Ахаңның домбырасы – тәбәрік көріп, тәу етер құнды дүние
28.05.2022
589
0

Белгілі адамдарға тиесілі болған кішкентай нәрсенің өзін қасиет тұтып, тірнектеп жинап, аукционға шықса таласа-тармаса алып қалуға тырысатын әдет бар өркениетті елдерде. Бізде керісінше, бар нәрсенің өзін бағалай бермейміз, жоғалған соң барып қана жоқтаймыз, іздейміз…

Тәбәрік көріп, тәу етердей сондай бір құнды дүние қосылды қорға. Ол – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының домбырасы… Бұл ақжолтай ақпаратпен бөліскен – ұлы ағартушының Алматыдағы мұражай-үйінің жетекшісі Райхан Имаханбет. – Ахмет Байтұрсынұлының қолы тиген жәдігерлер өте санаулы. «Сондай дүниелер болып жатса, бізге хабарласыңыздар, биыл Ахаңның 150 жылдығы» деп әлемжеліге жазғанымда, менімен фейсбукте достықта бар Жұмабай Байзақ деген кісі хабарласты, – дейді мұражай басшысы.
Айтуынша, Жұмабай Байзақ Алаш арысының алыс туысы болып келетін көрінеді. Кезінде Ахмет Байтұрсынұлы ұсталған кезде ол кісінің аталары да қудаланып, Торғайдан Сыр еліне өтіп кеткен, қазір Қызылордада тұрады. Сол кісі мессенджер арқылы: «Ахаңның домбырасы бар, ол менің қарындасымның қолында. Қарындасым Алматыда тұрады. Жуық арада өзіңе хабарласады», – деді Райханға.
Содан мұражай қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Жұмабай Байзақтың қарындасы, яғни Луиза Әубәкірова аталған жәдігерді әкеліп табыстайды. «Оған дейін де хабарласып отырдық. «Бұл домбыра сіздерге қалай жетті? Тарихын айтып бересіз ғой…» дегенімде, ол кісі басында қысылды әкелуге. «Көшіп-қонып жүріп қайда қойғанымды білмедім… Оның үстіне ол домбыраның қадірін сол кезде біз түсінбесек керек, балалар ойнап, бетін сындырды, пернелері жоқ, күйі онша емес» деді. «Мейлі қандай күйде болса да, Ахметтікі екені рас болса, соның тарихын айтып, бізге жеткізсеңіз» деп мен де ол кісінің соңынан қалмадым. Оның үстіне «Райханға жеткізіп бер» деп, Қызылордадан ағасы қосылып отырды», – деп баяндады Райхан жағдайдың барысын.
Енді домбыра Луиза Әубәкірованың қолына қалай түскен дегенге келейік. Райхан Имаханбеттің бұл орайдағы айтқаны: «Ахмет Байтұрсынұлының Зиляш деген туған қарындасы Бейісов деген кісіге тұрмысқа шыққан. Олардың Бәкібай деген жалғыз ұлы болған. Бәкібай – Ұлттық Қауіпсіздік комитетінде істеген, чекист. Ахметтің жиені болғаны үшін біраз қудалау көрген. Луиза 1975 жылы оқуға түсуге келгенде туыс ретінде, сол кісілердің үйіне сәлем беруге барған. Айтуынша, Бәкібайдың үйіндегі кітап сөресінде Ахмет Байтұрсынұлының суреті тұрады екен. Бірақ жас қыз Ахметтің кім екенін ол кезде білмейді. Тек былайғы уақытта суреттің беті ашық тұратынын, ал үйге бөтен кісілер келгенде бірден көзден тасаланатынын байқаған. Тағы бірде амандасуға барғанында Бәкібай ағасы: «Мен осыны осынша уақыт сақтап келдім, ендігі жерде сен сақташы» деп, кімдікі екенін айтып, оған домбыраны береді».
Сонымен «Бірақ ол кезде Ахметтің аты да, заты да аталмаған, менің арғы аталарым білсе білер, өзім білген жоқпын ғой, соған онша мән бермеппіз, сөйтіп, бұл домбыраның қадіріне жетпеппіз, ағам айтқаннан кейін сізге әкеліп беруді өзіме парыз санадым» дейді мұражайға келген Луиза.
Домбыраны алатын кезде Райхан Имаханбет Ахаңның туыстарын да шақырған екен. Сөйтіп, Шолпан апайдың қызы Айман, Луизаға домбыраны берген Бәкібай Бейісовтың қызы Меруерт, екеуі де жасы 80-нің үстіндегі кісілер, Луизаның өзі бар, барлығы мұражайда бас қосады. Бірақ Айман апай да, Меруерт апай да аталған домбыра тарихынан хабарсыз болып шығады. Меруерт апайдың әңгімесі: «Біздің үйде Ахмет туралы әңгіме болмайтын, үлкен кісілер өзара сыбырласып қана сөйлесетін, бізге Ахаң туралы да, домбыра туралы айтпаған, білмеймін» дегенге саяды.
…Ал хабары шыққаннан-ақ құнды жәдігерді асыға күткен мұражай қызметкерлері домбыраны көргенде жылап жіберуге шақ қалады. Бір жағы, қуаныштан, екіншіден, оның кетеуі кеткен күйін көріп көңілі құлазығаннан.
«Ахмет туралы естеліктерде «қызыл домбыра» деп айтылатын. Менің көз алдыма қызыл түсті, үлкен домбыра келген. Мына домбыраны көргенде біртүрлі болып қалдық бәріміз», – дейді Райхан сол сәттегі көңіл күйін қалай жеткізерін білмей дағдарып. Ал ұлы ағартушы жөнінде түсірілген фильмде басты рөлде ойнаған актер Байғали Есенәлі домбыраны ұстап көріп: «Ол кездерде осындай 12 пернелі домбыра болған, мынау ойып жасалған екен. Ахаңдыкі болуы әбден мүмкін. Анығын мамандар айтады ғой» – депті.
Ал арнайы шақыртылған реставратор: «Жөндеуге болады, бірақ оған мұның күйі қаншалықты келетін-келмейтініне осы домбыраны зерттеп жүрген мамандардың қорытындысы керек» дегенді айтқан. Райхан Имаханбеттің сөзіне жүгінсек, ондай маман – Мұрат Әбуғазы. Бірақ ол қазір іссапармен сыртта жүрген көрінеді.Сондықтан мұражай ұжымы Мұраттың келуін асыға күтуде. Қалай болғанда да, Алаш арысының қолы тиген дүниелерді жинап-теріп, оған қатысты жылт еткен жақсылыққа, жаңалыққа жүрегі жарыла қуанатын олар, бұл домбыраның да құнды жәдігер ретінде мұражай төрінен орын аларына сенеді.

Кәусар ҚҰРМАНБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір