НАҒЫЗ ЖАУЫНГЕР ЖАНР
23.05.2022
2731
0

Соңғы жылдары деректі проза жанры ұлт­тық әдебиет­те алдыңғы сапқа шығып, нағыз жауынгер жанрға айналды. Деректі прозаның өткен жылғы озық үлгісі ретінде көрнекті ақын, танымал жазушы Рафаэль Ниязбектің халқымыздың біртуар ұлы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев туралы «Көсем» ат­ты тарихи романын атап өтер едік.

Өтеш Қырғызбай

Романның алғы сөзінде жазылғандай, кезінде Дінмұхамед Қонаев тәрбиесінде болып, қызметі өсіп, елге танылған, кейіннен ұлы тұлға қызметінен шет­тетілгенде оған қарсы әрекет еткен пенделердің әлі күнге биліктің төңірегінде жүргеніне және олардың тарапынан келер қарсылыққа қарамастан Рафаэль Ниязбек нар түйенің жүгін көтеріп, рухани тәуекел іске барған. Күрмеуі қиын саяси-тарихи тақырыпқа құрылған деректі романда басты кейіпкер Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың қым-қуыт саяси тартыстар мен тарихи кезеңдерде шыңдалып өсу жолын нақтылы деректерге құрып, көркемдік шешімдер арқылы тартымды етуі қаламгер шеберлігі дер едік. Романда сол кезеңде ел билігіне араласқан өзге де тарихи тұлғалардың көркем бейнесі жан-жақты сомдалып, көпшілікке беймағлұм болып келген оқиғалар қаламгер назарынан тыс қалмайды.
Танымал жазушы Серік Байқоновтың «Алып пен қалып» ат­ты роман-эллегиясы жазылу стилі мен жанрлық құрылымы жағынан мүлде бөлек, көркемдік деңгейі жоғары дүние болып шыққан. Ұлт­тық әдебиетіміздің классигі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармашылық қызметі мен өмірбая­нын арқау еткен бұл кітабын жазушы «эссе-элегия», «деректі көркем роман» деп атап, қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге көтерген қаламгердің жазу зертханасына тереңдей еніп, әдеби және адами жаратылысын, жан дүниесіндегі өзгеге ұқсай бермейтін қарама-қайшылықты, күрделі психологиялық болмысын ашып көрсетуде өмірлік деректер мен оқиғаларды келтіре отырып, бейнелі сурет­теп шығады. Кітап авторының көрнекті жазушымен ұзақ жыл жақын қарым-қатынаста болуы, сөз астарын емеурінінен танып-білуі, көзқарас-пайымдауларының қиғаш-қиғаш кетіп, тарау-тарау жолға түсіп жатуы заңды құбылыс болса керек. «Шын жазушы тек өзін жазады» деген Әбең бірдеңе біледі. Өзін жазбаған күннің өзінде шығармаларынан жазушының жандүниесі көрініп тұрады. Күрделі жаратылыс иесінің ештеңеге, тіпті өзге түгілі, өзінің іштей толғанып, сарылып отырып жазған дүниелеріне де көңілі толмайды. Ертеде, тіпті кейінгі ойлау, шығармашылық қабілеті толысқан кездегі жазған дүниелерін де қайта-қайта сызып, жөндеумен уақытын өткізгенін нақтылы дерек сурет­термен, белгілі оқиғаның желісімен келтіреді. «Жазушы болған жазушы үшін Әбекең «әдебиет институты» дегеніміз осы!» деп ой түйеді қаламгер.
Жазушы Серік Байхоновтың «Алып пен қалып» ат­ты роман-элегиясы Әбдіжәміл Нұрпейісов әлемін танып-білудегі сүбелі еңбек, кешегі Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовім» мен Әзілхан Нұршайықовтың «Аңыз бен ақиқат» тәрізді кесек дүниелерін еске салатын кітап болып шыққан.
Жазушы Мылтықбай Ерімбетовтің «Мырзашөлге сапар» деректі кітабы партия билеп тұрған заманда Қазақ­стан мен Өзбекстанды басқарған, көрші елдер халқының бауырлас достық қарым-қатынасын нығайтуда ерекше еңбек сіңірген Дінмұхамед Қонаев пен Шараф Рашидовтың достық қарым-қатынасына арналған. Кітапта екі елдің басшылары туралы тарихи деректер мен замандастарының естелік әңгімелері де мемлекет және қоғам қайраткерлерінің бейнесін сомдауға ықпал еткен.
Еліміздегі 1986 жылғы Желтоқсан қанды қырғынының шежіресін көп жылдан бері үздіксіз зерт­теп жазып, көптеген кітаптар шығарған жазушы Талғат Айтбайұлы бұл жолы ірі тарихи тұлға Жолбарыс Жылқайдарұлы туралы «Аңыз боп жеткен абыз» ат­ты тарихи-танымдық роман-эссесін оқырманға ұсынған екен. Кешегі қазақ тарихындағы қиын-қыстау кезеңде батырлығы, көсемдігі, шешендігімен танылған Жолбарыс Жылқайдарұлының туғанына 350 жыл толу құрметіне арнап жазған тарихи-танымдық роман-эссесінде Талғат Айтбайұлы бұрын-сонды елге беймағлұм болып келген деректерді көркемдік шеберлікпен тартымды беруге талпынады. Кітапқа дерек жинау мақсатында – өзге елдерге іссапармен барып, тарихи көне орындармен және құжат­тармен танысады. Жазушының өткен тарихты бүгінгі күнмен ұштастыра білуі, Жолбарыс батырдың бүгінгі ұрпақтары туралы дерек жинауы, танымал ғалымдардың естеліктерін беруі де басты кейіпкер болмысын сомдауға септігін тигізген.
Ақын Қасымхан Бегмановтың «Экспедициядан кейінгі өмір» аталатын кітабы – «Мұстафа Шоқай жолымен» ат­ты экспедиция аяқталып, осы ат­тас кітап пен 4 сериялы деректі фильм шыққанға дейінгі аралықтағы төгілген тер, атқарылған еңбек, Өскемендегі жылға созылған сот құжат­тары, ғаламтор мен баспасөз бетіндегі айтыс-тартысқа толы мақалалардан, олар туралы жазылған пікірлер мен тақырыпқа берілген сұхбат­тардан тұрады. Сонымен қатар бұл кітапқа автордың «Мұстафа Шоқай» және «Ер Төстік» пьесалары енгізіліп, жоғары оқу орындары студент­тері мен докторант­тарына және Мұстафа Шоқайдың өмірі мен қызметіне қызығушылық танытатын оқырман қауымға арналған екен.
Жазушы «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Сәуле Досжан үшін өткен 2021 жыл шығармашылық шабыты шалқыған, тек деректі проза саласында үш бірдей кітапты баспадан шығарған жемісті жыл болыпты. Алғашқы кітабы – еркін күрестен 1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиада чемпионы атанған Жақсылық Үшкемпіровтің өмір және үлкен спортқа келу жолы туралы «Біртуар» ат­ты деректі романы. Роман тарауларының атынан белгілі болғандай, «Балуанның балалық шағы», «Үлкен спортқа жол», «Тағдыр мен тартыс», «Бағы шапқан балуан», «Жеңіспен – жеңіске!» еркін күрестен биік сатыға көтерілген Жақсылық Үшкемпіровтің бүкіл еңбек және өрлеу жолдары рет-ретімен сурет­теледі.
С.Досжанның екінші романы – «Жалғыздың жарасына» Ұлы Отан соғысы жылдары Алматы облысының Ұйғыр ауданынан майданға ат­танған ер-азамат­тар мен тылда еңбек еткен аналар мен жасөспірім балалардың қиын тағдыры арқау болған. Роман кейіпкерлері өмірде бар, өздерінің аты-жөнімен аталып, шындық оқиғалардың негізінде жазылуымен де құнды. С.Досжанның үшінші кітабы – «Ауылдан шыққан миллионер. Мақсатқа барар жолда» көрнекті кәсіпкер, меценат Исламбек Салжановтың бизнес саласында табысқа жету жолдары баяндалады. Кітап авторы байлық пен бақтың еңбек пен ақылмен келетінін кейіпкердің нақты істерінен дәлел-дәйек келтіру арқылы сурет­тейді.
Талдықорған қаласында тұрып, облыс көлемінде жауапты қызмет­тер атқарған қоғам қайраткері, жазушы, журналист Ғалым Жазылбекұлы туралы оның қызы Әйгерім Ғалымқызы құрастырған «Тектінің тұяғы» ат­ты естеліктердің басын құраған кітап­қа марқұмның аяқталмай қалған «Жантөре» романы мен өлеңдері топтастырылған екен. Жастайынан қызметке араласып, қолынан қаламы түспеген Ғалым Жазылбекұлының соңына өшпестей із қалдырған адамгершілік асыл қасиет­тері кітапқа арқау болған. Қаламгер кештеу қолға алған тарихи «Жантөре» романына көптеген дерек жинақтап жүріп, басты кейіпкердің көркем бейнесін сомдап шығуға мықтап кіріскені байқалады. Келісті көркемдік пен оқиғаларды жүйелеп берудегі шеберлігі бірден байқалады. Аяқталмай қалған романды оқып шығып, сәтімен жазылған көркем шығарманың бел ортадан үзіліп қалғанына өкіндік.
Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласынан Ақкүрең Бақыт­тың «Менің жағалауым» естеліктер кітабы да жазылу стилі жағынан бөлек. Өзінің рухани ұстазы, қазақтың танымал ақыны Өтежан Нұрғалиевтің өмірі мен шығармашылығына арналған «Ақ нөсер» ат­ты шағын әңгімелері оқырманды әр алуан ойға жетелейді.
Қостанай қаласынан «Бақыт кілті» ат­ты кітабын жолдаған Әбутәліп Әмірдің жетістікке жету жөніндегі жазбалары автордың өмірден көрген, білген, естіген, оқыған-тоқыған, үйренген, түрлі сынақтан өту кезінде қолданған және негізгісі өзінің басынан кешкен тәжірибелер мен қаракет­терін көркем тілмен оқырманға ұғынықты етіп жеткізген. Мұсағали Тасқалиев пен Жібек Абдуллинаның Ақтөбе өңірінен жолдаған «Менің атам майдангер» ат­ты кітабынан облыс аймағынан соғысқа аттанған майдангерлер туралы мол деректі кезіктірдік. Елі үшін толарсақтан саз кешкен ерлер туралы деректер жинау алдағы кезде де жалғасын табатын болады.

«Қазақстан» ұлт­тық арнасындағы «Сөнбес сәуле» бағдарламасының авторы және жүргізушісі Жаңылхан Асылбекованың құрастыруымен жарық көрген осы ат­тас кітап әдебиет мен өнер саласында танымал болған тұлғалардың өмірі мен қызмет жолдары, әр жылдары телерадиода сөйлеген сөздері мен тірі бейнесі, олар туралы әріптестері мен жақындарының естеліктері берілген мұрағат материалдарының басын құрайды. Ақын-жазушылар Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаев, Хамит Ерғалиев бастаған, актерлар Мәкіл Құланбаев, Кененбай Қожабеков, Сәбира Майқанова, Бикен Римова, Мүлік Сүрт­тібаев, өзге де өнер тарландарының әр жылдары эфирден берілген сөздері мен ой-пікірлері әлі күнге құндылығын жоймағанын байқауға болады.
Біз әдеби жорналдарда деректі проза тақырыбында өткен жылы жарық көрген шығармаларды да шолып шықтық. 2021 жылы «Жұлдыз» журналы деректі проза саласында кесек дүниелерді молынан жариялаған екен. Жорналдың 2-нөмірінде Бексұлтан Нұржекеұлының «Атажау», 4-нөмірінде Мұхтар Мағауиннің «Балақан – ғұмыр бастауы», 5-нөмірінде Ұзақбай Доспанбетовтің «Қанды жол», Кәдірбек Сегізбаевтың «Мерген», 6-нөмірінде Ахат Жақсыбаевтың «Иса ақынының» екінші кітабы, 11-нөмірінде Нұрдәулет Ақыштың «Алтынсарин алауы» тарихи романдары жарық көрген. «Таңшолпан» жорналы өткен жылдың басынан жазушы Өтебай Қанахиннің «Қарт сарбаз» тарихи романын толық күйінде жариялаған. 1983 жылы 20 мың таралыммен «Жазушы» баспасынан шыққалы тұрған жерінен «қазақ ұлтшылдығын насихат­таған, кеңестік идеологияға жат, орыс халқына қарсы» деген айыппен цензура барлық данасын турап тастаған. Арада 27 жыл өткенде жазушының ұлы Саябек Қанахин осы романды қайтадан тергізіп, баспаға ұсынады. 1916 жылғы Ресей патшасы жарғысының 105 жылдығына орай, «Таңшолпан» жорналы шығарманы оқырман қауымға жыл бойы ұсынып келген.
Бұлардан бөлек, ешбір әдеби нормаға келмейтін, көкелерін «көсем», аталарын «абыз» етіп көрсетуге тырысқан қалың-қалың кітаптар да толассыз шығып жатыр. Көркемдік сапасы төмен, оқиғалары ойдан құрылған, оқырманды шатастыратын ондай кітапсымақтарды бүгінгі күннің талғам биігінен қарағанда деректі проза жанрына жатқызуға, әңгіме арқауына айналдыруға болмайды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір