Шиеленістегі аймақ елімізге шекесінен қарап тұр
14.03.2022
532
0

Ресей мен Украина арасындағы қарулы қақтығыс Қазақстанның экономикалық ахуалына салқынын тигізіп, күн тәртібіне күрделі мәселелерді қойып отыр. Соның бірі – жүк тасымалына қатысты болып тұр. Жүк тасымалы тірелген кедергілерге байланысты Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров: «Бүгінгі шиеленісті халықаралық жағдай отандық бизнес өкілдерінің мүдделеріне кері әсер етуде», – деп дабыл қақты.

Парламент Мәжілісінің депутаты «AMANAT» партиясының фракция мүшелері атынан Премьер-Министр Әлихан Смайы­ловқа жолдаған сауалында қазақстандық кәсіпкерлерге тиесілі 1007 жүк вагонының шиеленіс аймағында тұрып қалғанын, 680 жүк вагонының шиеленіс аймағына жетпей тоқтатылғанын, жүк вагондарының транзит құны екі есеге өсіп кеткенін ескертті. Депутаттың айтуынша, логистиканың бұзылуына байланысты Еуропадан елімізге келетін тұқым мен тыңайтқышты және өсімдіктерді қорғау құралдарын жеткізу қиындап кеткен. Аталған тауарлардың көктемгі егістік жұмыстарына керекті 50 пайызы ғана жеткізілуі мүмкін көрінеді. Ал импорттан келетін өсімдікті қорғау құралдары егістікке қажетті құралдардың 90 пайызын құрайды екен.
«Отандық бизнес өкілдері жүздеген миллион теңге көлемінде шығынға ұшырауда. Үкімет әрекет етіп жатыр, бірақ мына заманда өте ширақ болуы керек», – дейді депутат.
Анықталғандай, еліміздің кәсіпкерлері көптеген халықаралық сауда брендтерімен Ресей арқылы жұмыс істеп келген. Қазір ол брендтерді Ресей тарапы шекарасынан шығармай отыр.
Мұнай тасымалдаудың да қиындығы артып барады. «Неге Үкімет кезінде мұнай тасымалы, сауда брендтерінің балама логистикасын ойластырмаған?» – деп сауал қойды депутат Премьер-Министрге.
Мұнай тасымалы мен жүк тасымалы өз алдына, рубльдің тез құлдырауы біздің елімізге Ресейден ағылатын азық-түлік импортының еселеп өсуіне алып келуі мүмкін. Бұл өз кезегінде қазақстандық азық-түлік өндірушілердің жағдайын мүлдем тұралатып жіберуі ықтимал. «Қаңтар қасіретінен» әлі ес жия алмай отырғанымызда, «жығылған үстіне жұдырық» болып, халқымызды баға мен девальвация алқымнан қысып жатыр.
Жоғарыдағы және өзге де жайттарды ескере келіп, депутат Ерлан Саиров Үкімет басшысына төмендегідей сұрақтар қойды:
1. Қазақстанның тасымал логистикасын әртараптандыруға қандай қадамдар жасалуда?
2. Халықаралық сауда брендтерінің Қазақстанмен тікелей жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін не істелуде?
3. Мұнай тасымалын әртараптандыруға қандай әрекет жасалуда?
4. Жалпы турбуленттік кезеңде Қазақстанның экономикалық мүддесін қорғаудың жаңа философиясы бар ма?
«Осы сұрақтарға заңда белгіленген мерзімде қарастырып, жауап беруіңізді сұраймыз», – деді депутат. Депутаттың сауалына қашан және қандай жауап қайтарылады? Оны алдағы күндерден күтеміз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір