ҮШ БІРДЕЙ КІТАПТЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ
23.01.2024
676
0

12 қаңтар күні ҚР Ұлттық кітапханасында белгілі қаламгер Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, көптеген кітаптардың авторы Жақиянова Алтыншаш Жұманқызының «Апа, сені сағындым», «Самал лебіз» және «Көңіл назы» атты кітаптарының тұсауы кесілді. Кешті ақын Әділғазы Қайырбеков жүргізді.

Белгілі жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Бейбіт Сарыбай кештің шымылдығын ашып, ақын өлеңдеріне ерекше баға берді. Ақын, Халықаралық ЮНЕСКО сыйлығының лауреаты, Қазақ телевизиясының ардагері Жұмаш Кенебай ақын өлеңдеріне тамаша талдау жасады. Ал Қазақстан Жазушылар одағының Алматы облыстық филиалының төрағасы, жазушы Қанат Әбілқайыр жазушының балалар тақырыбына арналған прозалық шығармасының ерекшелігін, «Пөнәнәй» әңгімесіндегі тілі шықпаған басты кейіпкердің оқырманды ойлантар әңгімесіне тоқталып, әлемге сәби көзімен қараған тың, формалық ізденісін тілге тиек ете отырып, бала психологиясын тани білетін жазушы деп баға берді.
Сатирик, жазушы, «Қазақ әдебиеті» газетінің қызметкері Еркін Жаппасұлы мен ақын Қанат Қайым да қаламгердің шығармашылығы жайлы өз ойларын айтып, ақынға ерекше баға берді. Ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мағиза Құнапияқызының баяндамасы да тартымды болды. Кезекпен сөз алған Гүлжан Мұқамадиқызы жары Рафаэль ­Ниязбекті еске алып, «Рафаэль тірі болғанда, Алтыншашты көкке көтерер еді» деп, көңілі босап, ізгі тілегін жеткізді. Суырып салма ақын Аманғазы Кәріпжанәулеті әріптесіне өлең арнап, кеш әрін аша түсті. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Гүлнұр Зұлқаршынқызы арнау өлеңін оқып, баспагер-жазушы Баян ­Болатханова ақын еңбегін жоғары бағалады. Қонаев қалалық кітапханасының қызметкері Даража Жолымбетова Алтыншаш Жұманқызына шығармашылық табыс тіледі.
Белгілі композитор Марат Оразаев ақын сөзіне жазылған авторлық «Семейім» әнін гитарасымен орындап, тыңдарманын бір толқытып өтсе, Алматы қаласындағы М. Мақатаев атындағы №140 гимназияның, №178 лицейдің өлең сүйер оқушылары ақынның өлеңдерін жатқа оқып, әдемі, жатық тілдерімен, сүйкімді бала қылықтарымен жаныңнан самал ескендей күй танытты. Оқушыларға кітапхана атынан арнайы алғыс хаттары табысталды, ақын өз кітаптарын тарту етті.
Кеш соңында ақын сөз алып, бірнеше өлеңдерін оқып, келгендерге, Қазақ­стан Жазушылар одағына, Ұлттық кітапхана басшысы Оспанова Бақытжамал ­Қайырбекқызына, қызметкерлеріне шексіз ризашылығын білдірді. Кітапхана қорына әр кітабынан бес-бестен кітап тарту етті.
Нәзік жанды ақындарын гүлге ораған өнер сүйер оқырман рухани ләззат алып, көңілді тарасты.
Алтыншаш Жақияноваға қалам қуаты сарқылмасын, жазары таусылмасын дейміз.

Өз тілшіміз

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір