Қазақтың Мендельсоны
09.03.2022
836
0

Досым Қасымұлы Сүлеев! Бұл есімнің халыққа етене жақын болғанына жарты ғасырдан асты. Таныстырудың өзі артықтау да секілді. Десе де, бүгінде жетпіс бестің асуына жетіп отырған Досекеңнің есімі ең алғаш 1967 жылы сол тұстағы ҚазПТИ-нің 3-курс студенті кезінде дүркірей шыққаны анық. Досекеңді танытқан – даңқты «Дос-Мұқасан» ансамблі.

Ансамбль қалай дүниеге келді? 60-жылдардың ортасы мен 70-жылдардың басы көптеген қазақ жастарының өнер-білімге барынша ден қоя бастаған шағы еді. Батыстың әуеніне еліктеуші гитара ұстаған жастардың қатары көріне бастаған. Тіпті қандай күш әсер еткені белгісіз, сол бір кезеңде ауылдарда көркемөнерпаздар үйірмелері де жақсы жұмыс істеп, баян, гармондарын құшақтап, ән айтушы жастардың қарасы көп болғаны да рас. Ал гитара үнінің әсері тым ерекше еді. Жүйесі капиталистік елдерден тіпті бөлек кеңестік қоғамға батыстық жастардың гитара үнімен жарыса да, даурыға, қарлыға қатар шыққан дауыстары бізге мүлдем жат, жағымсыз естілетін. Алайда ағылшынның шаштарын жалбыратқан «Битлз» ансамблі жігіттерінің әнді бастарын шұлғи, жұлқына айтар мәнері жастарға едәуір ықпал етті. Кеңестік идеология оларға еліктеуге тыйым салды. Соған қарамастан, жастар америкалық әнші Дин Ридтің де ән айту тұрпатын ұнатты. Оның гитарамен айтқан әндерін, пластинкаларын кейбіреулер есебін тауып, сатып алып жатты. Оған еліктеп, гитара құшақтаған жастар аула-аулаларында түн жарымға дейін отырып ән айтуды әдетке айналдырды. Бір қарағанда, айтқан әндерін жұртшылық жылы қабылдай бастады. Осындай еліктеудің «арқасында» Грузияда «Орэра», Ресейде «Голубые гитары», «Веселые ребята», «Поющие гитары» секілді вокалды-аспапты ансамбльдер дүниеге келді. Бұлармен ілесе бүкіл Қазақстан бойынша тұңғыш болып «Дос-Мұқасан» ансамблінің іргесі қаланды. Бұлардан кейін барып Ресейде «Самоцветы», Белоруссияда «Песняры», Өзбекстанда «Ялла», Украинада «Кобза» және басқа да жұртты үніне еліктірген ансамбльдер бірінен кейін бірі елге таныла бастады.
Оңтүстік өңірде көпбалалы әскери отбасында дүниеге келген Досым – үйдің тұңғышы. Әкесі Қасым ақсақал – Отан соғысының ардагері. Анасы Айнаш орта мектепте мұғалім болды. Досекең үшінші сыныптан бастап Кентау қаласында оқыды да, орта мектепті сонда бітірді. Орыс, украин, грек секілді, түрлі ұлт өкілдері оқыған сыныптағы 50 баланың ішіндегі жалғыз қазақ өзі еді. Ата-анасы музыкаға жақын болғандықтан, қарындасы Күләш екеуін қосымша музыка мектебіне оқуға берді. Досым баян класы бойынша, Күләш фортепианодан дәріс алды. Осылайша музыкалық аспаптардың қыр-сырын жақсы меңгерген, 7 сыныптық музыкалық білімі бар Досым Кентауда оркестр құрамында кешкісін кларнет пен саксофонда ойнап, өнерлі ортада көріне бастады. Халық алдына шығып, өнерге мейлінше бейімделді, ашылды, ұяңдау еді, ысылғанын өзі де байқады. «Дос-Мұқасанға» барар жолдың алғашқы қадамы осылай жасалған-ды. Бала кезден математика, физика, химия пәндерін сүйіп оқыды. Осы пәндер бойынша қалалық олимпиадаларға неше мәрте қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Мектеп бітірген сәтте көңілі музыканы қанша қаласа да, ата-анасының ұйғарымынан асып кете алмады. ҚазПТИ-дің автоматика және есептеу техникалары факультетіне құжат тапсырып, бір орынға 13 адамнан талас болған үлкен конкурста бағы жанып, студент атанды.
Студенттік өмірде алғашқы күннен-ақ өнерге жақын қыз-жігіттер бір-бірін өздері іздеп тауып, жақындасып кетті. Кешке қарай жиі бас қосатын болды. Әсіресе жексенбі күндері жиналып, жарыса ән айтып, би билеп, уақыттарын көңілді өткізуді дәстүрге айналдырды. Әркім өз өнерін ортаға салды. Осындай шақта музыкалық білімі бар Досымның мерейі үстем болып жүрді. Төңірегіне өнерлі қыз-жігіттер көптеп топтала бастады. Тіпті өзге факультеттердің студенттері бөлмесіне іздеп келуді шығарды. «Ән кешін, би кешін ұйымдастырайықшы!» – дейді олар. Мұрат Құсайынов, Қамит Санбаев, МейірбекМолдабеков гитарада ойнаумен қатар, жағымды дауыстарымен де көзге түсті. Бірігіп айтқан әндеріне жұрт ризашылықпен қол соқты. Мұндай қошемет өнерлі жігіттерге күш-қуат беріп, жігерлеріне жігер қосты.
Бәрін айт та, бірін айт, жасы жиырмаға жеткен Досым 1967 жылдың жазында Политехта құрылған құрылысшылар жасағының құрамында, жаңағы өнерлі достарының біразымен Павлодар облысына аттанған-ды. Бұларға Баянауыл ауданындағы Мәдениет үйінің құрылысын жүргізу жүктелді. Жазғы еңбек семестрін өткізуге мұнда интернационалдық студенттік құрылыс жасағы да келген болып шықты. Қылшылдаған жас қой бәрі, әзіл-қалжыңдарын айта жүріп, жұмысты да жылдам істейді. Бірде кешкісін Досым бас болып, шағын концерт ұйымдастырған. Бұлар бар өнерін ортаға салып, концерт қыза түскен шақ болатын. «Жарайсыңдар, жігіттер!», «Тағы да ән айтыңдаршы. Міне, тамаша!» деп, дуылдата қол соққан жұрттың қолпаштауы бұларды еліктіре түскен. Дос бастаған жігіттер сол екпінмен тағы да екі-үш әнді орындап тастады. Гитараға қосылған, даңғыр-дұңгыр еткен дауылпаз үні ауыл түнін дамылсыз тілгілеп, жаңғыртып тұр. Арпа ішіндегі бір бидайдай әрі гүлдей болып көрінетін, арада жүрген бірді-екілі қыз болмаса, құрылысшылардың дені – жігіттер. Олар бірінен кейін бірі желпініп келіп әлгі екі қызды ортаға биге шақырып, әбден діңкелетті-ау! Жастық шақ деген қандай керемет десеңші! Бұған ренжіп жатқан қыздар жоқ. Құрылыс жасағындағы Венгриядан келген студенттердің жетекшісі Янош Карпоти деген жігіт бағанадан бері орнынан тұрып концертті тамашалап тұрған. Жұмыс арасында онымен анда-санда қысқа ғана сөйлесіп жүргенде Досымның бір аңғарғаны: Янош – салмақты да, байсалды жігіт. Жетекшілігіндегі жігіттер берген «бұйрығын» бұлжытпай орындайды. Соған қарап беделін де байқаған. Концерт соңында байсалды жігітіміз дауыстап, жиылған жұртты өзіне қаратты.


– Уа, халайық! – деді ол сәл ойлана күлімсіреп. – Мына өнерлі қазақ жігіттерінің ән айтулары, қимыл-әрекеттері маған қатты ұнап тұр. Бұлардан бір жақсы топ шығатынын айтқым келеді. Тыңдап тұрған жұрт тағы не дер екен дегендей, сілтідей тына қалған. Демін ішіне алған Янош сөзін ары жалғады. – Жігіттерден ансамбль құру керек. Оның атын да дәл қазір ойластырып қойдым. Қаласаңдар, айтайын топтың атын. «Дос-Мұқасан» десек! Оған қалай қарайсыңдар?
– Дос-Мұқасан?! – деді отыруға жайғасқандардың бірі.
– Оны қалай түсінуге болады? – Тағы бір дауыс қосылды.
– Иә, Дос-Мұқасан! Дос – Досым, Мұ – Мұрат, Қа – Қамит, Сан – Саня. Міне, бұл алдарыңда тұрған мына жігіттердің есімдерінің бастапқы алғашқы буын аттары.
– Міне, тапқырлық, Янош! Жарайсың! Қалай ойыңа келген…
– Өте дұрыс! Топ атауы келісіп-ақ тұр! Жұрт дуылдай қол соқты.
Яноштың Саня деп тұрғаны – ұрмалы аспапта ойнайтын Александр Литвинов. Міне, сол күннен бастап «Дос-Мұқасан» атанған топ жігіттері күнде кешкісін концерттерін ұсынып, гитара үні ауылдың жазғы кешін бұлар Алматыға қайтып кеткенше әнге бөлеп тұрды.
Құрылысшы жігіттер жазғы еңбек семестрін осылайша өте көңілді өткізді әрі әнші топ жаңа атаумен оқуларына оралды. Институт басшылығы, алдымен деканаттағы профессор-оқытушылар, қала берді институттың бүкіл студент қауымы оқу орнында жаңадан құрылған «Дос-Мұқасан» ансамблі жайлы біртіндеп хабардар бола бастады. Досым бастаған өнерлі жастардың өнеріне тәнті болған институттың әкімшілік басшылығы, партия ұйымы бұларға үлкен қолдау көрсетті. Ансамбльге қажетті түгел музыка аспаптарын сатып алуға қамқорлық жасады. «Дос-Мұқасанды» ұйымдастырушы әрі оның тұңғыш жетекшісі болған Досым Қасымұлы Сүлеевтің есімі осылайша мәңгілік тарихта қалды.
«Дос-Мұқасан» ансамблінің атақ-даңқы композитор Досым Сүлеевтің жетекшілігімен жаңа эстрада әндерін халыққа ұсынуымен, халық әндерін жаңа үлгіде өңдеп, шырқауымен дүркірей шықты. Тыңдаушы әр жүрекке жол тапты, концерттеріне жұрт қалмай баратын болды. Тіпті Алматыдағы Республика Сарайында ансамбль үш күн қатарынан концерт бергеннің өзінде де, жұрттың қарасы бір үзілмеді. Кіруге билет жетпей, жұрт сарайға есік-терезені бүлдіре жаздап, жамырай кіруге әрекет жасағанын қайтерсің! Бұдан халықтың жаңа нақыштағы әндерге сусап қалғанын, жаңа өмірге құлшыныс-талпынысын аңғаруға болар еді. Ән құдіреті деген осы! Қандай ұжым болсын, ынтымақ пен бірлік, татулық, өзара сыйластық қарым-қатынас үстемдік құрған жерде, жетістік, табыс болады. Досым Сүлеев бұл қағиданы берік ұстанды және ансамбль мүшелеріне қатаң тәртіп пен талап та қоя білді. Міне, соның нәтижесі: ансамбль 1973 жылы кәсіби эстрада әртістерінің Минскіде өткен Бүкілодақтық конкурсында лауреат атанды. Ал бұлар кәсіби музыкант та, кәсіби әнші де емес еді!
Көп кешікпей сол жылы Берлинде өткен Х Бүкілдүниежүзілік жастар мен студенттер фестивалінің лауреаты және Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының иегері болды. Бүгінде партия, комсомол деген терминдерді қанша жерден көңіліміз қаламай тұрғанымен, ол кезде алға ынталандыратын, жетелеуші тұтқа-күш – осынау идеологиялық ұйымдардың игі бастамалары болатын. Сонымен қатар қажырлы еңбек етудің, талмай ізденіс пен талпыныстың қажеттігін әркімнің және әрдайым естен шығармайтын қағидасы болуы шарт екенін күрт өзгерген мына бүгінгі заманда азаматтардың, әсіресе, жастардың түсінгені абзал-ақ.
Республика жастарына эстетикалық, мәдени-тәрбие беруде, ұлтымыздың рухын көтеруде, сана-сезімі мен патриотизмді арттыруда «Дос-Мұқасан» ансамблі ел өмірінде өлшеусіз үлкен рөл атқарды. Қазақстан атын, қазақтай ұлт бар екенін шетелдерге паш етті, танытты. Осы еңбектері ескеріліп, Павлодар қаласында және Атырауда «Дос-Мұқасанға» арналған кешен ашылды. Астанадағы Еуразия Ұлттық университетінде композитор, ғалым, академик Досым Сүлеев атындағы стипендия тағайындалды.
Талантты композитор Досым Сүлеевтің қазақ радиосы мен телевизияның алтын қорында 20-дан астам танымал әндер жиынтығы сақталған. Солардың ішінде «Той жыры» әнін ансамбльдің беташары деуге болады. Сөзін әріптес курстасы Ұлықпан Сыдықов жазып, екеуі бірге оқитын Мұрат Құсайыновтың үйлену тойына арнап, аяқ асты шығарып, тойда алғаш шырқалған бұл әнді сол сәтте хит болады деп ешкім де ойламағаны анық. Бұрындары Неке сарайларында, үйлену тойларында үнемі «Мендельсонның шеруі» («Свадебный марш Мендельсона») шырқалып келсе, оны «Той жыры» әні ығыстырды. Бұл әнді үлкен де, кіші де шырқағаны, сүйіп тыңдағаны, әннің ырғақты биге шақырғаны анық. Сондықтан бұл әнді дүниеге келтірген талантты композитор Досым Сүлеевті осы күні жұрт қазақтың Мендельсоны атап жүр. Несі бар, орынды берілген баға!
Автордың 1978 жылы алғашқы әндер жинағы жарық көрді. «Той жыры» әнімен қатар, композитордың «Алматы түні», «Күт мені», «Жан досым» (сөзі Т.Молдағалиевтікі), М.Шахановтың өлеңіне жазған «Бақытқа барар жолда», Қ.Мырзағалиевпен бірлескен «Дала», Б.Тәжібаевтың сөзіне жазған «Әже әлдиі», Б.Жұмаділовтың өлеңіне жазған «Это ты» әндерін жұрт жақсы біледі. Бұл әндерде махаббат, достық, сағыныш сезімдері тұнып тұр. «Жан досым» әнін Досым Қамит пен Мейірбекке арнады. «Дос-Мұқасан» әндерін, оның ішінде жаңа қырынан қисынын қиюластырған халық әндерін жұртшылық неге бірден жылы қабылдады? Себебі ансамбль мүшелері ұлттық әуендер мен халық сазын негізге ала отырып, заман талабына сай бейімдей, оны жаңа ырғақпен үйлестіру, қабыстыру, өзара үндестіру арқылы жүректерге жол таба білді. Осындай сәтті ізденістердің бір жемісі «Құдаша», «Ауылың сенің іргелі», «Дудар-ай», «Жайдарман», «Он алты қыз», «Ләйлім шырақ», Абайдың «Қараңғы түнде тау қалқып» әндерінің тың әуенмен жарасымды үйлесім табуы дер едік.
Жігіттердің ортасында жарқыраған жалғыз гүл – Құрманай Омарова еді. Ол ертеректе марқұм болып кетті. Сәл кейінірек зайыбы Шәріп Омаров, ал осы ғасырдың бас жағында досы Бақытжан Жұмаділов мына өмірден қол бұлғап кете барды. Досым бүгінде қалған достарынан әлі күнге қол үзген жоқ. Қазақтың Мендельсонының жүрегі жұмсақ, қанша дегенмен, ол да көп қатарлы пенде болғанымен, сезімі табиғат атаулымен үйлесім тапқан ерекше жан.

* * *
Тағдыр деген қызық қой. 2001 жылға шейін бірқатар мемлекеттік органдарда лауазымды қызметтер атқарған Досым Сүлеевті сол жылдың жазында бір кездері өзі оқыған Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетіне қайта оралтып, оның ректоры болып тағайындалды. Онда 2008 жылға шейін еңбек еткен жылдарда университеттің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосты, өз қолтаңбасын қалдырды. ҚазҰТУ-дың материалдық-техникалық базасы кең көлемде нығайып, оның барлық негізгі қызмет көрсеткіштері айтарлықтай жақсарды, студенттер қатары екі есе өсті. Университет толығымен мемлекеттік тілге көшті, грант бойынша оқитын студенттер саны жағынан Қазақстанның барлық жоғары оқу орындарының көшбасында болды. Университет оқытудың несиелік жүйесіне және жоғары білімнің көп сатылы жүйесіне көшті. Нәтижесінде 2005-2007 жылдары университет тәуелсіз сарапшылардың зерттеуі бойынша елдегі техникалық жоғары оқу орындары арасында бірінші орынды иеленді.
Жоғары мектеп саласының талант­ты ұйымдастырушысы, техника ғылым­дарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Д.Қ.Сүлеев білім мен ғылым саласындағы кәсіби шеберлігі мен сіңірген қомақты үлесі үшін Кембридж халықаралық өмірдерек орталығының «Дүние жүзінің 2005 жылғы аса көрнекті педагогы» медалімен марапатталған. 2006 жылы көп жылғы жан-жақты қызметі үшін Американың өмірдерек институтының (ABI) «Жыл адамы» атағына ие болды. Сонымен бірге Қазақстан ЖОО-ның басқа елдермен ынтымақтастығын дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар шетелдік үздік жоғары оқу орындарының Құрметті профессоры атанды. Халықаралық және Қазақстан Жоғары мектеп ғылымы Академиясының, Халықаралық және Қазақ ақпараттандыру Академиясының академигі.
Сол кезеңде ҚазҰТУ-да еңбек ететін профессор-оқытушыларды, қызметкерлер мен қызметшілерді және студенттерді қосып есептегенде, 22000-дай адамды басқару бір жағынан қарасаң, оңай да шаруа емес еді. 2006 жылы ҚазҰТУ Қазақстан жоғары оқу орындары арасында студенттерге сапалы білім беру нәтижелерінің қорытындысы шығарылған республикалық конкурста «Үздік жоғары оқу орны» атанып, алдыңғы қатардан көрінді.
Профессор, ірі ғалым, жоғары мектептің іскер ұйымдастырушысы, Қазақстан Республикасының ірі қоғам қайраткері, дарынды музыкант, композитор Досым Сүлеев КСРО-ның және Қазақстан Республикасының 8 мемлекеттік наградасымен марапатталған. Ресей Федерациясының қоғамдық наградалар жөніндегі Ұлттық комитетінің «Ұлы Петр» орденінің және «Алтын адам» сыйлығының иегері. «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері», «Ғылымға сіңірген еңбегі үшін», «Білім саласының Құрметті қызметкері», «ҚР дене тәрбиесі мен спортына сіңірген еңбегі үшін», «Еңбекті қорғаудағы сіңірген еңбегі үшін» секілді басқа да бірқатар құрметті атақтары бар. 2007 жылы ел Президенті ғылым мен білімдегі зор еңбегін бағалап, «Алтын барыс» төсбелгісін өңіріне тақты.

Марат ӘБДІХАЛЫҚ,
Қазақстанның Құрметті журналисі, Мәдениет қайраткері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір