Тұрсын Жұртбай. «Сол кезде менің де жағдайым қиын еді…»
04.04.2022
2611
0

(Ленинградтағы қатерлі жылдар туралы)

«Тілшедегі» мына сөздер, Әлекеңнің айтқандарын еске түсіріп отырып, кеңейтіліп жазылған қатирадағы жолдарды қайталайды. Бажайлап қараған адамға қайталанғанымен де, өмір көріністері мен жан тебіренісі сол күйінде қағазға түсірілуімен де қымбат. Бұл да – эпистолярлық жанрға тән бір ерекшелік. Оқыңыз.

 

(Жалғасы. Басы өткен санда)

«Тілшеден»: 30.11.1982 жыл. «…Ел­дің өз астығын өзіне қимау не сұмдық. Мұхтардың хабарын біліп, әлде бір сәуленің жылт еткенін сезіп кет­тім. Елге жетсем – ауылдың орнынан басқа ештеңесі қалмапты. Шешем Қарағандыға бара жатып жолда өліпті. Арғы атамыздан қалған араб, монғол, түркі тілінде жазылған, кейі өгіздің терісіне басылған жазбалар бар еді. Олжабай батырдың сары ала туын, бәрін інім шешемнің қабірінің қасына көміп кетіпті. Оның өзі де өліпті. Қарағандыдан Мәш­һүр Жүсіптің үш хатын ғана алып Ленинградқа қайттым. Күзде Вален­тина Николаевнаны қуанышпен елге шығарып салдым».
Мұнда, «Тілшеде» – мұң басқан, өкініш өзегін күйдірген, құсалы да на­за­лы күйде қарсы алдыңда отырып, күңі­реніп сөйлеп отырған шерлі адам­ның сол сәттегі көкірегіндегі запыран­ды дәл жеткізетін астарлы, күрмеулі, ұғымды сөздердің дығы мен екпіні бар. «Елдің өз астығын өзіне қимау не сұмдық?!.», «Әлде бір сәуленің жылт еткенін сезіп кеттім», «Оның өзі де өліпті» – деген шолақ тіркестердің ды­ғы ауыр. Сол сөздердің астарында қан­шама қасіретті тағдыр тауқыметі жатыр. Мысалы, «Қуанып, шығарып салуын» қуанып шығарып салған, бірақ ішіне қаншама ауыр сөз ертіп кетті десеңші.
«Тілшедегі»: 02.03. 83. Сейсенбі: «Бұ­рын Мұхтар екеуміз алыстан көр­сек қалпағымызды қолымызға алып, аман­дық ишарасын жасайтынбыз. Бұл ең сеніскен адамыңа көрсететін құр­мет. Бірде Мұхтар әлгіндей сә­ле­мім­ді алмай, жай қолын ұсынды. Таңғал­дым. Артынан мән-жайды білген соң, өзіне әдемілеп тұрып, мәдениетті түрде ұрыстым. Аңғал, әркімге алда­нып қалатын. Иә, солай. «Е, бәсе», – деп күліп, бетімнен сүйді», – деген сөзді айтқызған да, өзін сырттан ба­қы­лап жүруді Әлкейге тапсырғанда, өзіне «әлде еврейдің, әлде армянның» келіп жүргенін жеткізіп қоятын шығар деген әйелдік жеңілдікпен: «Әлкейдің өзі де қырындады» – десе керек. Мұ­ны Әлекең: «Керек емес сөз еді. Бекер істеген. Ол болмайтын іс қой. Мен Мұхтардың өтінішін орындадым ғой. Соны түсінбеген», – деп бірнеше рет бізге қайталап айтқаны бар. Жә…

«Тілшеден», 30.11. 1982 жыл. Сей­сенбі. (Жалғасы): «Ал сол кезде Ленин­г­рад­та­ғы менің де жағдайым қиын еді. Кукушкин деген қу соңыма түсіп, қыр соңымнан қалмады. Студенттердің арасындағы отызыншы жылдардың ішіндегі Кировтың өліміне байланысты әр түрлі қозғалыстар салқынын тигізді. Ақыры ауруханадан бір-ақ шықтым. Оның мәнісін сұрап қажеті жоқ».
Бұл күнгі әңгіме осымен аяқталып, келесі кездескенде тура осы үзілген жерден басталды. Сол бір қиын да азап­ты күндердің себебін қалай қай­талап сұрасам деп қиналып келген мен, бұған таңғалдым. Соңынан жазбаларды парақтап қарасам, әр әңгімені белгілі бір кезеңмен аяқтап, келер жолы сол арадан бастайды екен. Демек, алдын ала барлық ойын іріктеп, жүйелеп алған болды ғой. Бұл жолы да: «Ақыры ауруханадан бір-ақ шықтым», – деп аяқталған, тура сол арадан басталды.
Бұл сталиндік үлкен террордың басталу қарсаңы еді. Ұйымшылдығы күшті, революция тұсында шыңдалған Киров, Куйбышев сияқты байырғы большевиктер Сталиннің бір беткей, ешкімнің сөзін тыңдамай, сыңаржақ, жазалау саясатына көшкеніне қарсы еді. Ол ойларын Орталық комитетте ашық айтып, Ленинградтың партия комитеті өзінің алаңдаушылықтарын білдірген. Өзінің жеке басына қатер төне бастаған Сталин Кировты көшеде атып өлтіртті. Бүкіл Ленинград жұрты жаппай наразылық білді­ріп, студенттер астыртын ұйым ашып, қарсы үгіт жүргізе бастаған. Нара­зылар­дың ішінде елдегі аштықты көріп, назаланып келген аспирант Әлкей Марғұлан да бар: ««Елдің өз асты­ғын өзіне қимау не сұмдық?!.», «Өзбек, қырғыз, өзге республикалар аштыққа ұшыраған жоқ. Қазақстаннан ғана неге орын алды. Демек, аштықты қасақана ұйымдастырған», – деген мағынадағы пікірін ашық білдірсе керек. Оның үстіне алдында бір рет алашордашылардың қатарында тергеуге түскенде: «Артынан ба­қы­лау жүргізілсін» деген «үкім ке­сіл­ген» айыбы да бар болатын. Сон­дай-ақ көкірегін кернеген наза да шыдатпаған. Сол көңіл-күймен Ақтеңізге сотталып барып, түрмеде жатқан алаш ардагерлеріне, соның ішінде өзі сүйген ақыны Мағжан Жұма­баевқа барып, жағдайын біліп тұрған. Студенттік стипендиясынан қағыстырып қаржылай көмек те көрсетіп тұрған. Өзге-өзге, мұндай «қылмыскердің» бақылаусыз қалуы мүмкін емес еді.
Т.Жұртбай, «Ұлт ақыны»: «Алаш ақиықтарының ішінде соңына аңызға бергісіз естеліктер қалдырған кейіп­кер тұлғалардың бірі де, бірегейі осы Мағжан Жұмабаев пен Сәкен Сей­фул­лин. Әсіресе бірінші және екінші тергеудің арасындағы аңыздар шындыққа барынша пара-пар. Сол аңыздардың арасынан сенімді зер­гер Шерияздан Елеукеновтің ақынның жары Зылиха Жұмабаеваның естелігі­мен тиянақтаған бір-екі деректі кел­тіреміз. Концлагерьде Мағжан ай­дауыл­дағыларға сауатсыздықты жою дәрісін береді. Петербургтің зиялы тұқымы Иван Иванович Фетисовтың ақылымен медфельшерлік мамандықты игереді. Медициналық техникумның бағдарламасына сәйкес қажетті кітаптарды И.И.Фетисовтің үйінен (Васильев аралы, 20 орам, №15 үй, 10 пәтер) Зылиха Жұмабаева жеткізіп тұрады. Бұл білімнің өмірде қызығын көрмесе де, ой-сарасын тотықтырмай, жанып отыруға жанабы тиген.
Сондай-ақ Әлкей Марғұлан да лагерь­­­ге барып, өзек жалғайтын қолүздік беріп тұрыпты. Зылиханың тұрмысына сүйеу болыпты. Барлық қаражаты мен бұйымдарын ұрлатып алғанда Әлкей Марғұлан 25 сом көмек беріпті. Ол кездегі ақшаның құнына шаққанда қомақты қаржы. Өзі «қалпақ астын­да» жүріп халық жауына жолығуы – ерлік. Өкіл баласындай болған Әлекеңнен – Әлкей Марғұланнан бұл туралы сұра­ға­нымызда: «Маған Ленинград пен Мәскеудің үлкен ғалымдары қорған болды. Солардың ақылымен «тереңге шөгіп жаттым», – деп қырылдай күлетін. Ал Мағжан екінші рет ұс­тал­ғанда тергеушілерге: «Маған досым, әрі жанашырым (поклонник) Әлкей Марғұланов келіп тұрды. Ол ши­зоф­рениямен ауырып, жүйке ауруха­насына түскен», – деп жа­зыпты. Ал тергеушілер Марғұланның тұсына: «Өлген», – деп белгі қойыпты.
Шындығында, Әлкей Марғұлан 1934 жылы Ленинградтағы студенттердің қозғалысына қатысып, соңынан тіміскі түскенде өзіне-өзі қол жұмсап, ажалына әлгі тыңшының себепкер екенін көр­се­тіп, өсиет қалдырған. Жүйке ауруха­насына сол жолы тіркелген. Әлгі «тіміскінің» аты-жөнін атап:
«Ол әлі тірі. Соны іздеп барып, қат­ты-қатты ұялтшы», – деп сондай бір өкпелеген балаға тән аңқаулықпен кәдімгідей өтінетін».
Бұл жолы әңгімені тікелей сол қатерлі күндерден бастапты.
«Тілшеден», 02.03. 83. Сейсенбі: «– Өзіне-өзі қол жұмсау ағымы Ле­нинград­та болды. Кировке жасалған ашық қастандыққа білдірген қарсылық қозғалысы еді. Өрши берді. Содан қауіптенген «гпуищниктер» жасырын банды тобын құрды деп айтып жүре­тін ленинградтықтар. Расында да, «Чубаровшылар» деген бандиттер тобы болды. Кешке тиіседі. Адамдарды көшеде жүргізбейді. Сонда студенттер көтерілісі болды. ГПУ-ге қарсы болған жай. ГПУ-да көп кісі қамалды. «Гпуи­щник­терді» жұрт таспен атып жүрді. ГПУ-дің ұйымдастыруымен, мен шы­ғыс­тану институтына сабақ беруге барғанымда терезеден, шатырдан тас лақтырады. Үйге келгенде терезе­ден қарап, аңдып жүреді. Күні-түні маза бермейді. Содан жаман боп қапала­нып кеп, үйге келгенде өзіме-өзім қол салдым… ГПУ-дің бір жігітіне ерегесіп істедім. Кукушкин деген… тыңшы соңымнан қалмайды. Қансырап жатқан кезімде өзі ауруханаға апа­рып салды. Не үшін? Білмеймін. Кіш­кене (аз уақыт – Т.Ж.) абақтыға отыр­ғыз­ды: «Студенттік көтеріліске қатысты» – деп айыптады. Оның ішінде Қазақстаннан да оншақты адам болды. Біз аштыққа қарсы болдық. Ал ленинградтық жастардың көтерілісінің себебі: Сталиннің бір жұ­мысына, Украина туралы ісіне Куйбы­шев қарсы болған. Оны қолдаған Киров атып өлтірілді. Мен Сталиннің қазақ туралы ісіне наразы болдым. Неге олар ашығады? – деген қиял бар.
Сол кезде ауруханаға академияның ғалым­дары, аспиранттары келді. Алма­тыдан өз туысқандарым келді.
Бір-екі жыл жаттым. Шығармай қойды. Ауырып, елге келіп жазылдым. Інілерімнің қолында тұрдым».
Мен Әлкей Марғұланның неге та­мағынан қырылдап сөйлейтінін сонда білдім. Тамағындағы жіңішке тыр­тық шорланып жетілген екен. Бұл әңгімелерді тыңдау қиынға соқ­ты, әрине. Үнсіз тыңдай бердім. Аны­ғы: ленинградтағы студент жас­тар­дың көтерілісін қарудың кү­ші­мен басқаннан кейін, оған қатыс­қандарды тергеуден соң, жүйке ауруы аурханасына қамап, күзетпен ұстаған. Оған Әлкей Марғұлан да ілінді. Бұл туралы Ресей тарихшылары ба­рын­ша талдап, әшкерелеп жазды. Ал тергеушілердің «Өлген» деп анықтама беруіне қарағанда, «мен­шікті тыңшысы» Кукушкин «өліміме кінәлі» дегенінен сескеніп, не тірі қалуынан үмітсізденіп солай рапорт жазуы да мүмкін. Сол бір қа­уесет, жаңылыс жазған тергеу анке­тасындағы сөз, артынан іздеу салушылардың ізін жасыруы да мүмкін. Бәрі мүмкін.
Сол бір қатерлі, зауал күндердің дәлелі ретінде және соны айғақтайтын материалдардың қатарына Ор­та­лық Мемлекеттік архивтегі Ә.Мар­ғұланның жеке қорындағы Мағжан Жұма­баевтың зайыбы Зылиха Жұма­баеваның мына хаттары да жатады. Әрине, ол хаттар елуінші жылдардың аяғында, Мағжанның азаматтық құқы ақталған соң, өткен күндердің азабын еске алып, амандық-саулықтарына қуанған көңілмен жазылған.
Зылиха Жұмабаеваның Әлкей Марғұланға жазған хаттары. Қор 2415. Т-1, 586-іс. 3-3а парақ

Бірінші хат
19.ҮІ.59 ж.
Сәлем хат
Құрметті інім Әлкей, бүгінгі күні сіз­ге арнап осы хатты жазып отырмын. Таяуда Қызылжар қаласына бір жа­қын­ның үйіне барып, сол үйде «Қазақ әде­биеті» газетінің подшипкесінен 1958 жылы сіздің академик болғаныңызды және тірі екеніңізді біліп, қуанышым қойныма сыймады.
Құрметті інім! Бақытың ашылға­нына қуанғаным сондай, сенің жас күніңдегі ауыр азапты күндерің есі­ме түсіп, бір жылап алдым. Міне, алдымда Тамара екеуіңіздің Қара­теңіз­дің жағасында отырып түскен суре­тіңіз жатыр. Жылжыған өмір­дей толықсыған Қаратеңіздің асау тасқындары сендердің отырған тастарыңды келіп ұрып жатыр. Сен дамылсыз зырлап бара жатқан өмірдің артынан көз жібергендей, болашаққа үңілгендей алдыңа қарап отырсың.
Сені бір көруге ынтызармын. Бірақ оған мұршам да жоқ, тұрмыс та жоқ.
Қош, сау бол.
Жеңгең – Зылиха.
19.ҮІ.59.
«Жакеңнің ботакөзі» – әйелі Зылиха ханым.
Адресім: Северо-Казахстанская обл, Конюховский р-н, ст. Кара-Гуга, ул. Карла Маркса, 11. Жумабаевой Зулейхе».

Мұнда ұзақ жылдар бойы қуғын, сүргінде, бақылауда жүріп, бір-бірінің өлі-тірісінен бейхабар қалған жанның алабұртқан алаң көңілі аңғарылады. Тура сол осы хат жазылған кездегі Зылиха Жұмабаеваның кешіп жатқан тауқыметті тіршілігін көзімен көрген, 1937 жылы Мағжан мен Зылиханы Алматының мейрамханасында кө­ріп, танысқан жазушы Жайық Бектұровтың мына естелігі санаға саңлау түсіреді:
«…Арада көп уақыт өтті. 1959 жылы Жазушылар одағының Солтүстік Қазақстан облыстық бөлімшесін құруға Қызылжар-Петропавл қаласына келдім. Студент кезінде ақындығымен көзге түскен Хамза Абдуллин осындағы «Ленин туы» газетінде қызмет істейді екен. Жүдеу, қағажау көрінді. Сөйтсем, соғыста немістердің қолында тұтқында болып, өзіміздің елде де содан қуғынға ұшыраса керек. Сөйлесе келе, Хамзадан жеңгеміздің Мағжанның елінде, Булаев ауданының іргесіндегі Қарақоғада екенін естідім. Хамзаны ертіп, Жолдыө­зек­ті басып, ондағы Ноянның обасын көріп, Қарақоғаға келдім. Иесіз қалғандай бір болмашы ескі үйде бір уыс болып Зылиха отыр. Жүдеу».
Зылиха Жұмабаева екінші хатты, алғашқы сәлеміне Әлкей «інісінен» жауап алғаннан кейін жазған. Өткенді есіне түсіріп барып, Мағжанмен бірге жүрген өмірді көз алдына елестетіп, азаппен кешкен жылдардың зарда­бы мазасыздандырып, қолына қа­лам­ды толқи алған сияқты. Кей тұс­тарда: «Сонау шалғайда қалған күн­дерде, өзіңмен бірге жылаған жең­гең әлі де жылауда», «Жынынан айы­рылған бақсыдай сарнап жал­ғыз қалдым» – деген мұңлы да ащы сөздердің жазылуы соны аңғар­тады. Хаттың жолданған айы, күні, жылы қойылмапты. Сонымен қатар Әлкейдің 34-жылғы азапты күнде­рінен мағлұматтар елес береді.

Екінші хат
Құрметті Әлкей!
Жазған хатыңды алдым, өте рақмет. Бұл күнде заман өзгерді, адамға адамның көзқарасы да мүлдем өзгерді. Сондықтан хатыма жауап келер деп ойлаған жоқ едім. Ал сіздің бір жайдан хатыңызды алғанымда көзімнен төгілген моншақ жасқа ие бола алмадым. Бірақ бұл менің бірінші жылауым емес қой. Жылай-жылай көз жасым да құрыды, жас сүртетін сәтін орамал да шіріді. Амал қанша, тағдырдың ісі солай: біреу қатты жыласа, біреулер жартылай жылайды.
Кәзір сіздің академик болып, бақыт­ты тұрмысқа ие болғаныңызды газет беттерінен көріп, шексіз қуанамын. Бірақ тым үлкен бақытқа ие болған адам өткендегісін түгелдей ұмытады ғой. Сіз де бұдан 30 жыл бұрын көр­ген азапты күндеріңізді ұмытқан сияқ­тысыз. Өйткені хатыңыз өте салқын жазылған.
Хатыңда: әйелім мен қызым көмек­теседі – деп жазыпсыз. Ол өте жақсы. Маған көмектесетін адам түгіл, албасты да жоқ. Жынынан айырылған бақсыдай сарнап жалғыз қалдым. Осы күнде сіздің баяғыдай Ленинградта сырқат болып жатқан күндеріңіз де еске түседі. Туған бауырымдай көріп, сонда күн ара сізге барып тұрушы едім, енді мен сияқты күңіренген, қуарған кемпірге қалың қалай деп ешкім де назарын аудармайды.
Алайда сіздің бақытыңызға – бақыт жамала берсе екен деп тілеудемін. Хатымның аяғын: уақытыңызды көңілді, қуанышты өткізуге тілектеспін деймін. Бірақ бұл қуанышты қайдан келер екен деп зарығып күткеніме көп жыл уақыт өтті, әлі де көрінбейді.
Қош, сау болыңыз. Сәлеммен жеңгең Зылиха.
Ескерту: сіздің профессор Форельдің атындағы ауруханада жатқандағы «Акт о положении опеки» деген анық­та­ма менде жатыр.
Егер менен қорықсаңыз, хатты Жалтыров Сабыркейдің атына жазы­ңыз. Бірақ менен қорқатын ешнәрсе жоқ. Жазалы өз жазасын алып кеткен.
Келіннің аты кім, қызыңның аты кім? Оны неге хабарламадың?
Адрес: Северо-Казахстанская обл., Коюховский р-н, ст. Кара-гуга, ул. Карла Маркса, 11. Жалтырову С.» [3.586.2]
Бұл Мағжанның азаматтығын ақтау туралы алғашқы қаулының тұсында жазылған сияқты. Өйткені, сөздері еркіндіктегі адамның мәнерімен ба­тыл жазылған. Әрине, Мағжан үшін қияметті қыл көпірдің бәрінен өткен, азапты ғұмыр кешкен әйел адамның ащынуын сыртқа шығаруы да табиғи. Еш көмексіз, жұтаң тіршілікте өмір сүріп жатқаны да әсер етсе керек. Бұ жағдай жазушы Ж.Бектұровтың естелігінде жазылған.
Осы хаттағы: «Туған бауырымдай көріп сонда күн ара сізге барып тұрушы едім», «Сіздің профессор Фо­рельдің атындағы ауруханада жатқандағы «Акт о положении опеки» деген анықтамасы менде жатыр» – деген жолдардан «кіретін есігі бар, шығатын есігі жоқ» түрме орнындағы емханадан Әлкей Марғұланды Зылиха Жұмабаева күтімге алып, одан кепілдік беріп шығарып алғаны анық аңғарылады. Арнайы жабық мекемеде ондай куәлікті әркімге бере бермесі тағы анық. Сондықтан да «хатты суық жазасың» деп наз айтып, жылылық дәме етуі де орынды.

(Жалғасы келесі санда)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір