса мән бермеген екенмін, өткен жылы тәжтажалдың құрсауынан шығып, жаңа оқу бастала салғанда білдім: қазір мектепте киім дауы ушығып тұр.
Дәл қазір хиджап
мәселесі неге қозғалды?
1. Мектеп әкімшілігі хиджап киіп келуге рұқсат бермегені үшін, «өзге елдерге көшіп кеттік» деп, қағаз жасатып алып, бірақ білімнен қағылып жатқан қыз балалар жылдан-жылға көбейіп кеткен.

2. Ресейдің немесе басқа елдердің онлайн мектептеріне тіркеліп қойып, оқыған оқымағаны белгісіздердің саны және артқан.

3. Құжат жүзінде жалпыға ортақ, бірақ іс жүзінде діни жеке мектептер пайда бола бастаған.
Хиджапқа рұқсат бермесе не болады?
1. Білім алмай надан күйінде қалатын қыз балалар саны жылдан-жылға еселене түседі. Бұл мәселені елеусіз қалдыруға болмайды.

2. Мектептерде хиджап дауы өте асқынып кеткен. «Бұл – бала құқығын бұзу» деген уәж екі жақтан да айтылып, сабақ процесіне кедергі келтіріп жатыр.
Хиджапқа рұқсат берсе не болады?
1. Мектепте оранып жүретін оқушылардың қатары көбейе түседі.

2. Жоғарыда шетелдерге оқуға «онлайн кеткен» болып, немесе өтірік көшіп кеткен болып, білім алмай жүрген қыз балалар мектепке оралады.

Білім саласында қазір, «былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледінің» кері келіп тұр. Не істемек керек?
Осы сауалдың жауабын біз зиялы қауымның аузынан естігіміз келеді.

Д. Қасенұлы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір