«Қасіретті қаңтар»: өнер майталмандарының пікірі
17.01.2022
728
0

kinopoisk.ru

Аяулы Алматымның тоналғанын көріп жүрегім ауырды
Мемлекетіміз өте ауыр күндерді бастан өткерді. Бейбітшілік туы бейберекетсіздіктің кесірінен құлай жаздады. Енді елде үлкен сая­си-әлеуметтік өзгеріс жүретіні белгілі болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үндеулерінде, ҚР Парламент Мәжілісінде мұны нақты айтты. Саяси трансформация басталып кеткенін байқадық.
Аяулы Алматымыз бүлініп, тоналғанын көріп жүрегім ауырды. Біздің халық мұндай емес еді ғой… Алматы – бәріміздің ортақ рухани ордамыз екенін неге ұмыттық? Бұл да мемлекетіміз өтуге тиіс сынақтың бірі шығар. Енді халық ес жиып, еңсе көтеріп, шын мәнінде тыныштықтың қандай қымбат екенін түсінер деп ойлаймын.
Арандатушыларды, лаңкес­терді тексеру керек, ұстау керек. Онсыз елде тыныштық орнамайды. Дегенмен, олармен күрес қарапайым халыққа бағытталмағаны жөн. Өзінің хақын сұраған, құқығын талап еткен, елдегі әділетсіздіктердің тиылуын талап еткен, бейбіт шеруге үн қосқан жастарды қудаламауын сұраймын. Уайымсыз ұйықтап, мұңсыз орнымыздан тұратын күнге тезірек жетейік. Еліміз аман болсын!

Сәбит ОРАЗБАЙ,
ҚР Халық артисі

ПРЕЗИДЕНТ САЯСИ ТРАНСФОРМАЦИЯ ЖАСАУДЫ БАСТАДЫ

Керегеміз тарылып, шаңырағымыз шайқала жаздап, тәуелсіздігімізге қауіп төнді. Ақ көңілімен өмір салтына қажет экономикалық талап қойып, бейбіт шеруге шыққан аңғал бауырларымыздың адал пейілін таптап, араға кірген бұзақылар мен содырлардың қараниет қадамдары елдің тыныштығын бұзды, ұйқы-күлкіден айырды, ертеңімізге үрей ұялатты. Қолы мен ізі таза, ісі зайырлы, ешқандай қаржылық қитұрқылардан ада Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы осындай күрделі кезеңде табандылық пен ұлтжандылық танытып, мемлекетшіл мінез көрсетті. Халықтың талабына құлақ қойды, сөзінде тұрды. Барлық билікті өз қолына алды, саяси трансформация жасауды бастады. Қордаланған, тіпті әдетке айналып, елдің көңілін қалдырып, өкпе-назын өршіткен жүйені түбегейлі өзгертуге бел буды. Елге керегі осы еді, қазақтың күткені де осы еді. Халықаралық деңгейдегі дипломат, ұлтжанды ұлан, елін есепсіз сүйетін ер екендігін көрсетті. Ақордадан аттап баспай, Күлтегіннің: «Күндіз отырмадым, түнде ұйықтамадым…» – деген аманатын орындады. Ақ жол, оңың мен солыңдамыз, Президент мырза! Қолдаймыз, қасыңдамыз, Сізге сенеміз, Сізге ереміз! Бүкіл елімізді осы уәжге шақырамын!

Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ, актер, режиссер

Қазақ халқының кем-кетігі толса екен
Президентіміз­дің үндеуін бастан-аяқ тыңдап шықтым. Әр тар­мағы маңызды ұсыныстарға толы болды. Президенттің үндеуіне толық қосыламын десем артық айтқандық емес. Әскери адамдарға ерекше көңіл бөліп, айлығын көбейту жайлы ұсынысын, «Самұрық-Қазына» жайлы айтқанын қос қолдап қолдаймын. Халықтың жер асты қазба байлықтары, алтыны, күмісі, темір, көмірі жеке байлардың қалтасына емес, елдің мүддесіне жараса құба-құп болар еді. Өйткені халықтың қаржысын жеке басына пайдаланып отырған талай олигархтарды құлақ естіп, көз көріп жүр. Менің, міне, мәдениет саласында жүргеніме 50-60 жыл болды, жалпы жағдайды білемін, бұл салаға да үлкен реформа керегін естен шығармау керек. Қорыта айтқанда, Қасым-Жомарт Кемелұлының көтеріп отырған мәселесі көптің көңілінен шықты. Тек, кедергісіз жүзеге асса, қазақ халқының кем-кетігі толықса, ел іргесі тыныш болып, шекарамыз берік болса екен.
Тағы бір айтарым, бейбіт шеруді өз мүдделеріне пайдаланғысы келген, жастарды от пен отқа айдап салған арандатушылар тезірек әшкере болып, қатаң жазаға тартылуын Қазақстан азаматы ретінде талап етем.

Алтынбек ҚОРАЗБАЕВ, Халық әртісі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір