Тарих дегеніміз – идеология
11.03.2022
736
0

Өмір Шыныбекұлы

Білім беру және ғылымды дамыту мәселелері қашанда күн тәртібінен түспесі анық. «Білімді ұлт» атты сапалы білім беру ұлттық жобасы аясында талай жұмыс жоспарланып, жүзеге асып та жатыр. Ал тарих – әрі білім саласының, әрі ғылым әлемінің ортақ тақырыбы. Тарих пәнінің мектеп бағдарламасындағы орны, бұл бағыттағы оқулықтардың сапасы, тарихи деректерді біріздендіру мәселелері жақында ғана Петропавл қаласында өткен Қазақстан мектептері тарих пәні мұғалімдерінің құрылтайында жан-жақты қарастырылды. Осы орайда аталған жиынға қатысып қайтқан ұстаз Өмір Шыныбекұлының мақаласын оқырман назарына ұсынып отырмыз.  

 Шағатай ұлысы да – қазақ тарихы емес пе?      

Республика мектептері тарих пәні мұғалімдерінің құрылтайы елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылды. Жиынның Қазақстанның басқа өңірінде емес, солтүстік нүктесінде өтуі де жайдан-жай болмаса керек. Құрылтай өз жұмысын «Орта мектепте тарихты оқыту мазмұны, үлгілік оқу бағдарламалары мен жоспарлары, оқулықтар (№1-секция)», «Білім алушылардың оқу жетістігін бағалау: проблемалар, ұсыныстар (№2 секция)», «Мектеп оқушыларының тарих пәні бойынша ғылыми-жобалық зерттеулері (№3 секция)», «Республикада тарих пәні мұғалімдерін дайындау, кәсіби біліктілігін арттыру, аттестаттау: жағдайы, проблемалары (№4 секция)», «ҚР орта білім беру ұйымдарында тарих пәнін оқытудың тұжырымдамалық негіздері (№5 секция)» секілді бірнеше секцияға бөліп, проблемаларды талқылап алудан бастады. Түс қайта өткен жалпы отырысты Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім акадекмиясының президенті Ғани Бейсембаев жүргізіп, жиынды ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов қорытындылады.

Мен №-1 секцияның жұмысына, яғни оқулық мазмұны бойынша талқылауларға қатыстым. Оның да өз себебі бар. 2020 жылдың 5 наурызында БжҒ министрі А.Аймағамбетов Алматы қаласына Қазақстан тарихы оқулықтарын жазатын ғалымдарды жинап, оқулық мазмұнын ортаға салған-ды. Сол жиынға еліміздегі мектеп мұғалімдерінен жалғыз мен шақырылып, ғалымдарға өзімнің сын-пікірлерімді айтқан болатынмын. Министріміз түртіп алған еді.

Кешегі өткен жиында сөз алған Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры З.Қабылдиновтің сөзін тыңдап отырып, менің 2020 жылы айтылған ұсыныстарым сол жерде қалғанын түсініп, жарыссөзге шығуға мәжбүр болдым:

– Барлық ғылым керек… Менен бұрын сөйлеген шешендердің сөздері кейінгі кезде айналамызда болып жатқан оқиғалар тарихқа деген қасаң көзқарасты өзгерткені қуантып отыр. Тарих дегеніміз – идеология. Тарих оқулығына жай ғана ресурс деп қарауға болмайды. Меншік түріне қарамай, еліміздің мектептерінде Қазақстан тарихы тек бір ғана оқулықпен оқытылуға тиіс.

Жаңа осында сөйлеген тарихшы-ғалым З.Қабылдинов мырза 7 томдық «Қазақстан тарихы» дайын болғанын айтты. Соның 3-томының мазмұнын көріп, 2020 жылы мен айтқан ұсыныстың ескерілмегенін ұқтым. Біз тағы да тек Жошы ұлысының тарихын ғана оқытатын болыппыз. Өздеріңіз білесіздер, Шағатай ұлысына Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Қазақстан толық кірді. Қазір бұл жерлер – Түркістан, Жамбыл, Алматы  облыстары. Бұл өңірлерде (Алматы, Шымкент секілді мегаполистерді қоссақ) Қазақстан халқының шамамен 45 пайызы тұрады.

Шағатай ұлысының орнында XIV ғасырда Моғолстан мемлекеті құрылды. XV ғасырдың екінші жартысында осы Моғолстан жерінде Қазақ хандығының негізі қаланды. Олай болса, Шағатай ұлысы мен Моғолстан мемлекетінің тарихы қалайша бізге бөтен болады?

7-сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығында Шағатай ұлысы мен Моғолстан мемлекетіне 1 параграф қана арналған. Ал 10-сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығында Шағатай ордасы мен Моғолстанға 4-5 жол ғана бар. Меніңше, Шағатай ордасы мен Моғолстан тарихы да Жошы ұлысының тарихымен бірдей Отан тарихы ретінде оқытылуы керек.

Осындай көзқарастың әсері болса керек, 1916 жылғы Ұлт-азаттық қозғалысының тарихына Мырзашөл қазақтарының, яғни Жызақ-Шымқорған қазақтарының көтерілісінің тарихы енбей қалды. Бұл туралы деректер Ташкент, Жызақ архивтерінде баршылық, – дедім.

«Өлкетану» пәнінің сағаты аз

Жиында жалпы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы сабақтарды тарихи орындар мен музейлерде өткізу туралы керемет ұсыныстар айтылды. Бірақ қаржы қарастырылмағандықтан оқушыларды апаруға мүмкіндік болмай тұр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылған «ұлттық кодты» ояту үшін мектептердің 5-7-сыныптарында «Өлкетану» пәні енгізілгені керемет болды. Әйтпесе, өзіңіз ойлап қараңызшы, ежелгі Грек, Рим, Қытай, Үнді, Мысыр тарихын білеміз. Ал туған ауылымыздың тарихынан мақұрымбыз. Соның кесірінен қаншама құнды тарихи-археологиялық ескерткіштеріміз аяқ асты болып жатыр. «Өлкетану» пәні осы олқылықтың орнын толтырар еді. Өкінішке қарай, «Өлкетану» пәні 5-7 сыныптарда 3 жылда бар болғаны 20-ақ сағат. Келешекте 5-7 емес, 5-9-сыныптарда «Өлкетану» пәнін аптасына 1 рет өткізуге қол жеткізу керек.

Бұдан өзге де айтатын мәселер баршылық еді, бірақ оны жиын регламенті көтермеді.

Мен бірнеше жыл жүгіріп жүріп, 2017 жылы Шымкент қаласындағы Өңіраралық архивпен бірлесіп, «Құнды құжат» атты облыстық байқау ұйымдастырдым. Байқаудың мақсаты – оқушылардың үйлеріндегі ескі фотосуреттерді, құжаттарды, қолжазбаларды, майданан жазылған хаттарды жинау еді. Жиналған құжаттардың құнды дегендерін аталған архив өз қорына алды. Мен оны өз тәжірибемде 2005 жылдан бері пайдаланып келемін. Мәселен, 7-сыныптың бір оқушысы үйіндегі қағаздардың арасынан тауып алған бір газеттің жыртығындағы мақаладан 1942 жылы Харьков қазандығында жоғалып кеткен 102-дивизия туралы білдік. Құрамында 11 373 жауынгері бар дивизия талқандалып, тірі қалған жауынгерлері неміс тұтқынына түскен. Тұтқыннан аман келген оншақты жауынгердің ұрпағын таптық. Сөйтсек, бәрі Польшадағы «Сталаг 318 F» концлагерінде болыпты. 2016 жылы мен бір журналист пен операторды алып, сол концлагерьде болып, деректі фильм түсіріп қайттық. Фильм қазақ және орыс тілдерінде «Екінші Дүниежүзілік соғыстың ашылмаған құпиялары – кеңестік тұтқындардың қилы тағдыры», «Неизвестные судьбы войны – Вторая мировая война» деп аталады.

2018 жылы «Құнды құжат» байқауы облыстық «Рухани жаңғыру» бағдарламасына енді. 2022 жылға дейін жыл сайын байқауды өткізуге 650 мың теңге бөлінетін болып еді. Байқау 1 жыл өтті де, тоқтап қалды. Қалған қаражат қайда екенін мен білмеймін.

Өкінішке қарай, жоғарыда айтылған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы тек сакралды орындарға көп көңіл бөліп кетті десем қателеспеймін. Мәселен, 2018 жылы сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысынан  республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне кірген 26 нысанның қатарында Төлеби ауданы Кеңесарық ауылында орналасқан Есім хан мен Сайрам ауданы Ханқорған ауылында орналасқан Абылай хан ордалары енбей қалды. Ары-бері шырылдадым. Мәдениет басқармасы енгізуге уәде берді. Енген-енбегенін білмеймін.

Мен ұзақ жыл естеліктер жинап, архивтер мен кітапханаларда отырып, 2015 жылы «Ауыл тарихы – ел тарихы» атты кітап шығардым. Сол кітапта тарихшы ғалымдардың назарынан тыс қалған біраз нәрсені қамтыдым. Қазақ хандығы тарихындағы үлкен ақтаңдақтардың бірі – «Қатаған қырғыны». Ұзақ жыл ізденіп, Есім хан мен Тұрсын сұлтан әскерлері арасында өткен басты шайқас болған жерді анықтадым. Есім ханның қатын-баласы тығылған Сайрамсу бойындағы «Сулы үңгір» атты үңгірдің арғы тарихы да, бергі тарихы да қызықты. Ал Кеңесарық ауылында орналасқан Есім хан ордасын барып көрген Халықаралық Түркі Академиясының археологтары «ол жерде сонау IV ғасырдан бері патшалар ордасы болған» деген пікір айтты. Өкінішке қарай, ол да зерттеусіз жатыр.

Осы айтылғандарды тереңірек зерттеп, ғылыми айналымға енгізу – тарихшы-ғалымдардың шаруасы.

 Созақ көтерілісі әлі толық зерттелген жоқ

Кенесары хан бастаған Ұлт-азаттық көтерілістің тарихын зерттеп жүрген тарихшылар үшін де тың жаңалығымыз бар. Мәселен, Ботбай Тойшыбек бидің баласы Байсейіт батыр көтеріліс жеңіліс тапқан соң ауылымен Сайрамсу бойындағы Сілбілі жеген жерге тығылған. Ауылды тау асып келіп қырғыздар қырып кеткен. Кәдімгі «Бауырластар зираты». Орны төмпешік-төмпешік болып әлі қараусыз жатыр.

Сондай-ақ  Оңтүстік Қазақстанның Ресейдің қол астына өту кезеңін зерттеуде де проблемалар жеткілікті. Соның бірі – «Иқан шайқасы» туралы мақала жазам деп, 2014 жылы «ұлтаралық араздықты қоздырушы» ретінде сотталып кете жаздым.

Оңтүстіктегі орыс поселкелерінің де тарихы толық зерттелмеген. Ұжымдастыру және ашаршылық тақырыбы – өз алдына бір төбе. Ұжымдастыру кезіндегі Созақ көтерілісі де әлі тұтас зерделенген жоқ.

Меніңше, 1932-33 жылдардағы ашаршылықта қанша адам қырылғанын шамалап болса да анықтауға болады. Мәселен, архивтерде 1929-31 жылдары құрылған артель-колхоздардың шаңырақ саны мен адам саны көрсетілген құжаттар жатыр. 1932-33 жылдардағы құжаттардың тұсында «изьято» деген штамп тұр. Ол қайда?

Сосын 1934-35 жылдардағы қорда колхоздардың тізімі мен адам саны көрсетілген құжаттар баршылық. Соларды салыстыра отырып, адам шығыны қанша болғанын шындыққа барынша жақындатуға болады.

Енді Екінші дүниежүзілік соғыс туралы бірер сөз..

Ресми тарих бұл соғысқа Қазақстаннан 1 млн 200 мың адам аттанып, 600 мың адам оралмай қалды дейді. Меніңше, бұл қате. Мәселен, мен қолымдағы шежіре мен архив құжаттарын салыстыра отырып, 1 атадан тарайтын 3 ауылды зерттедім. Сол 3 ауылдан 188 адам соғысқа аттанып, 122 адам қайтпай қалған. Яғни, үштен екісі оралмаған. Мұның бәрі 2015 жылы баспадан шыққан «Ауыл тарихы – ел тарихы» атты кітабымызда көрсетілген.

Айта берсек әңгіме де көп, жасайтын шаруа да жеткілікті.

Осы зерттеулерді өзге болмаса да, шамасы келгенін мектептің тарихшы мұғалімдері мен оқушылары, одан қиынын жергілікті жоғарғы оқу орындарының тарих кафедралары қолына алар деген үміттемін.

P.S. Жиынды қорытындылаған сөзінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов деректер мен фактілер бірізділенген базалық тарих оқулығы жазылатынын айтты.

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ,

Шымкент қаласындағы №41 мектеп-лицейдің тарих пәнінің мұғалімі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір