Қазақтың сал-серісі дәріптелді
13.03.2024
298
0


Алматы қаласы мәдениет басқармасы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №32 кітапхана бөлімшесінде Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәкен Нұрмақұлы Жүнісовтың туғанына 90 жыл толуына орай «Ақан сері» романын талдау болып өтті.
Жалпы, сал-серілік — қазақ халқы мәдениеті мен өнерінің жарқын белгісі, биік шыңы екені хақ. Ақындық, сазгерлік, әншілік, орындаушылық, адамгершілік, мәрттік, жомарттық, пәктік, зор абырой, тағы басқа ең ізгі қасиеттердің бәрі осыны мұрат тұтқандардың бойынан табылған. Сал мен сері деп аталатын екі тұлғаның бір-бірінен аз да болса ерекшеліктері бар. 
Сал дегеніміз — аса талантты, бір өзі бір театрдың қызметін атқаратын, ерекше әрі қымбат, әсем киінген, жүріс-тұрысы, іс-әрекеті мүлде бөлек, дүниесін, мал-жанын осы жолда аямайтын мәрт, жомарт жан. Оның киімдері кісі таңданарлықтай басқаша үлгіде тігіледі. Сән-салтанатты басқа, ер-тұрманы да сұлу әрі сымбатты, әшекейлі. Сал — халықтың еркесі, қызығы, думаны.


Сері де — сал сияқты әнші, күйші, ақын, өнерпаз. Оның киім киісі сұлі да сыпайы. Осындай өнердің сыртында ол — сұлу сүйген, жүйрік баптап, құс салатын, әрі аңшы, саятшы, әрі мерген, әрі палуан, әрі шешен, әрі шебер, қысқасы, халық сөзімен айтқанда, «сегіз қырлы, бір сырлы» аса биік тұлғалы азамат. Мысалы, атақты Сегіз сері осындай жігіт болған.
Сал-серілік екінің бірінің қолынан келе бермейді. Оған үлкен өнер, қазына, мол байлық керек. Олардың жүрген жері той, думан, қызық, мереке болғандықтан, ел-жұрт өздерінің серкесі, еркесі, мақтанышын шапан жауып көтермелеген. Сал-серілерді Әз-Жәнібек, Абылай хандардың өзі жоғары бағалаған, құрмет көрсеткен. Ақан сері, Біржан сал, Шерке сал, Дәурен сал, Нияз сері, Толыбай сал, Сейіткерей сері сияқты аты халық арасында мәңгі ұмытылмастай болып қалған ер-азаматтар көп болған.
Алты алашқа белгілі сері Ақан Қорамсаұлы жайлы романды талдауды философ, көсемсөзші ұстаз Әбдірашит Бәкірұлы бастап, белгілі қазақ жазушысы, асқан дарынымен «Сәкен сері» атанған Сәкен Жүнісовтың «Ақан сері» романы – қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік туындылардың бірі екенін атап өтті.

– Романға өзек болған Ақан өмірі арқылы өнер адамының қалтарыс-бұлтарысқа толы тағдыры терең суреттеледі. Автор Ақанның өмірімен шектелмей, ол туып-өскен ортаның, өмір сүрген заманның тарихи-әлеуметтік шындықтарын ашады. Сол арқылы романда отаршылдық қамытын киген қазақ қауымының тағдыры айқын көрініс тапқан, — деп, аталмыш роман жайлы пікірін айта келіп, сөз ауанын қазақ халқының әйгілі әншісі, күйші-композиторы, ақын Ақан серіге бұрды.
– Ақан серінің азан шақырып қойған аты – Ақжігіт. Алайда халық оның бойындағы қайталанбас биік өнерін жоғары бағалап, оның сұлу сырлы өлеңдерін сүйіп айтып, өнерге өмірін арнаған бекзаттығын қадірлеп «Ақан сері» деп атаған. Ол Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Үлкен Қоскөл маңында туып-өскен. Шыққан тегі — Арғын ішіндегі Қарауыл руы. Алғашқыда ауыл молдасынан білім алып, сонан соң Қызылжардағы Уәли медресесінде оқыған. Мұнан кейін ауылына қайта оралып, бар өмірін өнер жолына арнайды. Сал-серілік дәстүрді жан-тәнімен жақсы көрген Ақан сері жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы баптаған. Осындай қазақы салт оның әншілік-ақындық шабытына тұғыр болып, тамаша әндердің дүниеге келуіне себепші болған, – деді.
Одан соң әнші-сазгер Мұратхан Шерияздан сөз алып, Ақан серінің бірнеше әндеріне қысқаша талдау жасады.
–Ақанның «Балқадиша» әні барлығымызға жақсы таныс. Тіпті қазіргі таңдағы қазақ эстрадасындағы мағыналы, әсерлі әндердің бірі десек болады. Негізі бұл ән 90 шумақтан құралған деген мәлімет бар. Алайда әннің түпнұсқасы бізге жеткен жоқ. Әннің шығу тарихына байланысты да көптеген дерек бар. Менің білетінім — Ақан ел аралап жүріп, Ыбырайдың қызы Балқадишаны кездестіреді. Ақылына көркі сай, сұлу да сымбатты қызды ұнатып, оны өзінің қасынан жібергісі келмейді. Алайда қыздың жеңгесі қайтайық деп, қыз екі оттың ортасында қалады. Оны байқаған сезімтал Ақан:
Дегенде Балқадиша, Балқадиша
Есілді өрлей біткен тал Қадиша
Жеңгеңіз қайталық деп асығып тұр,
Рұқсат бізден сізге, бар, Қадиша, — деп өлеңмен өзі қимаса да рұқсат беретінін білдіреді. Ақандай сері жігіт пен кербез сұлудың қимастықпен қоштасқаны осылай суреттеледі. Талайды тамсандырған «Балқадиша» әнін аты аңызға айналған Әміре Қашаубаев пен Ғарифолла Құрманғалиев орындаған.
Ақан серінің сыршыл сезімге толы әндерінің бірі – «Маңмаңгер». Ақан қашанда астындағы атымен сырлас, мұңдас болған. Адам баласына айтпаған ішкі сырын астындағы Құлагеріне айтқан. Сол атымен сырласа отырып, ғашық болған қалқасына бара жатқанда шығарған әні. Бұл әннің мән-маңызы өте зор. Өлеңдегі өткір жолдар, тамаша теңеулер Ақанның адами сезімін, қасиеттерін білдіріп тұр. Кейінгі ұрпаққа берер тәлім-тәрбиесі де мол. Әннің алғашқы орындаушысы — Қайрат Байбосынов.
Тағы да бір тамаша әнінің бірі – «Ләйлім шырақ».Бұл өлеңі нақыш- ырғағы жағынан да, тақырып өресі тұрғысынан да қазақтың классикалық ән өнерінің үздік үлгісі болып табылады. Ақан сері өнегелі өсиет арқылы, ізгілікті мейірбандыққа, татулық пен бірлікке, адамгершілікке, байсалды мінез-құлыққа, сиқырлы ақылдылыққа насихаттап отыр. «Ләйлім шырақ» әні өзіндік бітім-тұлғасын, мазмұнын, түп-төркінін, көркемділік мәнерін әлі күнге жойған жоқ, — дей келіп, әсем әнді орындап, көрермен көңілінен шықты. 
Ал Алматы облысы, Талғар аудандық Мәдениет үйінің дәстүрлі әншісі, республикалық және облыстық ән байқауларының жүлдегері Ермек Рахымбай мен әнші, ҚР Мәдениет қайраткері Нұржамал Әшімхан Ақан серінің «Балхадиша», «Маңмаңгер» әндерін шырқап, кішігірім кездесу кешінің көрігін қыздырды.

Әлия УТЕУЛИНА,
Алматы қаласы мәдениет басқармасы
Орталықтандырылған кітапханалар
жүйесінің №32 кітапхана қызметкері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір