Қандастарды қаралау қашан тоқтайды?
22.02.2022
1462
0

Бүгін кейінгі он жылда қандастарымызға жабылған жала мен жағылған күйе туралы кеңірек тоқталып, бір-екі ауыз сөз айтуыма тура келді. Оған себеп болған – «Аманат» қоғамдық комиссиясының төрағасы, адвокат Абзал Құспанның: «…ұсталғандардың арасында Қытайдан келген қандас ағайындар көптеп кездесті…» – деген сөзі.

«Қасіретті қаңтар» оқиғасы кезінде бейбіт ереуілге шыққаны үшін қамаққа алынып, адам төзгісіз азаптау мен соққыға ұшырап жатқан азаматтардың құқығын қорғау мақсатында құрылған «Аманат» қоғамдық комиссиясының төрағасы Абзал Құспан жұмыс бастамас бұрын мемлекеттік хатшы Ерлан Қариннің алдынан өткені мәлім. Әрине, мемлекеттік хатшының А.Құспанға тұтқындардың қай елден келгенін, қай жүзден, қай рудан көп екенін анықтауға нұсқау бермегені белгілі.

Ал атышулы «174-бапты» үнемі жалаулатып жүретін адвокаттың бұл сөзді қандай оймен, не мақсатпен айтқанын мен білмеймін. Бірақ ереуілге шығып қамауға алынғандардың басым бөлігі, тіпті түгелге жуығы Қазақстан азаматтары екені шындық. Болса, бірен-саран азаматтық алмаған қандастарымыз болған шығар.

Жаңаөзеннен басталған ереуілдің әділетсіздікке қарсы күрес екенін ешкім жоққа шығара алмаса керек. Ендеше, шеттен келіп, Қазақстан азаматтығын алған әрбір қазақтың өз ойын айтуға, әділетсіздікке қарсы күресуге толық хақысы бар! Оларды «ана жақтан келген, мына жақтан келген» деп бөлужөн емес.

Әлеуметтік желілер мен сайттардағы ақпаратқа, жұрттың пікіріне қарап отырсақ, адвокат А.Құспанның бұл сөзін қандастарымыз анау жылғы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары болған Талғат Мамашевтың қандастарымызға қарата айтқан «Сендерді ұрғаным бар!» деген құқайынан, Тимур Құлыбаевтың 2011 жылғы «Жаңаөзен оқиғасын» қандастарымызға жапқан жаласынан және 2017 жылы басталған Қытайдағы қазақ, ұйғыр, қырғыз қатарлы мұсылман ұлттарға жүргізілген геноцидке байланысты, Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының қазіргі директоры Дүкен Мәсімханұлының «…Шыңжаңнан келген қазақ ағайындар, ұйғырлар – бұлар осы Қазақстанға келіп, ықтиярхат алып немесе азаматтық алғаннан кейін, кейбір жастар Сирияға барып,  жиһад соғысына қатысқан. Cодан кейін кейбір жастар немесе жасамыс кісілер Қазақстанды транзиттік мемлекет етіп, Сауд Арабиясына қажылық сапарға барып, содан ары қарай қалып қойып, «Шығыс Түркістанның азаттығы» деген ұйымдарына қосылып, жалпы Қытайдың саясатына қарсы ұйымдарға мүше болған…» деген ұшқары сөзінен кейінгі өздеріне бағытталған төртінші жойқын соққы ретінде қабылдап, наразылық танытқан.

Айтпақшы, 2010 жылғы Қызылағаштағы су тасқын кезінде «Менің білуімше, сол ауылдағы су астында қалған елдің жартысына жуығы – сырттан келген қандастарымыз. Қазақстан – өз қандастарын, оралмандарды алып келіп жатқан әлемдегі бірден-бір ел. Мемлекеттен қаражат шығарып, шақырып, тарыдай шашырап кеткен қазағымыздың басын қосайық деп мен көп шаруа жасап жатырмын. Ол азаматтар, әрине, Қазақстанға әлі еңбегі сіңген жоқ. Қазақстанның бүгінгі өркендеп-өскеніне олардың ешқандай еңбегі жоқ…» деген тағы бір «одағай сөз» тұңғыш президент Н.Назарбаевтың да аузынан шығып кеткені бар.

Нәтижесінде, сол кездегі мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің араласуымен, Т.Мамашев қандастарымыздан кешірім сұрауға мәжбүр болды.

Сосын ақын Гүлісхан Домалайқызына өтініш жаздырып, «Нұр Отан» партиясы арқылы ол өтінішті Ішкі істер министрлігіне жөнелтіп, Дүкен Мәсімханұлының «Еуразия-1» арнасында айтқан сөзіне сұрау салдық.

Ішкі істер министрлігінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы А.Арыстановтың қолы қойылған «Арыз бойынша жүргізілген тексеру іс-шараларының барысында ҚР азаматтарының арасында террористік және экстремистік қылмыстарды жасағаны, оның ішінде шетелде халықаралық террористік ұйымдардың қызметіне қатысқаны үшін іздестірудегі, Қазақстанның азаматтығын алған ҚХР-дан келген оралмандардың жоқтығы анықталды…» деген жауап алдық.

Этникалық қазақтардың экстремистік ұйымдарға қатысы жоқ болып шықты.

Бірақ «іштен шыққан шұбар жылан» Дүкен Мәсімханұлының бұл сөзі кейін арғы беттегі қазақтардың басына шоқпар болып тиді, жүрегіне қанжар болып қадалды. Шыңжаңдағы «Саяси қайта тәрбиелеу» деген желеумен ашылған лагерьлерге қамалған қандастарымызға Қытай құқық қорғау органдары оның сол сөзін үнемі алға тартып, оларды геноцидке ұшыратты.

Тимур Құлыбаевтың жаласы қандастарымызға төрт жылсыз азаматтық бермейтін қатаң заң қабылдатқанымен, қасиетіңнен айналайын Қызай Бәйдібекқызы анамыздың аруағын алға тартып, жиендігімізді бұлдап, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Нағашыма хат» атты ашық хат жазып, ол келеңсіздіктің бетін бірден қайтардық.

Ал Қызылағаштағы сөзді Елбасының аузына қазақ көшіне қарсы топтар мен Алматы облысының сол кездегі әкімі салғанын іштей сездік те, «Енесі тепкен құлынның еті ауырмайдыға» салып, елеусіз қалдырдық.

Егер, шынына келсек, осы жолғы «Жаңаөзен көтерілісі» секілді әділетсіздікке қарсы ереуілдерді ең алдымен  бастайтын шеттен оралған, оның ішінде адвокат А.Құспан айтып отырған осы Қытайдан келген қазақтар еді! Неге десеңіз, шеттен келген қазақтар – Тимур Құлыбаевтың көзіне шыққан сүйел, бүйіріне қадалған тікен болды. Ол Кәрім Мәсімовтың қолымен Қазақ көшін тоқтатудың алуан түрлі амалын істеп бақты. Екеуі салған лаңның кесірінен кейінгі он жылдың көлемінде шеттен келген қазақтардың көрмеген қорлығы, тартпаған азабы жоқ! Аштық пен жоқшылықтан емес, құжаттанудан!

Соның біріншісі – Қанат Саудабаевтың Сыртқы істер министі болып тұрған кезде Қазақстанның шетелдердегі консулдықтарынан этникалық қазақтарға беріліп келген бір жылға көп мәртелі виза беру тәртібінің үш айға үш мәрте ғана кіріп-шығу визасына қысқартылуы;

Сосын, жоғарыда айтылған, 2013 жылы желтоқсанда қабылданған төрт жылсыз азаматтық берілмейтін қатаң заң.

Одан қала берді, этникалық қазақтардың келген еліндегі өткізген қылмысы үшін алынбаған немесе жойылмаған сотталғандығының бар-жоғын дәлелдейтін және келген еліндегі тіркеуден шыққанын анықтайтын атышулы «Екі анықтаманың» салған азабы – өз алдына бір трагедиялық дастан. Оған «Қандас» (бұрынғы «Оралман») мәртебесі мерзімінің бір жылға қысқаруына байланысты, азаматтық ала алмай еңіреген қандастарымыздың зарын мен көз жасын қосыңыз.

Айта кеткенім артықтық етпес, осы кедергінің кесірінен, 2015 жылы 307, 2016 жылдың алғашқы тоғыз айында 199 қандасымыз әкімшілік жазаға тартылып, өз еліне қайтарылыпты.

Көші-қонның жыры мұнымен біткен жоқ, тағы да сол «Қандас» (бұрынғы «Оралман») мәртебесі мерзімінің бір жылға қысқаруына байланысты, «Халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарына жататын азаматтардың» есебімен баспана кезегіне тұрған 2000-ға жуық қандасымыз Қазақстан азаматтыған алған соң, «Қандас» (бұрынғы «Оралман») мәртебесі жойылып, тұрғын үй кезегінен шығарылып тасталды. Ол аз десеңіз, міне, енді «Азаматтық туралы» заңға «өзі азаматы болып табылатын және тұратын елдің аумағында кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыс жасағаны үшін соттылығының» бар немесе жоқтығын дәлелдейтін тағы бір АНЫҚТАМА сұрау қосылмақ…

Өзіңіз ойлаңызшы, дүниенің төрт бұрышында тарыдай шашырап жүрген қазақтар «Елім-жерім» деп келгенде, осындай кедергілерге тап болып, өгейдің күнін кешсе, сіз олардан қандай отаншылдық пен мейірім, сабыр мен тағат күтесіз?! Құжаттана алмай қиналған ата-ананың зарын естіген балалардың жүрегіне мейірім емес, ащы кек орнамай қайтсін?!

Ең өкініштісі, Президент әкімшілігі мен Парламенттің қос палатасының  осының бәрін көріп, біліп отырып, бір батыл әрекет жасауға жарамағаны. ЕҢ сорақысы, «Қасіретті қаңтар» көтерілісіне дейін Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімовтың айтқанына көніп, айдағанына жүріп келді ғой!

Шеттен оралған қандастарымыздың мұндай әдейі жасалған қорлыққа төзбей, әділет үшін бір емес, он қайтара ереуілге шығуына, Ақорданың алдына барып ұрандатып тұруына, кранның басына шығып шу шығаруына, «Нұр Отан» партиясының алдына келіп өздерін өртеуіне… әбден болатын еді. Бірақ олар қанша қиналса да, ондай оқыс қадамдарға барған емес. Мемлекетті, оның басшыларын сыйлады. Тәуелсіздікке әрең жеткен жалғыз Отанын аяды. Ең бастысы, сөзін сөйлеп, жыртысын жыртып жүрген бізге сенді.

Әрине, партиямызға тіркелген өтініштерді құзырлы органдарға жолдап, көмек сұрап келген азаматтарға кеңес беріп, бұйырған айлығымызды алып, отыра беруімізге әбден болар еді. Жоқ, дәл осындай жағдайда дәтіміз шыдамады, арымыз көтермеді. Ағайынның береке-бірлігі мен мемлекеттің тыныштығын ойладық. Жүгіріп жүріп, қол жеткізген бүкіл мүмкіндігімізді  пайдаланып, көші-қон процестерін реттеуге арналған заңдар мен нормативтік құжаттарды жетілдіруге, дамыта түсуге бар күшімізді салдық. Құдай берген мандаты мен құзыретін ұлттың мүддесіне пайдалана алмаған итбай-шортбайлардың езуін тілдік. Қандастарымыз үшін зәредей болса да қол ұшын бергендерді өлген әкеміз бен шешемізден артық жақсы көрдік, сыйладық, еңбектерін жарты әлемге жария еттік.

Сөйтіп, қисынын тауып айта біліп едік, Құдайға тәубе, тұрақты тіркеуге тұруда Ішкі істер органдары жағынан Қытайдан келген қазақтардан «Соттылық туралы» анықтама сұрау талабы күшін жойды; Қазақстан азаматтығын аларда Қытайдан оралған қандастардың тіркеуден шығып келуі талап етілмейтін болды; отбасын біріктіру мақсатындағы шақырту заңдастырылды; бір жолда үш жылға көп мәрте виза беру тәртібі енгізілді; Қытай мен Моңғолиядан оралған зейнет жасындағы қандастарымыздың келген еліндегі еңбек өтілі есепке алынып жатыр; шеттен келген ұлты қазақ студенттердің оқу гранты екі есе көбейтілді; «Отандастар қоры» құрылды; әкімшілік құқық бұзғаны үшін келген еліне шығарып жіберу жазасын қолдануды қандастарымыздан алып тастады; Қазақстан Республикасында тұрақты тіркеуде тұратын қандастарымыз шетелде 183  күннен артық тұрса да олардың ықтиярхаты жойылмайтын болды; «Қандас» мәртебесін аларда, қандастарымыздың Қазақстан Тәуелсіздігін алған кезде ел шекарасынан тыс жерде туғанын дәлелдейтін анықтама сұрау тоқтатылды; «Қандас» мәртебесінің мерзімі өтіп кеткен жағдайда, Қазақстан Республикасының азаматтығын алу үшін «Қандас» мәртебесін  алты айдан аспайтын мерзімге бір рет ұзартып беретін мүмкіндік жасалды; «18 қараша» кәсіби мерекелер мен аталып өтілетін күндердің тізбесіне енгізілгелі жатыр.

Қысқасы, бір өтінішіміз жерге тасталған жоқ. Қазақ көшінің үкімет пен парламент шешпеген түйіндері екі президенттің деңгейінде шешімін тауып отырды. Бұл – қазақ көшіне, қандастар тағдырына деген зор жауапкершіліктің, биік адамгершіліктің арқасында жасалған дүниелер. Қандастарымыз мемлекет басшыларының бұл жақсылығын жүрегімен сезеді әрі мәңгі ұмытпайды.

Қазіргі таңда Мәжілісте талқыланып жатқан Көші-қон процестерін реттеуге арналған заңың жобасындағы кемшіліктерді айтып, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың атына хат жаздық. Алла қаласа, бұл өтінішіміз де оң бағытта шешіліп, жайымен реттеледі деп сенемін.

Осы жерде арғы беттен келген жерлестеріме де алғысым шексіз екенін айта кетуім керек. Олар өз бетімен өмір сүрудің жарқын үлгісін көрсетіп қана қоймастан, саяси тұрақтылыққа да өз үлестерін қоса білді.

Тек осы жолы бүкіл ел көтеріліп жатқан соң, «Мыналарға әділеттілік керек емес пе?!» деп айтпасын десе керек, қара көбейтіп, алаңдарға шығыпты. Соған бола оларды бөліп жарып атаудың, «қамқорсыған» болып айыпты етудің не керегі бар еді?!

Әділеттілік үшін алаңға шығу – бар қазаққа ортақ күрес болса, бандиттердің қолынан қаза табу да – бар қазаққа ортақ трагедия!

Әрине, Қытайдан оралған қандастарымның бәрін саф алтын дей алмаймын. Олардың да «аласы» мен «құласының» болуы заңдылық. Бәріміздің басымызды қосып, кісілігімен айтқанына көндіретін, айдағанына жүргізетін бір ағаның жоқ екені рас. Саяси көзқарасың мен пікірің келіспесе, whatsappың мен messengerіңді қарғыс пен сілеге толтырып тастайтын, жиын-тойда жұдырық ала жүгіретін «Ел ағасы» болып жүргендер де бар.

Иә, ішкі істер органдары қызметкерлері тұтқындарды тергеуде шектен шығып кетті. Қырғызстаннан келген музыкант жігітке жасаған әрекеті-ақ олардың әлем алдындағы абыройын айрандай төкті, жұрттың сенімін сетінетті. Өз тумаларымызды да аяған жоқ, әбден қинады…

Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың беделін түсіру үшін әлдекімдер тарапынан арнайы жасалып отырған әрекеттер болуы да мүмкін.

Президент Әзірет Сұлтан мешітінде «Қасіретті қаңтарда» қайтыс болғандардың аруағына бағыштап Құран оқытқан соң, халыққа қайырылып,  «Қазіргі таңда тиісті мекемелер азаматтардың әрбір ісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Адам құқығын қорғау мәселесі мен үшін аса маңызды», – деді.

«Қасіретті қаңтар» – күллі Алаш жұртының ортақ трагедиясы.

Қаншама қан төгілгеніне қарамастан, бұл оқиға халқымызды ұлттық бірігуге алып келді. Осы бірлік қана еліміздің еңсесін биіктетеді, жолын ашады. Президентіміз «Бәріміз тұтас ел болып, Жаңа Қазақстан құрайық! Жаңа Қазақстан – баршамыздың ортақ үйіміз, оның іргесін бірге қалайық! Бұл өскелең ұрпақ үшін керек» деп, жаңа үндеу жариялады.

Ендеше Алаш баласы бір-біріне жала жабуды, күйе жағуды осымен доғаруға тиіс!

Ауыт МҰҚИБЕК

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір