«МЕН – БІР ТҰРҒАН АҚ САУЫТ АДЫРА ҚАЛЫП СӨГІЛГЕН…»
13.05.2022
1175
0

 Тәуелсіз елдің тірегі – қуатты әскер. Онсыз қабырғаң сөгіліп, омыртқаң опырылып, жұлының үзіледі. Алысқа бармай-ақ, Украинаға назар салыңыз. Ел шетіне жау тигенде айбар бітіп, қызына дейін қолына қару алды. Соның арқасында басқыншыларға тойтарыс беріп отыр. Иә, Ұлы Отанды қорғау жолында өлген сарбаз – ақшейіт. Ал бейбіт күнде кісі қолынан қайтқан сарбазды не дейміз? Қазақстан халқы әскерге туған жерінен он екі мүшесі сап-сау аттанып, бас-аяғы он күннің ішінде сау тамтығы қалмай, сүйегі табытқа салып әкелінген сарбаздың өліміне алаңдаулы.

Қалбай Әлібек Саламатұлын 12 сәуірде әскер қатарына шақыртып, жұмыс орнынан военкоматқа әкеткен. Сол күні бала анасына телефон соғып, Каспий голд карточкасына ақша жіберуін сұраған және ақшаның дәріге қажет екенін айтқан. «13 сәуірде, яғни жолға шығатын кезде, барғанымызда баланың еңсесі түсіп кеткен, жүзі суық болып тұрды», – дейді жеңгесі. Әскер қатарына қабылданған 18 жастағы сарбаз Жамбыл облысы Қордай ауданындағы 30212 әскери бөліміне 18 сәуірде жеткен. 22 сәуірде туыстарына әскери бөлім өкілдері хабарласып, Әлібек Қалбайдың қаза болғанын хабарлаған.

30212 әскери бөлімінің командирі Алмас Доспаев «Хабар 24-ке» берген сұхбатында: «22 сәуірде рота таңғы астан келгенде казарма алдында болған. Сол кезде Әлібек ең соңғы қатарда тұрған. Басы айналып артқа қарай құлап түсті. Алғашқы дәрігерлік көмек көрсетіп, бірден медсанбатқа алып кеттік. Басының неден айналғанын білмеймін, күніне 2-3 сарбаз басы айналып құлайды», – деді. Бірақ мәйітханаға кірген әкесі баланың оң жағы түгел көк ала, оң жақ қабырғаларының асты, іш жақ беті ішіне кіріп кеткенін көреді. Сарбаздың жеңгесі Динара Тілесова: «Әлібекпен қатар барған сарбаздардан таңғы асқа не жегендерін сұрадық. Олар «ұмытып қалдық» деп жауап берді. Олар неге не ішіп, не жегенін ұмытып қалады? Бір қызығы, біздің келетінімізді біліп, ас мәзірін де өзгерте салыпты. Таңғы асқа жұмыртқа, «Батыр» шұжығын, сары май, бал, еті бар қарақұмық жеп отыр», – дейді.

25 сәуірде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Бейбіт күнде әскердегі сарбаз қаза болмауға тиіс. Ата-ана баласын әскерге жібергенде оның қауіпсіздігі үшін алаңдамауы керек. Бұл – мемлекетіміздің мойнына алған міндеті», – деп, Бас прокуратура мен Қорғаныс министрлігіне және құзырлы органдарға жауынгердің өліміне қатысты жан-жақты тексеру жүргізуді және шынайы себебін анықтауды тапсырды. Ал 1 мамырда «Қазақстан» Ұлттық арнасында Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас штабы бастығының орынбасары Серік Боранбаев: «Қажет сараптамалар алынды. Оқиға орнын қарағанда, құқық қорғау орындарының ресми қорытындылары бойынша сондай-ақ мәйітке сот-медициналық сараптауды жүргізуде қаза болғанға дейін жарақаттары мен көгеру анықталмаған» деп мәлімдеді.

3 мамыр күні Бас әскери прокуратура Гвардейск гарнизонындағы сарбаз Әлібек Қалбайдың өліміне күдіктінің анықталғанын хабарлады. Мәлімдемеде ҚР ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасының ведомствоаралық жедел-тергеу тобы әскери қызметші Әлібек Қалбайдың қаза тапқаны туралы қылмыстық іс бойынша күдіктіні ұстағаны туралы айтты. Күдікті марқұм сарбаз Әлібекпен бірге шақырылған әскери қызметкер Айболат Азаматұлы болып шықты. «Күдікті онымен бірге әскерге шақырылған сарбаз болып шықты. Ұстауға куәгердің айғақтары және зорлық-зомбылық өлім белгілері бар сот-медициналық сараптаманың нәтижелері негіз болды. Материалдар сотқа қамауға алуға бұлтартпау шарасын санкциялау үшін жіберілді. Күдіктінің іс-әрекеті адамның өліміне әкеп соққан жарғылық ережелерді бұзу ретінде сараланған (ҚР ҚК 440-бабы 4-бөлігі)», делінген хабарламада.

Қалбай Әлібек Саламатұлы – 2003 жылы Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылында дүниеге келген. 9-шы сыныпты тәмамдаған соң «Болашақ» колледжіне оқуға түскен. Биыл колледждегі оқуын тәмамдап, диплом алған. Әскерге аттанғанша KCIO мекемесіне күзетші болып жұмыс істеген.

Марқұмның отбасына, туыс-туғандарына, қазақ жұртына қайғырып көңіл айтамыз.

Әлібек бақиға аттанған күннен бастап осы мәселенің басы-қасында жүрген ақтаулық қоғам белсендісі Бибігүл Рамазановамен сұхбаттасқан едік. Ол: «Әлібекті Айболат Аманжолов өлтірді дегенге мен де, оның отбасы да сенбейді» дейді.

 ҚР Қорғаныс Министрлігінің ресми өкілі жалған ақпарат таратты

 – Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты Қорғаныс Министрлігінің арнайы өкілі жасаған мәлімдемесінде сарбаз сапта тұрғанда есінен танып қалды деп, оның денесінен қаза болғанға дейін жарақаттар мен көгерулер анықталмағанын айтты. Мәлімдеме жасалмас бұрын марқұм тамақтан ұшынды деген ақпарат та шығып жатты. Қасым-Жомарт Кемелұлы жауынгердің өліміне қатысты жан-жақты тексеру жүргізуді және шынайы себебін анықтауды тапсырғаннан кейін оның кісі қолынан қаза тапқаны дәлелденді. Бибігүл ханым, Әлібек Қалбайдың мінезі, адамдық болмысы жайлы марқұмның жақындары не дейді?

Сарбаздың өліміне байланысты күдікке ілінген Айболат Аманжоловтың денсаулығы, психикасы жөнінде оның туысқандары не дейді?

 – «Қайтты» деген хабар келген күні баланың туысқандары Отарға барып, әскер қатарына марқұммен бірге қабылданған жігіттермен сөйлескенінде, олардың көзінен қорқынышты байқапты. Жыларман болған балалар басында жұмған ауыздарын ашпаған екен. Бірақ кейін бір ауыздан: «Әлібек Қалбай асханада өзіне берілген тамақты тауысқан соң оң жағындағы сарбаздың нанын да, қарама-қарсы отырған сарбаздың тамағын да тауысып жеп қойды. Содан сапқа тұрғанда есінен танып құлады», – деген. Әлібектің ата-анасы бұған сенбейтінін айтты. Олар: «Баламыз көп сөйлемейтін, сабырлы, мінезі орнықты еді. Дене-тұрқы да арық, қомағайлығы жоқ. Оның екі тарелка ботқа жеуі мүмкін емес», – деді. Әрине, бұлай емес екені кейін белгілі болды ғой. Әлібектің басына, жүрегіне, өкпесіне, бүйрек-бауырына зақым келген. Ішкі құрылысының сау тамтығы қалмаған. Ал осындай жарақатпен оның сапта тұруы мүмкін емес. Демек балаларды осылай айтуға біреу мәжбүрледі деуге толық хақымыз бар.  «Қазақстан» ұлттық арнасы арқылы мәлімдеме жасаған Қорғаныс Министрлігінің ресми өкілі де «Дене жарақаттары анықталмады» деп жалған ақпарат таратты. Істің ақ-қарасы белгілі болып, шын кінәлілер жазаланғанда өтірік айтқан адамдар да сүттен ақ, судан таза боп тасада қалмайды деп сенеміз.

Әлібектің отбасылық жағдайына тоқталайық. Ол­ – ­қарапайым отбасынан шыққан, үш баланың ортаншысы. Апасы тұрмыста, ал інісі – бес жаста.

Айболат Аманжолов та – қазақтың қарапайым шаңырағында дүниеге келген, жеті баланың тұңғышы. Біреуді ұрып өлтіретіндей шамасы келмейтін, спортпен айналыспаған, өзінен кейінгілерге қамқор, қыз мінезді, артық жүріс-тұрысы, қылтың-сылтыңы жоқ бала. Айболаттың ата-анасы осылай дейді.

– 9-мамырда Айболат Аманжоловқа қатысты сот болды. Онда не айтылды? Жәбірленуші және күдікті тарап сот шешімімен келісе ме? Ал әскери бөлімнің бұған жауапты шенділері жауапкершілік арқалай ма?

– Бастысы, екі тарап та сот шешімімен келіспейді және баланың кінәсіз екеніне күмән келтірмейді. Себебі Айболаттың анасының айтуы бойынша, Отардағы сарбаздардың басым көпшілігі оның жазығы жоқ деп отыр.   Петропавлдық Николай Курочкин деген сарбаз ғана Әлібек пен Айболат төбелесті деп куәлік етті.

Керек болса аштық жариялаймыз

 – Әскердегі әлімжеттік туралы көп жазып жүрсіз. «Айжамал» туралы жазбаңызды да оқыдық. Айжамал деген кім? Оның марқұмға қатысы қанша?

– Ата-ана баласын әскерге жіберерде «Ұлым Отан алдындағы қасиетті парызын орындасын. Еліміздің тыныштығын қас қақпай күзетсін!» – деп жібереді. Баласының әлімжеттік көріп, зорлық-зомбылыққа ұшырағанын тірі жан қаламайды. Алайда біздің әскер адамның құнын білмейтінге ұқсайды, құқығын таптайды. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Өйткені сөзім теріс болса, мұндай тақырыпта әңгімелеспес едік. Айтпақшы, бұл бір ғана жағдай емес, ғаламторды ашып қалсаңыз, екі аяқпен кетіп табытпен қайтқан сарбаз жайлы ақпараттардан көз сүрінеді.

Айжамалдың жайын айтайын. Айболаттың анасы әскери бөлімнің алдында тұрғанда бір сержант келіп: «Әлібектің өліміне сіздің  балаңыздың түк қатысы жоқ. «Пеленшеев» деген түнгі күзет офицері Әлібек келген күннен бастап оны «Айжамал» деп мазақтайтын және сәуірдің жиырма бірінде, яғни марқұм қайтатын түнде бөлек алып кетті…» – деген екен…  

– Соңғы сұрағымызды қойып, сөзімізді қорытындыласақ. Бибігүл ханым, сіз әлеуметтік желідегі парақшаңызда осы істің ақ-қарасы анықталмаса, әділ шешім шығарылмаса, Атырау, Маңғыстау өңірінің аналары аштық жариялайтынын мәлімдедіңіз. Тергеу жұмыстарының шикі тұстары бар ма? Жоғарғы соттың әділдігіне қаншалықты сенесіз?

– Бұл қазаға мұқым халықтың, бар қазақстандықтың қабырғасы қайысты. Жекеме мыңдаған хат келіп түсіп жатыр. Олардың дені былай келеді: «Біз, бүкіл Қазақстанның аналары, атыраулық балаға қорғаушы жалдап берейік, қаржылай көмектесейік. Әділдікке жету үшін қолымыздан келгенін жасайық, керек болса аштық жариялайық». Міне, осы хаттарға сүйеніп, мен әділдікті талап етемін! Егер әу баста-ақ Әлібектің әлімжеттік көргені ашық айтылса, шек келтірмеуге болар еді. Бірақ қазір көкейімізде күмән басым.

 – Сұрақтарымызға ашық жауап бергеніңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір