Ахаң менің шығармашылық өмірімдегі үлкен белесім
15.03.2022
1303
0

Байғали ЕСЕНӘЛІ, актер

Түсірілім алаңы барысында Мұраттың мені сыртымнан көбірек зерттегенін байқадым. Жазған кітаптарымды, ептеп ән шығаратынымды, өлең жазатынымды біліпті. Кастингке барғанда басқа актерларды грим, костюм жағынан көп әурелеп жатса, мені әурелемей, жан-жағымнан 3-4 адамға түсіртіп алыпты. Кейінен барып «Ахметтің үні, адамды сендіретін, нағыз қазақи сөйлейтін адам керек болды, аға, сізден соны таптым» деді. Әр режиссердың өзіндік ерекшелігі болғанымен, көп режиссердан көрмеген қасиетім Ахметті сыртқы келбеттен емес, ішкі дүниеден іздеуі болды. Демек Мұрат Ахметті өз қиялында жасап алған. Бұл көп әдебиеттер оқу арқылы, оның замандастарын оқу арқылы, Ахаңның кескін-келбетін, болмысын осылай-ау деп нақты құрап алған жігіт. Сонысымен ұнады да маған. Жұмыс барысында да талай көрінді. Кейбір пысықай актелардің «мен былай ойлаймын» дегеніне бағынып, тізгінді бос жібере салатын режиссер емес. Сізге қалай екенін білмеймін, бірақ мен көріп тұрған ақын былай болуы керек деп қай жағынан болсын өзінің нұсқасын айтты. Шынымды айтсам, Мұраттың аса білімділігін, Ахаңа өте ыждаһатпен келгенін сезіп, тізгінді жылқа тартып, асаулық танытпай шамамның келгенінше соның сұраған нәрсесін беруге тырыстым. Шетелде оқып келсе де, ұлттық болмысын жоғалтпағаны, ұлтым деген жүрегінің қуаты мені таңғалдырды.
Мәселен, театр Абайды қойғалы жатыр деген бір дыбыс шықса, жарасса да, жараспаса да барлығы театрға тақия киіп келеді. Ал енді Ахаңды осындай кастинг болғалы жатыр деген уақытта жұрттың бәрі тура шошақ сақалымен жүрді. Бұл жерде кейіннен барып естідім Мұрат 30-дан аса актерларды қараған екен. Ахаң әр актер үшін арман болғанымен бір нәрсені ескеру керек. Ахаңнан құлаған адам оңбай құлайтын еді. Себебі халық бұл тұлғасын сағынған, өзін осы тұлғаның алдында қарыздар санайды. Бүкіл еткен еңбегі үшін абақтыдан көз ашпаған, «апырмай не жазып едім бұл қазаққа» деп зарлатқаны да бар. «Маған ауыр осылардың бәрінен, өз ауылымның иттері үріп қапқаны» дегені де бар. Ешбір араша түсуге жарамағанымыз үшін де өкінетін болармыз. Ал енді сүйтіп жүрген қазақ Ахаңды соншалықты сағынып жүргенде, бұл рөлді ойнай алмай, көп рөлдің бірі болып қалғанда қарабасқан деген сол болар еді. Мен 30 жылдан аса актер болып келе жатырмын. Осы күнге дейінгі жиған тергенімнен бір-ақ күнде айырылып, халықтың алдында қарабет болар едім. Осы жауапкершілікті жақсы сезіндім.
Ахаң – өте терең адам. Шынымды айтайын, Абайды ойнау, Жамбылды ойнау соншалықты ауыр да емес, өйткені Абайды Қалекей, одан кейінгі Ыдырыс ағаларым ойнады. Абайды шамамен көз алдымызға елестетеміз. Ал Ахаңды шашымен, сақалымен, байыпты түрімен елестетуге болады, бірақ ол қалай сөйлейді, ол қалай киінеді, ол қалай оқиды, ол қалай қиналады, қалай күледі – осының бәріне ойша көп дайындық жасадым, іздендім. Образы осылай болады-ау деген адамдардың бойынан іздедім, тіпті күйінгеннің өзінде ол кісі жаман сөз айтпай, «апыр-ай» деуі мүмкін. Біреу үшін өз жүрегі ауырып қалатын адам ғой. Парасат биігіндегі сабыр керек болды. Ең қатты қорыққанымның біреуі, осылай дайындалып жүріп, жасандылық болып қалмаса екен дедім. Ол жағынан Мұратқа рақмет айтамын. Сондықтан да 10 эпизод түсіре ме, 15 рет түсіре ме, мен оған қарсыласпадым. Телехикаяның жақсы шығуы жанымдағы серіктестерімнің мықтылығының арқасы деп ойлаймын. Бұл киноны көргендер «2-3 күндей сол киноның сезімінен шыға алмадық» деп айтып жатты. Мұның бәрі Ахаңның ұлы рухы ғой.
Ең соңғы эпизодта Ахаңның суға түсетін жерін әскери бөлімде түсірді. Сол жердің суға түсетін жері түрменіңкіне ұқсайды екен. Казармада көптен бері сарбаздар болмаған. Содан да суы тастай, жылы суы бар екен, бірақ көп қолданылмай кеткеннен соң іске қосу қиын болды. Сыртта күн болса қара суық, оның үстіне мұздай суды төбемнен құйғанда аузымнан бу шығып, демімді ішіме тартып шыдайын дедім. Ахаң жарықтыққа біреу өлерінде су жылытып берді дейсің бе деп, тура осындай жағдай болған шығар деген ойда тұрдым. Мұрат қапелімде жаныма келгенде, «Ахаңнан біздің жанымыз ардақты ма, Мұрат» дедім, ол көзіне жас алды. Мұндай сәттер көп болды.
Менің ойымша, кино әлемі ерекше жаңарудың алдында тұр. Осы топтар тарқап кетпесе екен. Ахаң арқылы мен қайта жаңардым. Бұрыннан бері көп қайратты қажет ететін рөлдерді атқардық қой. Ахаң менің шығармашылық өмірімдегі үлкен белесім болып қала бермек. Осы рөлді маңдайыма жазған тағдырыма ризамын. Әлі талай мықты Ахаңдар болады ғой, бірақ мені жүрегімдегі ең сүйікті қазақ ұлтыммен Ахаң ретінде табыстырған ұлтыма ризамын. Бұл әрбір ақтердың арманы. Әрбір актердың өз рөлі болғанын тілеймін.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір