ІҢІР ҚАРАҢҒЫСЫНДАҒЫ КӨКТЕМ
01.03.2022
2057
0

(Эссе)

Блюзді Алматы. Қайғылы әндерге басқан маэстро – Батырхан Шүкенов. Шулы даңғылдар. Аймаласқан қос ғашық. Көшенің жарық шамдарын айнала билеген ханымдар мен арулар. Сүйгенін күткен леди. Шопеннің әуеніне масайраған бозбала. Өмір сүру философиясын шляпасына қайыра киген шалдар. Жалғыздық дертін болмысымен бетпе-бет келгенде түсінетін шарап толы көзелер. Мұның бәрі-бәрі Алматының темпераментінде менмұндалап тұрған көңіл-күй ауаны.

…Жоқ дейсің бе әкем, жоқ дейсің бе анам?!

Жүрек қой мынау дерттей сыздаған.

Өзекке тепсең өзің біл енді,

Сонда да сүйем!

Не істейсің маған,

Алматы?!!

Иә, бұл өлең Талғат Ешенұлынікі емес. Бұны сөзімнің соңында айтамын.

Бұ дүниеге кім келіп, кім кетпеді?! Таласбек Әсемқұлов та өтті, Әмірхан Балқыбек те кетті. «Тәттімбет сері», «Қасқыр Құдай болған кез», сосын «Іңір қараңғысындағы көктем».

Уақыт пен кеңістік өркениет пен мәдениетке тәуелді. Түсініксіз сезімдер метамарфозасында маған қызығы өмірден ерте кеткен ақындардың шығармашылығы. Олар жазуға ештеңе қалдырмаған секілді, жазуға бәрін қалдырған секілді. Артюр Рембоның мұңлы мелодиясының нотасында билеген поэзия, Исикава Такубокумен Хокусайдың «Фудзиямасының жүз көрінісін» тамашалап тұрған бикеш, Хай Зының сөз иллюстрациясындағы махаббат картиналары, Николай Рубцовпен мәйханаларда өлең оқып отырған Әмірхан Балқыбек, Құнанбайдың баласына «Датын» айтқан Ботпанов, Қаратау шертпелерін Ақан серінің Құлагеріне теліген Артығали Ыбыраев, Айтматовтың «Ақ кемесін» емес, өзінің «Ақ кемесін» жазған Нұрлан Мәукенұлы,

«Қашайын бе екен Ілеге,

Қарагерімді қамшылап», – деп құйрықты жұлдыздай ағып түскен Бибол Жұмағалиұлы.

Қай-қайсысының творчествасына зерттеулер мен психоанализдік талдаулар жасасақ та, өлімінің құпиясында түсініксіз белгілер бар екені ақиқат. Ол үшін Борис Акуниннің «Писателей о самоубийствасын» қарап шыққан жөн шығар. Хош, ажалын болжаған ақындар.

Жылама енді!

Жүрегіңді аман сақтағын,

Келеді құстар, шулатып жапырақтарын,

Келеді көктем!

Оранып ал да ақ қарға,

Ұйықтай ғой қазір,

О, менің топырақтәнім.

Қазақ поэзиясының кезеңдік дәуірінде Жұматай Жақыпбаевтан кейін әдебиет жауынгерлері мен баhадүрлерін сайлау мүмкіндігі Әмірхан Балқыбек бұйырды. Аңыз бен әфсанаға жорылатын ақындар тіршілігі өз оқырмандарын тағы да сілкіндіріп, елең еткізді. Бұл XXI ғасырдың бас кезі еді. Алағай да бұлағай шақта «Самурай сертіндегі қаламгер» дүниеден өтті. Алматы азалы. Ақынның ізбасарлары аңырап қалды. Өз отына өзі өртенген тағдыр иесі тағдырнамасын осылай жазды.

Алматы – өркениетті өнердің шаhары. Сән салтанаты келіскен Париждегі театрлар мен мұражайларда, қонақ үйлер мен кафелерде, ресторандар мен барларда футуристер мен акмейстердің, реалистер мен сюрреалистердің, романтистер мен импрессионистердің  модернистер мен постмодернистердің өнер ұғымындағы дау-шарғысы, айтыс-тартысы әлі де тоқтаған жоқ. Бұл процесстің Алматының өнер ішіндегі өнер атмосферасында қылаң беретіні жасырын емес. Нүктесі де қойылмайды. Ван Гог пен Сезанның тағдырын кешіп, Айвазовскийдің елесін іздеп, Пикассодай «Герниканы» қылқаламынан төгілтіп жатқан шеберлер де Алматы көшелерін кезіп жүрмесіне кім кепіл?!

Әрине, талғамға талас бар. Том-том кітаптан «Ой өнерін», «Сөз өнерін» таба алмай сандалатын оқырман қауымның хальтуршиктердің кітабын өртейтін кезі келді. Текке кеткен сия мен қағазға обал демесеңіз. «Скучная поэзия» болса да, интеллектуалды поэзияның мінбеге көтерілгені құба-құп. Поэзия әрбірден кейін эстетика. Поэзияны сен іздемейсің, поэзия сені іздейді.

«Басқаны қайдам, маған Есенғали Раушанов десе болғаны, ең алдымен маңдайы жарқыраған философ елестейді», – деп жазады Ықылас Ожайұлы. Бұл сөйлемді «Іңір қараңғысындағы көктемнің» авторына қарата айтар едім. Ақын болмысы – бекзада.

Әмірхан Балқыбек аманаттаған Алматыдағы қағанаттың иесі – Қайсар Қауымбек. Камю үшін «әдемілік» – универсаль үндестік болса, «Іңір қараңғысындағы көктем» үшін поэзия – сұлулық, көркем өнер.

Дидар Амантай өзінің бір сұхбатында: «Әдебиет  – адамның жеке көзқарасының, жеке тұлғасының өнерде көрінуі, сонымен қатар ол өзіндік қолтаңбаға да жатады. Әдебиет деген сағынышқа құрылған мөлдір әңгімелер», – дейді. Осы сөзді тура мағынасында қолдансақ, сол мөлдір сағыныш Қайсар Қауымбек поэзиясында:

Қош енді,

Саған сүйеніп өстім,

Мәңгі асқақ, дарқан құз-кеуде.

Бізден бұл қалған киелі көк шың,

Қайырлы болмас «Сіздерге»!..

Поэзия қай жерде, қай кезеңде, қандай форма мен мазмұнда жазылатынына қарамастан эпостан лирикаға дейінгі аралықта уақытпен бірге өмір сүруін тоқтатқан емес. Оған Максим Горкийдің өзі келіскен. Поэзиядағы лирика Шелли мен Шиллер, Байрон мен Гётенің деңгейінен жаңа дәуір философиясына дейін көтерілді.

Әйгілі Леонардо да Винчи өзінің «Бейнелеу өнері жайлы» кітабында: «Бірінші кезекке бейнелеуді, екінші кезекке мүсін өнерін, үшін кезекке музыканы қойса, соңында сөз өнерін, оның ішінде поэзияны» қойған екен. Поэзияны заттардың сыртқы болмысын ғана көреді деген пікірден таймайды. Ренессанс дәуірі кезінде сурет өнеріндегі революциясымен талайды тамсандырған Голланд Рембрандт Да Винчи мадонналарындағы психологияны поэзиядағы лирикалық психоанализбен ұштастыра білуімен ерекшеленді. Поэзия мен суретті қатар сөйлетті, жан бітірді.

Ақиқатында, поэзияның сыртқы ракурсында өнердің түгел жанры бар, дизайн өнерінен бастап тізе беріңіз. Ішкі кадрда Адам, яғни Камюдің «Болмыс туралы теориясы» бар.

Сөз тәмәм емес.

Күн бұзылса ойлар буып не түрлі,

Көкем менің жаңа туған төлге алаң.

Көктем деген Күнікей қыз секілді,

Келем десе кешікпейді ол.

Сен маған!

Жоқ, мен көктемге екібастан ғашық емеспін. Ұнатпаймын. Одан да теледидар қарап, радио тыңдап, газет оқып, әрі кетсе өлең іздейтін сәттерге ынтықпын. Отызға қараған шағында дүниеден озған Пак Ён Ханың әндеріне талмаусырап отырамын. Кей-кейде осы бізге өлең неге керек, не үшін соған құмармыз деймін іштей. Білмеймін, бір қызық дерт бар екені мағлұм. Ғарыштық сананың тылсым қатпарынан шимай іздеп отыратын жастан да өтіп барамыз. Он сегіз бен он тоғыздың оғылан шағында өлең оқып отыратын ай сонатасындағы естіліктер еміс-еміс оралады. Бірақ, Мұқағалидың юбилейі жоқ жырларын, махаббат музасын қыздармен дауыстап оқитын кездердің де жаңғырығы жадымда. Қазір сол уақыт пен осы уақыттың аралығында не өзгерген?! Дұрыс айтасың, Бетховеннің мәрмәр тасына қашайтын сөздерді, Моцарттың рухына бағышталған рухнаманы, «Құдіретті комедияны» түсінетін шақтар келген секілді. Сіз қалай ойлайсыз?!

Поэзия деген айналып келгенде сол емес пе өзі?!

Қара дөңде қаңыраған қосы қап,

Керуен-керуен кетті өмірдің көші ұзап.

Төбедей боп төңкеріліп тұр ма екен,

Төлегенге бұйырмаған топырақ?!…

Қайсар аға, Биболдың Ілесіне қашан апарасыз?!

Мейір ОРАЗҒАЛИ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір