Алаш идеясы ел жадынан өшкен жоқ
16.05.2022
3340
0

Сонау 1963 жылы академик Рахманқұл Бердібай ақсақал негізін қалаған, отыз жылдан астам көпшілікке қызмет етіп келген Халық университетінің дәрістері 90-жылдары үзіліп қалған еді. 2019 жылы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов жұрт жадынан өшпей, жиі аңсатып жүрген осы бір маңызды да мазмұнды жобаны қайта қолға алған болатын. Бірақ күтпеген жерден араға коронавирус килікті де, енді ғана қарқын алып келе жатқан дәрістер тағы тоқтап қалды.
Осы екі арада М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Әуезов үйі» мұражайы күрделі жөндеуден өтті. Оның үстіне, биыл Мұхтар ­Әуезовтің 125 жылдық мерейтойы. Жақында екі жылғы үзілістен кейін Р.Бердібай атындағы Халық университетінің дәрістері қайта жалғасын тапты. Жоба тізгінін ұстаған К.Матыжановтың айтуынша, «Халық университетінің негізгі ұстанымы – қоғамдық пікірді қалыптастыру, ізгі дәстүрді жалғастыру». Бастапқы дәріскер – алаштанушы қайраткер, көрнекті тарихшы-ғалым Мәмбет Қойгелді Алаш қозғалысы туралы кеңінен әңгімеледі.

«Жеңілгендердің соры мол»
Кенжехан Матыжанов: Мәмбет Құлжабайұлы алғашқы сұрағымыз мынадай: Алаш қозғалысының қоғамдық өміріміздегі орны қандай? Оның тарихи маңызы неде? Ол бүгінгі өмірімізде қандай рөл атқаруы керек? Алаш идеясының жаңа Қазақстан идеясымен байланысы бар ма?
Мәмбет Қойгелді: Рақмет! Бүгінгі әңгіме тақырыбы – алаш және больше- визм. «Жүз жылдық қарсыласу» деп аталады. Бұл тақырып – жеңіл-желпі емес. Бұған келу үшін ойлану керек, ғалым бұл процестің ішінде жүруге тиіс. Әйтпесе игеру қиын. Бұл мәселемен айналысқаныма отыз жылдан асып кетті. Көп мұрағатта жұмыс істеуге тура келді. Мәскеу, Орын­бор, Ташкент және өзіміздегі архивтерді ақтардым. Ең көп барғаным – Ұлттық Қауіпсіздік архиві. Бұл тақырыпқа жеке тұлғалардың тергеу материалдары арқылы келдім. Алаш қайраткерлерінің тергеу материалдарын тексеру арқылы тақырыпты ашуға, зерттеуге тырыстым.
Алаш пен большевизм – екі ағым. Қөзқарасы мен ұстанымы мүлде бөлек. Біріншіден, осыны ескеру керек. Екі ағымның арасындағы қарсылық ғасырға созылды. Әрине, Алаш қайраткерлері 20-жылдардың соңы, 30-жылдардың басында қуғын-сүргін құрбаны болды. Саясат сахнасынан кетірілді. Бірақ Алаш идеясы жойылған жоқ. Ел жадында жүрді. Өз қызметін атқарумен болды. Тарих ғылымының ерекшелігі – біткен, аяқталған процестерді зерттейді. Ағымдағы процестерді саясаттану зерделейді. Осы тұрғыдан алғанда, Алаш пен большевизм арасындағы қайшылық, қарсыласу – аяқталған процесс. Тарихшы бұл мәселені зерттей алады, тұжырым жасайды. Тұжырымдауға тиіс. Мәселе неден басталды? Ертедегі Рим тарихында: «Жеңілгендердің соры мол», – деген сөз бар. Алаш қозғалысы – жеңілген қозғалыс. Жалпы біз «Алаш қозғалысы» деген сөздің басын ашып алуымыз керек. Осы уақытқа дейін анықталмаған бір мәселе бар. «Алаш қозғалысы» десек, «Алаш» партиясының, Алаш зиялыларының қызметін еске аламыз. Бұл дұрыс емес. Негізі, бұл – қазақтың ұлт-азаттық қозғалысы. Мағынасы солай. Қазақтың ұлт-азаттық қозғалысы – әлемдік ұлт-азаттық көтерілістер арнасында өмірге келген қозғалыс. Әлемдік деңгейдегі тарихи процесс. ХХ ғасыр басындағы қазақтың ұлт-азаттық қозғалысына біз Түркиядағы «Жас түріктер», Үндістандағы М.Ганди басқарған Үнді ұлт-азаттық қозғалысы, Қытайдағы Сунь Ятсенның қытай мемлекеттілігі үшін жүргізген күресі, сол сияқты Латын Америкасы, тағы басқа жерлерде болған көтерілістер арнасында қарауымыз қажет. Біздегі қателік мынада: советтік идеология бұл мәселені Ресей тарихымен байланыста қарауға мәжбүрледі. Негізінде Алаш қозғалысын әлемдік ұлт-азаттық күрестер контексінде қарауымыз керек. Қазақтың ұлт-азаттық қозғалысы – отаршылдыққа қарсы күрес. Оның шынайы табиғаты – осы. Мысалы, Ә.Бөкейханов – М.Ганди, Ататүрік, Сунь Ятсен сияқты қайраткер. Олардан еш кем емес. Сол арнадағы, сол бағыттағы, сондай саяси көзқарастағы қайраткер. Ал оны бізге империялық идеология түрлі әдістер арқылы кемітіп, өзгертіп көрсетті. Иә, расында да, «жеңілгендердің соры мол». «Алаш қозғалысы большевизмге қарсы» деген сөз – шындықты бұрмалау. Біз оқыған тарихта кешеге дейін «Қазақтарда саяси басқарушы күш болған жоқ. Қазақ қоғамы – сауатсыз, артта қалған, жабайы, феодалдық қоғам» деген ұғым-түсінік қалыптастырылды. Бұл да қате. Тарихи ұғымға қайшы пікір. Есімде, ертеректе теледидардан көрдім, Әлкей Марғұлан ағамыз Ш.Уәлихановтың көптомдығына байланысты мектеп оқушыларымен кездесті. Сонда ол: «Шоқан Уәлиханов қазақ қоғамындағы жалғыз интеллигент емес, олар көп болған», – деді де қойды. Таратып айтқан жоқ. Айтуға мүмкін емес еді. Бір мысал келтірейін: 1986 жылы Желтоқсан оқиғасы болды. 1987 жылы ҚазКСР Орталық комитеті Колбиннің басқаруымен конференция өткізді. Конференцияда ОК хатшысы З.Камалиденов баяндама жасады. Сонда ол Қазан төңкерісіне дейін қазақ қоғамында 22 адамның ғана білімі болды деді. Қазақ қоғамында жоғары білімді, саяси-әлеуметтік күш болған жоқ дегенге келтірді. Шындық басқаша еді. Ол кезде Алаш қайраткерлерін зерттеуге тыйым салынған, архивтер жабық (1987 жылдары). Олардың мұрасын оқуға мүмкіндік болған жоқ. Сондықтан ОК хатшысының айтқанын түсінуге болады. Ғалым Ахмедов бастаған топ құжатпен дәлелдеген шындық: қазақ қоғамында жоғары білім алған зиялыларының саны 120-ға жуық болған. Олар – Ресейде, Азияда оқығандар. Түрлі мамандықтар бойынша. Ал арнайы оқу орындарын бітірген (гимназияларда, орта білім беретін мектептерде) қазақ зиялыларының қарасы 700-ге жуық. Мысалы, А.Байтұрсынұлы мұғалімдер семинариясын бітірген. Оның білімін университет бітіргендерден қалай кем дей аласыз? Демек, қазақ қоғамында зиялылар тобы болды.
Ендігі бір мәселе – ағартушылық. Оның басында тұрғандар: Ы.Алтынсарин, Ш.Уәлиханов, Абай дейміз. Бұл да өтірік. Бұрмаланған шындық. Рас, олар ағартушылықты бастады. Мектеп ашты, кітап шығарды, оқулық жазды. Бірақ олар қазақ қоғамында ситуация жасай алған жоқ, жасай да алмайтын еді. Советтік идеология: «Абай айтты: «Дүниенің кілті – орыста, мәдениетін, тілін үйрен» деп. Міне, ағартушылықтың ұраны осы», – деді. Бұл шылғи өтірік сөз! Абайдың ойын, аңсар-арманын бұра тарту, бұлыңғырлау. Қазақ халқында ағартушылық ХХ ғасырдың басында басталды. Ағартушылықтың негізгі белгісі не? Белгісі мынау: қазақ тілінің ұлттық тілге, ғылым, білім тіліне айналуы. Ұлттық сананың құралына айналып, ұлттық сананың қалыптасуы. Ұлт өзін ұлт ретінде сезінуі. Оны жасағандар – ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялылары. 1909 жылы үш кітап жарыққа шықты. Абай өлеңдері, «Маса», «Оян, қазақ!». Қазақ ағартушылығының ұраны – осы «Оян, қазақ!» болды. Қазақ кітаптарының таралымы 2 миллионға жетті. Жалпыұлттық «Айқап» журналы ашылды. 1913 жылдан бастап «Қазақ» газеті шыға бастады. Бұл да – бірінші жалпыұлттық газет. Таралымы 8 мыңға дейін жетті. Бүкіл қазақ даласына, Өзбекстанға, Қырғызстанға, Ресейге тарады. Ең негізгісі – Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілінің грамматикасын жасады. Қазақ тілі ғылым тіліне айналды. «Қазақ» газеті арқылы қазақ өзін ұлт сезініп, ұлттық мәселелер көтеріліп, талқыға түсті. Жалпыұлттық съезд өткізу мәселесі күн тәртібіне қойыл­ды. 1916 жылғы қазақ зиялыларының қызметі нені көрсетті? Сол съездерде қазақ комитеттері сайланды. Оны басқарған «Қазақ» газеті болды. 1917 жылы қазақтардың саяси басқарушы күші, элитасы қалыптасты. Осы жылы жазда Орынборда Жалпы қазақ съезі өтіп, онда «Алаш» партиясы құрылды. Ол еуропалық деңгейдегі партия болды. Жарғысы, бағдарламасы бар ондай партия Финляндияда, Польшада, Ресей құрамындағы татарларда болды. Қазақ зиялылары Мемлекеттік Думаға депутат болып сайланды. Думада қазақ жерінің мәселесі негізгі тақырыпқа айналды. Сол кезде Думада орыс депутаттары: «Не, Думада қазақ жерінен басқа мәселе жоқ па?» – деп дал болған екен. Ә.Бөкейханов Думада жер мәселесін көтерді. Оны Сидельников, Скалозубов сияқты орыс депутаттары қолдады. Ақыры, ІІІ Мемлекеттік Думаға қазақтан депутат сайлатпай тастады. Бұл – қазақ оқымыстылары қазақ қоғамында бастаушы саяси күш болды деген сөз. Оларды орыс демократиясы мойындады. Ә.Бөкейханов кадеттер партиясының комитетіне сайланды. Думаның жанында мұсылмандар фракциясы құрылды. Негізгі рөлді татарлармен бірге қазақтар атқарды. Фракцияға Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы мүше болды. Осыған қарасақ, большевизмге алтернатива болған жоқ деген ертегі негізсіз. Қиянат. Алаш пен большевизм арасында конфликт болды. Большевизм – империялық ағымдағы партия. Пролетариат диктатурасы. Марксизм идеясы. Тап күресі, тап тартысы. Бөлшектеу идеясы. Большевизм осыны басшылыққа алды. Бұл – бізге келмейтін идея. Бөкейханов алғашында марксист болды, кейін кетті, «бұл партияның ұстанымы қазақ қоғамына келмейді» деді. Қазақ қоғамында жұмысшы табы жоқ, демек, жоқ пролетариат қандай диктатура орнатпақ? Бұл – біріншіден. Екіншіден, қазақ қоғамына революция емес, жер мәселесі маңызды еді. Сондықтан Алаш серкелері: «Ресей жерімізді алып жатыр. Жерден айрылу қаупі туындап тұр. Жер үшін күресу керек. Ал жерді сақтау үшін бізге мемлекеттілік қажет», – деді. Екі мәселе: жер мен мемлекеттілік мәселесі алға шықты. Ұлттық мемлекеттілікке қол жеткізуіміз керек еді. Қазаққа тапқа бөлініп соғысу емес, бірлік, ұлттық бірлік керек болды. «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген Абайдың сөзі ұран боп көтерілді. Бөкейханов 1917 жылы «тәуелсіздігіңді қорға» деп жазды. Міне, осы жерден Алаш пен большевизм бөлініп кетті. Азамат соғысы басталғанда Алашорда үкіметі ақтармен де, Колчакпен де бірікті. Кім қазақтың тәуелсіздігін мойындаса, сонымен бірігуге дайын еді. «Ұлттың тәуелсіздігі үшін шайтанмен де дос болуға даярмыз» деді. Уақытша үкіметпен бірге қазақ комитеттері құрылды. Алматыда, Семейде, Оралда, барлық жерде. Оны орыстың саяси күштері көріп отырды. Колчак та, большевизм де, оңшылдар да, солшылдар да Алаш қозғалысының көсемдеріне қарсы болды. Олардың «Тәуелсіз мемлекет боламыз» деген Алаш идеясын қолдауы мүмкін де емес еді. Бөкейханов та, Байтұрсынұлы да тергеу материалдарында: «Бізге елді, жерді сақтау үшін мемлекеттілік керек болды», – деп ашық айтты. Сондықтан біз кіммен болса да одақтас болуға даяр едік деді. Алаш ұлт-азаттық күресі күллі отаршылдыққа қарсы күрестер тарихымен үндес. Алаштықтар большевизмнен анағұрлым жоғары тұрды. Боль­шевиктер қазақ қоғамын түсінген емес, түсінгісі де келген жоқ. Ленин де, Сталин де. Коммунизм идеясы бізді 1930 жылы аштыққа ұшыратып, қырып салды. Біз тарихи шындыққа бет бұруымыз керек.

Шоқай идеясының болашағы бар
Кенжехан Матыжанов: «Әлемдік отарлық жүйенің қирауы» деген бар. Ағылшын, француз отарлығының күйреуі. Бірақ оларда таптық күрес деген болған жоқ. Мысалы, Қазан төңкерісі отарлық жүйені күйрету сияқты боп көрінгенмен, ол әлемдік эксперимент болған жоқ па? Ресейдің отарлық жүйесі әлі күнге дейін әшкереленіп ашылған жоқ. Біз отарға түскен ел ретінде бірде-бір қозғалыс жасаған ел емеспіз. Осыны дүниежүзілік тарих тұрғысынан қалай түсіндіруге болады?
Мәмбет Қойгелді: Сталин Бөкейхановты Кремльде қабылдап: «Неге сіздер біздің идеяға қарсысыздар? Сіздерді біз көшпелі өмірден отырықшы мәдениетке ауысқан елге айналдырамыз», – дейді. Сонда Бөкейханов: «Сіздер осыны революциялық жолмен тез арада іске асырып, эксперимент жасағыларыңыз келеді. Ол мүмкін емес. Халықты қырып аласыздар», – деп 20-жылдары айтты, айтқаны келді, қазақ халқының жартысы қырылды ғой. Қазақ халқы ұжымдастырудың құрбаны болды. Тәркілеу – революциялық әдіс, эксперимент. Социалистік эксперимент. Эксперимент лабораторияда жасалады, оны халыққа жасауға болмайды. Біз сондай сұмдықты басымыздан кешірдік. 1928 бен 1938 жылы екі буын интеллигенциядан айырылдық. Саяси басқарушы топтан айырылдық. Репрессия құрбанына айналып, күрес сахнасынан алаштықтар кетті. Советті мойындаған зиялылар да саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Ұлттық элитадан айырылып, басқарушы емес, тыңдаушы ұлтқа, жетекке ергіш тобырға айналдық. Шындық солай. Біз енді-енді ғана есімізді жиып келе жатырмыз, есімізді жия алсақ әлі! Біз қандай апаттан құтылып келе жатқанымызды білмейміз. Бізде қазіргі күрделі мәселе – қазақ тілі. Бұл ненің көрінісі? Жаңағы апаттың көрінісі. Сандық та, сапалық та апатқа ұшырағанбыз. Бізді отаршылдық жүйе жетекке еріп жүретін халыққа айналдырды. Еліктегіш, көшірме мәдениетке айналдырды. Тілді білмеу – көшірме мәдениеттің көрінісі. Осыны жазушы Төлен Әбдіков «Оң қол» деген хикаятында жазды ғой, қолы адамның өзін буындырады. Біз қазір де бөлініп ап, өзара соғысуға даярмыз. Бұл не? Бұл қауіпті нәрсе.
Алашты тарих дейді, Алаш – тарих емес. Алаш – бүгінгі өмірің. Алаш алға қойған мәселелер шешілмей қалды. Оның мәресіне жеткен жоқпыз. Алдымыздан шығып отыр. Кеңестік жүйе – заңды билік емес, оларға қазақ халқы дауыс берген жоқ. Социализмді көрмеген халық оған қалай дауыс береді?! Совет өкіметі – патша өкіметінің мұрагері. Ал Алашорда заңды билік болатын.
Бір мысал, Қазан төңкерісі қарсаңында өзбектердің саны 3,5 млн еді. Қазір олар 35 млн еді. Біз қазақ қазір өз жерімізде 20 миллионға жеткен жоқпыз. 1917 жылы 6 млн болатынбыз. Жан-Жак Руссо айтады: «Егер мемлекеттің жағымды жағы болса, ол халқының сан жағынан өсуіне байланысты» деп. Біз үздіксіз кеміген елміз. Совет билігі біз үшін жағымсыз болып шықты.
Кенжехан Матыжанов: Большевизм билікке келген соң тарихты қайта жазды. Бәрін өзгертті. Ал алаштықтар кейін большевиктік партияға кірді. Компартия мүшесі болды. Мұхтар Әуезов партияға кірді, бірақ кейін партия билетін үстелге қойып, одан шығып кеткені белгілі. Қайтып кірген жоқ. Кейін партия қатарына өткен Ахмет Байтұрсынұлының шәкірттері ақырында атылды. Ахаңның ісін қарадыңыз, сонда жалпы көпшілікке мәлім емес не бар?
Мәмбет Қойгелді: Ахмет Байтұрсынұлының өткен жылы ғана табылған құжаты бар. Ол былай аталады: «Собственноручные показания арестанта Ахмета Байтурсынова». Ахаңның қолымен жазылған. Абақтыда отырғанда жазған болуы керек. Саяси қызметі неден басталды, немен аяқталды, түгел өз қолымен жазып шыққан. Бұл қолжазбаны Ахаңның ұрпаққа қалдырған аманаты деуге болады. Құжатты оқып шықтым. Қазақ халқының бір қасиеті – ашықтық. Қазақ даланың аңырап соққан желі сияқты. Ахаң ашық түрде ойын толық айтқан. Советке, Алашқа, Халқына қатынасын бәрін бүркемелемей жазған. Орыс тілінде жазған. «Қазақ» газетін аштық, оның төңірегіне ұлт зиялылары топтасты, ал олар ұлтқа идея берді. 20-жылдары М.В.Фрунзе маған «партияға кіріңіз» деді, мен ойландым. Байқасам, барлық мәселе партия жиналысында шешіледі екен, содан «ұлтқа қатысты мәселені шешуге мүмкіндігім болады екен» деп ойладым да кірдім» дейді. Алайда Ахаң бір жылға жетпей Коммунистік партия қатарынан шығып кетеді. Дәлірек айтқанда, оны шығарып тастаған. Орынбор қалалық орталық партия комитеті Байтұрсынұлын партиядан шығарған. Себебі Ахаң партия жиналысына бармайды екен, уағында жарнасын төлемеген. Ахаң былай дейді: «Партия жиналысына бармағаным – онда артық сөз көп, ал менің уақытым жоқ, оқулық жазып жүрмін. Жарнаға байланысты, печатный лист партияның қолында ғой, қанша керек болса шығарып алады» дейді. Партиядан көңілі қалған. «Менің қазаққа байланысты айтқан ұсынысым өтпейді, шешімін таппайды, қабылданбайды, сондықтан шығып кеттім» деген. Абақтыдан келген соң: «1931-33 жылғы аштықты көргеннен кейін мынадай тұжырымға келдім: бұл өзі қандай үкімет, қандай билік, қандай партия? Халықты қырғынға ұшыратқан үкімет туралы не айтуға болады? Менің сөзім жоқ» дейді. «Совет үкіметін жамандауға тіпті тілім жетпейді» депті.
Кенжехан Матыжанов: Бізде үш автономия: Алаш, Түркістан, Қоқан автономия­сы болды. Осылардың арасында идеялық бірлік немесе қайшылық болды ма? Әлде айырмашылық атауларында ғана ма?
Мәмбет Қойгелді: Түркістан, Қоқан автонмиясы Алаштан бұрын дүниеге келді. Төрағасы – М.Тынышпаев, кейін М.Шоқай болды. Қоқан автономиясы жарияланғаннан кейін М.Шоқай Орын­борға барды. Барған бетте Алашорда үкіметінің құрамына сайланды. Түркістан автономиясының құрамында Қазақстаннан екі облыс болды. Жетісу мен Сырдария. Алаш автономиясын жариялаймыз деген кезде екі көзқарас пайда болды. Біріншісі, Халел мен Жаһанша Досмұхамедовтер: «Екінші жалпы қазақ съезінде автономияны бүгін жариялайық», – деді, ал Бөкейханов қарсы болды. Ол қосылу я қосылмау турасындағы Жетісу мен Сырдария қазақтарының пікірін білейік деді. Бұл – бір. Екінші, «Бізде дайындық жоқ. Қару-жарақ жоқ. Бұлар ішіміздегі келімсектердің қолында, қазақтарды қырып салуы мүмкін» деген қауіп айтты. Мемлекетті бірігіп құрайық деген ой тастады. Түркістанда 1918 жылы қазақ съезі өтті. Оған – М.Дулатов, Т.Құнанбаев, тағы бір кісі – үшеуі барып қатысты. Бірақ азамат соғысы басталып кетіп, шешілмей қалды. Ал Түркістан автономиясының идеясы – Түркістан халқы бір федерация болсын дегенге саятын. М.Шоқай Түркістан автономиясының идеологы болды. Ал Алашорда «Қазақ мемлекетін құрайық» деді. Шоқай түркі мемлекетін, Орталық Азия мемлекетін құру идеясында болды. Екеуі де үлкен идея, бірақ екеуі де іске асқан жоқ. М.Шоқай өз естеліктерінде кейін былай деді: «Біз тәжірибесіздік көрсеттік, орыс демократиясына сендік, алданып қалдық. Орыстың оңшыл да, солшыл да жағы бізге мемлекеттілік бермейтін еді». Өз басым М.Шоқай идеясының болашағы бар деп ойлаймын, соған сенгім келеді.

Әуезов – саяси ұстанымын өзгертпеген тұлға
Кенжехан Матыжанов: Большевизм­нің идеясы осы Мұстафа Шоқайдың идеясымен күресу болды ғой. Пантүркизм мен панисламизм деген сөзбен түркі халықтарын бөлшектеу мәселесімен айналысты. Ұлт зиялыларына осылай жала жапты.
Мәмбет Қойгелді: Үшінші Мемлекеттік Думада С.Мақсұдов деген татар интеллигенті, кейін эмиграцияға кетті, Ататүріктің кеңесшісі болған, Сорбонна университетін бітірген адам: «Бізде ешқандай пантүркизм жоқ, бұл – ресейлік идеологиялық аппарат жасаған сөз. Әлемге түркілердің билігін орнату деген идея бізде жоқ. Ұлттық мемлекеттілік мәселесі – пантүркизм емес» дегенді айтқан. Пантүркизм қазір де жоқ. Болуы мүмкін емес. Түркі бірлігі, тұтастығы – басқа мәселе.
Кенжахан Матыжанов: Большевизмнің тағы бір ойлап тапқан термині – ұлтшылдық болды. М.Мырзахметовтің айтқаны бар: «Қазақтарда ұлтшыл көп, бірақ шовинист жоқ», – деп.
Мәмбет Қойгелді: Патша заманында қазақ үшін күрескендерді сепаратистер деді. Совет заманы бізді буржуазиялық ұлтшылдар деді. Кейін қазақ ұлтшылдығы, ал қазір нацпатриот деген шықты. Бұл – идеологиялық әдіс.
Қазақ қоғамында буржуазия болған жоқ, бірақ А.Байтұрсынов осындай атпен айыпталды. Айыптаудың әдістері бұлар. Ұлттық мүддені қорғасаң айыптай салу – отаршылдық биліктің басқару әдісі. «Іші ауырған сиыр сияқты қуалайды» деп А.Байтұрсыновтың айтқан сөзі бар. Бізде бұндай әдістер әлі қалмай келеді.
Кенжахан Матыжанов: Мұхаңның шаңырағында отырмыз. Мұхтар Әуезов Алашорданың ең жас қайраткері болды. Алашордадан қалған біреу болса, ол – М.Әуезов. Екеу болса, Ә.Ермеков бар. Оcы қос тұлға өз көзқарастарынан өмір бойы таймай кеткен. Осы жөнінде не айтар еді­ңіз?
Мәмбет Қойгелді: КГБ-ның құжат­тарын көп оқыдым. М.Әуезовке қатысты, әсіресе, 50-60 жылдарға байланысты. «Заключение по Ауэзову» деген. Сонда: «Әуезов – қу. Ол қазір ашық көрінбейді. Ғылыми кеңесте сөз сөйлемейді. Үнсіз. Алайда шәкірттеріне тақырып беріп қоя­ды» дейді. «Қазақстан тарихы» кітабын, ондағы Е.Бекмахановтың Кенесары тарихына байланысты жазғанын талқылау­да бір оппоненттің «бұны жазуға әлі ерте» деп қарсы болғанын айтады.

«Ол жерде орыстың, қазақтың тарихшы, ақын-жазушылары түгел отырды. Бәрі үнсіз. М.Әуезов сөз сұрап: «Егер Қазақстан тарихында Кенесары Қасымов жазылмаса, онда бұл кітаптың кімге керегі бар?» деген көрінеді. Орыс тарихшылары М.Әуезовті қолдап кетті. «Осы тақырыпты диссертация қылып жаз» деп Мұхаң да, Сәбит те айтты. К.Қасымов тарихына келуім осылай болды», – деп Бекмаханов тергеу құжатында жазған. Ермұхамбет Бехмаханов – 25 жылға сотталған тарихшы.
«Абай мектебі» деген тақырыпты Қ.Мұқаметхановқа М.Әуезов берген. Ол да сотталып келді. Талай адамдар илеуге түсті, менің таң- ғалатыным, саяси ұстанымын, көзқарасын өзгертпеген адам – М.Әуезов. Мұхаң өзінің Алаш идеясын еш өзгертпеген. Ермеков екеуі хат жазды. Тарихи хат. Оның газеттегі жарияланымы мен қолмен жазған мәтіні бар. Екеуі екі бөлек. Газетте «Алаш идеясынан бас тартам» деген сияқты сөздер бар, ал мәтінде ондай сөздер жоқ. Мұхаң газеттік нұсқасына қол қоймаған, түрмеде жатыр өзі. Әлімханның кеңесі бойынша Мұхаң қол қойған. «Әлеке, ұрпақ алдында жауапкершілігі мойныңда!» депті Әуезов. Мұхтар Әуезов – өз идеясына, ұстанымына өте берік болған кісі.
Мұхаңның Мұғамила деген қызы болды. «Бақылау жоқ па екен деп әкем осы үйдің екінші қабатындағы балконға шығып, іңірде көшеге қарап тұрып темекі тартатын» деп естелік айтады. Мұхаң үнемі бақылауда болған ғой.
Стенографисткасы айтады: Мұхаң жұмысты таңғы алтыда бастайды екен. 1948 жылы «Абай жолы» Сталиндік сыйлық алды ғой, содан бір күні әдеттегідей жұмысына ерте келіп, стенографисткасын құшақтап тұрып: «Мен пәледен құтылдым», – депті. Бақылаудан көзім ашылатын болды дегені. С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов тарапынан Әуезовке жасалған қиянат – тарихи факт! Тарихи фактіні ұрпақ білу керек! Мен оны кітабымда жазғам…
З.В.Тоған кейін естелігінде «М.Әуезовпен Нью-Йоркте кездестім» деп жазады. Екеуі бір-бірін бұрыннан таниды. «Мұха, Уфаға келгенің есіңде ме?» дедім. Сонда Мұхаң: «Оны қалай ұмытам, қараңғыда жарқ еткен найзағай ғой ол», – деді. Бұл жерде Мұхаң Орынборға Ахаңның тапсырмасымен барған сапарын айтып отыр.

Үкіметке қарап ұлт, халқына қарап мемлекет түзелсін
Кенжехан Матыжанов: Бүгінгі өмірге қарай келсек. Алаштың жасаған істері жалпы қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының идеясы дедіңіз. Қазір «Жаңа Қазақстан» құрайық деп жатырмыз. Алаш идеясы бізде бар ма? Болса оның қай салаларын алып пайдалануға болады?
Мәмбет Қойгелді: Дұрыс айтасыз! Барлық салада бар. Бірде академик С.Зимановқа «Конституцияда қателік кетті» дедім. Конституцияда «жердің байлығы – мемлекеттікі» делінген. Шын мәнінде жер байлығының иесі ұлт болуы керек. Оны сақтаған да, қорғаған да халық қой! Салық Зиманов «Мемлекет халық атынан сөйлейді ғой» деді. Ал бұл қиындау нәрсе өзі! Екінші жалпы қазақ съезінде алаштықтар қазақ жерінің байлығы (асты мен үсті) халықтыкі деп айтады. Иесі – Алаш!
Жер байлығын игеру мәселесіндегі Алаш идеясы әлі де құнды. Ахаңның сөзі бар, «мәдениеттің көрінісі – тіл» деген. Осыны біз әлі түсіне алмай жүрміз. Жердің иесі болу үшін тіл керек. Басқа тіл, басқа мәдениетке көшіп, жерді ұстай да, игере де алмайсың.
Кенжахан Матыжанов: Алаштың жасаған ағартушылық идеясын қазір пайдалануға бола ма?
Мәмбет Қойгелді: Ағартушылық идея­сы – Алаш идеясы. Оны Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы бастаған зиялылар алып келді. Бұл – ұлттық сананың қалыптасуы, ұлт болып бірігу. Барлық елде сондай. Ағартушылық французды, немісті, ағылшынды қалыптастырды. Еуропада ағартушылық ұлттық сананың қалыптасуымен аяқталады. Ал бізде ол аяқталмай қалды. Өйткені ағартушылар қуғын-сүргін құрбаны болды. Идея да құрбан болды.
Совет заманында біз жақсы білім алдық, ал бірақ оның мазмұны қандай болды? Біз ұлттық сананың қалыптасуына ықпал жасай алған жоқпыз. Ағартушылық бізде болды, бірақ жиырма-ақ жылға созылды. Сосын ол бағыттан айырылып қалдық. Идея 1905-1930-шы жылға дейін созылды. Ағартушылықпен қатар ұлтшылдық жүреді. Бұл – қалыпты табиғи процес. Ол ұлттық мемлекеттіліктің қалыптасуымен аяқталады.
Кенжехан Матыжанов: Алаштықтардың еңбектерін қарап отырсақ, ерекше бір аталатын дүние – жапондық модель. Осыны қазір қадемізге жаратуға бола ма?
Мәмбет Қойгелді: Жапондар да ұлт­шылдық идеясымен ауырды. Үлгіні Еуропадан алу керек деген идея да болды. М.Шоқай 30-жылдардағы еңбектерінде: «Түркияның, Ататүріктің идеясына қараңыздар, осы жолдан біз де өтеміз» деді. Әртүрлі үлгілер болды. Еуропалық, азиялық модельдер.
Кенжехан Матыжанов: «Жапон шпионы» деп оларды соттады емес пе?
Мәмбет Қойгелді: «Немістің, жапонның шпионы» деп айта береді. Оның бәрі жала ғой.
А.Мұқан: Бізде жазылмаған ұлттық жарақат көп, ашылмай жатқан көптеген мәселелер бар, сол туралы айтсаңыз.
Мәмбет Қойгелді: Мен саясаткер емеспін. Жан жарақаты – бізде өте терең, өте ауыр. Жан жарасы жазылу үшін ұрпақ ауысу керек. Жарақат менде бар, ал баламда жоқ. Балалар Ленинді білмейді. Білмегені де жақсы. Ұлттық жарақаттың тамырын түсіндіретін, жазатын, меніңше, мемлекеттік бағдарлама керек. Мысалы, ГУЛАГ-қа байланысты Қарағандыда музей ашқан, бірақ оған кім барады? Олар алыста, сыртта және аз. Фашистік идеяның құрбаны болған еврейлердің аты-жөні жазылған ескерткіштер бар. Міне, осындай естеліктер болуы керек. Осы жағымыз баяу, нашар. Халыққа, ұрпаққа түсіндіру жұмыстары жоққа тән. Тарихи жадымызда қойыртпақ бар. Алашты әлі түсіндіре алған жоқпыз. А.Байтұрсынұлы туралы алты сериялы фильм бар, көрдім, жақсы, бірақ ірі кемшілік бар. Дерексіз эпизодтар жүр. Тарихи арнаны білмейді. Білгісі де келмейді. Жауапкершілік жоқ. Заңды түрдегі кеңесшілік деген жолға қойылмаған. «Ана тарихшы былай деді» деп ауызша айта салады. Бұл болмайды. Кемшілік осы. Алашорда туралы бірде-бір жақсы спектакль көргем жоқ.
Кенжехан Матыжанов: Сіз еліміздегі беделді тарихшысыз. Жалпы, тарих ғылымының насихатталуы, оқытылуы, халыққа түсіндірілуі қай деңгейде?
Мәмбет Қойгелді: Бұл қиын мәселе. 10-11 кластардың оқулықтарын жазуға қатыстым, сонда байқағаным: бізде оқулық жазу ісіне мемлекеттік қатынас нашар. Мойындауға тура келеді. Ат үсті қарайды. Тәжірибе жоқ. Кім көрінгенге жүктеу бар.
Аудиториядан қойылған сұрақ: Алаш тарихын зерттеу жолында кедергілер мен қарсылықтарға кездестіңіз бе?
Мәмбет Қойгелді: 1989 жылдан бастап, Алаш қайраткерлерін ақтау процесі басталды. Маған осы алаш қайраткерлеріне байланысты анықтама дайындау міндеттелді. Аға ғылыми қызметкер ретінде сол іске қатыстым. Генерал-губернатордың жабық қорын ашуға байланысты іссапарғға жіберді. Алғаш сол қорды ашып қараған мен едім. Орталық комитеттің «Тарих институты» тарапынан берілген тапсырма – Алаш қайраткерлерін ақтауға байланысты құжаттар тауып келу болды. Алып келдім. Процесс басталды, ақтау комиссиясының төрағасы болып Ақмола облысы партия комитетінің бірінші хатшысы Браун деген кісі бекітілді. Неміс азаматы. Орталық комитеттің отырысына Т.Омарбеков екеуіміз қатысып жүрдік. Ә.Бөкейханов мәселесін алты бет қағазға өзім жазып апардым. Бәрі үнсіз. Сонда отырған екі академик М.Қозыбаев, Ж.Әбділдин еді. Комиссия мүшелері. Манаш аға мықты тұлға болатын. Шешен кісі. Мықты тарихшы. Жұрт М.Қозыбаевқа қарайды ғой. Манаш аға былай деді: «Әлихан Бөкейхановты ақтау әлі ертерек, ол Алашорда үкіметінің төрағасы ретінде жарлық шығарған. Коммунист қазақтарды сотсыз, тергеусіз атыңдар деген қаулы берген. Бұл тарихи шындық! Ол кезде, Азамат соғысы жағдайында бұл қалыпты нәрсе. Ол күрес, соғыс – жасырынбақ ойыны емес. Жағдай солай еді. Сол уақта шыққан жарлық».
1989 жылы әлі де коммунистік партия күшінде тұрған кездегі М.Қозыбаевтың бұл сөзін түсінуіміз керек. Ж.Әбділдин де оны қолдады. Ал Браун: «Бөкейхановты ақтау ісін қарауға болар еді» деді. Ақыры ол іс қаралмады. Тысқа шыққанда Браунмен кездесіп қалдық, ол маған: «Алаң болма, қараймыз, уақыт келеді» деді. Жақында Президент Тоқаевтың репрессия құрбандарын толық ақтауға байланысты жарлығы шықты. Мемлекеттік комиссия құрылды. Мен де мүшесімін. Анықтама жаздым: «О дея­тельности А.Букейханова, М.Шокая» деген. Мәселені қарайық. Бөкейхановты ақтасақ, бүкіл алаштықтар ақталады. Ол Алашорданың, «Алаш» партиясының төрағасы, бас көсемі. Ал М.Шоқай эмиграцияға кетті. Оны совет өкіметі атқан жоқ. Бірақ шет елде совет үкіметімен жалғыз күресті, он жыл бойы «Жас Түркістан» журналын шығарды. Оның идея­сымен байланысы бар деп мыңдаған адам атылды. Соларды ақтау үшін М.Шоқайды ақтауымыз керек. Күресінің әділетті екенін дәлелдеуге тиіспіз. Мысалы, Т.Рысқұловты, С.Қожановты Шоқаймен байланысың бар деп айыптаған. Бұл мәселе осы уаққа дейін қаралған жоқ. Комиссияға «Алаш қозғалысы» деген анықтама бердім. Олар туралы құжат қабылдансын дедім. Үш мәселе қойылды. Біріншісі, «Алаш қозғалысы» – қазақ ұлт-азаттық қозғалысы екені; екіншіден, ол қозғалысқа қатысқандар ұлт қаһармандары екені; үшіншіден, Алашорда үкіметі – қазақ мемлекеттілігі екені. Бүгінгі Қазақстан оның мұрагері ретінде айтылуы және мойындалуы керек. Бұл мәселе қаралады деген үмітім бар. Кезінде президентке хат жазғам. М.Шоқай мен Мария Шоқайдың сүйегін әкеп, Түркістанға жерлеу туралы. Президент Мемлекеттік хатшыға тапсырма берді, комиссия құрылды, мен мүшесі болдым. Сол комиссияның отырысында маған негіздемелеріңді бер деді. Мен бердім…
Бізде мемлекет қайраткерлерінің зираты жоқ. Азаматтардың, жас саясаткерлердің шағымын айтып, жылайтын жері болуы керек қой! Өкінішке қарай, біздің зиялылардың көбі қарсы шықты, олардың тізімі менде бар. Дауысқа салдық, тағы да басым бөлігі қарсы болды. Олардың ойынша, қазақ қоғамы М.Шоқайдың сүйегін алып келуге даяр емес екен, әлі пісіп-жетілмеппіз. «Сен байқа, Ресей жағы не дейді?!» дегенді көлденең тартады. Ойбай-ау, олар не айтпайды, біз елміз ғой, елдің рухын оятатын әрекеттер істеуіміз керек қой! Жалтақтай бергенше, Тәуелсіз мемлекет ретінде іс істейік те! Жас ұрпақтың санасына ой салатын жұмыс жасалу керек емес пе!
Кенжехан Матыжанов: «Алаш қозғалысы – ұлт-азаттық күрес» дедіңіз. Ұлт-азаттық күрес дегеніміз – отаршылдыққа қарсы тәуелсіздік жолындағы күрес. Күндердің күнінде патшалық Ресейдің идеясын бүкіл Орта Азияны жаулап алу мақсаты ретінде қарастыруға бола ма?
Мәмбет Қойгелді: Жаңағы інімнің, тарих факультетінің студенті ғой деймін, сұрағы орынды. Алаш қозғалысын зерттеу жолында қарсылық көп болды. Міне, осындай жастар тарихты жазу керек. Біз бұларға қолдау жасап, жол ашуымыз керек. Біздің тағдырымыз – осылар! Біздің парызымыз – осы! Біз күрескер халық бола алмай жатырмыз. Біз жеңілген халықпыз! Жеңілген ұлт ретінде қарсы көтерілу бізде жоқ. Күрескерлік керек!
Кенжехан Матыжанов: «Жеңілгендер – жетім, жеңістің – әке-шешесі көп» деген сөз бар ғой.
Мәмбет Қойгелді: Жеңіске жету үшін жеңілісті мойындау керек! Мен жастарға сенем. Ұлтты қалыптастыратын үкімет. Үкіметтің ұстанымы дұрыс болуға тиіс. Үкіметке қарап ұлт, халқына қарап мемлекет түзелсін! Екі жақты мәселе осы.
Кубаның лидері Хосе Марти: «Бізге антикалық мәдениеттен гөрі Куба қымбат. Әрбір кубалық өз Отанының тарихын, проб­лемасын білуі шарт, ал оны білмейтін адам билікке жіберілмесін» деген екен. Бізде осы талап күн тәртібіне қойылуы керек.
Кенжехан Матыжанов: Сізге көптен-көп рақмет! Осымен екі сағатқа созылған дәрісімізді аяқтаймыз!

Дәрісті қағазға түсірген
Е.Қаныкейұлы

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір