Алаш аспанының шоқжұлдыздары
08.05.2022
656
0

Ұзақ уақытқа созылған советтік дәуірдің кері идеологиясының салдарынан арыстарымыздың ардақты есімдері көмескіленіп, еңбектері мен мұралары атаусыз қалғаны рас. Бүгіндері Алаш арыстары туралы көп жазылып келеді. Шүкір! Десек те, есімдері көпшілікке белгісіз, насихаты аз, жоқтаушысы жоқ тұлғалар елінің дамуына, Алаш идеясының қанат жаюына зор үлес қосқан арда азаматтар аз емес. Алаштанушы-ғалымдар Алаш қозғалысына қатысқан ниеттестер тізімін түзіп, жыл сайын бейтаныс есімді тауып, оның қайраткерлігін жан-жақты аша түсер деректерді келтіріп, тарихи санамыздың оянуына үлес қосуда. Нақтырақ айтқанда, Qyr balasy қоғамдық қорының ізденуші жас ғалымдары осы ізгі бағытта еңбектеніп келеді.

Сонымен Алаш аспанының шоқжұлдыздары. Олар кімдер еді?..

Біләл Малдыбайұлы

1991 жылы алғаш рет ҚР ҰҒА академигі Кеңес Нұрпейістің түзуімен «Алаш қозғалысына мүше болғандар мен ниеттестер тізімі» даярланып, баспасөзге жарияланды («Қазақстан коммунисі» журналы, 1991 жыл, №8, 9, 10). Қазіргі таңда осы тізімнің қатары күннен-күнге ұлғайып, асыл идея төңірегіне топтасқан азаматтардың аты-жөні де, ұлт-азаттық күрес жолында атқарған ерліктері де ажарланып, тұлғалары айқындалып жатыр. Тарихшы Кеңес Нұрпейіс жариялаған тізімде Біләл Малдыбаевтың да есімі бар.  

Біләл Малдыбайұлы – Алаш тарихындағы белгілі қайраткер, әдебиетші, ағартушы, фельдшер. Ал ғылыми айналымға есім-сойы, өнегесі, ғұмырнамасы мен қоғамдық-саяси қызметі, әдеби шығармашылығы мен мұрасы енді ғана түсе бастады. «Ештен кеш жақсы» дегендей, тұлғаның есімі – ұзақ уақыт ғылыми процестен қалыс қалып келсе де, міне, бүгінгі күні зерттеу нысанына айналған жаңа тақырып.

Ағартушы, әдебиетші Біләл Малдыбайұлы – Алаш ұранды қозғалыстың Қызылжар мен Көкшетау, Ақмола аймағында қанат жаюына үлес қосып, қалың елін теңдік пен бостандыққа шақырып, азаттық жолын көрсеткен күрескер. 1890-1937 жылдар аралығында өмір сүрген – Біләл Малдыбайұлы саяси қайраткер ғана емес, қаламы жүйрік публицист, сауаты мол аудармашы болған. Оның артына қалдырған өшпес те өлмес мұрасы шаң басқан архив қоймасы мен кітапхана сөресінде қалса да, енді бас-аяғы жинақталып, толық болмаса да бірқатар дүниесі табылып, қолымызға түсті.

Біләл Малдыбайұлының алғаш рет құрастырылып, көпшілікке ұсынылған шығармалар жинағына «Қазақстандағы жоғары, орта дәрежелі мектептер» (Қызылорда, 1926) еңбегі, сосын «Құрт ауыруы», (Мәскеу, 1927 жыл), «Денсаулық негізі – тазалық» (Мәскеу,1926 жыл), «Безгек» (Мәскеу,1927 жыл), «Жегі ауырулар» (Мәскеу, 1927 жыл) секілді медицина саласына қатысты аударма еңбектері және мерзімді басылымдарға әр жылдары жарияланған публицистикалық туындылары қамтылды.

Сөз басында айтқанымыздай, бүгінгі жас буынға, егемен елдің өскелең ұрпағына Біләл Малдыбайұлының аты да, заты да таңсық, беймәлім. Анығын айтсақ, мүлде атаусыз қалған есім. Осы күнге дейін Біләл туралы бірде-екілі жазылған мақала болмаса, басқа ауыз толтырып айтар ештеңе де жоқ. Оның өмірбаяны мен қызметі туралы мәлімет мектеп бағдарламасындағы оқулықтарға енбеген, тарихи-әдеби зерттеулерден қалыс қалған. Тағдырлы азаматтың өмір жолына қатысты деректер мен мәліметтерді жинастырып көрдік. Осы жинаққа барынша қолға түскен еңбектерін қостық. Алдағы жылдары – Біләл Малдыбайұлының тағылымына, ғұмырнамасына, мұрасына ынтызарлықпен ден қойып, ықыласты зерттеймін деген өрен болса, бұл бір оңтайлы шешілген іс болары сөзсіз. Задында, қайраткер Біләл ғұмыры өз зерттеушісін күтіп тұрған, сосын әлі қауызы толық ашылмаған гүл сияқты жаңа тақырып, соны зерттеу.

Сейітбаттал Мұстафаұлы

 «Алаш» – қазақ үшін қастерлі ұғым. Мәселен, академик К. Нұрпейіс бұл жөнінде былай дейді: «Алаш немесе Алашорда қозғалысы – бірнеше құрамдас бөліктерден тұратын күрделі ұғым. Негізгі белгілері, біріншіден – саяси партия ретіндегі Алаш, екіншіден – мемлекеттік құрылым түріндегі Алаш автономиясы, үшіншіден – осы автономияны басқаруға тиіс Алаш үкіметі, бейнелеп айтсақ осы үш ұғымның жиынтығы Алаш немесе Алаш Орда ұғымын білдіреді». Батыс пен Шығыс ілімін қатар үйренген Алаш қозғалысы жетекшілерінің ең басты мақсаты – Қазақ елін өзгелермен терезесі тең өркениетті, агросекторы дамыған, экономикасы өрістеген, саяси-әлеуметтік ұстыны мығым ұлтқа айналдыру болатын.

 «Алаш» азаттық қозғалысы – ұлттық деңгейде қорытылып игерілген, ұлттық дүниетаным өзегіне айнала алған, ұлттық бірегейлік идеясын насихаттай отыра, қазақты алға жетелеген қозғалыс. Сталиндік репрессия белең алған 1937 жылы ұлтына қорған болған ұлылар НКВД-ның құрығына ілікті, қолына түсті, тергелді, кейін оққа ұшып, жер құшты. Алайда, аттары өшкен жоқ. XX ғасырдың тарихы – ащы термен, һәм қанмен жазылған тарих. Қазақтың қаншама айбоз ұлдары, нар тұлғалары қыршын кетті, түрмеге қамалды, итжеккенге айдалды, азаптың, қайғы-қасіреттің неше атасын көрді. Мұндағы шовинистік биліктің басты мұраты – ұлттық құндылықтары мен артықшылық, ерекшелігінен айырып, мәңгүртке айналдыру. Бұл жолда саяси машина ешкімді аяған жоқ, жан-жағын жапырды, тұқымын тұздай құртты. Яғни Алаш қозғалысы Қазақстанда орын алған әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, тарихи, һәм рухани-мәдени өзгерістердің нәтижесінде туындады деуге толық негіз бар. Өткен ғасырдың басындағы ұлт келешегі үшін жасалған ұлы идеялардың бірі – «Алаш» қозғалысы. Сол кезде азды-көпті сауаты бар, жалпы саясаттан хабары бар делінгендердің бәрі осынау игі бастаманы қолдап, соның сапынан табылды.

XX ғасырдың басында ұлттық мәселені өз мүддесінен жоғары қоя білген, әдебиетке, мәдениетке, ғылым-білімге, өнерге өлшеусіз үлес қосқан Алаш арыстары ел тағдыры таразы басына түскен аса шешімтал тұста атқа қонып, атой салып, тарих сахнасына көтерілгені баршаңызға аян. Солардың бірі – уақытында қазақ жұртын көркейту жолында аянбай еңбек еткен – Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, Ж. Аймауытұлы, М. Дулатұлы, М. Жұмабайлармен үзеңгілес болған қайраткер, ағартушы-ұстаз, ақын, жазушы, аудармашы, көсемсөзші Сейітбаттал Мұстафаұлы.  

Сейітбаттал Мұстафаұлы 1892 жылы дүниеге келген. 1908-1913 жылдары аралығында 16 жастағы Сейітбаттал Түркияның Ыстамбұл шаһарындағы Мұғалімдер семинариясында оқыған. Оның тікелей ұрпағы, жалғыз қызы Нәдия (азан шақырып қойған аты – Нұрбике, әкесі «Нұртай» деп еркелеткен) Сейітбатталқызы өзінің хатында: «Сүйікті әкем Сейітбаттал Түркияға білім аламын деп 16 жасында жалғыз кеткен екен. Содан Ыстамбұлда 5 жыл оқып білім алған. Сол уақытта «Ыстамбұлға саяхат» атты өлең жазыпты. Ол өлең «Айқап» журналында басылып шыққан (1913 ж.). Кішкентай болсам да сол өлеңді оқып, әкемнің Түркия халқына деген құрметі мен сүйіспеншілігін сездім. «Түркия халқы мені құшағын жайып қарсы алды» деген өлеңдегі әкемні сөздері менің есімде қалыпты. Сол елден алған білімін жастармен бөлісуден менің әкем бас тартпай еңбек еткен. Сейітбаттал Мұстафаұлы – қоғамдық-әлеуметтік жұмыстарға да белсене араласқан адам. Ол – Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытұлымен бірге «Абай» журналын шығарысқан. Жай шығарушылардың бірі ғана емес, сонымен қатар оның белсенді авторы болған» деп жазады.

Жұрттың замана көшіне ілесу жолында ғылым-білім аса қажет екенін ерте ұғынған ұстаз, қазақтың озық ойлы оғланы өзінен кейін түріктің «Көксанжақ» романын (қазақ тіліне аударған), «Бұрынғыны айтпай, соңғы еске түспейді», «Қалың малдан пайда бола ма?», «Ыстамбұлға саяхат», «Архимедтің өнері», «Қалай көндіру керек?», «Көшу турасында», «Имам Ғазали» атты танымдық сипаттағы мақалалар мен «Шернияз ақын» поэмасын қалдырып, қазақ халық ауыз әдебиетінің үлгілерімен қоса, Шортанбай, Төле би, Қали би, Орынбай, Өске сықылды алыптардың жыр жауһарларын, нақыл сөздерін жинақтаған. Алайда, өкініштісі сонда, Надия апамыздың айтуынша, «1937 жылы өзін ұстағанда НКВД қолжазбасын алып кетіп, жоқ қылған» екен. Қарымды қаламгер, әдебиеттанушы-ғалым, сыншы, филология ғылымының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі Есмағамбет Ысмайыл мен драматург Шахмет Құсайын – ағартушының шәкірттері. Атам қазақтың: «Аққа – Құдай жақ» деген сөзі тегін айтылмаса керек, 1958 жылдың желтоқсанында Көкшетау облыстық соты Сейітбаттал Мұстафаұлын ақтап шықты. Қайраткердің жары Үміш (Үмрахия) Әйіпқызы – Алашорда партиясын құрушылардың бірі, Петербор университетінің Заң факультетін тәмамдаған мықты маман Райымжан Мәрсекұлының немере қарындасы.

Нәдия апамыздың айтуынша, әкесі керемет жан болған екен. Бірде ата-анасының алақанындағы кішкентай Нәдия сырқаттанып, төсек тартып жатып қалса керек. Сөйтіп, ол есін жиып, көзін ашып жан-жағына қараса, қарсы алдында қатты уайым шегіп, қайғыға батып, көзінен жас парлап отырған әкесін көреді. Қызының сауыққанын көріп көңілденген қайран әке, ерекше қуанып толқыған екен. «Әкемнің сол сәттегі бет-бейнесі әлі күнге көз алдыман кетпейді», – дейді Нәдия апай.

Сейітбаттал Мұстафаұлының ұстаздығы бір төбе. Балаларды оқытқанда ол бар білген-түйгенін, оқыған-тоқығанын аямаған азамат болыпты. Сонда, өз ісіне берілгені соншалық, тамақ та ішпей, кештің қалай батқанын да аңғармай қалады екен. Кейін сол кісінің алдын көрген өскелең ұрпақ бір-бір тау тұлғаға айналып, «киіз туырлықты, ағаш уықты» қазақ халқын көгеріп, көктеуіне үлкен үлес қосыпты.  

Біздіңше, қазақтың қазақ болып қалуы үшін халыққа еңбек еткен кісілер мейлінше еленуі қажет. Қазақ елі Тәуелсіздік алған соң мерез боп қатқан ұлт руханиятының тоңы жібіді, сеңі сөгілді. Осы ретте, көптен бері көмескіленіп, тарих тасының тасасында қалған Сейітбатталдай адал азаматтарды қазақ жұрты танып, білуге тиіс деген ұстанымдамыз.

Міне, биыл 2022 жылы ағартушы-ұстаз, ақын, жазушы, аудармашы Сейітбаттал Мұстафаұлының туғанына 130 жыл толып жатыр. Ал қайраткердің Алматы қаласында тұрған тікелей ұрпағы, жалғыз қызы, сталиндік қуғын-сүргін, ашаршылық, соғысты көрген қазақтың қайратты қызы, алтын құрсақты ана Нәдия апамыз 2021 жылы өмірден өтті.  

 Ғазымбек Бірімжан

Оққа ұшқан тағдырлардың бірі – Ғазымбек Бірімжан. Азаттық үшін жан берісе күрескен ұлы шайқаста Ғазымбек Бірімжан деген қайраткер де болған. Ол – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы бастаған ағалардың саяси ұстанымын қолдаған ұлтшыл жас, рухы биік азамат. Ол – Торғай топырағында туып, Тобыл жағасында жетілген, Ахмет Бірімжановтай оқымысты туған ағасының тәрбие-тәлімін алған, Орынбор қаласындағы қазақ-орыс интеллигенциясымен жақын танысқан, қоян-қолтық араласқан арыс. Бірінші жаһан соғысы кезінде Күнбатыс майданына ерікті ретінде барып, қазақ даласынан барған сарбаздарға көмек көрсеткен, жәрдем берген болатын.

Ғазымбектің тарихтағы зор ісі, алтын әріппен бедерленген қайраткерлігі – 1917 жылғы Екінші жалпықазақ съезінде Әлихан Бөкейхан бастаған озық ойлы оқығандармен бірлесе отырып, «Алаш» партиясының бағдарламасын жазуы. Ол – жиырма бір жасында осындай үлкен іс тындырған, ел тізгінін қолына алған Алаш үміті еді.

Ташкенттегі кіндік үкімет құзырына қарасты «Ақ жол» газетінің шығармашылық жұмысына жегіліп, тілшісі де, редакторы да болған. Ұлы жұт болған қасіретті күндері ашыққан, тарыққан еліне тіреу, сүйеу болып, халқын ашаршылықтан құтқарған батыр.

Заманында Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан: «Алда әлі күнді көретін ұрпақ келеді. Сол ұрпақ сендерді үлкен ризашылықпен, үлкен құрметпен еске алатын болады. Күрес жолына түскендеріңе өкінбеңдер», – деген екен. Расымен осы бір ауыз сөздің шындық екенін көз көрді. Ұлты үшін басын қатерге тіккен, азаттық үшін арпалысқан, азапты тар жолда кеудесін оққа тосып, атылған ғазиз жандардың аты да, заты да биіктеп, ұлттық құндылығымызға айналып, Ұлы Дала елінің ұлы есімдері атанды. «Ұлы Дала елінің Ұлы есімдері» дейтін әйгілі адамдардың санатына Ғазымбек Бірімжанның аты-жөнін әбден қосуға болады.

Qyr balasy қоғамдық қоры

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір