Тұрсын Жұртбай. Алмағайып заманның аласапыраны
25.03.2022
2712
0

Әлқисса, бұл жазбалар Әлкей Марғұланның аузынан қандай күйде қағазға түсірілді, сол күйінше тасқа басылды. Оқиғалардың араласып, ілгерінді-кейінді ауысып баяндалуы байқалса да, еш өзгертуді жөн деп таппадық. Ғұламаның сол сәттегі ой ағымы, ойлау тәсілі, сөз мәнері, бір оқиғаны айтып отырғанда көз алдыға елестеп кеткен екінші адамдардың бейнелері қаз-қалпында сақталсын деп ойладық. Және сол шақтағы ғұламаның құбылған бейнесі мен толғанысы, бастапқы ойға қайтып оралуы сияқты сезім иірімдері өзімізге де ыстық көрінді. Сөздердің қысқа қайырыла жазылуының себебі де түсінікті шығар. Зер салған адамға ойдың және оқиғаның желісін ретке келтіру қиынға соқпайды. Арада қырық жылдан астам уақыт өтіп кеткендіктен де, асығыс жазылған кейбір сөздерді ажыратуға мүмкіндік болмады. Оған ғафу өтінемін.

«Күнделіктің» арасындағы кірік­тірмелер мен деректер және олардың ара­сы үзіліп немесе күні ауысып баян­далуының себептері туралы ескер­те кететін бір мәселе, бұл тәсіл – эпис­толярлық мұраларды өзара салыстыру арқылы ғалымның ойлау жүйесі мен өмірлік жадындағы үзік-үзік естеліктердің астарындағы өмір құбылыстары мен ғұмыр деректерін барынша түсінуге немесе түсіндіруге ұмтылудан туған қажеттілік болып табылады. Бір-екі сөзбен бізге ауызекі айтқан мағлұматтардың әдібін жазып, мазмұнын ашып, ол деректерді кімнен, қайдан алды, қалай жиды т.б. – деген сияқты түйткілді сұрақтарға жауап беріп, соны тарата баяндау үшін де ара-арасына эпистолярлық мұрағаттағы дәйектемелерді келтіріп отырдық. Сөйтіп дала данышпанының ой ағымын кеңінен қамтығымыз келді. Эпистолярлық эссенің жалпы мазмұн тұтастығын сақтап, ғалымның өмір жолын хронологиялық ретте баяндау мақсатында «Күнделіктегі» жазбалардың орны тақырыпқа орай топтастырылып, үйлестіріле баяндалды. Бұл – әдеби-текстологиялық ілім саласында қол­да­нылатын қалыптасқан талдау үр­дісі болып табылады. Сондай-ақ есте­ліктерде де қамтылмай қалған немесе бізге айтып берген әңгімесінде ұмыт қалған көріністерді бір-бірімен салыстыра отырып, өзара толықтыру, күнделіктегі шашыранды естеліктерді бір жүйеге түсіру мақсаты көзделді. Сонымен қатар ғұлама ғалымның жадында сақ­тал­ған немесе ол жүгінген деректердің түпнұсқасын білу де ғылым үшін үлкен олжа болмақ деген ойда болдық.
Әдетте, баратын күнімді Әлекеңнің өзі алдын ала белгілеп қоятын. Қатираға түскен кездесу күндерінің кестесі мынадай: 13.Х. 1981. Сейсенбі; 17.ХІ. 1981. Сейсенбі; 24-01.82. жексенбі. Неге сол күні? Еркін сөйлескісі келді ме? Әңгіменің ұзаққа созылуына қарағанда солай сияқты; 19.10. 82. Сейсенбі; 13.04. 82. Сейсенбі; 21.09.82. Сейсенбі; 30.11.82. Сейсенбі; 28.12.82. Сейсенбі; 02.03. 83.Сейсенбі; 18.04. 83. Бейсенбі. Неге байланысты сейсенбіні бейсенбіге өзгертті екен. Бұл да – академиялық институттардағы жұмыс күні. 27.09.83. Сейсенбі; 30.04.84. Сейсенбі. Орталық комитетке іздеттіріп, шақыртып алған күні осы күн; 31.12.84. Дүйсенбі және менің кешігіп барып, кешу сұрай алмаған күнім. Ал «12.01.85. Сенбі» – ол кісінің дүниеден қайтқан күні. Сейсенбі, бейсенбі – академияның ғылыми институттарындағы жұмыс күндері. 40 жылдан астам бір мекемеде істеген Әлекең өзінің барлық қосалқы қам-қаракетін осы күнге белгілеп, соған бойы үйреніп, әдетіне айналып қалған сияқты. Біздің де кездесуіміз негізінен сол күндерге белгіленіпті. «Қазақ әдебиеті» газеті редакциясының қолқасына орай Сол күнделіктердің негізінде жазылған «Еңбекті сүйген өмір» атты эпистолярлық эссенің ашаршылық пен қуғын-сүргінге қатысты тарауынан үзінді беріп отырмын.

«БАУЫРЫНДА ҚАНДЫАДЫРДЫҢ ТУ КӨМІЛГЕН»
«Күнделіктен», 30.11. 1982 жыл. Ә.Мар­ғұлан: «Адам төзіп болмайтын қасіретті 32-жыл – қиын жыл болды. Бұл кез, 32-жыл, менің Ленинградта аспирантурада оқып жүрген кезім. Бір жайсыз, суық хабар жетті. Елдің аштан өліп жатқанын естіп, қатты күйінді болдым. Қатты мазасызданып, қапаландым. Бұл қалай, өзге халық­тар­дың студенттері ондай хабар айт­пайды. Олардың елінде тоқшылық. Қазақс­танға апат қайдан келді, қалай ұшырады? Қабырғаң сөгіліп жатса қалай шыдайсың? Ленинград қоныс болмады. Туралап баруға елдің ішіндегі жағдай қиын. Мені аңдып жүргендер бар. Мұхтардың жазған хаттарында сондай алаңдаушылық бар. «Ауа райының қабағы қатулы. Үсіп қаласың», – дейді. Түсінем ғой. Келсең, тағы да тұтқындаласың дегенді астарлап жеткізіп отыр ғой.
Содан қырғызға бардым. Пішпекке. Бұл не ғарасат, не қасірет? Өзеннің жа­ға­сында өліп жатқан адам. Бәрі – қазақтар. Киімінен білесің. Тазылар өліктердің төбесінде ойнайды. Көмусіз өліктерді жемтік етіп жүр. Ал қырғыздардың өздері мұндай апатқа ұшырамаған. Шыдай алмай, бишараларға көмек сұрайын деп қырғыздың Совминінің председателі Әбдірақымовқа бардым. Менің назамды тыңдап отырған Әбдіра­қымовтың өзі жылады. Бар қолданған шарасы аштарға уақытша баспана бөліп беріпті. Файзолла Ходжаев та сонда жүр екен. Олар, мұның басты себебі қазақ бастықтарының өзара ала ауыздықта болуынан – деді. Аштардың көбі солтүс­тіктің, Торғайдың қазақтары еді.
Тәуекелмен Алматыға келдім. Сақ­та­нып жүріп қазақ бастықтарының екеуінде болдым (Ораз Исаев пен Ұзақбай Құлымбетов болуы керек. Күнделікке жазылмапты – Т.Ж.). «Қужаққа» – Голощекинге кіруге болмайды. Табан астында ұсталасың. Қауіпті адам. Екеуі де шарасыз, қолын жайып, иығын көтере береді. Үміт үзілді… Түңіліп кеттім. Алматының арықтарын адамдамдардың өліктері таудың тасы сияқты бөгеп тастаған. Не істеймін? Ешкімге жолығуға болмайды.
Елдегі шешем, бауырларым не бол­ды? Олар да осылай далада ит-құсқа жем болып қалған жоқ па? Соларға көмектессем деп елге бет алдым. Жол бойы өлеусіреген аштардың бұратылған сүлдерлері, кемпір, шал емес, кілең атпал азаматтар, жас келіншектер, қыздар, балалар. Сүйектері теріге ғана ілініп тұр. Тоғы басылмаған Іле станциясының келімсек жүгірмектері Іле өзеніне бидайды шашып жібереді екен. Қазақтар соны теремін деп, суға кетіп өліп жатыр. Соны өзім көзіммен көрдім. Бұл қасіретке төзбеген ұятты, намысты қазақ қызметкерлерінің ішінде өзіне-өзі қол салып, өліп кеткендері бар. Мен танитын Ақмоланың бір жігіті солай өлді. Ондай қияли ой менің де басыма келді. Тек, шешемді аштан құтқарып алайын деген алаңдаушылық қиялилануға жол бермеді.
Арып-аршып, сақтанып жүріп иен қалған, азынап қалған жұртқа тап болдым. Бір-екі адам болмаса, бәрі жосып, босып Қарағандыға, ішкеріге (Ресейге –Т.Ж.) – Ноғайсібірге кеткен. Қаншасы жетті, қаншасы жолда жем­тік болып қалды, кім білсін? Мен өз шешемді іздеп таба алмадым. Зар қағып іздеп жүріп білгенім Қарағандыға бара жатып, жолда өліпті. Қиыны – атамыздан қалған, қалмақ тілінде көп жазба бар еді. Әр қайсысы бір жарым метр. Олжакеңнің туы, күн шақыратын қара тасы. Бір інім соны қабірге көмген. Ол да өлді. Үш әдемі хат бар еді. Қаратқандар түсінбейтін. Не араб, орыс, өзбек (шағатай) тілінде емес. Ленинградқа ала кетуге бермеп еді. Ерекше құрметтеді. Мәшһүр Жүсіптің жазғанын Ленинградқа апарып бердім. Олжакеңнің сарыала жібек туы бар еді. Әйелдер босанғанда бір үзігін қайшымен қиып, мұрнына салады. Ол туды жасат­қан Абылай, оюы бар…
Іші-сыртым зарға толып, амалсыздан өзім тез қалаға қайтып кеттім. Бұл апатқа Қазақстанның басшылары – Исаев, Құрамысов, Голощекин үшеуі кінәлі. Ел қамын ойлаған басқарушылары бар қырғыздар, өзбектер аштан өлген жоқ…».
Бүгінгі әңгімесі осылай аяқталды».
Иә, бұдан кейін қандай әңгіме айтылуы мүмкін. Құмығып, өксігі тамағына тығылып, көзілдірігін бір алып, бір киіп, томсырайып төмен қарап қалған Әлекенің бейнесі әлі көз алдымда. Менің де өзегімді өртеген өксік екі-үш күнге дейін басылмап еді. Шерімді тарқатпақ болып Әлекеңнің осы әңгімелерін Ғафакеңе – «Жұлдыздың» бас редакторының орынбасары ақын Ғафу Қайырбековке айтып беріп едім, ол кісі Торғай өлкесін жайлаған аштықтың сұмдықтарын айтып, бұл әңгімені тіпті тереңге батырып жіберді. Кейде, сол өксік әлі де тамағымнан кетпей тұрғандай сезінемін.
Әлекең сол бетінде бірден Ленин­­г­рад­қа қайтып кетпей, жо­лай Қарағандыдан, Омбыдан, Новосибрь­ден бауырларын, туысқандарын іздестірген екен. Оған Әлекең дүниеден өткен соң естелік ретінде жазылған «құда баласы» Н.Дәуітовтің мына хаты дәлел.

Қор-2415, т-1, іс — 522.4-7 беттер.
«Екінші көргенім, 1932 жылы Новоси­бирь қаласында Әлкей Марғұлан ағаны. Онда мен 2-класстың оқушысымын, орыс мектебінде оқимын. Әлкей ағаны үйде отырған мен тани кетіп, төрде отырған бұйра шашы бар ұзын бойлы аққұба жігітті, жаратылысында бір туыстық бар ардақты ағаға мен қол беріп сәлемдестім. «Ә, Нұркеш, үлкен жігіт болып, қолыңа портфель ұстап, оқуға барып жүрсің ғой», – деді. «Са­бағың қалай, жақсы ма?» – деді Әлкей аға. Дәуіт әкем бес саусағын көрсетті. – – Нешінші класта оқисың? – деді. – Екінші класта, – деп дұрыстап жауап беріп, шешініп, киімдерімді іліп қойдым. Әкем: «Кел, Нұркеш, шәй іш», – деп шақырды. Әлкей ағаның қасына кеп отырдым.
Қазақтың тарихында белгілі «ақта­бан шұбырындыда» бар қазақ қырылып, аштан өлсе, «Алқакөл сұламада» қал­мақ­­тан қырылып өліп қазақ азайса, екін­ші аштан өліп қырылған аштық – 1932 жыл естен кетпес. Міне, сол аштық жылы біз Ертіс бойындағы Керекуден Павлодар округі, Семей уезінен, Кенжебай ауылынан №1 Ақто­ғай­дан Новосибирьге 1932 жылы көшіп бардық. Әкем Сағындықов Дәуіт Новосибирь темір жолы вокзалының құрылыс жұмысында ат-арбамен (көк пірәшкемен) жұмыс істеді. Ол кезде Новосибирьге – Барнаул-Кайский-Барабинскиймен Алтайлықтар, Бийскі, Семейден, Жетісудан көп қазақтар болды әр рудан. Бірнеше мың қазақтар бар. 1930 жылы оларға алғаш газет қазақ тілінде арабша, кейін латын әрпімен «Қызылту» деген газет шықты. Қазіргі Павлодар облыстық «Қызылту» газеті. Редакторы Шалабаев, Ғабиден Мұстафиндер. Әминә Шалабаева Асқарқызы сол газетте қызмет етті.
Біз Новосибирьдің «Қызылту» газетін алып оқып тұратынбыз. Мында 1930 жылдар Әлкей Х. Марғұланның көптеген мақала, өлең және қисса-әңгімелері жиі шығатын. Әкем Дәуіт ақын 1930 жылдар газеттен Әлкейдің мақаласы деп қуанып оқып отыратын.
Әрине, өмірде талай қызық бар ғой, айта берсе есте қалған көп, бірақ бәрін айтып тауыса алмайсың.
1941 жылы сұрапыл соғыс басталды. Біз болсақ, соғысқа кеттік…»
Хаттың аяқ жағында бізге біршама мағлұм жайттар баяндалған. Әлекеңнің «құда баласы» соғыста әскери ұшқыш болып майданға қатысқан. Елге кешігіп қайтқан. Мұндағы ең қымбатты дерек, ол – Әлкей Марғұланның 1932 жылы ашаршылық кезінде Но­восибирьге барғаны, ондағы газетке белсене араласқаны. Бұл – бұрын көптің қаперіне ілінбеген шетін дерек. Н.Дәуітовтің жазуы бойынша, Ә.Марғұлан сол жолы Новосибирьге Омбы қаласынан келген. Демек, ашаршылық кезінде әр тарапқа босқан ағайындарын іздеген.
Алайда ұлы ғұлама Қандыадырда көмілген шешесінің қабірі мен Ер Олжабай атасынан қалған қасиетті де киелі мұраларды таба алмай, арманды, мұңлы күйде өмірден өтті. Ғұламаның осынау бір аштық апатын айтқан кездегі шарасыз құмығуы мен жасып қалған бейнесі қандай қасіретті еді десеңші. Немере туыс ағасы Төлепберген Тоғаев­қа жазған хатындағы айтқан Ер Олжабайдың зираты мен шешесінің қабірін арнайы іздеп барғаны, Дулат пен Хаханның басына белгі қойып, басын тұрғызғаны, қанша іздесе де өзі «Мен әкеме емес, шешем Нұрилаға тартып туғанмын», – деп жымия масаттанып қоятын анасы Нұриланың қабірін таба алмағаны туралы өкіне айтып еді. Әлекең дүниеден озған соң біраз жылдар академиктің мұрасын қадағалап, жинақтап, жүйелеп, жинақ етіп жарыққа шығару ісі салақсып кетті. Ұмыт қалатындай да көрінген. Алмағайып заманның аласапыраны мен жүректі жұбатқан Тәуелсіздіктің зайырлы қарбаласы да рухани мұра­ларға қатысты шараларды бір сәт кейінге ысырған болуы керек. Тек, 1994 жылы ғалымның қызы, медицина ғылымының кандидаты Дәнел Әлкейқызы Марғұланның бәйек боп жүріп шарқ ұрып, жанталасуының арқасында ғана Әлкей Марғұланның туғанына тоқсан жыл толуының сал­танаты туған жерінде аталып өтті. Негізгі қалам тарту мақсатымыз эпис­толярлық жанр болғандықтан да, біз де тура сол күндердің қас-қабағын, көңіл-күйін, қам-қаракетін білдіретін «Бауырында Қандыадырдың ту көмілген» атты баспасөзде жарияланған пікірімізге жүгінуді құп алдық. Мұнда, жоғарыда академиктің өзі арамандап өткен Ер Олжабайдың туы мен Нұрила шешесінің зиратын ғұламаның қалай іздегені және олар қандай жағдайда жерге көмілгенінің куәсі, Әлекеңнің келіні Сәлиман апайдың баяны баян­далған.

27 шілде. 1994 жыл.
«Ұлт өмірінен ұмытылып қалатын елеулі тұлғалар да болады. Керісінше, заман парағы ашылған сайын бейнесі ұлт тірішілігімен етене тамырласып, рухани өзекке айналатын ғұламалар да кездеседі. Соның бірі – Әлкей Марғұлан. Аумалы заманның әсері ме, кім білсін, осынау дала дегдарының 90 жасқа тол­уына байланысты бүгінде тағаны Ертіс-Қарағанды каналына айналған шежірелі Шідертінің жағасында дүбірлетіп той өткенін «Жас Алаш» газетінен басқа ұлттық басылымдар ұмытып та кетті. Телерадио компаниясы да назарға ілмеді. Онда сол Әлкей Марғұланның жас шәкірттерінің біразы қызмет істейтін еді. Өмір деген солай. Сол кемшінді «Жас Алаштың» беті арқылы біз толтырсақ деген ниетпен қолға қалам алдық. Бұл мақала – жолжазба ем­ес. Бірақ әңгімені сол жол үстіндегі ойдан өрбітпекпіз.
Әлкей Марғұланның ата-бабасының қыстауы Қарағанды мен Баянауылдың тура шекарасында болғандықтан, жол орайына қарай Алматыдан аттанған аз қонақ көміршілердің астанасына бет алды. Қарағандыдан қарт, бірақ жүрегі жас қаламгер Жайық Бектұров пен Екібастұз ауданы әкімшілігінің қызметкері Қайыр Шарипов қарсы алды. Жолай ғалымның туған келіні Сәли­ман Хақанкеліні Марғұлан апай қосылды.
Сол сәттен бастап осы жолжаз­баның иесінің біріне (бізге – Т.Ж.) Әлкей Марғұлан мұңдана отырып шерткен сыр ашылды. Бұрын солтүстіктен шығысқа қарай ағатын Шідерті өзені­нің енді шығыстан терістікке ағып жатқан арнасын бойлай жүріп отырып Қандыадыр деген жерге келгенде аял жасадық. Бұл – қазақтың тарихын екі мың жыл арыға апарған Әлкей Мар­ғұлан­ның өмір бойы іздеген, арманда кет­кен анасының зираты жатқан жер еді. Оның мәнісін Сәлиман апай былай әңгімеледі:
– Бұл арада ағатайымның (Әлкей Марғұланның) ұлы арманы көмулі жа­тыр. Ел-жұрт ашаршылыққа ұшы­рап, қудалауға түскенде ағатайым Петерборда еді. Елге келе алмады. Ал елде қалған атамның ұрпақтары (Дулаттың – Т.Ж.) жаппай тәргіге түстік. Сол тәргілеу кезінде қолға алы­нып, қор болып кетпесін деп менің қосағым Адашқа Нұрила енеміз ата-баба мұраларының барлығын жидырып алды да, өртетіп жіберді. Тек атақты Олжабай батырдың туы мен көне жазбаларға қолы тигенде, Адаш: «Шешей, бұларға тиісе көрмеші. Әлкей аға келген соң маған ренжиді ғой», – деп өтініп тұрып алды. Ағатайымның аты аталған соң ғана сөзге тоқтады. Содан ашаршылыққа іліндік. Күн үшін бүкіл әулетімізбен Қарағандыға қарай босыдық. Осы Қандыадырға келгенде Нұрила анамыз көз жұмды. Өлерінде: «Адаш, мені мына Олжабай бабамыздың туына орап көм. Әруағы қолдап жатсын, жарықтықтың. Біреу-міреу біліп қойса, сендерге пәле болады. Ал ана көне қағаздарды да менімен бірге көм», – деді. Анасының соңғы өсиетін ұлы Адаш орындады. Марқұмның денесі бабамыздың туына оралды. Кітаптар мен қолжазбалар, талыстағы жазулар сандықшаның ішіне салынып, бірге көмілді. Одан 37-жыл мен соғыстың зауалы төнді. Тек 45 жылы ғана ағатайым туған інісі Адашқа хат арқылы анасы Нұриланың зиратын іздеп табуды тапсырды. Содан 73-жылы жазда келіп інісі екеуі осы Үлкен және Кіші Қандыадырдың бауырын үш күн шарлады. Қорымдарды қазды. Ағатайымның кәсібі ғой. Бірақ Адаш: «Әр зираттың басын қазып, әруақтардың киесіне ұшыраймыз, ағатай», – деп райынан әзер қайырды. Адаш анасы Нұриланың қай жерге жерленгенін ұмытып қалыпты. Ашаршылықта кімде ес қалды дейсің. Әйтеуір, ата- бабасының және туыстарының басына үлкен қорған орнатты, – деп Сәлима апай бір күрсінді.
Сол сапарда Әлкей Марғұланның қасында болған немере інілері де қасы­мызда еді. Мұның шындығын растап берді. Екі облыстың тура шекаралық сызығындағы шаруашылық деген сөзді оқығанда, марқұмның жалғыз қызы Дәнел мен нағашысы, ғылым докторы Ер­кін өксіп жіберді. Жол шетіндегі тө­беде Әлкей марқұм өзі соққан зиратта Хақанның, Марғұланның, Дулаттың және өзге де туыстарының, інісі Адаш­тың қабірі бар екен. Оған дұға оқылды. Шындығын айтқанда, біз де егіліп кеттік. Себебі, Марғұлан ауылына бұрылғанда кездескен орысша тәрбиеленген ауылдың жігіті бізге: «Қош келіпсіз, Марғұлан біздің рудан емес еді, сонда да…» – дей бергенде Ер­кін: «Не дейсің? Марғұланда ру бар ма еді, ол қазақ емес пе!» – деп тиып тастаған.
Ана тілін білмейтіндер толып жа­тыр, бірақ руын білмейтін қараможан жоқ-ау. Бөлінуге келгенде ақыл сұрамай­мыз, бірігуге келгенде ақыл өтпейтіні не екен? «Степнойдың» атын Марғұлан деп өзгерту үшін өмірін арнаған екі-үш қария көз жазып кетіпті. Бұған қарсы болған өзге этностардың өкілдерінің арасында тегі қазақ, бірақ бәрі де осы өңірдегі жеті атасы басқа, арғы атасы бір қазақтар да болыпты. Е дүние, өз ата-бабасының қыстауын Әлкей Марғұланға қимайтын ағайындар, Мұзбұлақты – Молодежный, Шідертіні – Родниковый деп атауға арланбайды. Ойланатын-ақ мәселе».
Біздің бұл өкінішімізден гөрі 32-жылғы және одан кейінгі бес жылдағы көрген көрешегі әлдеқайда қасіретті еді. Осындай құсалы күйде оралған Ленинградта Әлкей Марғұланның жеке басы үшін ең ауыр, өлім мен өмірдің арасының шекарасы жойылып кеткен, өз сөзімен айтсақ, «алапат жойқын күндер» күтіп тұрды.

(Жалғасы келесі санда)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір