Қос кітаптың тұсауы кесілді
19.08.2025
178
0

Алматыда «Alatau creative hab» кітапханасында Қырғыз елінің жазушыларын бастап келген халық жазушысы Топшыгүл Шайдуллаева мен Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы төрағасының орынбасары, талантты ақын Қасымхан Бегмановтың қатысуымен екі кітаптың тұсаукесері өтті.

Қазақ жазушыларының қырғыз тіліне аударылған «Пандемия дүрбелеңі» және Қырғыз жазушыларының қазақ тіліне аударылған «Күннің көзін көргім келеді» әңгімелер жинағының авторлары әдебиет пен руханият жайында пікір алмасты. Ежелден елі іргелес, қойы қоралас қазақ-қырғыз рухының үндестігі, өткені мен бүгіні жайлы тереңнен сөз қозғалып, ортадағы алтын көпір – көркем әдебиеттің жай-күйі тарқатылды.
Бұған дейін аталған екі кітаптың тұсауы Бішкек қаласында кесілген болатын. Қырғыз еліндегі іс-шараға 11 қазақ жазушысы барып, қатысып қайтты. Бұл жолы әңгімелері қазақ тіліне аударылған қырғыздың 10 жазушысы осы тұсаукесерге арнайы келді.
Жиында сөз сөйлеген спикерлер бауырлас екі ел арасындағы әдеби әріптестікті нығайтып, алғыс арқалап жүрген қазақ ақыны, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Саят Қамшыгер мен қырғыз бауырымыз, белгілі ақын, п.ғ.д., профессор, «Таалим» баспа үйінің директоры Кыялбек Акматовтың шығармашылық еңбектеріне жоғары баға беріп, алғыс білдірді.
Қазақ жазушыларының қырғыз тіліне аударылған «Пандемия дүрбелеңі» әңгімелер жинағына Нағашыбек Қапалбекұлы, Төкен Әлжантегі, Асылбек Ихсан, Жабал Ерғалиев, Қайым-Мұнар Табеев, Ділдар Мамырбаева, Сәуле Досжан, Нұрлан Қами сияқты 27 қаламгердің таңдаулы әңгімесі енді. Қазақ жазушыларының әңгімелері қырғыз оқырмандарының көңілінен шығып, жүректен орын алғаны қуанарлық жағдай. Өмір, өлім, тағдыр, махаббат, күнделікті күйбең тірліктегі алуан оқиғаларды шебер суреттеген қазақ қаламгерлерінің ізденісі, шеберлігі туысқан халықтың да сыншыларынан, әдебиеттанушы-ғалымдарынан оң бағасын алуда.
Қырғыз жазушыларының қазақ тіліне аударылған «Күннің көзін көргім келеді» әңгімелер жинағына Зинагүл Пасанова, Әбділәмит Мәтісақов, Әбдікерім Мұратов, Сұлтан Раев, Қаныбек Иманалиев сияқты 24 қаламгердің таңдаулы әңгімесі енген. Қырғыз прозасының қазіргі жай-күйін, дамуын оқырман осы әңгімелерден аңғарады. Жинақтағы әңгімелер өмірдің түрлі сәттерін, қилы тағдырларды арқау еткен. Туысқан қырғыз әдебиетіндегі мәселелер мен көтерген тақырыптар, оқиғалар қазаққа да жат емес. Қырғыз тілінен тікелей аударылған әңгімелердің тілі жатық, оқуға жеңіл.

Өз тілшімізден

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір