Барлық тұнықтың бастауы – Шығыста
Жақыпжан Алтаев – қазақ философиясы жөнінде алғаш докторлық диссертация қорғаған ғалым. Ұлтымыздың терең танымы мен қатпарлы ойларын тарқатып жазып жүрген философ фарабитанушы ретінде де ерен еңбек етіп келеді. Философтың әл-Фараби, Қорқыт, Асан Қайғыдан бері тартып, ауыз әдебиетіміз бен ұлт зиялыларының пәлсапалық түйіндерін саралап жазған жинақтары көңілі ояу ұрпақ үшін үлкен азық. Осы орайда философты әңгімеге тартқан едік.
Еуропа ғалымдары әл-Фараби еңбектерінің түпнұсқасын жойып отырды
– Әл-Фарабиді бренд ретінде қарастыруымыз керек дейсіз бе?
– Иә, ол біздің брендке айналуға тиіс. Фарабидың кітабында әкімнің он екі қасиеті бар. Оның ішінде білімді, шешен, өтірік айтпайтын, ұрлық жасамайтын, халықты тыңдайтын, өзінен гөрі өзгенің жайын ойлайтын болуы керек деген болмыс ерекшеліктері қамтылған. Егер де біз сол Фарабидың айтқанын тыңдасақ, Қазақстанды керемет ақылды елге айналдырамыз. Кезінде Гитлер Фараби сөзін өзіне бұрып алды, ал біз қазір өзімізге бұруымыз керек. Бабаның жолын ту етіп ұстасақ, еш жаңылмаймыз.
– Әл-Фараби бастаған Шығыс өркениетінің бүгінде кенжелеп қалуының сыры неде?
– Шығыс ренессансы VII-ғасырдан басталады. Студент кезімізде орыстың Крачковский деген ғалымы болды. Сол кісіде Құранның аудармасы болатын. Сонда ғалым: «Құранда білім де, ғылым да, философия да тұнып тұр», – дейтін. Осы сөз менің есімде қалды. Кейіннен университет бітірдім, аспирантураны тәмамдадым, докторантураны қазақ философиясы бойынша қорғадым. Қазақ философиясы болғаннан кейін оның арғы жағы Шығыс философиясына барып тіреледі. Мұсылман философиясы жайында алғаш швейцариялық ғалым Александр Мис деген кісі жазған. Бірақ ол кітапты соңғы кезге дейін оқуға тыйым салынып келді. Бізге Қазақстан тәуелсіздік алып, өз алдына дербес ел атанған соң ғана оқуға мүмкіндік туды. Ғалым мұсылмандық ренессансқа қатты таңырқаған. Ал неге оқуға тыйым салынды? Өйткені сол кездің өзінде еуроцентризм, азияцентризм деген ұғымдар болған. Бұл күрес қазір де жүріп жатыр. Яғни, еуроцентризм азияцентризмді жоққа шығарғысы келеді, ал азияцентризм еуроцентризмді терістейді. Мұсылман ғалымдарының бір кереметі, бұлар сонау VII-ғасырдан бастап бүкіл әлемде ұмыт болып бара жатқан антикалық, эллиндік мәдениетті қайтарып, Еуропаға алып барған. Себебі, Бағдатта сол тұста ғылым-білімнің дамыған кезі еді. Әл-Момын деген билеуші кезінде «Даналық үйін» ашып, ғылым қарқынды дамыған. Онда философтарға, ғалымдарға, математиктерге, медицина мамандарына, шығармашылық иелеріне, бәріне жағдай жасалған. Әл-Киндиден бастап ғалымдар жаппай грек тілін меңгеріп, Аристотельдің барлық шығармасын аударып шығады. Платонның «Мемлекеті» секілді көп дүниелері де аударылған. Енді Еуропаға осы аудармалар кеңінен таралып жатты. Еуропа бұл кезде Аристотель мен Платондарды білген жоқ. Оларға мұсылмандар арқылы барған! Тіпті еуропалықтар грек тілін білген жоқ, католиктік шіркеу ғылыммен айналысуға тыйым салып, ғылым-білімі құлдырап жатқан еді. Мұнан соң Еуропа араб тілін үйрене бастады. Мұсылман философтарының арқасында Аристотельмен, Платонмен танысуға мүмкіндік алды. Сізге бір ғана мысал айтайын, бұл туралы Сартр: «Антикалық ғылымды түсінуге екі адасушылық бағыт кедергі келтіреді. Біріншісі – Шығыстың ғылымына қатысты. Яғни, «Ғылым Грекиядан басталады», – деген болжам өзін ақтамайды. Тағы бір болжам иелері: «Грек кереметі мыңдаған жылдар бұрын Мысырда, Месопатамияда, тіпті басқа да аймақтарда әзірленіп жатты», – дейді. Ғылым әуелі Мысырда, Месопатамияда пайда болған. Сонымен Александр империясының заманында Шығыстың мәдени дәстүрінің элементтері грек мәдениетіне ене бастады. Осылайша Шығыс пен Батыс қосылды. Яғни грек мәдениетінің түбірі шығыстан басталады. Мұсылман ренессансының арқасында Еуропа антикалық мұралармен танысып, өзінің еуропалық қайта өрлеу дәуірін бастан кешті. Осы жерде еуроцентризмнің тағы бір көрінісі сипат алды. Еуропа ғалымдары әл-Фарабидің көп шығармаларын өздерінің ескі латын, иврит тіліне аударды да, араб тіліндегі түпнұсқаларын жойып отырды. Мұндағы мақсаттары – «ғылым мен мәдениет Еуропадан тарады» деген ұғым қалыптастыру еді. Спиноза, Декарттардың еңбектерін қарасаңыздар, әл-Фарабидің әлеуметтік, саяси трактаттарын, басқа да еңбектерін біліп, шығармаларында пайдаланған. Сондықтан да біз бабамыздың еңбегін жаңғыртып, олардың есіне әрдайым салып отыруымыз керек. Шығыс ғалымдарының еңбектері, түпнұсқалар Парижде, Лондонда, Америка қалаларында сақтаулы тұр. Мәселен, Сирия мен Бағдатты бомбалау науқаны жүрді. Мұны жай ғана бомбалау деп түсінуге болмайды. Ол жердегі мәдени ескерткіштер мен қаншама кітапханалар тоналуда. Бұл – Шығыс үшін үлкен қауіп. Өйткені кезінде де Крест жорықтары болғанда ғалымдардың қолжазбаларын өздерімен бірге алып кетіп отырған. Мұндай әдісті Осман империясы да қолданып, бүкіл жазбаларды Ыстанбұлға алып келген, бүгінде ол еңбектер Сүлеймания, Баязит кітапханасында сақтаулы тұр. 2014 жылы Парижде Олжас Сүлейменов «Әл-Фараби және Еуропа ренессансы» деген үлкен конференция өткізді. Қазақстаннан үш ғалымның бірі болып қатыстым. Сонда Олжас Омарұлы барлық тұнықтың бастауы Шығыс екенін дәлел-дәйектермен айтып жеткізді.
«Адамның хайуаннан айырмасы – ақылында»
– Бақыт деген не?
– Әл-Фарабидың айтуы бойынша, бақытты адам дегеніміз – кемел адам. Яғни, адам өмір бойы өзін жетілдіруге ұмтылуы керек. Егер де кім кемел адам дәрежесіне көтерілсе, ол құдіретті адамға айналады. Абай, Шәкәрім, Шоқан, Олжас Сүлейменов, Шыңғыс Айтматов секілді тұлғалар өз дәуірінен озып кетті. Ненің арқасында? Білімнің арқасында. Әл-Фараби: «Адамның хайуаннан айырмасы – ақылында», – дейді. Қазір бақыт дегенді көп адам материалдық дүниелермен байланыстыруы мүмкін. Бірақ бақытты адам, меніңше, кемел адам. Кім тез шешім қабылдай алады, ол адам – жетілген адам. Көп жағдайда біз дұрыс, тез шешім қабылдай алмаймыз. Ал бұрынғы интеллекті жоғары адамдар шешімді тез шығара алған. Хакім Абай да әр туындысында адамның жас кезінен толық адам болуға ұмтылуы керектігін алға тартты емес пе?
Ницшенің «асқақ адамы» бойынша Гитлер фашизмді дүниеге алып келді
– Ницшенің «Заратуштра солай деген» кітабындағы: «Құдай өлді», – деп айтқан пікіріне қалай қарайсыз?
– Ницше – дүниедегі ең ақылды философтардың бірі. Мысалы, Гитлер түрмеде жатқан кезде Ницше мен Конфуцийдің еңбектерін оқып, «Майн Камф» деген еңбегін жазған. Ницшені түсіну оңай емес. Оның «асқақ адамы» бойынша, өмірде тек жоғары саналы адамдар ғана өмір сүруі керек. Сол идеяның негізінде Гитлер фашизмді дүниеге алып келді. Германиядағы атақты ғалымдардың бәріне: «Сендер орта ғасыр мұсылмандарының еңбектерін фашистік идеологияға жақындатыңдар», – деп тапсырма берген. Содан әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарын» неміс философтары фашизм идеясына жақындатуға тырысып бағады. Бұл жайлы сол тұстағы қазақтың біртуар ұлы, полиглот Мұстафа Шоқай естіп қояды. Мұстафа немістің атақты ғалымдарына қарсы мақала жазып, Фарабиде бірде-бір фашистік ой ұшқыны жоқ екенін дәлелдейді. Керісінше, гуманизм бар екенін айтып, кеңінен саралап «Түркістан» деген мақала жазады. Бірақ бұл мақаланы өзінің тірі кезінде шығара алмайды. Мақаланы 1949 жылы Мұстафа Шоқайдың достары тауып алып, «Түркістан» журналына жариялаған.
Америкалықтар Шәкәрім идеясын естігенде орындарынан тұрып кетті
– «Асқақ адамға» тоқталсаңыз?
– Конфуцийде де: «Тек жігерлі адамдар ғана өмір сүрсін», – деген мәндегі сөздер бар. Ал Гитлер сол жоғарғы санаттағы адамды – немістер деп түсінді де, өзге халықтарды қыру керек деп, алты миллион еврейдің, қаншама халықтардың қанын мойнына жүктеді. Жалпы, ақылды адамдардың айтқан сөздері қолында билігі бар адамға тигенде олай да, бұлай да бұрмаланып жатады.
– Ғылым жолына ерте жастан түстіңіз бе?
– Иә, бұл жолға жас күнімнен-ақ бет бұрдым. Маған да кезінде талай қызметтер ұсынды. Бірақ менің жолым – ғылым жолы, ұстаздық жолы. Өз білгеніңді кейінгіге қалдырып кете алмасаң, бұл күнә болып саналмақ. Біз болашаққа жұмыс істейміз. Мен оқытқан қаншама шәкірттер жоғары жақта қызмет етіп жүр. «Теңіз тамшыдан құралады» дегендей, жалпы қай істе болсын адам өз ісіне махаббатпен ден қойғаны жөн.
– Өнердің атасы поэзия ма, әлде философия ма?
– Басқалар ренжімесін, бірақ философияның категориялары барлық өнер түрінде кездеседі. Әрине, өнердің әрбір түрі өзіндік ерекшелікке ие. Мәселен, ақындық дегеніміз – абстрактілі ойлау, ал бұл философияда да бар. Кезінде грек философиясы қайдан шықты? Гректерде тамаша эпостар болды, солардың бәрі келе-келе философиялық түйіндерге айналды. Философияда мифология таным ретінде қарастырылады.
– Біздің бабаларымыз ақылдан гөрі жүрек культына көбірек мән берген секілді.
– Дұрыс, әрине, Фараби ел билеушіні адамның жүрегіне теңейді. Жүрек қалай жұмыс істесе, қалған мүшелер де солай жұмыс істейді. Сондықтан Абай да жүрекке көп оралады. Бірақ, айналып келгенде, бәрі ғылымға, ақылға келіп тіреледі. Мысалы, Абай еңбегін сараласаңыз, тұнып тұрған философия. Мен қазақ философиясынан алғаш рет докторлық қорғаған адаммын. Біздің ауыз әдебиетімізден, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек» жырларынан, барлық дастандардан философияны табуға болады. Мағжанның «Шолпанның күнәсін» оқысаңыз, таза экзистенцализмді көресіз.
– Сізге ерекше әсер еткен Еуропа философтары кімдер?
– Бір адаммен тоқталып қалуға болмайды. Жаңағы өзің айтқан Ницше, Канттар – классик философтар. Гегельді ерекше атап айтар едім. Әл-Фараби, Абай, Шәкәрім маған қатты ұнайды. 2012 жылы Америкада әл-Фараби жайлы лекция оқыдым. Сонда магистранттар мен докторанттар таңқалып тыңдады. «Қазақстанда осындай ғалымдар туған ба?» деп бас шайқады. Шәкәрімнің бақыт туралы идеясын айтқан кезде орындарынан тұрып кетті. Бір тыңдарман көптен сұрағына жауап таба алмай жүр екен, жауабымды таптым деп алғысын білдірді. Тіпті кешке мейрамханаға шақырып, құрмет көрсетті. Көбіне біз өзіміздің тұлғаларымызды қадірлей бермейміз, оларды әлемге насихаттауды жолға қоюымыз керек.
Сұхбаттасқан
Батырхан СӘРСЕНХАН