АЗАМАТ ҮШІН АЛПЫС ДЕГЕНІҢ…
23.02.2022
1404
0

Қоғамның әр саласында бетегеден биік, жусаннан аласа еңбек етіп, тер төгіп жүрген азаматтар баршылық. Соның бірі – баспагер, Қазақстан Баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар Ассоциациясының президенті Әділ Қойтанов.

Ұлы ұстанымдарға берік, сертке адал азаматтардың бірі, әдебиет және мәдениет, өнер салаларында өзіндік биік құрметі бар, бүгінгі күні ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының екі тізгін, бір шылбырын ұстап отырған Әділ Қаженбайұлы Қойтанов асқаралы алпыс жастың белесін бағындырды.

Елге, ұлттың руханиятына қызмет етуді Тәуелсіздік алған жылдарда бастаған ол егемендіктің қастерлі отыз жылында тынымсыз еңбек етіп келеді. Нарын құмының қасиетті топырағында бала күнін өткізіп, кейін алып шаһар – Алматыға аттанған. Әкесі жаһан жүзіндегі ең қорқынышты, ең қасіретті қантөгіс – Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен. 1942-1945 жылдары жауға қарсы күресіп, ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденін иеленген. Жарақат алып елге оралғаннан кейін өмірінің соңына дейін ұстаздық қызметте болған. Осындай әзиз әкенің тәрбиесін көрген Әділ Қаженбайұлы да Алматы шаһарына келіп, білім алып, сол кездегі көпшіліктің сүйікті басылымына айналған «Жас Алаш» (бұрынғы «Лениншіл жас») газетіне қызметке орналасады. Белгілі жазушы, журналист Уәлихан Қалижанның басшылығымен қаулап шыққан жастар газет деңгейін көтере түседі. Әділбек Қаба, Ғалымжан Мелдеш, Әділ Қойтанов, Төрехан Данияр сияқты азаматтар газет қосымшаларын, атап айтсақ, «Ырғақ», «Мыңнан бір мезет» қосымшаларын оқырманға ұсынады. Бұл – ақпарат саласындағы жаңалық еді. Тың идеялар ұсынылып, ол газет басшылығы тарапынан қолдау тауып, жас журналистердің аты әйгілене берген.

90-жылдардың бас кезінде «Лениншіл жас» газетінің атауы «Жас Алаш» болып ауысып, қарқыны күшейе түскен. Бұл бастама да осы жастардың, Уәлихан Қалижанның жүзеге асырған бастамасы еді. Біздің кейіпкеріміз, мерейлі жасқа келіп отырған азамат – Әділ Қаженбайұлы газеттің жауапты хатшысы, коммерциялық директоры, кейіннен газет жанынан ашылған жарнамалық фирманың директоры сияқты жауапты қызметтерді атқарып, тоқырау жылдарында аты әйгілі басылымның, басылым журналистерінің әлеуметтік жағдайын қамтамасыз еткен. Қай-қайсымыз да білеміз, өткен ғасырдың соңғы он жылы еліміз үшін аса ауыр әрі шешуші кезең болған. Сондай қысылтаяң уақыттарда жол тауып, басылымның қаржылық жағдайын қамтамасыз еткен Әділ Қаженбайұлы өзінің қарым-қабілетін көрсетіп үлгерген-ді.

Әділ Қаженбайұлы «Жас Алаш» газетіндегі қызметін аяқтағаннан кейін жеке кәсіпті қолға алып, бизнесте үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Оны айналасындағы қаумалаған достары, ортасы жақсы біледі. Арада біршама уақыт өткен соң 1969 жылы құрылып, атағы бүкіл Одақ деңгейінде дүркіреп шыққан «Гүлдер» ансамблінің директоры, «Баспалар үйі» ЖШС президенті сияқты лауазымды қызметтерді атқарды. Нарықты зерттеп, қажет тауарды өндіріп, әрдайым идеяларын жүзеге асырып жүретін Әділ Қаженбайұлы баспа ісі саласына «Сардар» баспасын ашу арқылы толық бет бұрды.

Біздің кейіпкеріміздің баспа саласында қол жеткізген жетістіктері аз емес. «Сардар» баспасының директоры болып тұрғанда қазақтың марғасқа жазушыларының көптомдықтарын, бірнеше энциклопедияны, үш тілде әзірленген кітаптарды, жаңа технологиялар қолданылған еңбектерді жариялап, кітап нарығындағы бәсекеге қабілетті мекемеге айналдырды.

Баспа ісі саласында жиырма жылға жуық қызмет етіп келе жатқан Әділ Қаженбайұлы бүгінгі күнге дейін жүздеген кітаптарды сапалы етіп шығарып, оқырманға ұсынды. 2019 жылы ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры қызметіне кіріскеннен кейін көптеген шешімін таппай тұрған мәселелердің шешімін тауып, жолға қоя білді.

Қазақстан Жазушылар одағына мүше 800-ден астам қаламгерлердің әрбіріне жеке веб-сайт ашып, оның ішіне шығармаларын топтастырып берген Smart Qalamger жобасы – Әділ Қойтановтың Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры ретіндегі алғашқы ауқымды жобасы. Осы кең масштабты қамтыған жобаға қазақ қаламгерлерінің көпшілігі уағында өз ризашылықтарын білдірген. Бүгінде жеке веб-сайттардың басым көпшілігінің сертификаты иелеріне табысталып, оқырман қауым үшін жұмыс істеп тұр.

Сондай-ақ қазақтың қаламгерлер, баспагерлер тобы Ұлттық мемлекеттік кітап палатасына жиі келіп тұратыны анық. Бүгінгі мерейтой иесі мекеме басшылығына келгеннен кейін ғимаратқа толық күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мұрағат бөліміндегі жұмыстар жүйеленді. Бес миллионнан астам құнды жәдігерлер жиналған мұрағат бөлімінің жұмыстары жанданып, жауһар дүниелердің сақталу ахуалы жақсарды.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегенге салып, біз белгілі ел азаматының ұлт руханиятына сіңірген еңбектерінің ауқымды дегендерін ғана тізіп айтып отырмыз. Бұдан бөлек, Әділ Қаженбайұлының сертке беріктігі, досқа адалдығы, қазақтың талантты жастарына тигізген көмегі орасан зор. Бұл – дегдар болмыстың, азаматтық қалыптың көрінісі. Сөзімізді мәдениет, әдебиет және өнер салаларында еңбек сіңіріп жүрген белгілі азаматтардың көпшілігі мақұлдайтынына шүбәміз жоқ.

Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының ел аузына тарап, көлемді түрде насихатталған жобаларының бірі – «Асыл сөз» сұхбат жобасы. Бұл сұхбат алаңына Әбдіжәмил Нұрпейісов, Қабдеш Жұмаділов, Бексұлтан Нұржекеев, Асанәлі Әшімов, Әнес Сарай, Мырзатай Жолдасбеков, Сәбит Досанов, Анатолий Ким, Сәт Тоқпақбаев сияқты ұлт руханиятына, мемлекет құруға атсалысқан азуын айға білеген белгілі тұлғалар қонақ болып, шешіле сөйлеген еді. Осындай ардың ісіне білек сыбана кірісіп, қадірлі ақсақалдардың дуалы аузынан шыққан әрбір сөзді мұра деп біліп, ерекше форматтағы сұхбаттар жазғызып, оны «Қазақ әдебиеті», «Алматы ақшамы» сияқты белді басылымдардың жариялауына ықпал етіп отырғанынан көпшілік хабардар.

Кейінгі уақыттарда кей азаматтардың «Бізді де жобаларыңа шақырсаңдаршы» деген сөздерін ести бастадық. Осыдан-ақ Әділ Қаженбайұлының іскер басшы екенін, қолға алған кез келген істі дөңгелете жүргізіп, одан белгілі бір деңгейде нәтиже шығаратынын аңғару аса қиындық туғызбайды.

Ұлттық мемлекеттік кітап палатасында «Көне кітаптар мен сирек қолжазбалар мұражайы» ашылды. Бұл мұражайға мекеменің Баспасөз мұрағаты бөліміндегі сонау ХІХ ғасырдың аяқ шенінде жарық көрген Алаш арыстарының еңбектері қойылған. Әрбір еңбекке басшының бастамасымен белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес анықтама жазып, көпшілік назарына ұсынылды.

Үнемі тың, креативті идеялардың бастамашысы болып жүретін Әділ Қаженбайұлы «Жасөспірімдер мен балалардың кітап оқуын қолдау жылы» жарияланбай тұрып, балалар әдебиеті өкілдерін қолдау мақсатында мекеменің үнемделген қаражатынан жүлде қорын құрастырып, «Балаларға арналған үздік шығарма» байқауын ұйымдастыруға мұрындық болды. бұл байқауда Ақылбек Шаяхмет, Көсемәлі Сәттібайұлы және Айгүл Кемелбаева сияқты белгілі балалар қаламгерлері жүлделі орындар алды.

Қазақтың ақсақалдарын, әсіресе қаламгерлерімізді іздеп, олардың жай-күйіне әрдайым алаңдап отыратын Әділ Қаженбайұлы, тіпті, Мәскеу Жазушылар одағының төрағасы Владимир Бояриновпен де ортақ меморандумға қол қойып, өзара шығармашылық серіктестікті жүзеге асыруға уағдаласты.

Күнделікті жұмыс күнін газеттердің жаңа нөмірлерін шолып шығудан бастайтын азаматтың баспа өнімдеріне деген құрметі ерекше. Қай жылы Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының Баспасөз мұрағаты бөлімінде кәріз жүйесінің апатынан жүздеген газет-журнал тігінділері бүлінген еді. Басшының өзі іске араласып, бүлінген дүниелердің барлығы дерлік арнайы сұйықтықтардың көмегімен қалпына келтірілді. Ұжымды осынау ауыр жұмыстарға оңтайлы жұмылдырып, әр істің басында өзі жүріп, қолға алған, міндеттелген жұмыстарды абыроймен атқарып келе жатқанына ел-жұрты, қала берді өз ұжымы куә.

2020 жылы Қазақстан Республикасының «Мәдениет туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, соның нәтижесінде «Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығару және тарату» атты мемлекеттік бағдарламаға еңбектерді қабылдау және алдын ала іріктеу жұмыстары Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының құзырына берілді. Осындай жауапкершілігі жоғары, мемлекеттік деңгейдегі жобаны жүректілік танытып, міндетіне алған ол елдегі эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, жұмыстардың барлығын электронды форматқа ауыстырды, кітаптарды қабылдайтын, комиссия жұмыс істейтін бірегей онлайн платформаны іске қосты. Мұндай жаңашылдыққа қаламгерлер қауымы алғашында тосырқай қарағанымен, уақыт өте келе тиімділігіне көз жеткізді. Мемлекеттік бағдарламаның жұмыстарын жүргізу процесіне енгізілген барлық өзгерістер туралы баспасөз құралдарына дүркін-дүркін материалдар жарияланып, жүйелі жоспарланған бастама сәтті жүзеге асырылып келеді.

Бұдан бөлек, Ұлттық мемлекеттік кітап палатасына жиі ат басын бұратын азаматтар біледі, осынау ұлық мекеменің ғимараты қаланың шетінде, базар, асхана, монша, жанармай бекеттерімен қоңсы отыр. Бұл жылдар бойы шешілмей келе жатқан мәселелердің бірі еді. Әділ Қаженбайұлы ғимаратты ауыстырып, мұрағат стандарттарын толық сақтайтын жаңа құтхана табуға білек сыбана кіріскен. Жақын арада осы мәселені түбегейлі шешу мүмкіндігі көрінді. ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Әскербекұлы басшымыздың бұл ұсынысын қолдап, жақын арада ғимарат мәселесін шешіп беруді уәде етті.  

Еліміздегі баспагерлер қауымының ортақ отауы – Қазақстан Баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар Ассоциациясы. Ассоциацияны белгілі баспагер, елге еңбегі сіңген азамат Жанат Сейдуманов басқарып келген. Жанат Тұрарұлы өмірден өткен соң заңды тұлғалар бірлестігінің құрылтайшылары бірауыздан Әділ Қойтановты Ассоциация президенті етіп сайлады. Қоғамдық жұмыстан қашпайтын азамат бұл міндеттемені де өзіне жүктеп, бүгінгі күні баспа ісі саласындағы қордаланған мәселелерді шешу, кітап сапасын арттыру, бірегей кітап дүкендерін ашу, баспа ісі саласындағы мемлекеттік және жеке мекемелердің өзара қарым-қатынасын, тауар алмасу процесін жетілдіру, кітаптардың қолжетімділігін арттыру сияқты бағыттарда жұмыс істеуде.

Әрбір жақсы істің басында жүретін Әділ Қаженбайұлы туралы басқа да азаматтар түрлі пікірлер жаза жатар. Біз күнделікті өз көзімізбен көріп, жоғарыда аталған шаруалардың бас-аяғында жүргендіктен, мерейтой қарсаңында ел алдында Әділ Қаженбайұлы туралы бірер ауыз лебіз арнағанды жөн санадық.

Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір