Розаның әсем әлемі
09.03.2022
794
0

8-наурыз күні көктемнің алғашқы мерекесіне – аналардың, асыл жарлар мен ару қыздардың мейрамына арнап танымал әнші, композитор Роза Әлқожа Алматыдағы Республика сарайында концерт өткізбек. Ән кеші барысында Розаның тұңғыш жыр жинағы – «Кері ағыс» атты кітабының да тұсауы кесіледі.

Роза Әлқожаны жұртшылық алдымен журналист ретінде таныды. Оның өнер, мәдениет, әдебиет тақырыбындағы мөлтек сыр, оймақтай ойтүрткі, өткір пікірлері, сараптамалық мақалалары, сүбелі сұхбат- тары оқырман қауымды елең еткізетін. Әсіресе өнер туралы терең толғаныстарынан оның өз бойында да бұлқынып жатқан әлдебір бұла күштің бары сезіліп тұратын. Студент кезінде-ақ өз ортасында әнші қыз атанған Роза сол қабілет-қарымын, талант-дарынын танытуға аса асыға қойған жоқ. Бұл – бәлкім, оның қасиетті өнер алдындағы жауапкершіліктің зіл батпан салмағын сезіне білуі болар, өз мүмкіндігіне деген сенімі нығайып, бойындағы таланттың буырқана шығар сәтін күткені ме екен әлде… Қалай болғанда да, Роза өнер атты киелі сарайдың босағасынан өзіне тән қазақы ибамен имене аттады. Өнерсүйер қауымның ыстық ықыласын иеленіп, лайықты бағасын алған сайын мерейі үстем болып, мәртебесі биіктей берді. Міне, қазір қазақ ән өнеріндегі әйгілі Розалардың ізін жалғап, өнері өрлеп келеді.
Әуезді әншілігі мен сырлы сазгерлігі көрермен-тыңдарман қауымға, жалпы исі қазаққа әбден танылған соң барып, Роза Әлқожа талантының біз білмеген тағы бір қыры ашылды. Ол – ақындығы. Әсем әнімен көпшіліктің көңілінен шыққан өнерпаздың көкірегінен сырлы саз ғана емес, жүрек қылын нәзік шертер ойлы жыр да төгіледі екен. Әлеуметтік желіде анда-санда бір жарқ еткені болмаса, былайғы жұртқа белгісіз сол өлеңдер енді тұтас жинақталып, кітап болып басылып жатыр. Солардың бірнешеуін бүгін «Қазақ әдебиеті» оқырмандарының назарына ұсынып та отырмыз.
Алдағы шығармашылық кешінің бағыт-бағдары, жай-жапсары жөнінде әншінің өзі былай дейді:
– Концерттің аналар мен арулар мейрамына арналып отырғаны, әрине, айтпаса да түсінікті. Бірақ орындалар әндер тек мерекелік тақырыппен шектелмейді. Биылғы жыл қазақ елі үшін үлкен қиындықтармен басталды. «Қаралы қаңтардағы» белгілі оқиғалар бәрімізге де ауыр тиді, ел де есеңгіреп, билік те бір сәт дағдарып қалғандай болды. Әсіресе қимас жақындарынан айырылған жандардың қайғысына ортақтасып, жүрегіміз езілді. Өнер адамы да айналада, қоғамда болып жатқан жағдайларға бейжай қарай алмайды. Халықтың қасіретін өз қасіретіндей қабылдайды. Сондай ширыққан сәттерде ән туады, өлең туады, өнер туады. Менде де солай болды, қаңтар қырғынына арнап ән шығардым. Өлеңін ақын досым Ержан Алаштуған жазды. Концертімде орындалады. Тағы бір жаңа ән жоғары қабаттан үш баласымен бірге секіріп өлген анаға арналды. Ана деген құдіретті, Ана атты мейірімді осындай халге жеткізгеніміз жүрек ауыртты.
Қаңтар оқиғасынан бері де екі ай уақыт өтті. Рас, тән жарасы да, жан жарасы да әлі жазылған жоқ. Кейбір адамдар «сол қасіреттен есімізді жия алмай жатқанымызда концерт бергені несі?» деп мені түсінбей жүруі де мүмкін. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сондай ойда жүрген жандарға түсіндіргім келеді – мен әнім арқылы сол қаралы күндерде қамыққан жұрттың езілген еңсесін тіктеуге тырысамын. Айдың, күннің аманында балаларынан айырылып, аңырап қалған аналарымызды әніммен аялағым, жұбатқым келеді. Енді елімізде мұндай зобалаң болмасын, ана баласынан, жеңгелер мен келіндер асыл жарынан айырылып, қасірет шекпесін деп тілеймін! – дейді Роза Әлқожа.
Өнерімен (енді, міне, өлеңімен де) ел ықыласына бөленіп жүрген әнші арудың бар жүрек сыры, айтар ойы, шертер мұңы – әнінде. Розаның сол әсем әлеміне ынтызар қауымды тағы бір мазмұнды кеш күтіп тұр. Ән сал, Роза!

Сәкен СЫБАНБАЙ

ЖАРАЛЫ КИІК
Әр таңы сыйлар мол үміт 
Арқаға барғам торығып.
Арқалап қайттым бір мұңды,
адасқан киік жолығып…

Оның да жаны жаралы, 
Менің де жаным жаралы.
Бір күйік күйді бұл киік,
баяндай шертіп барады.

Ақсайды, мұзда таяды,
ауырды-ау құлап аяғы?!
Жаралы болған жүректе
бақыттың болмас баяны.
Тапталса жерге ар-намыс,
танытпа оған таңданыс. 
Қиянат көрген жүрекке
зиярат қана… алданыш. 

Ібіліспенен келіскен
арсыздың бағы неге үстем?!
Түн болса жылар тірліктен
түңіліп кеткен періштем. 

Арманы құлап биіктен,
таба алмай жүрген күйікке ем…
Жансебіл еткен жалқыны,
Жалған, сен неткен сүйікті ең?!

… ТІЛЕКТЕР
Бір у бар, ішкің келетін
дертіңнен.
Бір тор бар, түскің келетін
еркіңмен.

Көңіл бар, ұмытқың келмей,
еске алар.
Өмір бар, сүріп те үлгермей,
кеш қалар.

Жандар бар, кешіргің келер
тездетіп.
«Шамдар» бар, өшіргің келер,
көрінбеген соң көзге түк!

…ЖҮРЕКТЕН СҰРА!
Жақсыны қимай өзіңе,
жарықты қимай,
нәзік сезімді алдың ба
ұрлатып мүлде?!
Жасық күндерден жай ғана
қалыпты шимай,
жаныңның жасын жүресің
құрғатып түнде!

Кінәмшіл екен бұл көктем. Күмәні көптей,
күз-көңіл көрсең, шындықтан
қашатын өзің!
Болғаны жақсы-ау
сырбаздың сыңары Бектей,
болмасқа бірден көңілді
ашатын өзің!

Тағдырдан қашып, не таптың
Өлеңнен қашып?!
Лайланбайтұғын бар ма екен тұнық көл, сірә?!
Керектен қашып, жүргенше
көлеңкең басып,
жаныңа кім, не қажетін жүректен сұра!

ТҮЙІН
Неге жаным мың жамау бүгін менің?
Жазғырумен жүректі тілімдедім.
Мезгіл жетпей, мұң болды мойығаным,
Сүйегіме сын болды… сүрінгенім!

Назы бөлек жүректен назаны аңғар,
Жан арылтпас ар кескен жазадан бар.
Өзін-өзі кінәлай береді ылғи,
Негізі… таза адамдар!

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір