Абай тойы – халық тойы
17.06.2025
333
0

Әлемге қазақ атын танытқан ұлы Абай, «Абай эпопеясы», «Абай шығармалары» екені белгілі. Ол қазақ халқының тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ұлттық болмысын, ұлттық қол өнерін, ұлттық ерекшелігін айғақтаған құндылықтар еді.

Сондықтан саналы, сауатты адамдардың ойына Абай дегенде – қазақ жұрты, болмаса қазақ халқы дегенде – ұлы Абай есімі оралатыны содан болар.
Қажылық сапардан қайтқан Тұңғышбай (Ешен әулие) өз ауылынан бұрын Құнан­бай ауылына келіп: «Жақында осы ауылда туған бала ерекше дарынды болады. Маған Пайғамбарымыздың берген аяны бойынша баланың атын Ибраһим деп атау керек», – депті. Ауыл адамдары «Құнекең ұлды болды, есімін Ибраһим деп атады» дегенді естіп, ризалықпен өз ауылына аттаныпты.
Өмірге жаңа келген немересі Ибраһимге пейілі ауған әжесі, қасиетті Зере баланы өзінше «Абай, Абайым» деп атап, еркелетіп бауырына басыпты.
Жиналған қауым Құнекеңе тұстас, ниеттес ел жақсылары:
– Мырза, балаларыңыздың бәрі де ержетіп келеді ғой, дегенмен қайсысына көңіліңіз толады, өзіңіздің жолыңызды қайсысы ұстайды деп ойлайсыз? – дегенде:
– Не күтсеңдер де осы қара шұнақтан күтіңдер, – депті Абайды нұсқап.
Өзіне сәлем берген балалардың ішінен жөн сұрап кім екенін білген соң риза болған Бөжей:
– Құдайым жолыңды оңғарсын! Тек әкеңнің қаттылығын бермесін! – деп бата берген екен Абайға.
Қысқаша термелесек, қазақы көрегендікпен оның бойында тектілік қасиет барын бала кезінен-ақ аңғарған қазақ қауымы өзінің сүйікті перзенті Абайдың ерекше жан екенін оның көзінің тірісінде-ақ мойындаған екен. Қадірлеп, қастерлепті.
Соның бір айғағы қаланың орысы мен даланың қазағына мыңғырған малын аямай шашып, иісі Ырғызбаймен алысып, шабысқан бай мырза, адуынды Оразбайға:
– Мырза, өзіңіз әліпті таяқ деп білмейсіз. Бір ауыз орысшаңыз тағы жоқ, ғұлама Абаймен қалай айтысамын деп жүрсіз дегендерге:
– Менің қара танып тіл білген, білмегенім не керек. Шұнайдағы үш жарым мың қара көгім шетінен орысша сайрап тұр емес пе? – дейтін Оразбай қажының өзі «Абай қатты сырқаттанып қалыпты. Ешкімге тіл қатпайды екен» дегенді естіп, бірсыпыра адаммен Абайдың көңілін сұрай барады. Сәлемдесіп аман-саулық біліскен соң өзге жұрт сыртқа шығып, Оразбай үйде қалып, Абаймен біраз отырып арыздасады. Кеу­делерін ашып төс түйістіріп кешіріседі. Содан шыққаннан егіліп өзінің ауылына жеткенше жылаған екен. Қажыға сөзі өтетін бір тұрғыласы:
– Байеке, кезінде атысқан, шабысқан, мал аямай алысқан жауың емес пе? Енді осынша егілгеніңіз не? – дегенде:
– Е-е-е! Енді Абай біздікі емес. Маңдайымызға сыймады. Ол ақылы дария, білімі шынар, абыройы асқар, адамшылығы заңғар жан ғой! Мен Абаймен ақылым тең деп, ақыры жеңем деп айтыстым ба? Аз ғана Есболатты ел қатарына қосайын деп, Абаймен айқасқан Оразбай атым шықсын дедім емес пе, шіркін-ау?! – деп Абайдың қаралы хабары, жаназаға шақыру келгенше бас көтермей жатып алыпты. Қаралы жиынға 30 үй тіккізіп, 50 жылқыны сойысқа апарыпты.
Абайға арналған мезгіл-мезгіл Құран оқып, қатым түсіргеннен өзге үлкенді-кішілі салтанаттың ең алғашқысы:
1914 жылдың 26 қаңтарында ақынның қайтыс болуына 10 жыл толуына орай, ерлі-зайыпты Нәзифа мен Нұрғалилардың өткізген әдеби кеші еді. Кешке Тұрағұл, Шәкәрім, Көкбайлар қатысады. Мержақып, Біржан болып Базаралының немересі Ахметжан Қозыбағардың зайыбы әнші Тұрар Қозыбағарова, Сара болып көрініс береді;
1924 жылы Семейдің географиялық қоғамы Абайдың дүниеден озғанына 20 жыл толғанына арнайы еске алу кешін ұйымдастырады. Онда қазақ зиялылары Халел Ғаббасов пен Мұхтар Әуезов баяндама жасап, ақынның шәкірті Көкбай естелік айтады. Әлмағанбет пен Әміре ән салады. Кешті ұйымдастырушылардың бірі болашақ ғалым Әлкей Марғұлан екен;
1934 жылы ақынның дүниеден қайт­қанына 30 жыл толуына орай, Қазақ
АССР-ы бойынша жер-жерде арнайы жиындар өткізіліп, әртүрлі насихаттау шаралары жүзеге асырылады;
1940 жылы Абайдың 95 жылдығы республика бойынша барлық облыс, аудандарда өткізіліп, 100 жылдығына орай кең көлемді шара ұйымдастыру туралы мәселе көтеріледі. Бұрынғы «Шыңғыстау» ауданы, «Қарауыл» орта мектебі Абай атына ауыстырылады. Абай атындағы орта мектепте Мұхаңның ұсынысымен «Абай ұрпақтары» атты әдеби қолжазба журнал шығарыла бастайды. Ол күні бүгінге дейін толассыз жарық көріп келеді. Сол сияқты бірсыпыра шаралар басталып, жүзеге аса бастайды. Келесі жылы Отан соғысы басталып кеткенімен ішінара дайындық шаралары жүріп келеді;
1943 жылы 15 мамыр № 13/17 облыстық Совет атқару комитетінің «Абайдың 100 жылдық мерейтойын өткізу жөнінде» алған қаулысында құрамында М.Әуезов, Қ.Мұхамедханов бар 19 адамнан комиссия құрылады. Комиссияның төрағалығына облыстық советтің төрағасы А.Түсіпов бекітіледі. Кейін ол міндетті Қасен Байзақов атқарады;
Абай ауданында той өткізуді ұйымдастыру жөнінде комиссия құрылып, шара белгілеу үшін 27 қаңтар 1944 жылы арнайы қау­лы алынады. Комиссия төрағасы аудандық атқару комитетінің төрағасы Ж.Мыңжасаров болады;
31 маусым 1944 жылғы облыстық Советтің қаулысымен облыстан Тобықты руының сән-салтанатын сақтаған Абайдың екі киіз үйін және Абай ауданының колхоздарының әрқайсысы қонақ қабылдайтын жиыны 24 киіз үйін көтеру жөнінде арнайы қаулысы алынады. Ол екі үйдің біреуін біздің әкей өзі көтерген еді;
2 қаңтар 1945 жылғы облыстық атқару комитетінің қаулысымен сол жылы 20–30 қаңтарда облыстағы Аягөз-Жарма, Абай-Абыралы, Еткомбинаты мен Тері комбинаты және Жаңасемей аудандары ақындарының айтысы өткізіледі. Айтысты ұйымдастыруға облыстық партия комитетінің хатшысы Ильяшев бастаған 11 адамнан комиссия құрылады. Облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Боқанбаев бастаған 5 адамнан қазылар алқасы құрылады. Семейден Абайдың мұражайын ашу шешіледі.
1945 жылғы 15 тамыздағы Қазақ ССР комиссарлары советінің «Қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы Абай (Ибраһим) Құнанбаевтың есімін мәңгі есте қалдыру» жөнінде алынған қаулысында:
– Алматыдан Абайға ескерткіш тұрғызу;
– Жыл сайын Абай атындағы жүлде беру;
– Мемлекеттік опера театрын;
– Семей драма театрын;
– Батыс Қазақстанның музыкалық драма театрын;
– Қарқаралы педагогикалық училищесін;
– Қаскелең орта мектебін Абай атымен атау;
– Мемлекеттік Киров атындағы университетте 400 сомнан – 2 (екі);
–Қарқаралы педучилищесінде 300 сомнан бір стипендия тағайындау;
– Абайдың тікелей ұрпағына дербес пенсия тағайындалады:
1. Исраил Ақылбаевқа (Абайдың немересі) – 500 сом;
2. Ғазель Жағыпароваға (Абайдың немересі) – 400 сом;
3. Уәсила Жақуповаға (Абайдың немересі) – 500 сом;
4. Ақыл Оразбаеваға (Абайдың немересі) – 500 сом;
5. Бибі Ысқақоваға (Абайдың келіні) – 500 сом.
Бұл жөніндегі құжаттар Семей қалалық мұрағаттар қорында сақталған.
Той 1945 жылдың 25–28 тамыз күндерінде Абай ауданы орталығына үш шақырым жердегі Ақжар деп аталатын биік жарқабаққа қарсы Қарауыл өзенінің өлкесінде өтті. Тойға Абай ауданына көршілес Абыралы, Шұбартау, Аягөз аудандарынан әкелінген 90-нан артық ақшаңқан қазақ үйлер тігілді.
Той салтанаты негізі 15 тамызда Алматыда басталған екен. Оған сол кездегі Кеңес Одағының республикалары мен Мәскеу, Ленинград сияқты ірі қалаларынан ақын, жазушы, ғалымдар келіпті. Той салтанаты облыс орталығы Семей қаласында жалғасып, одан кейін ұлы Абайдың туған жері Абай ауданының орталығы Қарауылда жалғасқан тойға алдын ала Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сапарғали Бегалин бастаған ұйымдастырушылар келеді. Тойға Оңтүстіктің Орынбайы мен Үмбетәлісі, Семейлік Төлеу Көбдіков, Сапарғали Әлімбетов, Нұрлыбек Баймұратов, Тәңірберген Әміренов, Шәкір Әбенов, Нұрғали Түнғатаров сияқты көптеген саңлақ ақындар мен 74 жасар Қажымұқан Мұңайтпасов бастаған Отан соғысынан жеңіспен оралған жаужүрек қаһарман жауынгерлері мен атақты балуандар, өнер қайраткерлері келген еді. Тойда ұлттық ат спорт ойындары, айтыс, балуандар белдесуі, қыран бүркіт, бүркітші өнеріне сын өтеді.
Той соңына таман қан майданнан аман-есен оралып келіп шаңырақ көтерген төрт азаматтың некесін қию, үлкендердің бата беру рәсімі, үйлену тойының салтанатына ұласқан еді. Той қонақтарын күтуге ерекше мән берген Абыралы ауданы қазақи дәм-тұз дайындаудың шебері Оразғаным Ахметқызын арнайы алып келіп, Қажымұқан түскен үйде қызмет етуге қосқан еді.
Осы салтанаттарды көрген адамдар да бұл күнде сиреп қалды. Оларды көрген мен тоқсанды алқымдап отырсам да оның бәрі көз алдымда, көкейімде тұнып тұр.
Одан кейін де өткен Абай, Мұхтар, тіпті бертіндегі Шәкәрім қажының мерейтой салтанаттарын өткізуді ұйымдастыру, жүргізу ісіне тікелей қатысқан едім.
1970 жылы өтуге тиісті Абайдың 125 жылдығы қарсаңында 1968 жылы М.О.Әуезовтің 70 жылдығын өткізуге қатыстым. Ауданның бірінші хатшысы Кәрім Нұрбаев: «Мұхтар тойын ұлы Абай тойына дайындық деп есептейік, Мұхаң өз өмірін Абайға арнаған адам ғой, тойын Абай тойының дайындығы болсын дегенімізге Мұхаңның аруағы ренжи қоймас», – деген еді.
Тойды өткізетін орын жөнінде мәселе көтерілгенде мен: «Қарауыл төбенің терістік күн батыс жағы табиғи ипподром дерлік қолайлы жер», – деп ұсынғанымда, Кәкең: «Тойды биыл үйренген жазықта
өткізейік. Дегенмен айтылған ұсынысты барып көрейік», – деп бюро мүшелері мен аудан басшыларын ертіп барып көріп: «Шынында, қолайлы екен, келер тойларды осында өткіземіз», – деп тұжырымдаған еді.
Мұхаңның мерейтойы өткен соң-ақ басталған жауын қарға ұласты, арты толассыз – 40-50 градус аяз болып тұрып алды. Қоғам малының шығынға ұшырау қаупі туды. Кәкең сырқаттанып қалды. Қоғам малын шығынға ұшыратпас үшін Семейдің ет комбинатының қасапшылары ауылдарда қасапханада ашып, малды сойып алып, қалаға еттей тасыды. Өйткені мал мұздан жүре алмай қалған еді.
Ел қатты күйзелді. Қатынас қиындады. Тойға дайындық жасауға мұрша болмады. Жоспарланған қосымша құрылыс салу, жол тарту, Жидебайдағы музей үйін жөндеу бәрі де аяқсыз қалды.
Сондықтан ауданға жаңадан келген бірінші хатшы Хафиз Матаев аудандық кеңестің төрағасы Рымхан Ғабдуллин Абай тойын бір жылға шегеріп, 1971 жылы өткізу жөнінде ұсыныс жасап, облыс, республика басшыларын иландырып, ауданға қосымша көмек сұрап шешті. Аудан өз тарапынан басталған Жидебайдағы Абайдың мемориалдық мұражайын қайта салу, Абайдың 8 қанатты ақ ордасын ұлттың этнографиялық үлгісін сақтай отырып көтеру, аудан орталығын абаттандыру сияқты мәдени-көпшілік шараларын жалғастырды…
Ауданда құрылған мерекелік комиссия­ның құрамында болған мен осы айтылған шараларға тікелей араласып, той бағдарламасын жасап мерекелік концерт дайындап, «Абай жолы» эпопеясы негізінде театрландырылған көрініс қоюды бастаған Қайнар халық театрына режиссер, көркемдік жетекшілік міндетін атқаруға Абай халық театрының мүшелері Мейрамғали Исатаев пен Болатбек Жанболатовты жіберіп т. б. көмек жасауға тырыстым.
Тойға үлкен концерттік бағдарламамен 500 адамдық төрт дауыстық хор «Айттым сәлем, Қаламқас» және жергілікті композитор А.Ахметжановтың «Абай ұрпақтарының үні» атты шығармаларын дайындап той күні Қарауыл төбедегі дала сахнасында шырқады.
Облыс орталығына пойыз, ұшақпен жеткен қонақтарды қаладан ұйымдастырылған 200 ақ волгамен әрбір екі қонаққа бір басшы-жетекші адам қосылып, Қарауылға үлкен шерумен жеткен еді. Көп қонақтар үшін қаладан екі моторлы ұшақ та ұшырылды.
Құрметті қонақтардың ортасына халық батыры Бауыржан Момышұлының келуі жұртшылықты ерекше қуанышқа бөледі.
Қонақтар аудан орталығындағы алаңда халыққа таныстырылды да, Жидебайға аттанды. Жидебайда музей үйі қайтадан салынып, 8 қанатты Абайдың ақ ордасы тігілген еді. Абайдың ескерткішіне тағзым етілген соң қазақ үйлерде арнайы қабылдау болып құрмет көрсетілді.
Қайнар халық театры дайындаған «Абай» эпопеясы бойынша қойылған театр­ландырылған көрініс көрсетіліп, аудандық мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті, аудан өнерпаздарымен келген республика жұлдыздарының концерті берілді.
Той аяғында Қарауыл өзенінің бойына тігілген үйлерде қонақасы беріліп алтыбақан тебуге, қазақы ойын-сауыққа шыққан қонақтар таңды көз ілмей атырды.
Таңғы астан кейін Қарауыл төбеге жиналған қонақтар табиғи ипподром көрінісіне таңғалды.
Қарауылдың қонақжай халқы тойға деп арнайы семірткен малын сойып, қымызын сапырып, самаурындарын алып келіп, ошақтарын асып, дастарқандарын жайып, қонақтарды дәмге шақырысып жатты.
«Халқы қаласа, хан түйесін сояды» деген осы ғой. Ән салысып, әңгіме айтысып, танысып, арасында қалжыңдасып отырып кең жазира далада өтіп жатқан күрес, теңге алу, аударыспақ, қыз қуу т.б. ойындарын тамашалады.
…Көделі бетте отырып айналысы 20–30 шақырым мидай жазықта өтіп жатқан түрлі жарыс нәтижесінде бес азамат аударыспақ жеңімпазы танылды. Он адам қыз қуу ойынының жеңімпазы танылып, бас бал­уандық жүлдеге шыңғыстаулық Дүрмекбаев Қайырбек ие болды.
12 шақырымдық жорға жарысында Шығыстан келген «Өрлік», 30 шақырымдық бәйгеде Абай ауданының «Арқалық күреңі», 45 шақырымдық топ бәйгенің жеңімпазы Шығыстың қара аты бірінші келіп, жиыны 15 атқа бәйге берілді.
Одақтық мәртебеде сәтті өткен Абай тойы салтанатынан кейінгі жылдары көрікті табиғи орындары көп аудан өңірінде жыл сайын «Поэзия күні», «Абай», «Мұхтар» күндері өткізіліп келді.
Той өткізу қаншама қиын, мол шығын шығатын шаруа болса да, ол халықтың рухын көтеріп, белсенділігін, еңбек өнімділігін арттыратын қасиет-қуаты бар тылсым дүние ғой. Аудан, облыс, республика бойынша социалистік жарыс жеңімпазы болып әр тойға мол экономикалық-әлеуметтік рухани табыстармен келіп, ел мен ердің мәртебесі көтеріліп, абыройы асып келіп жүрді.
Әлемге әйгілі 1000 жылдық адамы аталған 10-ның бірі ұлы Абайдың туғанына 150 жыл толуын әлемдік мәртебеде тойлау жөнінде жаңа ғана тәуелсіз еліміз деп шаңырақ көтерген қазақ елін өз қатарына алған жүз сексен елдің лауазымды өкілдері жиналған ЮНЕСКО-ның бас конференциясының 27- сессиясы «Абайды бір ұлттың ғана емес, бүкіл әлемнің, адамзаттың ұлы перзенті» екенін айқындады.
1995 жылы айдай әлемге «Абай жылы» деп жарияланды.
1995 жылдың көктемінде Түркияның Ыстамбұлында, Ресейдің Мәскеуінде басталған ұлы Абайға тағзым ету салтанаты әлемнің 25 елінде жалғасты. ЮНЕСКО әзірлеген 10 күндік «Абай мерекесі» Парижде өтті. Әлемнің сегізінші кереметі Абай, Шәкәрім мавзолейі бой көтерді.
Той қарсаңында Абай шығармалары жер жүзінің 18 тіліне аударылып, 6 миллион дана болып жарық көрді.
Абай энциклопедиясы «Өнер» баспасынан шықты. Бірнеше кинофильмдер мен кітаптар жарық көрді. Бірнеше спектакльдер сахналанды. Лондонда «Абай үйі» ашылды. Бүкілодақтық география қоғамының арнайы экспедициясы анықтаған «Еуропа – Азия құрлықтарының кіндігі» деген арнайы құлпытас (ағылшын, орыс, қытай, қазақ тілінде жазылған) белгі Жидебай мен Самал төбенің арасында екені анықталған екен. Бұл әулие ел иесі, жер киесі танылған Кеңгірбай би Жандосұлы (Кабекең) мен ұлы Абай, Шәкәрім қажының киелі қасиетін танытатын тарихи белгі іспетті жұмбақ тылсым дүние болып Жидебайға қойылды.
Тойға дайындықтың алғашқы сәтінде Қарауылға, Абай-Шәкәрім кесенесінің ашылу салтанатына 50-60 мың адам сырттан келеді деп шамаланған еді. Той қарсаңында Шыңғыстауға баруға рұқсат алған жеңіл көліктің өзі 20 мыңнан асып кетті. Той қонақтары 100 мыңнан асты. «Той күні ол жерге өте алмай қаламыз» деп қауіп қылып ағайын-туыс, жолдас-жора жол тауып алдын ала келіп алған адамдарда есеп жоқ еді. Өзіміз той күнінен оншақты күн бұрын-ақ үйімізді қонаққа босатып беріп, жазғы бөлме, кілетке шыққанбыз.
Тіпті киіз үйін тігіп, шатырын көтеріп, ошағын құрып той күнін тосып Шыңғыстың, Орданың, Доғалаңның сай-саласындағы өзен-көлінің маңында тынығып жатқан қаншама адам бар екені белгілі болды. Олардың бәрі – той салтанатының жоспарындағы балуан күресі, ақындар айтысы, ұлттық ат спорты ойындарын тамашалауға келгендер, Абай, Шәкәрім музейін, мавзолейін көріп бабасына тағзым етейін деген жандар.
Қонақтарды бастап барған облыстың бір басшысы Болат Байзақов кейінде «Үш анық» газетіне жазған естелігінде: «Мен өзіме тапсырылған екі қонағымды той соңында Қарауылдағы бастауыш мектебі мұғалімі, анам Мінәш Ысқақованың талабы бойынша үйіне апаруға құрмет көрсете жолға шыққан едік. Тура жолға енді шықтық дегенде, алдымыздан қолын көтерген азамат шықты. «Ілесе кетуге сұранып тұр ма?» деп тоқтап едік. Ол бізге есігі ашық тұрған үйге бұрылып тоқтауды сұрады. Соңымыздан ере шыққан Павлодар мен қарағандылық автокөліктегі қонақтарды алып, Тоққара ақсақалдың үйіне кірдік.
Сыртынан жұпыны көрінген үйдің іші тап-таза, сәнді жиналған кең бөлмеде үш жер үстелде ұлттық дәм-тұз сәндеп жасалған екен. Қонақтар екі асжаулық басына жайғасқан соң, Мамырхан аға өзінің күлімдей сөйлейтін дағдысымен: «Абай тойына ауданның әрбір үйі осылай дайындалып, той қонақтарын күтіп жатыр. Бұл – халық қалауы. Ұлы Абай бабасына деген ұрпақтарының құрметі.
Мен – Саржал ауылында тұратын адаммын. Ол күре жолдан бұрыс болғандықтан аудан орталығына келіп, міне, сіздермен әкемнің дастарқанында дәмдес болып, құрмет көрсеткеніме қуаныштымын. Біз – Абай бабамызға құрмет көрсете алмаған ұрпақпыз. Дегенмен Баба тойына қызмет ету арқылы ұлы Абайға ізет-сыйымызды арнамақпыз.
Қош келдіңіздер! Тойға арнайы со­йылған қойдың басын қырғыз бауырымызға ұсынамыз! Сіздерді ұзақ жолдан бөгегеніміз үшін айыптымыз. Той дастарқанында ішімдік болмауы жөнінде ескерту болған еді, бірақ біз айыбымызды жуып, күнәмізден арылуымыз керек қой. Сондықтан бір-екі саптыаяқ көтеруді сұраймыз!» – деген оң ниетінің құрметінен бас тарта алмадық.
Той дастарқанынан жаңа ғана тұрсақ та мына ұлттық ізеттілікпен ұсынған дәм, ас-сусынның әрқайсысынан татып жолға шықтық. Жол бойындағы сол үйге қарсы беттегі Шақан ата, Төлеубай аға, Семейғазы аға, Сайлаухан аға, Мұқатай ата үйлерінен де ақ волгалы құрметті қонақтар аттанып жатты.
Жолдағы «Әйгерім» бұлағының басында тігілген қазақ үйлердің маңында 5-6 ақ волга тұрғанын, «Еңлік-Кебек» мұнарасы басында оншақты қонақтың көлігін көрдік.
Бөріліге бұрылыстағы жол нұсқау­шысындағы қазақтың сахна өнерінің тұңғышы «Еңлік-Кебек» спектаклінің қойыл­ғанынан хабар етіп тұрған, Италиядан алдырып, түрлі-түсті смальта тасымен безендірілген Мәскеудегі В.Суриков атындағы академияны бітіріп келіп, Семейде сәулет өнерінің тамаша үлгілерін көрсете бастаған еліміздің шығыс аймағындағы ең алғашқы кәсіби мүсінші, менің досым Мұратбек Жанболатов салған 9 метрлік ескерткішті көріп, тамашаладық. Қалаға кіре берісте тұрған штапқа тіркеліп, негізгі қонақтар шеруінен қалып қойғанымыз үшін ескерту алсақ та көңіліміздегі той қуанышы сейілмеген әсермен қонақтарға сәт сапар тілеп шығарып салдық», – дейді.
Ұлы Абайын сүйген, халқын сүйген ол адамдардың ақын еліне шынайы құштарлығын қанағаттандыру үшін ұлы Абайдың 150 жылдығын өткізуге облыста мұқият дайындық жасалды. Өткен тойлардың, қазақ өміріндегі ас-жиындардың озық үлгісін сұрыптап жаңа өмірге лайықтысын таңдауға тырыстық. Халқымыз этнографиялық салт-дәстүр үлгілерін қамтуға той бағдарламасында көп көңіл бөлінді.
Еліміз тәуелсіздікті жеңіп алды дегенмен әлі екі тізгін, бір шылбыр қолға нақты тиетін баста ерік, қолда билік әлі жоқ еді ғой. Дегенмен ұлтжанды азаматтар ақыл күші ғана емес, қаржысын да аямай жұмсады.
Әрбір азамат өзінің қабілеті мен ыңғайы­на орай, тойға үлес қосып, еңбек етуге мүдделі болды. Талай азаматтар: «Бізге де бір тапсырма беріңіздер», – деп жүрді.
Той өткізуді ұйымдастыру бөлімі құрылып, оны Х.Матаев, құрылған комиссияларда М.Орынбаев, Н.Сембаев, Ж.Исмағұлов, А.Доғалақов, А.Тлеубаев, Толымғожинов, Закиров, М.Уәлиев, М.Әлин т.б. халыққа қызмет көрсету орындарының басшылары, облыстық денсаулық сақтау, облыстық сауда, тамақтандыру, өрт­тен қорғау, жол қауіпсіздігін сақтау, спорт, мәдениет комитеті сияқты сала басшылары басқарды.
Сол бөлімнің құрамында болған маған тосыннан «той бағдарламасын» жазуды тапсырды. Негізі, ол кезде мен тіл комитетінде істеп жүрген едім. Бізге, комитетке той салтанатын жүргізуді ұйымдастыру міндеттелді. Комитет бастығы Аман Тіреубаев екеуіміз шараның әр сәтіне қажеттілікті ойластыра дайындап келіп, әуелі жаршы (диктор) болатын адамдарды дайындау қажет деп бәйге жариялаған едік. Оған 600-ден астам адам тілек білдірді. Той үш тілде жүретін болғандықтан, төрт кезеңді сұрыптау, таңдау нәтижесінде, 8 қазақша, 4 орысша, 3 ағылшын тілін білетін жастарды таңдап алып, Абай өлеңдерін жаттай беруді міндеттедік.
Алты ай бойы Алматыда Михлин деген тәжірибелі маман бағдарлама жасап әкеліпті. Соны облыстық Мәдениет басқармасында оқып, талдауға жиналдық. Бірақ бірнеше күн өтетін тойды жүргізуге ол жазған екі жарым беттік бағдарлама жарамайтын болды. Облыс басшылары: «Өздерің жүргізесіңдер, бағдарламаны өздерің дайындаңдар», – деді. Оған бөлінген 1 миллион қаржы зая кетті.
Екі ай отырып, 180 беттік бағдарлама жазып, оны орысшаға аударғанда 120 бет болды. Ағылшын тіліне 80 бет етіп аудартып жаршыларға жаттатып дайындадық. Той барысында берілетін ән-күй, өлең оқу т.б. дыбыспен көркейту шараларын магнитофонға жазып қойдық. Аустралиядан келеді деген 12 колонкалық радио аппаратура келмеді. Сол өзіміз дайындаған жазбаларымыз той салтанатын өткізуге жарады.
Той салтанатын үш тілде жазылған облыс әкімі бекіткен бағдарлама бойынша жүргізуге тиісті едік. Ол солай болды да, 4-5 мың адам, бір мың атты адамның жүрісін қатаң тәртіп болмаса реттеу мүмкін емес еді. «Қаламқастың» көп дауысты хоры «Айттым сәлем, Қаламқасты» бастағанда тау бетке­йіндегі арнайы орнатылған 10 мың адамдық орындықта отырған қонақтар да, тау бетке­йінде жүрген 150-200 мың адамның бәрі әнге қосылып, әр тілде көп дауыста шырқалған әнмен Шыңғыстау тербелгендей болды.
Шартты белгі бойынша қатар шапқан екі атты азаматтың иығына шығып, Қазақстан туын желбіретіп көрермендер алдынан шауып өткенде, арнайы жазылған «Той салтанаты» атты жыр радио арқылы берілді. Семей мен Қарауылдың екі мың қызыл-жасылды киінген қыз-жігіттері билей жөнелгенде, Қарауыл төбе гүлге оранғандай әсер етті.
Салтанатты тойдың басталғанын танытқан бұл шаралардың соңын ала аудан әкімі Өнер Смағұлов бастаған той жарысына қатынасатын 800 атты азаматтар сапы салтанатпен өтті.
Тойдың түрлі ат-спорт ойындары басталып, өз кезегімен жүре бастады. Біз жоспармен жүріп жатқан ол салтанатты үш тілде хабарлап, арасында көңілді ән-күй, ақындар жырын, Абай шығармаларын мәнерлеп оқуды жалғадық. Той бағдарламасы сәтті өтіп, «Ғасыр тойы» аталып, күні бүгінге дейін көрермендердің есінде қалды.
Ширек ғасыр өтсе де адал еңбегімен ұлы бабасының тойын өткізуге қызмет еткен той жаршылары: Амангелді Лұқпанов, Шаймалық Тойымбаев, Даркеш Мағденов, Ирина Құрбатова, Татьяна Смоленкова, Ольга Глазнова, Нұргүл Қасымова, Лаура Кәрібжанова, Найля Төлеутаева, Гаухария Хамитова, Шолпан Арғынғазина, Юлия Дронова, Сергей Романовтарға деген ризашылығымыз шексіз.
Олар бағдарлама (сценарий) бойынша жедел хабар беріп отырумен бірге 15 тәулікте 1940 шақырым жүгіріп жеткен қостанайлық желаяқтарды мадақтап, үш тілде хабар беруге қол жеткізді. Бұрын-соңды Қазақстанда болмаған бұл сапарын олар «Жұлдызды жол» деп атап, бабасы ұлы Абайдың құрметіне арнаған еді.
40 шақырымға шапқан Аламан бәйгеге 136 ат қатысты. «Ғасыр бәйгесі» атанған сайыс жеңімпазы Жамбыл облысының Қаратауының Қиыр ауылынан келген «Даяр» атты сәйгүлік бәйгені жеңіп, «Мерседес Бенс Е220» автокөлігіне ие болды. 12 атқа бәйге бұйырды.
24 ақын қатысқан айтыстың жеңімпазы алматылық Мұхаметжан Тазабеков «Нискани-Санни» автокөлігіне ие болды, 8 ақынға сый жасалды.
Абай тойының құрметіне өткізілген балуандар белдесуіне 14 команда бойынша 160 балуан қатысты. Абай тойында Асқар Жақыпов – «өгіз балуан», Самат Рамазанов – «түйе балуан» атанды.
Ұлттық қыз қуу ойынының алтын алқасы төрт жұпқа табысталды.
Теңге алудан семейлік Т.Сембаев, абыралылық М.Ыдырысов, жармалық
Е. Сылдырбаевтар жүлдеге ие болды.
Тойда киіз үйлер қаласы құрылып, тігілген 1356 қазақ үйді комиссия мүшелері: Б.Сыдықов, З.Тоқаев, Ә.Садуақасов, Ғафура Балғынбаева, Т.Камашевтар және мен үш күн аралап бағаладық. Қорытындысында өзіміз жасап ұсынған ереже талабын толық орындаған Үржар ауданының азаматтары жеңіске жетіп, «Волга» автокөлігін иеленді. 24 қанатты үй әкелген Торғай облысы, Абай, Жарма, Ақсуат, Мақаншы аудандары жүлделі орындарға ие болды. Олардың әрқайсысының ерекшелігін сараптасақ, халқымыздың қол өнерінің байлығы ұшан теңіз мол екенін айтар едік.
Ұлы Абай бабамыздың ЮНЕСКО мәртебесінде өткен 150 жылдық тойы жүйелі де, жинақы ұлттық салт-дәстүр салтанатының үлгісімен өткені облыс, республика басшыларына жетсе керек.
Той әсері тарамай тұрып-ақ Алматы облысы Мәдениет басқармасымен Ұзынағаш аудандық кеңесінің төрағасының орынбасары той бағдарламасын сұрап келген екен. Семей облысының басшылары ол адамдарды маған жіберіпті.
Қонақтар келесі жылы Жамбыл бабамыздың 150 жылдығын өткізбек екен. Біз жасаған бағдарлама оларға қатты ұнағанын естіп, қуанып қалдық. Өзіміздің басшылар құнын бағаламаған үш айлық шығармашылық еңбегіміздің бағасын ұқтық.
Әрбір жиын, тойдың өзіндік мәні, ерекшелігі, мақсаты болуын түсінуге тиістіміз ғой. Бұл арада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Семей облысын Абай есімімен берген шешіміне қазақ жұрты дән риза, республикамыздың барлық саналы жұрты «Адамзаттың бәрін сүю, адамзаттың бәрін бауырым деп» деген ұлы Абайдың өсиеті той салтанатының негізгі арқауы болады деп сеніп отыр.
Бұл той (180 жылдық) қазақ елі өзінің кемеліне келгенін, Тәуелсіздігін танытатын, өзінің ұлттық болмысын, рухани құдіретін, ұлттар достығының шынайы Отаны екенін көрсететін той болады деп сенеміз.

 

 

Молдабек ЖАНБОЛАТҰЛЫ,
шежіреші, этнограф

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір