ҚАРАЛЫ ТАРИХ КИНО ТІЛІНДЕ ҚАЛАЙ СӨЙЛЕДІ?
26.12.2022
831
0

Эрнст Гомбрих өзінің «Өнер тарихы» кітабында: «Өнердің мақсаты – табиғатты қайталау емес, түстер мен сызықтарды дұрыс таңдау арқылы ішкі сезімді, әсерді жеткізу» екенін айтады. «Музыка сөздің көмегінсіз-ақ керемет әсерге бөлей алады. Міне, суретшілер де дәл солай әсер ететін кескін түріндегі визуалдық музыканың болуын армандаған», – дейді. Бұл – кез келген суреткердің арманы. Көрерменнің жаңа туындыдан іздейтіні де осы үндестік.

Жақында режиссер Айсұлтан Сейітовтың «Қаш» фильмі жарыққа шықты. Ұлт тарихы мен тағдырын өзек еткен ауқымды жұмыс. Тарихтың әлі ашылмай, айтылмай жатқан беттері көп бізде. Фильм ең алдымен осы тақырыпқа баруымен озық. Нәубет жылдарға арналған кинотуындылар бізге керек және көптеп түсірілуі қажет. Ал cол қаралы тарих кино тіліне айналғанда қалай сөйледі?!
Режиссер хоррор жанрына этно элементтерін араластыра отырып жартылай мистикаға, жартылай трагедияға негізделген фильм түсіріпті. Көрерменді қорқыныш пен үрейде ұстау арқылы тақырыпты өткізу жалпыхалықтық трагедияға жасалған қиянаттай көрінді. Айсұлтан Сейітовтің Юрий Дудьке берген сұхбатында: «Жаңаны қабылдай алмайтын адамдар» деген тіркес бар. Бәлкім, біздің көзқарас та жаңа буынға, жастарға солай көрінер. Дегенмен киноға ашық, әділетті, шынайы суреткерліктен басқа миссия артылмаса дейсіз. Рас, қазір озық смартфондар мен жаңа технологияның заманы. Одан кітап оқырмансыз, кино көрерменсіз қалмайды. Режиссердің осы ретте хоррор арқылы жас аудиторияға, жалпы аудиторияға жаңа леп әкелгісі келгені және ол талпынысын өзінің қатты қызықтап кетіп, фильмнің өзегіне ашаршылықты арқау еткенін ұмытқаны байқалады. «Қашқа» Еркебұлан Дайыровтың актерлік шеберлігіне тағы бір мәрте тәнті болу үшін ғана баруға болады. «Тарихқа тағзым, аштық құрбандарына құрмет» немесе «бұл – трагедия, қатал реализм» деп қана кино көруге болмайды.
Фильм идеясы адамның ішкі күресіне арналыпты, терең психологизм, аздаған мистика бар, шебер операторлық жұмыстар бар. Бірақ кино жоқ.
Көрермен Исатаймен бірге өлік тасиды, Сарқанға жол жүреді, адасады, ашығады, тозады, ақылынан алжасады, аяғында осы сансырасқа келіп шаңқобыздың тыңқылы қосылғанда екі қолымен құлағын жауып алып, залдан қашады. Бұны режиссер миссиясының орындалғаны деуге бола ма?!.
Жалпыхалықтық нәубеттің жал­қылық трагедиясын әр суретші әртүрлі көрсетеді. Фильмдегі Тепе шалдың бейнесі – мистикалық образ. Яғни ол – Исатайдың өзі. Көзі қарауыта бастаған сәттен бастап оны азғырушы… Фильм­нің барлық драмасы «Исатай інісін қазір жейді-жемейді, жейді-жемейді» деген арбасуға ғана құрылады. Бұл жерде дөй даланың сүреңсіз суреттері мен жалбыр-жұлбыр үшеуден шаршаған көрерменде жалғыз таңдау бар: залдан кету.
Егер фильм логикасы адамның ішкі жігерін сынау болса, біріншіден, айналада иесіз шашылып жатқан өлік көп (қалағанын таңдап жей берсе болады), екіншіден, көрерменде мынадай сұрақтар туады: «Ағасы інісін жегісі келеді, ал аш інісінің ше? Оған тамақ керек емес пе, оның қарны ашпай ма, оның ішкі «Тепесі» жоқ па?!»…
Тағы бір тұста орыс солдаты тасты үйкелеп от шығара алмай отырған Исатайға сіріңке береді. «Орыс бізге өркениетті әкелді» дегіміз келсе де, сол өңірдің ұңғыл-шұңғылын жақсы білетін жолбасшы, таңдаулы жігіттің от жаға алмауы көрерменді сендіре ме?!
Тау емес, тас емес, жап-жазық жердегі адамдардың бір-бірін көрмей қалуы, кішкене баланың етіне аңсары ауып келе жатқан бұлардың қарақшыны өлтіріп, оның өзін де, пісіргелі жатқан тамағын да жемей, қанжарын ғана алып кетуі қаншалықты нанымды?!
Жып-жылтыр, «жөйттей» жылқы мінген қарақшылардың Исатайды ұстап алып: «Біз адам өлтірмейміз, тек тонаймыз», – дегені қаншалықты қисынды?! Босып жүрген «бейшараларда» олар тонайтындай қандай мүлік болуы мүмкін?! Сонда олар кімді тонап жүр?!
Фильмде адасқандардың таңбалы тасқа айналып кеп қайта соғылатын сәті бар. Таңбалы тас – қазақ қара тұтатын қасиетті ұғымдардың бірі. Фильм­де ол солай айтылады да. Алайда оқиғадан кульминация күтіп отырғанда кейіпкерлердің сол жерге қайта айналып келуі аш ішекше созылған фильмді аудиториядан тіпті алыстатып жібергендей болады.
Айсұлтан Сейітовтің «Қашындағы» жүректі елжірететін жалғыз тұс – ағайын­дылар ағаш басында отырғанда жапалақтап жауатын қар ғана. Бұл – режиссердің үздік, сәтті кадрларының бірі. Фильмдегі кейбір сөздердің айтылуы құлаққа түрпідей тиеді. («Сарқандыға бару керек, Сарқандыға кетіп барамыз т.б). Тілдік қасаңдық Тепе бейнесіндегі кейіпкердің тіркестерінен көп байқалады.
Фильм соңында кейіпкерлер неше уақыт алысып, арбасып жүріп әйтеуір сол «Сарқандыға» жетеді. Әлімді интернатқа өткізеді, ал Исатай ішіндегі жауы – соқыр Тепесімен қалды…
Әлеуметтік желіде «біткен іске сыншы көп» деген сипаттағы пікірлер аз айтылып жатқан жоқ. Театр сыншысы Әшірбек Сығай: «Жас талант жаңа бір дүние жасауға ұмтылғанда, төбесінен қойып қалсақ, не болады?!» – дейтін. Шындығында, отандық кино жайлы кейде артық пікір айтуға қымсынасың. Бәлкім, біздің жеке пікіріміз кино есігінен енді енген жас режиссерге қиянаттай көрінер. Сол себепті де кейде жақсылықты, жаңашылдықты көрмейтін адам секілді болғың келмейді. «Шынайы плюрализм тоспа су емес, ол – біздің қайда бара жатқанымызды анықтауға құмартатын адамдардың пікірталасынан туындайтын еркін ағыс» дейді С.Фрейлих өзінің «Кино теориясы» кітабында. Шығармашылықтағы еркін ағыс қана – шынайы баға. Жеке адамның әлемдік танымалдығы – оның барлық жұмысының өлшемі емес. Әсіребояусыз дүние ғана көрерменін табады. Ұлт тарихындағы ақтаңдақ беттер, қасіретті кезеңдер өнердің декорациясы, халыққа өтетін қалқаны болмағаны жөн. Киноны да адамзат ұлы өнерге балайды. Ендеше, оны да көрмекке, білмекке, мүмкіндігіне сүйінбекке ұмтылатын әрбір жастың көңіліне суреткер шынайы кино тілімен ғана шырақ жақса екен дейсің. Әсіребояумен, артық аянышпен киноға, режиссерге, тарихты танып білуге деген құштар көңілін суытпаса дейсің…

 

Шолпан РАҚЫМҚЫЗЫ 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір