«Сол кезде менің де жағдайым қиын еді…»
11.04.2022
2924
0

(Соңы. Басы өткен сандарда)

 

Ал үшінші хаттың берер мағлұматы да мол, Әлкей «інісіне» артқан өкпесі де жанға тиетіндей ауыр. Хат шамамен 1966-1967 жылдардың көлемінде, Ғабит Мүсірепов сол кездегі Қазақ­стан Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевқа арнайы кіріп, Алматыдан пәтер берген кезде, үлкен қалаға көшіп келген- дегі қатты мұқтаждықтың тұсында жазылған. Сондай бір қаражаттан қысылып, жәрдем сұраған кезінде бұйымтайы қанағаттандырылмаған сияқты. Өкпенің басты себебі де сол қаржылай көмектің, немесе сұраған мөлшердегі қомақты қаржының берілмегендігінен туындап отыр. Зылиха марқұмның өздерінің ең тауқыметті күндерін бірге өткізген «жас досына», «қайнысына» назалы сөз айттырған қандай мұқтаждық еді? Оның мұқтаждық қысқан жанның торығуының ұзын сарыны Жайық дегдар Бектұровтың мына естелігінен «естілгендей» болады. Жалпы осынау зарлы махаббат иесінің бүкіл ғұмырының зарығу мен торығудың, аңдудың, сәтсіз тұрмыс қыспағының талқысында жалғыздықпен өткен кейуана ғұмырынан толық мағлұмат бере кету үшін Жайық дегдардың естелігін толық береміз:
«Зылиха апайды соңғы рет 1985 жылы жазда Қызылжар қаласының Бейбітшілік көшесіндегі 126 үйдің алтыншы пәтерінде кездестірдім. Ол Алматы қаласындағы шағын бөлмеге ауыстырып алыпты. Енді оған өкінішті. Бір ғажабы, 1959 жылы Полудин ауданында. Әлгі Қарақоғада кездестіргенімде де айт күні еді. Қызылжарға келгенімде де айт күніне тап болдым. Зылиханың қолынан Мағжан ағамыздың 1923 жылы жарық көрген кітабын тағы да шолып шықтым. Зылиха Мағжанның көп шығармаларын ойдан-қырдан жинағанын білетінмін.
Бұл кісіден Мағжанның негізгі шығармаларын алпысыншы жылдарда-ақ түгелдей көшіріп алғанмын. Енді көбінесе, ақынның мақалаларын, ғылыми еңбектерін алдым. Көшіріп болған соң қайтарып жіберуге уәде бердім. Зылиха күрсініп мынадай әңгіме айтты:
– Баяғы өзің көрген інім өлген. Ауыз бөлмеде кішкене қызымен келінім отыр. Ол менің тезірек көз жұмғанымды күтіп жүр. Осы үйіме өзі ие болғысы келеді. Мені жек көреді. Атылып кеткен күйеуімнің қағаздарын: бір-ақ күнде өртеп жіберем – дейді. Өзімнің туып-өскен қалам, Мағжанға алғаш қосылған жерім болған соң, үйімді ауыстырып едім, мұным қате екен. Ешкімге керегім жоқ. Әке-шешемнің көзіме ыстық ескі үйі де бұзылып кетті. Қабырғадағы суретте, міне Мағжан тұр. Бір күні үйге сау етіп екі-үш адам келді. Олар маған: «Сіздің мына суретіңізді түсіріп алайық», – деді. Мен оларға.: «Түсіріңіздер, түсіргендеріңіз жақсы, менің сақтауым қиын ғой, сіздер жақсы сақтайсыздар», – деп күлдім. Олар бір түрлі қысылып қалды. Мен бұл жігіттердің КГБ-дан келгенін біле қойдым. Шіркіндер, бізді әлі аңдиды. Мені аңдығанда оларға не түседі…
Зылихадан көшіріп, қайтарып жіберуге көп қағаз алдым. Тек ол кісі: Маған бұл папкаларды почтамен жіберме, өзім Қарағандыдағы бір туыстарыма хабарлаймын, соларға берген хатым арқылы қолына табыс етесің, – деді.
Мен Қарағандыға келген соң Мағжанның еңбектерін түгел көшірдім. Арада біраз уақыт өткеннен кейін үйге бір еркек, бір әйел келді. Қолдарында Зылиханың хаты бар. «Жайықжан, мына кісілерден менің қағаздарымды беріп жібер, – депті. Сонымен бірге атын атамай Алматының бір жазушысын мені жамандағанын, Бектұров Ғабиттің адамы, оған Мағжанның қолжазбаларын неге бересің? – дегендей азғырынды сөзін жазыпты. Бұған не дерсің? «Бір байдың жұртына екі тышқан таласады» дейтін мәтел бар ғой. Мағжанның азды-көпті қағаз бетінде қалған мұрасы жұрттың бәріне де жетіп жатыр. Әлгідей шағыстыру сөз айтқан адам Ғабит Мүсіреповтің Мағжанды жақсы көретінін білмеген ғой. Зылиха Алматыға жадап-жүдеп алпысыншы жылдардың бас кезінде қайтып келгенде, оған астананың Тимир­язев көшесінің 73 үйінен екі бөлмелі пәтер әперген де, ол уақытта әжептәуір құны бар қырық сом зейнетақы тағайындатқан да Ғабит ағамыз еді. Зылихаға енді-енді зейнетақысын өсіртіп берем деп жүргенде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті ойда жоқта, 1966 жылы болар, Ғ.Мүсіреповті қызмет орнынан алды да тастады… Содан, Зылиха тәуір зейнетақы алмай қалды. Жоғарыдағы әзәзілдің Ғ.Мүсіреповтің Мағжанның бәйбішесіне қандай жақсылық жасағанынан хабары жоқ екенін осымен де дәлелдеуге болады».
Осы «әзәзілдердің» қиянаттары туралы біз өзіміздің Мағжан туралы «Ұлт ақыны» атты монографиямызда толыққа жуық баяндағандықтан да, оны бұл арада таратып жатпаймыз. Ал мына үшінші хатты жазғанда, Зылиха Жұмабаева, жоғарыда Ж.Бектұров атап өткендей, «Иесіз қалғандай бір болмашы ескі үйде бір уыс болып отырған, жүдеу» «Зылиха Алматыға жадап-жүдеп алпысыншы жылдардың бас кезінде қайтып келген» кезі болса керек. Ендеше, мұқтаждықпен созған қолды жаздырып отырған да сол «мұқтаждықтың қолы» деп түсінген абзал.
Тура сол кезде Әлекеңде «Зылиха жеңгесіне» ұстата қоятындай қомақты сома болмай қалуы да мүмкін. Өйткені, Әлкей Марғұланның үйіндегі қорда сақталған алыс-жақыннан келген хаттардың біразы осындай «бұйымтайдан» тұрады екен. Есептеп көргенімізде, ол өтініштерді қамтамасыз етуі үшін айына екі-үш академиктің жалақысын алуы тиіс екен. Сыйлас, тағдырлас адамдардың арасында болатын мұндай базыналарды жария етудің де жөні жоқ еді. Бірақ та мұнда негізінен өкпе айта отырып еске алса да, Әлкей Марғұланның өміріндегі ең қапалы күндерден хабар беретін мәліметтер қамтылғандықтан да, басқа амалымыз болмады. Хат орыс тілінде жазылған. Күні, айы, жылы жазылмаған. Біз түпнұсқаны ұсынуды лайық санадық.
Үшінші хат
«Здравствуй, Алькей!
Ты помнишь, Алькей, когда ты находился в тюрьме, в Ленинграде, Мағжан из лагеря писал письмо (1934 г.) мне, где он говорил, что, во-что-бы не была, я помогала тебя, что ты являешься его хорошим другом. После этого слова Магжана я несмотря на все предполагаемое ужасов со стороны НКВД, не боясь всякой напасти со стороны НКВД в дни его свирепоствования, ходила к тебе, не раз передало передачу с бельем, ухаживало за тобою, как твоя родная тетя, когда ты вышел из тюрьмы, то ходила к тебе в общежитие, так же с передачей. Через некоторое время ты попал в больницу. Туда ты попал потому что после смерти Кирова и после твоего выхода из тюрьмы, тебе все время мерещились призраки из НКВО – красночапочники. Тебе казалось, что они всюду преследовали за тобою, по этому ты хотел зарезаться и попал в больницу, оттуда тебе отправили в сумашедшей дом Фороля, где тебе стало еще хуже. Это было 7.ҮІІІ.34 г.».
Бұл сөздер, ең бірінші, Мағжан өзінің Әлкеймен достығын ерекше бағалап, қадыр тұтатынын танытады. Сонымен қатар Әлекеңнің жоғарыда тілшеде жазылған естеліктеріндегі деректерді растайды. Дәнел Әлкейқызы да: «Әкем Ленинградта Петропавл қамалында түрмеге қамалған», – деп растап берді. Демек, Кировтың атып өлтірілуіне наразылық білдірген студент жастардың көтерілісіне Әлкей Марғұлан да қатысып, түрмеге жабылған. Содан кейінгі тіміскілердің тіміскісі мен «Чубаровшылардың» арандатуына төзбеген ызалы жүрек, ашық қарсылықтың белгісі ретінде, өзге де сондай тәуекелге барған студенттердің қатарында «1937 жылы 7 тамыз күні» өзіне-өзі қол салған. Аман қалған «қатерлі элементті» ауруханадан бірден «мырза түрме атанған» жүйке емханасына тыққан.
Хаттың жалғасы: «При этих всех для тебя несчастных и неприятных обстоятельствах, я вопреки всем ужасам ходила к тебе и носила передачи. Не раз видел как твои «коллеги» по сумашедшему дому дрались и ругались, выли волком, ревели львами, пищили змеями. Не смотря на все эти ужасы я часто ходила тебе. Ходила не потому, что ты мне родня, а просто человек – казах, страдающий в дали о родины».
Бұл қамқорлық екі жылға, 1936 жылдың маусымына дейін ұласса керек. Өйткені, Мағжан түрмеден «ССРО ОАК Президумының 14/ІV-1934 жылғы Қаулысы бойынша 1936 жылы 2 маусым күні босатылды. Вязьма – Сызрань – Челябинскі арқылы Қызылжарға келді».
Хаттың жалғасы: «После этого ты приехал к нам в Петропавловск. Мы с Магжаном встретили тебя как дорогого гостя. Ты находился у нас довольно порядочное время. Потом ты сьездила в Караганду, откуда скоро вернулся и, побыв у нас несколько дней, поехал к себе на родину – в Баян-аул, и исчез бесследно…».
Демек, Әлкей Марғұлан Фороль атындағы емхана-түрмеден 1936 жылдың екінші жартысынан кейін ғана босап шыққан. Оған хаттағы мына жолдар дәлел. Зылиха Жұмабаеваның өкпе-базынасы да хаттың осы арасынан басталады. Сондай-ақ келесі жолдарда бізге беймәлім шындық та бар. Ол емхана-түрмеден шыққаннан кейін Қызылжарға, Қарағандыға, Баянауылға келуі. Ғұлама ғалым бұл туралы өзінің естелігінде елеусіз қалдырған. Әлде айтқысы келмеді ме екен? Сөздің ырқы мен ырғағына қарағанда солай сияқты. Онда Мағжанды еске алуына тура келер еді. Ал ол жылдары бұл оқиғаны ашық жазу мүмкін емес еді. Тек бізге айтқан әңгімесінде ғана: «Сол кезде ауруханаға академияның ғалымдары, аспиранттары келді. Алматыдан өз туысқандарым келді. Бір-екі жыл жаттым. Шығармай қойды. Ауырып, елге келіп жазылдым. Інілерімнің қолында тұрдым», – деп желдірте баяндап өтіпті.
Хаттың жалғасы: «Но теперь?.. Теперь ты Великий Человек, Академик! Но человек, когда жирел, ты забыл обо всем прошлом. Даже реаблитация Маг­жана не радовала тебя. Потому что тебе жалко копейки. Своим величием на целую голову выще тебя и Каныш, и Мухтар, и то не могли унести в могилу свою сбережения. Два раза я просила у тебя денег, но ты отказывал. Ответил, что ты строили дачу. Кто поверит, что – человека, которой строит дачу, не бывает денег.
Те времена прошли давно, теперь нечего тебе притворяться чудаком. Еще говоришь ты, что даещь много денег своим родственникам, а где они были тогда, когда ты страдал в Ленинграде. Нет! Тогда тебе не они, а я помогала. А ты теперь не мне, а им помогаешь. Этим я не хочу сказать, что не надо помочь родственникам. Помоги им, но не забудь того, кто тебе помог в трудные дни. Хоть одну сотую долю того, что даешь ты родственникам, дал бы ты мне, и то я благодарила бы тебя я каждый раз.
Несмотря на то, что Магжан без копейки приехал из заключения, я продала ковер и паршу, и тебя содержала дома. Все это есть высокочеловеческое отношение и высокая сознательность Магжана и моей».
Иә, тәп-тәуір зілді сөздер. «Зылиха Жұмабаеваның былай жазуына қақысы бар ма еді, жоқ па еді?» деп сұрақ қоюдан аулақпыз. Ол, шындығында да, қиын күндері бір-біріне сүйеу болған адамдардың арасындағы «адамгершілік» мәселесіне жатады. Шындығында да, сол тұста академиктің өзі де қаржыға мұқтаж болған сияқты. Ағайындары туралы жазып отырғандары да рас. Оған, жоғарыда айтқанымыздай, отбасы қорындағы хаттар дәлел. Ал осыншама ашына жазуына қарағанда, Зылиха Жұмабаева сол тұста шынымен де қаражатқа аса зәру болса керек.
Бізге анық мәлімі сол 1966-1968 жылдары Зылиха Жұмабаева күйеуі Мағжанның өлеңдері мен прозалық шығармаларын, аудармаларын үш том етіп машинкаға бастыруға қарбалас кіріскендігі. Ал бұған қарапайым зейнеткердің жарты жылдық зейнетақысы қажет еді. Ақыры ол жинақты Олжас Сүлейменов Жазушылар одағындағы араб қарпін оқи алатын Роза, Рымкеш сияқты апайларға бастырып берген болатын. Егерде сол үшін күйініп, ашынып отырса онда ешқандай айып-шам жүрмесе керек.
Бізді таңдандырғаны, осы хаттың аяғына өзінің наразылығын білдіре: «Вот какие принципы бывают: 1. Во-первых я должен ежемесячно снабжать ее деньгами. Единовременное пособие по 100 и выще. Ее неустраивает. 2. Это еще мало. Я должен часами сидет возле нее и заменить ее мужа по казахскому обычаю», – деп жазған сілтемесі болды.
Бұған қарағанда Зылиха Жұмабаеваның талап-тілегі шындығында да, сәл батымдау болып шығады. Әлде алдыңғы сөздерді көңіліне алған Әлекеңнің ішкі қарсылығы ма екен. Менің ойыма әбден аңду мен бақылаудан сезіктеніп қалған жүрек, бұл жолдарды тіміскілер тіміскілей қалса – деген күдікпен, сақтық үшін жазбады ма екен? – деген күдік келеді. Ғұламалар мен ағалардың ондай үркек мінезін өз басым көп көрдім. Мүмкін. Бәрі де мүмкін. Біз бұл хатты бұл жайға түсінік беру үшін емес, шындықтың дәлелі үшін пайдаланғанымызды ескерте отырып, бұдан ешқандай да жағымсыз пікір тудырмауды өтінеміз.
«Өзі «қалпақ астында» жүріп түрмеде жатқан халық жауы Мағжан қамалған лагерге барып тұрған, барлық қаражаты мен бұйымдарын ұрлатып алған Зылиха Жұмабаеваға, сол кездегі ақшаның құнына шаққанда қомақты қаржы 25 сом көмек берген (З.Жұмабаеваның өз естелігі), ашаршылыққа ұшыраған елі үшін назаланып, Сталинге қарсы шыққан студент жастардың көтерілісіне қатысқан Әлкей Марғұланның азаматтық ерлігі бәрінен жоғары, бәрінен қымбат ерлік. Өкіл баласындай болып үйренісе бастаған кезімде Әлекеңнен – Әлкей Марғұланнан бұл туралы сұрағанымда:
«Тілшеден», 18.04. 83. Бейсенбі. Не себепке байланысты сейсенбіні бұл күнге өзгертті екен?: «Мағжан үнемі қиялға мініп ұшып жүретін. Үнемі ғашық боп, өлеңге өртеніп жүретін. Мағжанның орыс әйелінен туған баласы бар. Ол Вять­кіде, не Перьмде тұрады. Атын Мағжан қойған. Қазір жасы 50-ге келді. Адрес столына хат жазу керек. Қазақ әйелі Зылиха да 90-ға келді. Көрме жақта тұрады. Ал сол қиын кезеңнен кейін маған Ленинград пен Мәскеудің үлкен ғалымдары қорған болды. Олар мені Ленинград университетінің аспиранты ретінде Мәскеуге жіберді. Сұраса: «Мәскеуде» – дейді. Мәскеуден сұраса: «Бізде ондай адам есепте тұрмайды. Ленинградта шығар. Білмейміз», – дейді. Мұны ұстаздарымның ақылымен (өтінішімен-Т.Ж.) СССР Ғылым академиясының президенті, академик Комаров ойлап тапты. Солардың ақылымен «тереңге шөгіп жаттым», – деп қырылдай күлетін.
Бұл Әлкей Марғұланның басына түскен ең ауыр қасіретті күндердің соңы еді. Бұдан кейін де заман қыспағына сан рет түсті. Бірақ жеке басына дәл осы жылдардағыдай зауал төндірген жоқ.
Мен бұл мағлұматтарды таратып-талдап жатпаймын, қаперде жүру үшін ғана назарға ұсындым. Ал «Тілшедегі»: «37-жылға дейін Ленинградта аспирантурада түркі тілдерінен сабақ бердім. Академияның филиалы ашылғанда Алматыға ауыстым», – деген мәліметіне қарап, Мағжанның үйінен – Қызылжардан кеткеннен кейін бірден Ленинградқа барған. Мұны ілгеріде айтылған Шығыстану институтында қазақ тілінен дәріс алған «шәкірт құрбысы» Жүсіпбек Уәлитовтің жоғарыда келтірілген хат­тағы мәліметі растайды.
«Тілшеден», 30.11. 1982 жыл. Сейсенбі. (Жалғасы): «Оқуды Ленинградта, одан Мәскеуде (аспирантураны) бітірдім. 1938 жылы академик Комаров мені өзіне шақырды: «Совминнің председателі Оңдасынов хабарласты. Сені бізге беріңіз, жіберіңіз – дейді. Академияның филиалы ашылады. Енді Қазақстанға баруыңа болады, – деді.
Комаровтың арнайы хаты бар, бұйрығы бар, академия үшін керек ғалым деген: – «Ленинградтағы жазғандарыңыз жақсы еді. Алматыда өсесің. Көмектесемін», – деді.
Содан бері, 1938 жылдың соңынан бас­тап академик Комаровтың тапсыруы бойынша ғылым академия­ сында істеп келемін.
Орыс ғалымдары аялап, жақсы көрді. Мені де үйлеріне шақырып жүрді. Академик Марр: – «Ғылыми негізің Қазақстанда. Сонда бар», – деді. Ольденбург те, Самойлович те көмек берді. Қазақстан филиалының бастығы Самойлович мені өзімен бірге Алматыға алып кетті. Сондай-ақ Эрмитаждың бастығы Иосиф Авгарович Орбелли де келіп, көп дүниені эрмитажға әкетті. Түркістанның қазаны, Ұлытау жазбасы. Орбелли Қанышпен қатты араласты. Өзі армиянин еді. Алматыдан Ленинградқа келгенде Набережныйдан көріп, етегінен тарттым: «– Көгершінім, қайдан жүрсің», – деп құшақтай алды. Көп әңгімелестік: «Қазақтардың шығу тегі туралы мардымды факті әлі жоқ. Грузин, арабтар туралы бір ауыз сөз айтсаң жеткілікті. Мың сөзден артық», – деді. Аспирант кезімде жетекші болған адам: – «Кейінгі экзотиканың керегі жоқ. Тарихтың алтыны революцияға дейін. Алтын тарихтар селжүктер… Кавказ… Иран», – дейтін.
Марр – грузин, шешесі – англичанка. Бізге серік болған осылар. Самойлович – Мелиоранскийдің шәкірті. Мелиоранский «Едігені», «Қарасай – Қазиды» зерттеп, екі кітап жазған. Ол архивте жатыр. Мен Шоқанның соңына түсіп кеттім. Әйтпесе, қазақтың өз тұрмысын зерттесем, талай нәрсе ашылар еді. Енді соларды жаза бастадым…
Қазақ туралы архив деректерінің көптігі сондай, самсап тұр. Сәдуақасов Абай өлеңдерінің көшірмелерін Мелиоранскийге берген. Ол Самойловичтің архивінде. Ол: «Какой-то татарский стихи» – деп белгі қойған. Салтыковте (кітапхана) сақтаулы. Әлі тұр. Сәдуақасов – Баянауылдыкі. Мұсаның баласы. Мұсаның жырын жазған Мәшһүр Жүсіп. Мұса – Құнанбай – Ибрагим Жайықбаевтардан ХІХ ғасырда асқан адам жоқ. Одан кейін Бапан биді, атасы Саққұлақты қояды. Бапан бидің Кенесары туралы дәптері бар. Бөгенбай батырдың немересі. (Бөгенбай-?)1740 жылы қайтыс болған. Таралының (Нұралының – ?. «Тілшедегі» осы арадағы сөздер ажыратылмады– Т.Ж) баласы. Әнет баба – Асан қайғы сияқты, шұбырындыда қайтыс болған».
Содан отыз тоғызыншы жылы ғана СССР ғылым академиясының Қазақстандағы бөлімшесі ашылғанда ұстаздарының тапсырмасымен «жарыққа шығып», академияның ғылыми жолдамасымен уақытша көмек күші ретінде Алматыға келген. Содан бастап қашан дүниеден өткенше (елуінші жылдардағы уақытша шеттелуінен басқа) осы ғылым ошағында істеді. Ал ұстаздары мен архив деректері, қазақтың тарихи тұлғалары туралы бұл мағлұматтар Әлкей Марғұланның «Еңбекпен өткен өмір» (Түпнұсқада – «Еңбекті сүйген өмір») атты естелігі мен шығармаларының толық жинағында жарияланғандықтан да, таратып жатпадық әрі ол бұл басылымның міндетінен тыс тақырыпты қамтиды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір