Мұғалімдер жаңа дәуір теориясын зерттеуі тиіс
04.04.2022
958
0

Шын мәніндегі «Жаңа Қазақстанды» құрамыз десек, өткеннің қателіктеріне қайтадан бой алдырмауымыз керек. Сондай қателіктердің бірі – «бұрынғы» «Цифрлы Қазақстан». Дәл осы «Цифрлы Қазақстан» жайында пандемияға дейін көпірме сөздер көп айтылды. Бірақ «өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам». «Келте құйрық» әр шоқыда шоқшиып желі іздеп отырған оқушылар мен студенттердің суреттерін жасыруға жетпеді. Интернет желісі тұрмақ, телефон сымы жетпеген шалғай ауылдар мен елді мекендердің жағдайы белгілі болды. Біз көп ретте цифрландыру, өркениетке жалғану мәселелеріне көңіл аудартқанымен, ондағы оқушылардың білім сапасына жеткілікті мән бере қоймадық. Оқушылар мен студенттердің жай-күйі онлайн оқудан дәстүрлі оффлайн оқу форматына көшкенде белгілі болды.
Бұдан бөлек, алдымызда тұрған тағы да бір мәселе – зумер ұрпақты білім-ғылымға қанаттандыру.
Көптің көкейінде жүрген ойларды айтып едік, педогогтар мен ЖОО оқытушылары төмендегідей пікірлерін білдірді.

Азат ЫСҚАҚ, «Білім-Инновация» лицейінің қазақ әдебиеті пәні мұғалімі

Телефон ойындарымен соғысу үстіндеміз…
Жалпы білім беретін мектепте де, дарынды балаларға арналған арнайы мекемеде де, ақылы оқытатын жеке мектепте де жұмыс істеп көргендіктен, аталған орындардағы жұмыс барысын, ондағы оқушылардың қарым-қабілетіндегі айырмашылықтар мен ұқсастықтар жайлы аз да болса дәйекті айта аламын деп ойлаймын.
Менің көзқарасым бойынша, қандай мектеп оқыса да оқушылардың үлкен бір айырмашылықтары бар деп айту қиын. Адам болған соң, кез келген нәрсеге бейімделіп кететініміз бәсенеден белгілі. Оқушылар да жаңа үдерістерге тез үйренісіп кетеді. Сол себепті мен ең негізгі айырмашылық мектеп атмосферасында деп есептеймін.
Көптеген тұлғалар үшін мектеп оқушыларының олимпиада сияқты түрлі жарыстардан жүлделер алуы білім беру мекемесінің деңгей көрсеткіші саналады. Бірақ та біз кез келген оқушы биік белестерді бағындырады дегенге илануымыз керек. Оқушылардың бір-бірінен ешқандай айырмашылығы жоқ. Әрине, әлеуметтік жағдаяты жақсы болуы мүмкін. Дегенмен бұл пікірімізге қарсы дәйек бола алмайды. Айырмашылық тек педагогтар мен мектептің миссиясы, жұмыс істеу стратегиясында жатыр. Егерде әр мұғалім өз оқушысының ерекше екеніне сене алса, соның әлеуетін ашу жолында аянбай еңбек етсе, шәкіртін тәрбиелеу барысында алғашқы жетістігіне қол жеткізді деп есептеуге болады.
Әлеуметтік жағдай, қаржылық қиындықтар туралы айтып қалдық қой, ойды ой қуалайды, бір жайтты айтайын. БИЛ («Білім-Инновация» лицейлері – ред.), НЗМ («Назарбаев зияткерлік мектептері» – ред.) мектептері онлайн оқыту кезінде арнайы платформаларды пайдаланды. Кейбіреуі Microsoft Teams, кейбіреуі Edupage деген сияқты ақылы құрылғылардың көмегімен білім сапасын ұстап тұруға тырысты. Қысқаша айтатын болсам, білімге ақшаны әдеттегі жағдайға қарағанда әлдеқайда көбірек құйды. Жалпы мектептермен арнайы мектептердің айырмашылығының ең басты себебі – қаржылық және сол бөлінген ақшаны дұрыс жаратуында жатыр.
Бастапқы сөзге оралайық. Жоғарыда «Қандай мектеп болса да, оқушылардың үлкен бір айырмашылықтары бар деп айту қиын» дедім. Иә, айырмашылық оқушыда емес, педагогта. Бұл ретте заңды сұрақ туады: «Зумерлерді оқытатын педагог қандай болуы тиіс?».
Диджитал дәуір оқушыларының таным-түсінігі өте өзгеше екені мәлім. Технократтық дәуірде мектеп пәндеріне деген қызығушылық бұрынғыға қарағанда азырақ екенін мойындаған жөн. Бұрын біз басқа сыныпқа сабақ беретін мұғалімдермен жарысатын болсақ, қазіргі уақытта поп мәдениет, видеохостинг, әлеуметтік желі, әуен, сериал, телефон ойындарымен балалардың назары үшін жарысу, тіпті соғысу үстіндеміз. Мұғалімдер ендігі дәуір теориясын зерттеуі тиіс. Себебі мұғалімнің қазіргі мақсатты аудиториясы – сөйлеуден бұрын қалтафон шұқылауды үйренгендер, Z дәуір өкілдері, зумерлер. Оқушылардың архетипі өзгерді. Енді бұрынғыдай авторитарлы жолмен немесе дәстүрлі түрде сабақ өткізу өзекті емес. Оқушылардың көпшілігінде дерлік фрагментарлы шоғыр бар. Назары тез бөлініп кетуге бейім. Осынау жағдай олардың ішкі мотивациясын оятуда қиындық тудырады. Мәселелер шешімінің ең негізгісін айтып кетейін. Әр оқушымен индивидуалды, жеке-жеке сөйлесу, оларға арнайы уақыт бөлу арқылы оның сіздің әлеміңізде маңызды орынға ие екенін білдірсеңіз жеткілікті. Себебі инновациялы әдіс-тәсіл, қолайлы мекеме, заманауи технология болсын, оқушы мен мұғалім арасындағы жылы қарым-қатынастың берерін еш нәрсе алмастыра алмайды.

Нұргүл РЕУКЕНОВА, Ақтау қалалық №19 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Ойыннан опық  жеп қалмайық
Аты жаман індет біздің ғана емес, күллі дүниежүзінің іргесін сөгіп, қабырғасын қайыстырып кетті. Қаншама тұлғадан айырылдық, нешеме кәсіпорындар бос қалып, экономикамыз тұралап қалды. Бұған дейінгі ісіміздің «нәтижесін» көре бастадық. Тонымыз өзімізге шақ па, әлде көлеңкеге пішілген тон ба – бажайлап қарағанға айырмасы айдан анық бола қалды. Әсіресе бұл жағдай еліміздің білім жүйесіне көбірек көңіл бөлуіміз керек екенін бұлтартпастай айғақпен дәлелдеп берді. Технологиялар ғасырында озық технологияларға тәуелді екенімізді ұғындық.
Пандемияның бастапқы кезеңінде онлайн форматта алғаш рет сабақ өткізіп жатқан көптеген педагогтар мен оқушылар, тіпті ата-аналар да үлкен кедергілерге ұшырады. Сол кедергілер әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті, атқарушы органдарға әлдекімдер ашық хаттар жолдап жатты – мәселелер біртіндеп шешіле бастады. Одан бері 2 жыл өтті. Онлайн формат қазіргі таңда білім жүйесінің бір бөлігіне айналды. 2021 жылдан бастап толықтай дәстүрлі оффлайн форматқа көшсек те, кей семинар, курстар, жиналыстар Zoom платформасында өткізіліп жүр. Сондықтан да онлайн оқыту үйреншікті жағдайға айналды. Оқушылар да, педагогтар да әбден машықтанып алды. Алайда әр нәрсенің екі жағы болады, кері әсерін тигізбеуі мүмкін емес. Онлайн оқыту оқушылардың сауаттылығына, біліміне әсер еткені белгілі…
ХХІ ғасырдың балалары тәуелсіз, өмірге бейім, прагматикалык характерде болады. Бұлар – постмиллениалды ұрпақтар. Компьютербасты, «онлайн ойлайтын», экран алдында туған ұрпақты ғылымға қызықтыру үшін олардың желіде ойнайтын ойындарына бақылау жүргізіп, жақсы бағытқа қарай тәрбиелеуге болады деп ойлаймын. Көп бала өз ойындарын ойнап отырып, видеосын әлеуметтік желіге жүктеуді әдет еткен. Видеоны Tik Tok, You Tube каналдарына сала отырып, трендке айналу мақсатында өздерінің бейәдеп сөздермен видео түсіреді. Сөздерін сүзгіден өткізіп қадағалау болса деген ойым бар. Ойындардан опық жеп қалмайық!
Бүгінгі таңда мектептерде жас ұрпақты білім-ғылымға қызықтыруда түрлі шаралар ұйымдастырылып жүр. Жаңа заман технологияларына сәйкес робототехника үйірмелері жүргізіліп, көптеген оқушы осы бағыттағы сайыстарға қатысып, жетістіктерге жетуде. Қорыта келе, бүгінгі жас ұрпақты тәрбиелеп, білім-ғылымға қызықтыруға болады. Өйткені ХХІ ғасырдың мүмкіншілігі зор кезде алынбайтын қамал жоқ деп есептеймін.

Жазира ӘБДІРАХМАНОВА, филология ғылымының кандидаты, доцент

Біз онлайн оқу форматына дайын болдық
Қай заманда болса да, студенттің аты – студент. Бүгінгі студент – алдына қойған нақты мақсаты бар, амбициясы күшті, екі-үш тілді меңгерген, ой-өрісі дамыған, технологияның барлық жетістігін игерген, смартфон мен компьютердің «құлағында ойнайтын» тұлға. Осындай студентті ғылымға қызықтырудың креативті жолы қайсы – ойлану керек.
Креативті дегенде осы «креатив» сөзінің мағынасын түсініп алайықшы. «Creatio» латын тілінен енген жасау (шығару) деген мағынаны білдіреді. Өз басым креативтілікті (шығармашылықты) жаңа тәсілдер мен өнімдердің қажеттілігіне бейімделу қабілеті деп түсінемін. Креативті әдістің түрлері көп: миға шабуыл, гиперболизация, синектика, инверсия, т.б. Ең бастысы студенттің өз бетінше ізденуіне мүмкіндік жасау, ол үшін студенттің білімге деген құштарлығын оята білу. Сонда ғана ол қандай форматта оқыса да, талабынан таймайды.
Мәселен, елімізде жаппай онлайн оқу форматы мәжбүрліктен туындағаны бәрімізге мәлім. Дегенмен бұл формат мен үшін анау айтқандай жаңалық емес еді. Себебі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқытушылар мен студенттерге қосымша оқытуға және білімді меңгеруге мүмкіндік беретін Moodle қашықтан оқыту жүйесі (дистанционный курс) 2008 жылдан бастап қолға алынған еді. 2012 жылдан бастап қашықтан оқыту бойынша қазақ тілі пәнінен сабақ жүргізе бастадым. Сондықтан оқу процесі онлайн форматқа ауысқаны бізге аса қиындық тудыра қоймады. Өйткені университеттің қашықтан оқу технологиясы бойынша алдын ала жүргізген курстарына қатыстық, іс жүзінде тәжірибеден өттік. Онлайн оқу форматы – заманауи құбылыс. Алдымыздан жаңа мүмкіндіктер мен білім берудің жаңа форматтары ашылып, технологиялық прогрестің жемісін көрдік. Zoom, Skype for Business, Microsoft for Teams, GoToMeeting, Google Meet, т.б. бірлескен платформаларда жұмысты тиімді ұйымдастыруды үйрендік.
Мен өмір ұсынған кез келген тосын сыйдан сабақ алып үйренген адаммын. Сондықтан пандемия жаңа мүмкіндіктерге жол ашты, ғаламторды жан-жақты тиімді пайдалануға үйретті.

Бетті дайындаған
Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір