КИНОҒА 50 ЖЫЛДАН СОҢ ҚАЙТА ОРАЛДЫМ
28.05.2022
334
0

Жуырда Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы белгілі кинорежиссер Ермек Тұрсыновтың «Шырақшы» («Хранитель света») атты толықметражды көркем фильмінің премьерасын өткізді. Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен түсірілген туындыда басты рөлді Мұратжан Мұқажанов сомдады. Актер – Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданынан. Ғұмырын ауылда бала оқытуға, ұрпақ тәрбиесіне арнаған жан. М.Әуезов, Тасарық, Абай орта мектептерінде алғашқы әскери дайындықтан сабақ берген ағамыз 2011 жылы ғана Алматыға қоныс аударды.
«Шырақшы» фильмі Сочиде өткен IV Халықаралық кинофестивальдің Гран-Приін, Анапада өткен «Киношок» кинофестивалінің дипломын және Шанхайдағы Бүкіләлемдік кинофестивальдің сыйлықтарын алды.

Мүке, барлық қуанышыңызға ортақпыз. Құтты болсын! Бұл сіздің кинодағы алғашқы қадамыңыз ба?

– Рақмет! 1969 жылы Алматыда Құрманғазы атындағы қазақ өнер институтын кино және театр (қазіргі Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы) мамандығы бойынша бітірдім. КСРО Халық әртісі Хадиша Бөкеева ұстазымыз болды. Кейін белгілі режиссер Әзірбайжан Мәмбетов, Құман Тастанбеков, Әшірәлі Кенжеев, Ерсайын Дүйсенбинов және мені таңдап алды. Осындай өнер майталмандарымен бір курста, бір топта оқыдым. Жалпы, бүгінге дейін, 1967 жылы Александр Карповтың «Мың шақырымдық жол», Абдолла Қарсақбаевтың «Біздің Ғани» фильмдерінде эпизодтық рөлдерде ойнадым.

– Онда ұзақ жылдар бойы бұл саладан алыстап кетуіңізге не себеп болды?

Үржар ауданының «Красный дозор» колхозында тұрған марқұм әкем қызық адам еді. Өзі ІІ дүниежүзілік соғыстың ардагері, ауру-сырқаулы адамға құрдастары: «Әртіс деген не ол?! Сайда саны, құмда ізі жоқ біреулер де! Ана ұлың Мұратжан өңшең жын-шайтанның ішінде жүріп, бір күні бұзылады!», деп қыжырта берген соң, қоярда қоймай мені М.Әуезов атындағы академтеатрда әртіс болып жүрген жерімнен ауылға шақыртып алды. Оның үстіне жалғыз інім Есмұхамбетті (Ешкен) әскерге алып кеткен соң, әке-шешемді зар илетпейін деп, еріксіз туған ауылыма оралдым. Ол кездері жастар үлкеннің айтқанынан шықпайтын, алдын кесіп өтпейтін еді ғой. Дегенмен өнердің өрісінен алыс кете алмаппын. Мектепте «военрук» бола жүріп, көркем­өнерпаздар үйірмесін аштым. Инс­титутта алған білімнің арқасы ма, жатпай-тұрмай еңбектенудің жемісі ме, «Красный дозор» колхозына 1977 жылы халық театры атағын алып бердік. Сосын режиссер ретінде республикалық театрда 1981 жылы Қ.Аманжоловтың «Досымның үйленуі», 1985 жылы Аягөз қаласында Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-Ана» спектакльдерін сахналадым. Сол жолы маған «Жигули» автокөлігі кезексіз берілді (әрине, өз ақшама). Кейін СПТУ-18 деп аталатын кәсіптік-техникалық училищесінде директордың оқу-тәрбие ісі бойынша орынбасары болдым. Одан соң сол Үржардың «Красный дозор» колхозында кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметін атқардым. Кейін Үржар ауылындағы Абай мектеп-лицейінде зейнеткерлікке шыққанша алғашқы әскери дайындықтан сабақ бердім. Кәсіби үлкен өнерге қайта келу үшін туған жерім осындай-осындай үлкен сатылардан өткізіп барып, бір-ақ жіберді ғой.

– «Шырақшы» фильмі Сочиде өткен IV Халықаралық кинофестиваль­дің Гран-Приін алған сәтте қандай көңіл күйде болдыңыз? Жалпы, басты рөлге сізді қалай таңдады?

– Өнерде қайталанбас дара тұлға, театр тарланы, сыншы, марқұм до­сым Әшірбек Сығай мені үнемі өнер мен мәдениеттің ордасына – Алматыға шақыратын. Ауылды жерге әбден сіңісіп қалған жанның орнынан қозғала қоюы екіталай ғой. Оның үстіне қазіргі күні бала кезгі арманның да бұлыңғырланып, көмескілене бастаған шағы емес пе? Осы фильмге продюсер Қанат Төребай бауырым «кастингке қатыс» деп қолқалаған соң бағымды сынап көруге бел буғаным рас. Басты рөлге 100 шақты адам үміткер болды. Белгілі киноактриса Жанна Қуанышева: «Сіздің кейіпкер көп қиындық көріп соғыстан оралған майдангер, сізге арықтау керек. Салмақ тастаңыз» деген соң тамақтан біршама тартынуға тура келді. Қызық енді… жас емессің, 70-ке келгенде диета ұстау, әлбетте қиындау болды. Бір жағынан, үйдегі апаларың да «Әй, сен киноға түсем деп жүріп бір күні аштан қатасың!» деп аяушылық танытып, жік-жапар болады. Қысқасы, әй, бір он келідей артық салмақтан арылдым ғой… Абырой болғанда, картинаның режиссері Ермек Тұрсыновтың таңдауы маған түсіпті.

Сонымен фильмнің қоюшы операторы Мартин Сечанов пен екінші режиссері Тамаш Тот екеуі де Венгриядан. Анапада өткен кинофестивальде операторымыз Мартин де, актриса Нина Усатова да арнайы дипломдарға ие болды. Нина Усатоваға Сочиде «Әйел рөлін үздік сомдағаны үшін» дипломы берілді. Ресейдің «Ника» сыйлығынан да үмітіміз бар. Наурыз айына жоспарланған салтанатты рәсім пандемияға байланысты күзде, қазан айында өтеді. Айтпақшы, фильм басталғанда менің кейіпкерім – Ерғазының жас кезін фильмнің қоюшы суретшісі Қуат Тілеубай сомдады.

– Түсірілім қай жерлерде өтті?

– Алдымен, Венгрияның Будапешт қаласында, сосын Жаркент жақта – Алматы облысы Панфилов ауданының Қоңырөлең, Көктал, Сәтжол деген елді мекендерінде өтті.

– Жасыңыз егде тартып қалған кезде киноға түсу қиын болған жоқ па?

– Негізі, онша қиындық туғызған жоқ. Әлгі «Өнер құрбандықты талап етеді» деген тәмсіл бар ғой. Бір-екі қызық сәттерді айтып берейін. Кейіпкерімнің қалың жаңбырдың астында қалатын сәті бар. Оған Жаркенттен арнайы өрт сөндіретін автомашинаны алдырып, жаңбыр секілді етіп, суды сол шашты. Әрине, бірінші дубльден ештеңе тындыра алмайтының түсінікті. Сұп-суық су денеңе түрпідей тиеді. Дубль аяқталысымен, костюмерлер келесі дубльге дейін бір секунд тұруға мұршамды келтірмей зыр қақтырып денемді көрпемен орап тастайды. Сәл қарсылық танытсам: «Аға, тырп етпеңіз, бізге бұйрық сондай. Сіз ауырып қалсаңыз, бүкіл түсірілім тоқтайды. Сондықтан ешқайда кетпей осылай оранып отырыңыз», – деп қимылдатпайды. Бәрі аяқталған соң кешке қарай жүз грамм ащы суын да беріп қояды…

– Айтпақшы, фильмге түсу барысында сақал-мұртыңыз өскен, жүдеу кейіпте әлгі «Шал» фильмінде басты рөлді сомдаған Қасым Тоғызақов ағамыздан аумай қалдыңыз…

– Ә-ә, айтуды ұмытып барам, қызық болды… жұмыс барысында «Жаркент-Арасан» санаторийінде жаттық. Сол жерде жұрттың көпшілігі мені сол кісіге ұқсатып, түрлі сұрақтар қойып, фотоға түсуге ұмтылады. «Қасқырмен қалай арпалыстыңыз?», «Қорыққан жоқсыз ба?» деген сияқты. Мен оларға Қасым Тоғызақов емес екенімді, ол кісінің де осы фильмде эпизодтық рөлі бар екенін, бірер күнде түсірілімге келетінін айтам. Кейін Қасым ағаның өзі келгенде барып, көздері жеткен…

– Енді отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз…

– Үш баламнан Құдай берген 6 немерем бар. Екеуі жоғары оқу орнын бітірді. Өзіміз Алматыға қоныс аудардық дегеніміз болмаса, ала жаздай сол Жаңатілек (бір кездегі «Красный дозор») ауылындамыз. Азын-аулақ мал-жанымыз бен егістікке қараймыз. Ауылдан ұзау қиын екен, бауырым…
– Әңгімеңізге көп рақмет, аға!

Сұхбаттасқан Берікхан Тайжігіт

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір